988
Қандастар солтүстікке көшсе...
Қандастар солтүстікке көшсе...
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыру және атажұртқа оралған қандастар мәселесі туралы да сөз қозғаған еді.
Онда «Қандастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан жоқ. Олардың тек бір жылға берілетін қандас мәртесебінің мерзімі біткенше ғана үй алуға мүмкіндігі бар. Ал азаматтыққа ие болған соң, бұл мәртебесі жойылады, сонымен бірге үй алу құқығынан да бірден айырылады. Осыған орай азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, Үкімет олардың үй кезегінің сақтауын қамтамасыз етуі керек.
Көптеген қандасымыз атажұртқа оралып жатыр. Оларға алғашқы кезде мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оған орай, қандастар солтүстік өңірге көшсе, олардың баспаналы болу және жұмыспен қамтылу мәселесі шешіле ме? Жалпы, солтүстік өңірдің әлеуеті қандай және бұл мәселенің тұтымды жағы қайсы деген сауалнама жүргізіп көрген едік.
Құмар АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Солтүстік өңірге қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2 142 үй салу жоспарланған
– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша шетелден және басқа өңірлерден ерікті түрде қоныс аударуға қатысушыларға отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (97 230 теңге) көлемінде көшуге, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарды өтеуге 15-30 АЕК (41 670 – 83 340 теңге) көлемінде субсидия төлеу арқылы мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Отбасы құрамына және қоныстандыру орнына байланысты, ай сайын 12 ай ішінде. Сонымен бірге, бюджет қаражаты есебінен жаңа мамандықтар алғысы келетін адамдарға бағдарлама бойынша даярлау және қайта даярлау курстарынан өту мүмкіндігі беріледі. Кәсіппен айналысқысы келетіндер үшін мүмкіндік бар. Мәселен, бау-бақша өсірумен айналысқысы келетіндер үшін жер телімдерін бөлу және қайтарымсыз гранттарды рәсімдеу, сондай-ақ кәсіпкерлік негізінде оқыту сияқты қажетті жағдайлар жасалады. Бизнес-идеяларды іске асыру үшін 200 АЕК (555 600 теңге) көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріледі. Бағдарламаны іске асыру Еңбек ресурстарын толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, облысқа еңбек нарығында сұранысқа ие дәрігерлер, мұғалімдер, тракторшылар, механизаторлар, зоотехниктер, ветеринариялық дәрігерлер келеді. Солтүстікке қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында – 2 142 үй салу (2019 жылы – 428 үй, 2020 жылы – 714 үй, 2021 жылы – 714 үй, 2022 жылы – 286 үй) көзделген. Тұрғын үй салу және сатып алу үшін тиісті инфрақұрылымы бар даму әлеуеті жоғары және орташа елдімекендер де айқындалады. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар көші-қон үдерістерін жақсартуға, еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға, кадр тапшылығын төмендетуге және ауылдағы білім беру мектептерінің желісін сақтауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бастап бағдарлама шеңберінде облыс еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушылардың 562 отбасы (1 720 адам) және қандастардан 50 отбасы (120 адам) қабылданды. Қайрат БОДАУХАН,С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ профессоры, э.ғ.к. Республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:Депопуляциялық көрсеткіш тұрақтар еді
