473
Ақылы автотұрақ халықтың қалтасына түсетін жоба ма...
Ақылы автотұрақ халықтың қалтасына түсетін жоба ма...
Нұр-Сұлтан қаласында ақылы тұрақтар төңірегінде үлкен дау туды. Халық екі жыл бойы тегін автокөлік тұрағы үшін бекерден-бекер ақша төлеп келген.
Ақылы көлік қою орындарынан зәрезап болған қала тұрғындары тіпті өз үйлерінің маңында тұрған көлік үшін де ақы төлеудің ақылға сыймайтынын айтып шағымданған. Барлығы осыдан басталды. Одан кейін әкімдік «Нұржол» бульварынан басқа жердегі паркоматтардың заңсыз жұмыс істеп тұрғаны туралы мәлімдеме жасады. Ал мердігер компания болса мемлекеттік органдар инвесторлардың заңды мүдделеріне кедергі келтіріп жүргенін алға тартып, әкімдіктің мәлімдемесін жоққа шығарды. Олардың айтуынша, ақылы тұрақтан түскен жалпы құны 600 млн теңге қаражат әкімдікке аударылған. Ал әкімдік оны жоққа шығарып отыр. Солайша дау тізгіні сот органдарына тапсырылатын болды.
Екі жыл бойы тұрақ үшін қалтасынан жырып қаншама қаражат төлеген халық бұл оқиғаға аң-таң. Бәріміз таңғалдық. Екі аттасаң менмұндалап тұрған паркоматтарды әкімдіктің екі жыл бойы байқамауы қаншалықты қисынды? Ал мердігер компанияға мұндай «көзсіз батырлық» қайдан келді? Айналып келгенде бұл дауда жеңілген, желінген тағы қарапайым халық болмақ па? Неге бізде барлығы айналып келгенде халықтың қалтасын саууға келіп тіреледі?
Көлік көп – тұрақ жоқ
Қазір қалада көлік нөпірі қалың. Сәйкесінше қозғалыс қиын, тұрақ та тапшы. Статистика комитетінің 2019 жылғы 1 тамыздағы деректері бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 264 969 жеңіл автокөлік тіркеліпті. Бір тұрғынға шаққандағы көлік саны 4,2-ге тең. Ал биыл пандемияға қарамастан көлік саудасы бұрынғыдан да қыза түскен. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше, осы жылдың алғашқы 6 айында 35 мың жаңа көлік сатылыпты. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13 пайызға жоғары.
Ал автотұрақ тапшылығы бұдан бұрын да сезіле бастаған. 2015 жылы осы мәселеге байланысты Сенат пен Мәжіліс депутаттары арасында дау туындаған. Көлік қоятын орынның аумағы, үлгісі мен ақы төлеудің әдісі құжат жүзінде бекітілмегенін алға тартқан Мәжіліс депутаттары Сенаттықтарды сынаған.
Ал 2016 жылғы 27 сәуірде ақылы автотұрақтар жүйесін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданыпты. 2019 жылғы 8 қазанда қаладағы басты-басты деген орындарға көлік тұрағы мен паркоматтар қоюға бағытталған шаралар бекітілген екен. 2018 жылғы 15 қаңтардан бастап ақылы автотұрақтар өз жұмысын бастаған. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-мен бірлесіп, «Астананың ақылы автотұрақ кеңістігін құру және пайдалану» жобасын жүзеге асырмақ ниетте болған. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде қолға алыныпты. Осыған орай Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мен «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС арнайы шарт жасасқан. Жоба 20 жылға жоспарланған, 1,2 млрд теңге инвестиция салынған, қаржыландыруға жекеменшік мекеме жауапты.
Ал 2019 жылғы қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы көлік тұрағына қатысты қиындықтарды реттеуді тапсырып, мәселенің шешімі әлі күнге дейін табылмағанына таңданған.
«Елорданы автотұрақтар және паркоматтармен қамтамасыз ету мәселелеріне жеке тоқталғым келеді. Осыған қатысты Елбасы да тапсырма берген болатын, бірақ бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Автотұрақ алаңдары тек бульвар маңында ғана бар. Мәселені шешу неліктен кешіктіріліп жатыр, объективті қиындықтар неде – түсініксіз», – деп атап өткен еді Президент.
2016 жылғы 27 сәуірде өткен кеңесте Елбасы ақылы көлік тұрағы жүйесін ұйымдастыру бойынша нақты міндет қойған.
