443
Кәсіпкерлік гранттардың жартысы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді
Кәсіпкерлік гранттардың жартысы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында гранттардың 30 пайызға жуығы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бөлінеді. Көпбалалы отбасылар мәселелері жөніндегі комиссия отырысы барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов қалалар мен аудан әкімдіктеріне бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін арттыруды тапсырған болатын.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің мәлімдеуінше, қалалар мен аудандардың әкімдіктері аудандық комиссиялармен бірлесіп, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға мемлекеттік гранттар беру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуі тиіс. Бұл өте маңызды. Қазір біз 30 пайызға жеттік, бірақ менің ойымша, келесі жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайыздан кем болмауы тиіс.
Бүгінде ауданда мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін беріп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда жүктеген міндеттері барысында жүйелі жұмыстар атқарылып, әсіресе көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен қолдау көрсетіліп, гранттар берілуде.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша Ұлан ауданына 27 780,000 сомасына 50 грант берілді, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушы көпбалалы 13 отбасы 7 222 800 теңге, атаулы әлеуметтік көмек алатын 3 отбасы
1 666 800 теңге, сертификаты бар 3 көпбалалы отбасы 1666 800 теңге, сертификаты бар 1 жұмыссыз адам 555 600 теңге алды. Сондай-ақ 6 жұмыссыз адам 3 333,600 теңге, 3 топтағы бір адам 555 600 теңге, 7 аз қамтылған отбасы 3 889 200 теңге, 12 көпбалалы отбасы 6 667 200 теңге, атаулы әлеуметтік көмек алатын 4 отбасы 2 222,400 теңге грант алды.
Бағдарламаның игілігін көрген отбасылар мемлекеттің қолдауына дән риза. Осындай қолдаудың нәтижесінде алдағы уақытта өз істерін одан ары кеңейтіп, кәсібінен нәсіп табуға нық сеніммен қарайды.
Ұлан ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Жақсылықұлынан аталмыш грантқа қарыздары барлар қалай қол жеткізе алатынын сұраған едік.
– Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар несие бойынша қарыздарына қарамастан грант алуға мүмкіндіктері бар. Атқарушылық іс жүргізу туралы заң шеңберінде сот орындаушылары, сондай-ақ банктік қызметке сәйкес екінші деңгейдегі банктер мемлекеттік жәрдемақылар есеп-шоттарынан басқа, борышкерлердің шоттарын бұғаттап тастауы мүмкін. Осыған байланысты, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мен «Қазпошта» АҚ филиалы мемлекеттік гранттар мен қаражатты әлеуметтік карталық шоттарға – ID карталарға аудару туралы келісімге қол жеткізді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген кезде, оларға Қазпоштада шот ашу ұсынылады. Отбасына грант алуға растау келіп түскеннен кейін, жұмыспен қамту орталығы қаражатты нормативтік құжаттар шеңберінде бұғаттауға жатпайтын шотқа жібереді, – деді.
Көпбалалы ана грантқа ие болды
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ауданда көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мен мүмкіндігі шектеулі жандар гранта ие болып, өз істерін ашып, мал шаруашылығымен айналысуда. Солардың бірі – Мамай батырда тұратын көпбалалы ана Айнұр Түркістан мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, 555 600 теңге грантқа ие болып, сиыр сатып алды. Айнұр Түркістан 5 баланың анасы ретінде атаулы әлеуметтік көмек алады. Осыдан екі жыл бұрын баспаналары өртеніп кеткендіктен осы ауылдан бір үйді жалға алған болатын. Осындай қиын кезде аудан әкімі Нұрымбет Аманұлының ұйытқы болуымен жыл көлемінде пәтерақысын төлеуге көмек көрсетілді. 2019 жылы облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тапсырмасына сәйкес, «Аналарға құрмет пен қамқорлық» акциясы аясында баспанаға қол жеткізді. Баспанаға ие болған отбасы қиын кезде қолдау көрсеткен аудан басшысына және демеушілік жасаған кәсіпкерлерге алғыс білдірді. Енді биыл мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, сауынды сиыр алды. Болашақта мал басын көбейтіп, мал шаруашылығымен айналысуды мақсат етіп отыр. Бар байлығым балаларым дейтін Айнұр көпбалалы ана ретінде үнемі қолдау көрсетіп, демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлерге, Мамай Батыр ауылындағы жерлестеріне аналық алғысын жеткізді.Эльмира СОВЕТҚЫЗЫ