925
Түркиядағы зілзала: Қандастардың жағдайы қалай?
Түркиядағы зілзала: Қандастардың жағдайы қалай?
30 қазан күні Түркия уақытымен сағат 14:51-де Измирдің Сеферихисар ауданынан 17 шақырым қашықтықта 7 балдық жер сілкінісі тіркелді. Зілзала толқыны Түркия мен Грекияның кейбір аймақтарына дейін жетті. Апаттан аса қатты зардап шеккен қала Измир болды. 3 қазан күні Anadolu агенттігі қалада жер сілкінісінен қайтыс болғандар саны 102-ге дейін жеткенін хабарлады. Құтқару жұмыстары әлі де жүріп жатыр.
Осы орайда Измир қаласында тұратын қандастарымыздың жағдайын білу үшін сол жақта тұратын қазақтармен байланысқа шыққан едік.
Толғанай ТӨЛЕУБАЙ, Измир қаласы, Сельчук ауданының тұрғыны:
Зардап шеккен қазақтар да, Қазақстан азаматтары да жоқ
– Қазір қалада жағдай біршама тұрақтанды. Бірақ құтқару және іздеу жұмыстары әлі тоқтаған жоқ. 70 шақты адамның денесін үйінді астынан шығарды, 900-ден астам адам жарақат алған. Білуімше, зардап шеккен қазақтар да, Қазақстан азаматтары жоқ. Бірақ оны елшіліктен нақтылап білуге болады. «Түркиядағы қазақстандықтар» деген Facebook парақшамыз бар, сол жерден біліп, жағдайымыздан хабардар болып отырмыз. Қатты зілзаладан дүние-мүлкіне зақым келгендер бар, Стамбұлда тұратын қазақтардың айтуынша, зілзала ол жақта да сезіліпті. Измирдің Сельчук деп аталатын ауданында 4 қабатты үйде тұрамын. Өмірімді бірінші рет зілзаланы басымнан өткеріп тұрмын. Әрине, қатты қорықтық: үй төбеңе құлайтындай шайқалды. Негізі, мен тұратын аудан эпицентрге жақынырак. Бірақ Байрақты мен Борнова аудандарында үйлердің қирауы ғимараттардың техникалық (апаттық) жағдайға сай еместігінен болған. Соған байланысты тергеу және зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Сеферихисар ауданы зілзаладан қатты зардап шекті. Ол жақты су басып кетті. Ал құлаған 20 шақты үй, басқа да зақым келген ғимараттар үшін 9 адам жауапкершілікке тартылды. Себебі, бұл жақ – сейсмикалық қауіпті аймақ болғандықтан, ғимараттар стандартқа сай салынуы тиіс. Ал қираған үйлер аталған стандарттарға сай салынбағандықтан құлаған. Бір үйдің астыңғы қабатында орналасқан дүкен иесі де жауапкершілікке тартылды. Себебі дүкенді кеңейтемін деп, ғимараттағы тіреу бағаналарын алғызып тастаған екен. Соның кесірінен көпқабатты үй құлап, қаншама адам зардап шекті. Измирде Нұр-Сұлтандағы «Абу-Даби плаза» сияқты биік үйлер көп. Бірақ оларға ешқандай зақым келмеген. Себебі олар ережеге сай салынған. Осы жерде тіреу бағаналарының, үй салудағы ережелердің маңызын баса атап өткім келіп отыр. Қазақстанда тұрғанда көршілеріміздің көбі күрделі жөндеу кезінде қабырғаларды өз еріктерінше ауыстырады. Әкімшіліктен рұқсат алудың оңай екенін де айтатын. Бұл – өте қауіпті нәрсе, мейілінше тыйым салынуы керек деп ойлаймын. Бір ғана тірек қабырғаларын алып тастау қаншама адамның өмірін қиды... Талха ГЕЗЕР, Стамбұл қаласының тұрғыны:Стамбұл қаласында да 7,5-8 балдық жер сілкінісі болады деген болжам бар
– Жер сілкінісі кезінде Стамбұл қаласының Кучукчекмидже деген ауданында болдым. Дүмпу Стамбұл мен Бурса қалаларында да сезілді. Измир мен Стамбұлдың арасы 300 шақырымдай. Ол кезде мен жұмыста отырғанмын. Біздің офисіміз 30 қабатта. Шамалы ғана сезілді. Мен қан қысымым түсіп, басым айналып кетті ме деп ойлағанмын. Сөйтсем, жер сілкініп жатыр екен. 1 минуттай шайқалдық. Жер сілкінісінен Түркиядағы қазақтар зардап шеккен жоқ: жарақат алыпты не қайтыс болыпты я болмаса баспанасы қирапты деген хабарды естімедік. Құлаған үйлердің көбісі 2000 жылдардан бұрын салынған үйлер екен. 1999 жылы Стамбұлда 7,8 балдық жойқын зілзала болған. Сол кезде 25-30 мыңдай адам қаза тапқан. Содан кейін үйлерді салуға байланысты заңдар қабылданып, үй салу кезіндегі талаптар қатаңдана түскен болатын. Одан бұрын салынған үйлер әлі де қауіпті болып тұр. Негізі, Түркияның батысы да, шығысы да, орталығы да сейсмологиялық жағынан қауіпті саналады. 6,5-8 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін. Үкімет қолынан келгенінің бәрін жасап, үйлерді түгелдей қатаң талаптарға сай жаңартуға тырысып жатыр, сонда да үлгеру қиын болып тұр. Алдағы уақытта Стамбұл қаласында да 7,5-8 балдық жер сілкінісі болады деген болжам бар. Ертең бе, бір айдан кейін бе, жоқ бір жылдан кейін бе, ол да белгісіз. Әрине, апаттан сақтасын, аманшылық болсын, бірақ мұндай жағдайға Стамбұл дайын емес. Түркияға көшіп келемін деген ниеті бар адамдар мейілінше жаңа үйден пәтер алуға тырысуы керек. Әлия УЧСАЛ,Измир қаласы Торбалы ауданының тұрғыны:Пәтеріміздің қабырғасы жарылды
– Мен Измир қаласының Торбалы ауданында тұрамын. Жер сілкінісінен зардап шеккен жоқпыз. Бұған үйіміздің бірінші қабатта (Қазақстандағы 2 қабат) орналасқаны себеп болған шығар деп ойлаймын. Жер сілкінісі басталған кезде үйде әдеттегідей бейқам отырғанбыз, содан кейін қатты шайқала бастады, пәтердегі жиһаздар, ыдыс-аяқ, басқа да тұрмыстық заттар бүлінген жоқ, бірақ пәтеріміздің бір қабырғасы жарылды. Ол пәтерді жалға алып тұрып жатырмыз, артынша бәрі басылған соң, үй иелерін хабардар еттік.