Қазір «Нұржол» бульварында 487 көлікке арналған ақылы тұрақ жұмыс істеп тұрғанын, алдағы уақытта тағы 5 мың көлікке арналған ақылы тұрақ ашу және мұндай ақылы тұрақтар санын 10 мың орынға жеткізу көзделіп отырғанын «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» мәлімдеген еді. Одан жыл басынан бері бюджетке 22 млн теңгеге жуық пайда түскені де айтылды.
Қала әкімі Алтай Көлгінов те белгілер жаппай орнатылғанымен, бүкіл қала бойынша ақы жинау жүйесі әзірге іске қосылмағанын айтқан.
«Тек «Нұржол» бульварындағы телімде ғана ақылы автотұрақ істеп тұр. Ақылы автотұрақтан және салынған айыппұлдан түскен қаражат астананың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Атап айтқанда, жол белгілерін, жол таңбаларын жаңғыртуға, автобус аялдамаларын ұстап тұруға, бағдаршамдар мен жолдарды жөндеуге шығындалады», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Бірақ қала тұрғындары бульвар маңында ғана емес, қаланың басқа аудандарындағы аймақтарда, мектеп, тіпті өз үйлерінің маңына көлік қою үшін ақша төлейтіндерін айтып наразылық білдірген. Халықтың шағымына мұндай ақылы тұрақтардың күн өткен сайын көбейгені себеп болыпты. Көбі күнде көлігін қоятын орынның ақылы болып кеткенін байқамай, айыппұлын да төлеп үлгерген.
Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі
29 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласы Бауыржан Момышұлы даңғылындағы «Восток» тұрғын үй кешені тұрғындары үйдің жерасты автотұрағы жоқ екенін, ал бір жарым ай бұрын аулаларында ақылы автотұрақтың белгісі пайда болғанын айтып шағымданған. Тұрғындар ұжымдық арызды әкімдікке емес, бірден Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдапты. Айтуларынша, бұған дейін олар әкімдікке жүгінген, бірақ нәтиже болмаған. Нұр-Сұлтан қаласы жол-көлік басқармасының бөлім басшысы Руслан Әбдуалиев бұл мекенжайда ақылы автотұрақ ашу жоспарланғанын, алайда бұған қатысты қаулы күшіне енбегенін айтқан. «Қаулы шықпай, белгіленген орындар ақылы болмайды. Аулаларға орналастырылған ақылы автотұрақтар әзірше қызмет көрсетіп жатқан жоқ», – деді бөлім басшысы. Артынша келісімшарт міндеттемелерін орындамағаны және талаптарды елемегені үшін Нұр-Сұлтан әкімдігі «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-мен келісімшартты бұзу туралы сотқа арыз берді. Айтуларынша, серіктестікке бірнеше рет хабарлама жіберілген, бірақ өтініш еленбепті. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Марат Есеркепов Нұр-Сұлтан тұрғындары үшін «Нұржол» бульварынан басқа, қалалық көше мен жол желісі бойында орнатылған «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-нің автотұрақтары үшін төлем жасаудың қажеті жоқ екенін, ал бұдан бұрын төленген қаражатты қайтару туралы кейінірек хабарланатынын мәлімдеді. Қаншама уақыт бойы тұрған паркоматтар қалай әкімдік назарынан тыс қалуы мүмкін деп ойларсыз, бірақ бұл мәселе ақылы тұрақтың тек тест режимінде ғана жұмыс істеу керектігімен түсіндіріліп отыр. Яғни тұраққа ақы төлеудің қажеті болмаған. Бірақ «заңсыз» жұмыс істеген паркоматтар ақша қабылдап, чек шығарып, тіпті төлемегендерге айыппұл да артылған. «Қазіргі уақытта біз мемлекеттік кірістер департаментінің шешімін күтіп отырмыз, жауап алғаннан кейін төлем қарастырылмаған тұрақ орындары үшін алынған қаражатты қайтару механизмі туралы қосымша ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Паркоматтарды пайдалануға рұқсат алынбағандықтан, қалалық бюджетке қаражат түспеген, ал іс жүзінде адамдар серіктестіктің рұқсат етілмеген паркоматтарына ақша төлеген кезде, ақша серіктестіктің өзіне аударылған», – деп түсіндірді Марат Есеркепов. Жалпы, әкімдік тек жер телімін ғана белгілеп береді, ал қалғаны «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС құзырында деген жауап алдық. Ал «Астана көлік тұрағы кеңістігі» әкімдіктің бұл шағымымен мүлде келіспейді. Мердігер компания барлығын келісімшарт бойынша атқарғандарына сенімді. Онымен қоса ақылы автотұрақтардың ақшасы тұрғындарға қайтарылмайтынын мәлімдеді.«Қала бюджетіне 500 миллион теңгеге кіріс құйдық»