– Еліміздің демографиялық ахуалы төмен болып есептелетін 5 өңір – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы сыртқы және ішкі көші-қон деректерін алып қарастырсақ аталмыш өңірлердегі бүгінгі жағдай алаңдатады. Соңғы 5 жылда аталмыш өңірлердегі сыртқы көші-қон сальдосы – минус 87 633 адамды, ал ішкі көші-қон сальдосы – минус 86 098 адамды құрап отыр. Мұндай факторлер – халық санының азаюына, елдімекендердің депопуляциялық үрдісінің белең алуына, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне, ел экономикасының өсу қарқынының төмендеуіне, халықаралық аренада мемлекеттің беделін төмендетуге және елдің инвестициялық тартымдылығының азаюына әкеледі. Қазақстанға этникалық көші-қонды ынталандырудың ең басым мәселесі – тұрғын үй проблемасы. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, бір отбасына тұрғын үйді жалға алуға немесе сатып алуға жұмсалатын шығын 15-тен 30 АЕК-ке дейін, яғни 500 мыңнан (немесе 180 АЕК) 1 млн теңге дейін (360 АЕК) болады. Ал қазіргі нарықтық баға бойынша Қазақстанның солтүстік өңірлерінде бір отбасына шаққандағы тұрғын үй құны орта есеппен 2,6-дан 5 млн теңгеге дейін. Бұл шаралар тұрғын үй сатып алу проблемасын шешпейді. Мемлекет арқылы тұрғын үй сатып алуға көзделген шығындар осы өңірлердегі тұрғын үйдің ең төменгі құнынан екі есе аз. Үкіметтен квота белгіленген 7 облыстан 113 243 адам немесе эмигранттардың жалпы санының 60 пайызы кеткен. Сыртқы көші-қон сальдосының теріс қарқынын ескере отырып, ал бұл жыл сайын Қазақстаннан кететін орташа есеппен 9 пайыз немесе 38 мың адам, елді мекендердің депопуляциялық проблемасы барған сайын маңызды бола түсуде және келшекте де өткір мәселе болып қала бермек. Сонымен қатар, сыртқы көші-қон еңбекке қабілетті экономикалық белсенді халықтың кетуімен сипатталатынын түсіну керек. Мысалы, СҚО Тайынша ауданының «Жаңа дәуір», М.Жұмабаев ауданының «Сартомар», Есіл ауданы Петровка ауылдық округ сияқты бірнеше елді мекендерде үй-жайлар, мал бағуға жайлымдық жерлер бола тұра босап қалған. Тұрғындар мүлдем азайып, орта мектептер жабылып, тек бастауыш сыныптар ғана жұмыс істеп тұр. Осындайлардың қатарында Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Жамбыл, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Айыртау аудандарын атауға болады. Ал осы елдімекендерге қандастарды тартудың жүйелі жолын неге шешуге болмайды? Солтүстік өңірлердегі этникалық репатрианттарға қатысты ұзақмерзімді тұрақты көші-қонның мемлекеттік саясатын жандандырудың елеулі әлеуетіне жергілікті атқарушы органдар да ие. Осыған байланысты ЖАО-ның репатриация саласындағы құзыретіне тоқталайын. Халықтың көші-қоны туралы заңына сәйкес олар репатрияциялау мәселелерін өз бетінше шешуге өкілетті. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар Қазақстанға қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасынан тыс қоныс аударған оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді қамтитын біржолғы жәрдемақылар белгілеуі мүмкін. Алайда «...біржолғы жәрдемақылар белгілеуі мүмкін» деген әлсіз тұжырым оны орындау міндет емес деген пікір қалыптастырады. Сондықтан, бұл тұжырымды нақтылап, яғни «...біржолғы жәрдемақылар белгілеуі міндет» деген сөзбен күшейтіп, заңға өзгеріс енгізу керек деп есептеймін. 