263
Қырғызда коронавирустан да қауіпті мәселе бар
Қырғызда коронавирустан да қауіпті мәселе бар
Қырғыз Республикасында 20 желтоқсанға қайта белгіленген Парламент сайлауы өтпейтін болды. Елдің Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлау өткізудің жұмыс кестесін жасап, Жоғарғы кеңеске депутаттарды тіркеуден өткізіп те қойған еді. 30 қазанда Қырғыз Республикасының Жоғарғы соты сайлаудың кейінге қалдырылғанын жариялады.
Елдің оңтүстік аумағындағы Баткен, Жалалабад және Ош облыстарына барған іссапарында президенттің міндетін атқарушы, премьер-министр Садыр Жапаров елмен кездесуінде бұл мәселеге де тоқталды. «Конституцияның 64-бабына сәйкес, Қырғыз Республикасының президенті ғана Жоғарғы кеңеске сайлау тағайындайды. Сондықтан бірінші президент сайлауы өтуі керек», – деді ол. Ал Президент сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген болатын.
Садыр Жапаров оңтүстік аймаққа шұғыл түрде барып келді. Өйткені содан бірнеше күн бұрын қырғыз-тәжік шекарашылары бір-біріне қоқан-лоққы жасап, атыс болған. Абырой болғанда адам шығыны болған жоқ. Қырғыз Республикасы жиырма тоғыз жылдан бері Өзбекстан және Тәжікстан республикаларымен шектесетін жерлерін толық анықтай алмай отыр. Кикілжіңдердің себебі де осыдан.
Садыр Жапаров ел үшін коронавирус індетінен де қорқынышты екі проблема бар деп атады. «Біріншісі – ұлтаралық жанжал, екіншісі – шекараның босаңдығы. Ақырғы оқиғаларды пайдаланып, үшінші күштер дейміз бе, оппоненттер дейміз бе, ұлтаралық жанжалды шығаруға әрекеттенді және әрекет жасап жатыр. Мұның алдын алу мақсатында Ошқа келдім», – деді ол. Үкімет басшысының айтуынша, өлкенің Шекара қызметі Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің құрамына кіріп, енді комитеттің төрағасы Қамшыбек Ташиев шекара мәселесімен тікелей айналысатын болады.
Өткен көктемде пандемиямен алысып, біраз қиындықтарды көрген қырғыз бауырларымыз жақында басталған індеттің екінші толқынын елемей жүргендей. Елдің назары алдағы президент сайлауына ауды. Бұлай айтпасқа амал жоқ. Өйткені сақтық шараларын ұстанып жүргендер аз. Көшелерде, көліктерде маска тағып жүргендер бірен-саран. Бішкекте коронавирус мүлде жоқ сияқты әсер қалдырады.
Қырғыз Республикасында пандемия байқалғаннан бері 60 279 адам ауру жұқтырып алған. Қазіргі уақытта ауруханаларда 3 367 адам, күндізгі емханаларда 3 889 адам емделіп жатыр. Бұл аурудан қайтыс болған адамдардың жалпы саны 1 159 болды. Үкімет тарапынан да коронавирусқа қарсы қатаң шаралар әлі қабылданбай отыр. «Барлық күшті пандемияға қарсы жұмсайық, ел жаппай ауырып қалса, сайлаудың не керегі бар?» деген дабыл да қағыла бастады. Бішкек мэриясының жетекшілігі осы 14-15 қараша күндері Бішкекте коронавирус инфекциясы күшейіп, жоғарғы шекке жақындайды деп болжам жасады.
Ал енді, ОСК 14 қараша күні президенттік қызметке кандидаттарды тіркеуді аяқтап, сайлау науқанын бастамақшы. Президенттің міндетін атқарушы, премьер-министр Садыр Жапаров сайлауға түсетінін тағы да мәлімдеді. Мұның алдында да «ел сайласа, ажо боламын, сайламаса жай адам боламын» деген еді (ажо – орта ғасырларда қырғыздарды басқарған билік иесі. Қырғызда «Ай дейтін ажо, қой дейтін қожо жок» деген мақал сол дәуірден қалса керек, елімізде «Әй дейтін әже жоқ, қой, – деген қожа жоқ» деп айтылады). Садыр Жапаровтың бұл сайлауда ешнәрседен ұтылмайтыны белгілі болып тұр. Жеңсе, президент болады. Жеңілсе, парламент сайлауына түсіп, оның бірінші сессиясына дейін премьер-министр болып қала береді. Жаңа парламент жаңа үкіметті жасақтағанда Садыр Жапаров депутаттар тарабынан қолдау таба ма? Алдын ала айту қиын. Парламент сайлауы келесі жылдың ортасында өтуі мүмкін. Сарапшылардың көпшілігі егер Садыр Жапаров президент болса, ел президенттік басқару жүйесіне, премьер-министр болса парламенттік басқару жүйесіне өтеді деген болжам айтуда. Бұл Конституцияға өзгерістер және толықтаулар енгізу арқылы іске аспақшы. Оны жаңарту үшін Конституциялық кеңес құру, талқылау, жалпыхалықтық референдум өткізу керек. Бұл президент сайлауы мен парламент сайлауы аралығында іске асырылуы мүмкін.
Республикада жалпы 15 жыл тұрған, мемлекеттік тілді білетін, жасы 35-тен жоғары, 70 жастан аспаған Қырғыз Республикасының азаматы президенттік қызметке 6 жыл мерзіммен бір жолы сайлана алады. Тіркелерде 30 мың жақтаушысының қолын да жинауға тиіс.
Бүгінгі күнде төрт кандидаттың арасында негізгі бәсекелестік болады деп айтылуда. Олар – Садыр Жапаров, «Бүтін Қырғызстан» партиясының лидері Адахан Мадумаров, Жоғарғы кеңестің төрағасы Қанат Исаев және «Республика» партиясының бұрынғы лидері Өмірбек Бабанов. Президенттік сайлауда бұрынғы президенттер Алмазбек Атамбаевтың, Сооронбай Жээнбековтің жақтастары да белсенділік танытқалы отыр. Қазіргі саяси жағдай туралы қырғыздың саяси сарапшысы Марс Сариев былай дейді: «Садыр Жапаровтың билігін Ресей мойындамағансып жатқанымен, ол Мәскеуге жақын адам. Қырғыз Республикасындағы парламент сайлауының теріс нәтижесінен соң ірі державалардың арасында өлкеміздегі ахуалға қызығушылық артты. Мәскеу президент сайлауына дейін Садыр Жапаровты ашық қолдай алмайды. Әсер ету саясатында «жасырын әдістер» бар. Мәскеу қабыл алмай жатыр деп, әдейі мәлімет таратуда. Шындап келгенде, сайлау аяқталысымен Ресей Садыр Жапаровтың билігін бірінші болып таниды. Жалғыз олар емес, Қытай да, басқалары да Жапаровқа ғана тоқталуда». Белгілі саясатшы Садыр Жапаровтың президент болатынына нық сенімді сияқты.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
Túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі (Бішкек)