780
Шығыс – адалдық алаңы
Шығыс – адалдық алаңы
Сыбайлас жемқорлықпен күрестің ел тағдыры үшін маңызы ерекше. Сол себепті де бұл мәселеге барынша көңіл бөлініп, аймақта жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа моделі қолданысқа еніп отыр. Соның бірі – «Шығыс – адалдық алаңы» жобасы. 2019 жылы Ұлан ауданы әкімінің аппаратында жоба жұмысын жүзеге асыру мақсатында жұмыс тобы құрылған. Қордаланған мәселелерді көтеріп, аудан тұрғындарының талап-тілектеріне құлақ асып қана қоймай, проблемалардың оң шешімін табуына үлес қосу мақсатында бірқатар іс атқарған топтың жұмысы өз нәтижесін беріп отыр. Одан бөлек, халық игілігі үшін атқарылған жұмыстар да жетерлік.
Халыққа қызмет көрсету – басты назарда
Ұлан ауданының әкімшілігінде бөлім басшылары тұрғындарды жеке қабылдайтын фронт-офис кеңсе ашылды. Бұл жоба мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын көрсетуге, ең бастысы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне, азаматтардың мемлекеттік билік органдарына сенімін арттыруға бағытталған. Кеңседе аудан тұрғындарына мемлекеттік қызмет алуға көмек көрсетіледі, яғни кез келген азамат білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, сәулет, жер қатынастары, мемлекеттік кірістер, құқық қорғау және Ұлан ауданының сот органдарына қатысты сұрақтар болған жағдайда, әкімшіліктің бірінші қабатында орналасқан фронт-офис кеңсеге жүгіне алады. Сонымен қатар биыл қыркүйеке «Шығыс – адалдық алаңы» жобасы аясында ауданда сервистік әкімдіктер ашылды. Ол жерде түрлі саладағы білікті мамандар – тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, ауылшаруашылық бөлімдерінің мамандары, арнайы мониторинг тобының төрайымы халыққа бір терезе жүйесімен көмек көрсетеді. Сервистік әкімдік арнайы оргтехника, сапалы интернет, ана мен бала бөлмесі, су диспансері – барлық керек-жарақпен қамтылған. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 31 қаңтардағы бұйрығына сәйкес, қазір Ұлан ауданының жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметтердің 83 түрін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, 8 дербес бөлім, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары және 16 ауылдық округтер мен кенттер әкімдіктері көрсетеді. 2020 жылдың 9 айында электрондық мемлекеттік қызмет көрсету үлесі 90,9 пайызды құрады, оның ішінде электрондық үкімет порталының үлесі 80,8 пайызға тең. Қазіргі кезде Ұлан ауданы бойынша өз-өзіне қызмет көрсетудің 20 орыны жұмыс істейді, халыққа кеңес беру, қызмет көрсетуді өз саласының мамандары атқарып отыр. Биыл әкімдіктер мен ауылдық кітапханаларда орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету орындары арқылы жалпы саны 26 942 электрондық қызмет көрсетілген.Халықпен онлайн жұмыс та жолға қойылды
Қызметтерді онлайн түрде алу пандемия кезінде өз тиімділігін тағы бір байқатты. Халық арасында электрондық үкімет порталының сервистерін (mgov, Telegram, ЭЦҚ-сыз бір реттік пароль бойынша) қолдана отырып, электрондық форматта мемлекеттік қызметтерді алу бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. МО ИРБП сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда да өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының орналасқан жері туралы мәліметтер орналастырылған. Бұл жұмыстар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға да өз ықпалын тигізетіні анық. Сонымен қатар онлайн шаралар, сайтпен жұмыс та жолға қойылған. Аудан әкімінің ресми сайтында және ішкі саясат бөлімінің Facebook әлеуметік желісінде мақалалар үзбей жарияланып отырады. Атап айтсақ, 2020 жылғы 2 наурызда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы семинар», 2020 жылғы 15 сәуірде «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – біздің ортақ парызымыз», 2020 жылғы 18 мамырда және 2020 жылғы 16 шілдеде «Адалдық сағаты» туралы мақалалар сайтқа орналастырылды. 2020 жылғы 1 қыркүйекте ішкі саясат бөлімінің Facebook әлеуметік желісінде әділдікке үндеген Қожа Яхмет Ясауи тақырыбында «Адалдық сағат» өткізілді. 2020 жылғы 26 тамызда ШҚО заң кеңесшілері палатасының заңгері Дархан Ақпановпен akimat_ulan инстаграм әлеуметтік парақшасында тұрғындар арасында тікелей эфир өткізіліп, қатысушылардың арасынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. 2020 жылғы 24 қыркүйекте аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов осы парақшада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі саясаттың іс-қимылы» атты тікелей эфир өткізді. Тұрғындар көкейлерінде жүрген біраз сұрақтарға жауап ала алды.Жемқорлықты жоюға бағытталған жобаның берері көп