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамада этникалық қазақтарды репатриациялау бөлігінде көші-қон саясатының бәсекелестік қағидатына көшу ұсынылады. Әйтпесе, Ресей Федерациясы еліміздің солтүстік өңір тұрғындарын шаңсорғыш секілді тартып кетіп жатыр. Репатриацияны қолдау бойынша белгіленген шаралар іске асырса мыдай нәтижелер береді: елдегі демографиялық ахуалдың айтарлықтай тұрақтануы, көші-қон сальдосының траекториясының түзелуі, адами даму индексі бойынша тартымды ел ретінде Қазақстанның имиджін жақсаруы, еліміздің депопуляциялық көрсеткіштері бар өңірлердің демографиялық және экономикалық өсуі, елдегі кәсіпкерлікті шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі түрлі мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысу мақсатында репатрианттар үшін жағдай жасалуы, елдің жұмыс күші тапшы өңірлерінің еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі, ішкі еңбек нарықтарындағы бәсекелестіктің арттуы, бос жатқан жерлердің игерілуі, экономиканың аграрлық және мал шаруашылығы салаларының сапалы дамыуы, елдің азық-түлік секторындағы тауарлы-нарықтық айналымының жандануы, ішкі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін еңсерілуі, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының экспорттық мүмкіндіктерін күшейуі және елдің қоғамдық-саяси дискурсындағы ұлттық-патриоттық контентінде наразылықтың төмендеуіне әкеледі. Жазира КӨКБАСҚЫЗЫ, «Отандастар қорының» Солтүстік Қазақстан облысындағы сарапшы операторы:Теріскейге қоныстану үшін мемлекеттік бағдарламамен келсе, құба-құп
– Мағжан, Сәбит, Ғабит, Сафуан секілді мықтылар туған мекен бүгінде сұрықсыз болып барады. Олай деуге өзіндік себеп те бар. Атап айтсақ, сол мықтылар туған алтын бесік ауылдардың құлазып бос жатқаны кімді де болса алаңдатпай қоймайды. Екінші мәселе, ауылдық жерлердегі мектептердің есігіне қара құлыптың ілінуі немесе жылдар бойы жас ұрпақты білім нәрімен суарған алтын ұяның қаңырап бос қалғаны қынжылтады. Алыстан атамекеніне келген қандастарымызды осындай ауылдарға қоныстандырумен мәселе шешілмейтін секілді. Өйткені онда барғанымен, мектеп, аурухана, балабақша, орталыққа қатынайтын жол тағы басқа жетіспейтін мәселелер бар. Мәселен, Қытай елінен келген қандасымыз Сламхан Қайрат Аққайың ауданы, Шағалалы ауылына көшіп келген 10 жасар қызы Айдананы Аққайың ауданының орталығындағы мектеп-интернатта оқытады. Өзі тұрған ауылында мектеп жоқ. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Солтүстік Қазақстан облысында қазір арнайы Оңтүстіктен Солтүстікке мемлекеттік бағдарламамен көшіп келетін ағайындарға жаңа үй салынып, олардың тұрақты тұрыуына жағдай жасалған. Ішкі миграцияда аса бір қиындық жоқ. Тек алғашқы жылдарда ауа райына үйренісе алмау секілді жағдай болады. Сондықтан сырттан көшіп келетін көші-қонға көбірек мән беру қажет. Есіл, Мағжан, Мамлют, Айыртау, Аққайың, Тайынша аудандарының барлығында соңғы жылдары Қытай елінен көшіп келіп жатқан қандастарымыз бар. Көп қандасымыз мектебі, ауруханасы жоқ қирауға жақын 20-30 түтіні бар жұртты толтыру үшін қоныстанған. Дұрыс, бос жатқан жерді толтыруымыз қажет, бірақ онда инфрақұрлым тартылмай болмайды. Облыс орталығы түгіл, ауданға жетуі қиямет. Қытай елінен келген ағайындардың төте жазумен хат танып келгендіктен олардың құжат мәселесінде көп кедергі көреді. Оларға жергілікті жердің құжаттандырумен айналысатын органдар селқостық танытып, көмек беруге ұмтылмайды. Мемлекет басшысы мұндай игі бастаманы қолға алған сәтте бәріміз атсалсуымыз қажет. Бірақ «жауырды жаба тоқып» болмас. Сондықтан кейбір нәрселерге қоныс аударушылар шынайы қарау керек. Мәселен, солтүстікте тіл мәселі күрделі. Қай мекеменің есігін қақсаңызда қаракөздер қазақ тілін шығармай, орысша жауап береді. Ол үшін қандастор орысша үйреніп келу керек болмаса құзырлы орындарға қазақ тілінің басымдық берілуі қажет. Теріскейге қоныстану үшін мемлекеттік арнайы бағдарламаның аясында, нақты елді мекенді, ауданды, қаланы көздеп келіп қоныстанса, әрине құба-құп.