«Астана көлік тұрағы кеңістігінің» мәлімдемесінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жасалған келісімді бұзуға ешқандай ескерту немесе шағым түспеген. Компания өз міндеттерін толық орындағанын айтады. Мәселенің мән-жайын білу үшін компанияға тікелей хабарластық. «Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасына жіберілген құқықбұзушылық саны 11 мыңды құрады. Төлемдер мен айыппұлдардан түскен ақшалай қаражат жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша қала бағдарламаларын қаржыландыру үшін қала бюджетіне түседі. Ақылы тұрақтар жүйесі толығымен 1,2 млрд теңгеден асатын сомаға тартылған жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. 2020 жылы жобаны кеңейтуге жұмсалған инвестициялар 600 млн теңгеден асып, қала бюджетінің жүктелімін төмендетуге мүмкіндік берді. Біздің компаниямыз жер телімдерінің меншік иесі емес. Олар Нұр-Сұлтан қаласының көше мен жол желісінің бөлігіне жатады. Жобада бюджеттік қаражат жоқ», – дейді «Астана көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Чингиз Досыбаев. Компания директоры осы мәселеге қатысты мәлімдемесін бейнеүндеу түрінде сайтқа орналастырған екен. Одан бөлек, компанияның ресми мәлімдемесінде «Қазіргі сәтте Нұржол бульварында 487 тұрақ орны толық жұмыс істеуде. Есіл, Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр аудандарында 5 мың тұрақ орны іске қосылуға дайын. Оларды іске қосу мерзімі қала әкімдігіне байланысты. Ақылы жүйені іске қосу мерзіміне жақын халық арасында ақпарат тарату жұмыстары жүргізіледі. Аталған тұрақ аймақтарын іске қосқан кезде қаладағы ақылы тұрақтардың саны 10 есе артады. Ақылы режимге өту туралы ақпарат БАҚ, astanapark.kz сайтында және Facebook және Instagram компанияларының ресми парақшаларында жарияланады», – деген ақпарат бар. Іске қосылмаған паркоматтардан ақша жиналғанын өздері де мойындап тұр ма, дәл осы тұсы түсініксіз. Онымен қоса, Компания сайтында (astanapark.kz) «Егер, сіз көлікті тұраққа қойған аймақ 11*, 2*, 3** нөмірлеуден басталса ақылы тұрақ тест режимінде жұмыс істейді деген сөз. Бұл учаскелерде төлем алынбайды, әкімшілендіру жүргізілмейді. 10* * нөмірінен басталатын тұрақ аймақтары штаттық режимде жұмыс істейді, төлем сағатына 100 тг», – деген ескертпені кездестіресіз. «Ақылы автотұраққа жақын орналасқан үйлердің тұрғындары үшін үйдің жанында ақылы автотұрақты пайдаланудың жеңілдетілген шарттарын ұсынатын резиденттік келісім бар. Сіз құжаттар тізімін және сайтта рәсімдеу жөніндегі нұсқаулықты astanapark.kz сайттағы «Резиденттер» бөлімінде таба аласыз», – деп сайтта тағы да жазылған. «Нұржол» бульварынан басқа аумақта ақылы автотұрақ болмаса, онда үйдің жанындағы ақылы автотұрақты жеңілдетілген шартпен пайдалану қайдан шыққан әңгіме екені тағы ұғынықсыз. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі бюджетке ақша тек «Нұржол» бульварындағы автотұрақтардан түскенін айтады. Осыған қатысты заңгер Талант Рамазановтың пікірін білген едік. «Бұл мәселеге қатысты даудың шет-жағасын естідім, біраз ақпарат көзінен оқыдым. Біз қазір мәселенің тек беткі жағын ғана білеміз, ал астарынан бейхабармыз. Әкімдік пен мердігер арасында нақты қандай келісімшарт жасалғаны да беймәлім. Қазір бірдеңе айту тек бос сөз бен бұлдыр болжам болады. Мәселе тек сотта ғана шешіледі. Халыққа ақшаның қайтарылу-қайтарылмауы да сол кезде ғана анықталады», – дейді заңгер.Ақша кімнің қалтасында?