2020 жылғы 4 наурызда «Шығыс – адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру шеңберінде аудан әкімінің №12 бұйрығымен жұмыс тобы құрылды. Ал тамыз айында жұмыс тобының жұмысын жандандыру мақсатында топ құрамы біршама өзгертілді. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторинг тобының 2020-2021 жылғы жоспары қайта қарастырылып жатыр. Жұмыс тобы аудандағы көптеген нысанды тексеріп, жұмыс барысын жан-жақты қадағалайды. Мәселен, Айыртау ауылдық округіндегі мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына тексеру жүргізіліп, мердігерге тиісті ескертулер жасалды. Нәтижесінде бірқатар олқылықтар түзетілді. Сондай-ақ Таврия ауылындағы орталық аудандық аурухананың жұмысы тексерілді. Қыркүйек айында жаңа оқу жылына дайындық барысы қадағаланып, тиісті ұсыныстар айтылды. Ауданның дербес бөлімдері «Шығыс – адалдық алаңы» жобасына алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетіп отыр. Аудан әкімінің аппараты, дербес бөлімдер, ауылдық округ әкімдіктері ай сайын, тоқсан сайын «Шығыс –адалдық алаңы» жобасының 2020 жылға бекітілген жұмыс жоспары негізінде жұмыс атқарады. Болашақтың негізі – жастар. Аталмыш жобаның жұмысынан олар да тыс қалмайды. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті нығайту мақсатында тұрғындар арасында «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» атты акция ұйымдастырылып, әртүрлі буклеттер мен кітапшалар таратылды. Сыбайлас жемқорлықпен күресті насихаттау мақсатында Ұлан ауданының жастар ресурстық орталығы тікелей эфир өткізді. «Шығыс – адалдық алаңы» жобасының үшінші «Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау» блогына сәйкес, ауданның білім мен тәрбие беру мекемелерінің басшылары дербес жауапкершілік туралы құжатпен таныстырылды. Білім бөлімінің мемлекеттік қызметкерлері де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қабылданған Парасаттылық декларациясын талдады. «Ашық мектеп – ашық бюджет» жобасының жоспарына сәйкес, білім беру мекемелерінің ақпараттық тақталарында бюджеттен бөлінген жылдық қаражат, мемлекеттік сатып алу, демеушілік шоттар, мұғалімдердің тарификациясы, штаттық кесте, ақылы қызметтер туралы ақпарат ілінген. Ауданның білім беру мекемелерінде демеушілік шоттар ашылған.Жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей
Ұлан ауданының білім беру мекемелерінде «Адалдық дүкені» жұмысы жүзеге асырылды. Дүкендер мектеп жанындағы асханада немесе оқушыларға қолжетімді жерлерде ашылды. Мақсаты – оқушыларды адалдыққа, шыншылдыққа, адамгершілікке үйрету. Бұл дүкеннің басты ерекшелігі – сатушысы жоқ. Қазір карантинге байланысты «Адалдық» дүкенінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Ұлан ауданының білім беру мекемелерінде «Парасаттылық мектептері» жұмыс істейді. Жауаптылар тағайындалып, жұмыс жоспарлары бекітілген. Парасаттылық мектебінің мақсаты – тыңдаушылар бойында адамгершілік қасиетті, адалдық пен мәдениеттілікті қалыптастыру. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас және құқықтық сана қалыптастыруға, адалдыққа, тәртіптілікке тәрбиелеуге бағытталған «Адалдық сағаты» бірыңғай сағаттары өткізілді. «Адалдық сағаты» сапалы біліммен қатар жас ұрпақтың бойында адалдық пен әділдік, адамгершілік және отансүйгіштік қасиеттерін дамыту, парасаттылық, сенім құндылықтарының маңызын түсіндіруді мақсат етеді. Одан бөлек оқушылардың құқықтық білімін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын қалыптастыру мақсатында балалардың жас ерекшелігі ескеріле отырып, әртүрлі сайыстар, олимпиадалар, викториналар, құқық қорғау органдарының, сот қызметкерлерінің және Қазақстанның құрметті азаматтарының қатысуымен семинар тренингтер, акциялар, кітап көрмелері, ақпараттық-құқықтық үгіт парақтарының таратылуы, әңгімелер, сурет сайыстары ұйымдастырылды. Аталмыш бағыттағы іс-шаралар 2019-2020 оқу жылының 4-тоқсанында және 2020-2021 оқу жылында қашықтық форматында жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, білім беру мекемелерінің «Адал ұрпақ» клубтары мүшелерінің және «Парасаттылық мектебі» мүшелерінің көмегімен «Біз жемқорлыққа қарсымыз» челлендждері, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті» атты үндеуі, «Мен жемқорлыққа қарсымын», «Сыбайлас жемқорлық балалар көзімен» сияқты әлеуметтік роликтер көрсетіледі. Сонымен қатар «Жемқорлықсыз болашақ», «Жемқорлыққа жол жоқ» сурет сайыстары мен көрмелері, тәрбие сағаттары, «Адалдық – асыл қасиет» эссе жазу және шығармалар сайыстары ұйымдастырылды. Елжандылық пен адамгершілікке тәрбиелеу және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауданның 31 білім беру мекемелерінде «Адал ұрпақ» клубтар ассоциациясы құрылған. Әр мектепте клуб жұмысын жүргізетін жетекшілер сайланған, жұмыс жоспары құрылып, негізгі міндеттері белгіленген. Онымен қоса клуб үшін арнайы сыныптар бөлінді, «Парасатты азамат» бұрыштары әзірленген. Ұстаздың мәртебесі қашанда биік, ал бәсекеге қабілетті, білімді ұстаздар қашанда сұранысқа ие. Сол себепті де ауданның білім беру мекемелеріне қажетті педагогтер тізімі әрдайым жұмыспен қамту орталығына, білім басқармасына, облысымыздың педагогикалық мамандықтар даярлайтын оқу орындарына жіберіліп отырады. Мектеп басшылары ата-аналар ұжымы алдында онлайн түрде (zoom, WhatsApp, буклеттер тарату) бюджеттен бөлінген қаражатты жұмсау туралы тұрақты түрде есеп береді. 2020-2022 жылға білім беру мекемелеріндегі бюджетті жоспарлау және мақсатты игеруді тексеру мақсатында «Ұлан ауданының білім бөлімі» ММ тарапынан мониторинг жүргізу жоспарланып отыр.Болатбек МАМАРБАЕВ