Жалпы, ақылы тұрақ таңғы 8-ден кешкі 20:00-ге дейін сағатына – 100 теңге. Ақы көлікті тұраққа қойған сәттен бастап алғашқы отыз минут ішінде төленуі тиіс. Демалыс және мереке күндерінде тұраққа көлікті қалдыру тегін. 2020 жылы дұрыс тұраққа қойылмағаны үшін айыппұл бекітілген айыппұл мөлшері (дәлірек айтқанда, көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) – 3-15 МПР аралығында. Яғни 7 575-37 875 теңге. Ақылы тұрақ төлеуден жалтарғаны үшін айыппұл – 3 АЕК (7953 теңге) және қайталанған жағдайда 5 АЕК (13255 теңге). 7 күн ішінде төлеген жағдайда айыппұл сомасын 50 пайызға төмендетуге болады. Ақылы көлік орындарын фотобейнебақылау орнатылған арнайы ұтқыр топ қадағалайды. Төлем жасамағандар туралы фактілер әкімшілік полициясына жіберіледі. Заңсыз жұмыс істеп келген ақылы тұрақтардың да айыппұлы халыққа қаланың әр ауданындағы полициядан келіп отырған. Паркомат заңсыз жұмыс істесе хабарлама қалай полициядан келуі мүмкін екені де түсініксіз. Осы сұрақтың жауабын білмекке полиция басқармасына екі күн қатарынан бірнеше мәрте хабарластық, бірақ жауап ала алмадық.Дамыған елдердегі көлік тұрақтары қандай?
Біз дәстүрлі көлік тұрағын қолданысқа енгізе алмай жүргенімізде, дамыған елдер оның тиімсіз екенін алға тартып, қарапайым көлік тұрақтарын баяғыда-ақ тарих қойнауына жіберген. АҚШ-та 1920 жылы әлемдегі ең алғашқы механикалық көлік тұрағы жасалды. Бұл оқиға жаңа үлгідегі тұрақтардың жасалуына түрткі болды. Солайша өткен ғасырдың 60-жылдары стереоскопиялық автотұрақ (stereoscopic parking) жасалып, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерде қолданысқа енді. Стереоскопиялық және зерделі автотұрақ көп орын алмайды. Ал сыйымдылығы, керісінше жоғары. Стереоскопиялық автотұрақтың игілігін көріп отырған елдің бірі – Қытай. Олар сол арқылы 700 мыңнан астам автокөліктің мәселесі шешілген. Германияның Вольфсбург қаласында Volkswagen компаниясының Autostadt технопаркінде 16 қабаттан тұратын 48 метрлік паркинг ғимараттары бар. Әрқайсысына 400 көлік сыяды. Флоридадағы Майами қаласында әлемдегі ең ерекше көлік тұрақтарының бірі орын тепкен. Бұл техникалық ғимарат әйгілі Herzog & de Meuron студиясының жобасы бойынша салынған заманауи сәулет өнерінің шедеврі саналады. Ал кешенді құруға 70 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Дубайдағы Emirates Financial Towers ғимаратының көлік тұрағы әлемдегі ең үлкен роботты тұрақ ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Мұнда бір уақытта 1191 автокөлік сыяды. Сонымен қатар, тұрақ құны басқаларымен салыстырғанда екі еседей төмен екен. Әлемдегі ең үлкен автотұрақтары бар қалалар тізімінде Мәскеу де бар. Ресей астанасында 3 400 көлікке арналған 16 деңгейлі тұрақ бар. Ірі жерасты паркингі «Москва-Сити» мұнараларының аумағында орналасқан. 2018 жылы Ташкентте де автомобильдерге арналған көп деңгейлі тұрақтар салу үшін 20 перспективалы орын белгіленіпті.Таяқтың бір ұшы тағы да жаңа технологияны игеруге келіп тіреледі. Екінші жағы, әдеттегідей бөлінген қыруар қаражатты ұқсата білмеуге тиеді. «Өнер-білім бар жұрттар» көліктерді бірінің үстіне бірін қалап жатқанда, біздікі, әрине қысылатындай жағдай. Жоғарыда сараптауға тырысқан жаңылтпаш-жұмбақ қалай шешілетіні белгісіз. Бірақ мемлекеттік органдарға да, жеке компанияларға да сенуден қалып бара жатқан халық қазанға түскеннің қайтып қапқа түсетінінен үміті аз.