50928
Дара Түменбаева: Армандаған Amazon-ға кірдім деп, артымдағы елді ұмытпаймын
Дара Түменбаева: Армандаған Amazon-ға кірдім деп, артымдағы елді ұмытпаймын
ІТ бағытына бет бұрған жас мамандар арасында FAANG (Facebook, Amazon, Apple, Netflix және Google) деп аталып жүрген компаниялар тобына жұмысқа орналасуды арман ететіндер көп. Сол жерде көрген-түйгендеріне сүйене отырып жеке жоба ашуға, болашақта адам тұрмысын жеңілдететін тың жаңалық әкелуге ұмтылады. Осындай мақсатты көздеп жүрген отандасымыз Дара Түменбаева Испания астанасы Мадридте орналасқан Amazon компаниясының кеңсесінде бағдарлама жасақтаушы болып жұмыс істейді. Компанияның мыңдаған жобасының ішінде кітапты электронды түрде оқуға жағдай жасайтын Amazon Kindle жобасына жауапты Дарамен хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Дара, ер мамандарға еріп, бағдарлама жасақтау саласына бертін келе қызыққан болар деп ойласам, әлеуметтік желідегі парақшаңызға «Менің мамандығымда сан жағынан ерлер басым. Бір физмат сыныбында 26 ұл, 4 қыз ғана оқыдық» деп жазғаныңызды көріп, бұл салаға кейіннен емес, мектеп кезінен бастап бейіміңіз бар болғанын түсіндім, солай ма?
– Дәл солай. ІТ саласына мектеп кезінен бастап қызықтым. Бастапқыда Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияда оқыдым, бірақ мұнда физика мен математиканы тереңдетіп оқытпайды. Ал бұл пәндерге ерекше қызыққан мен О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты бар екенін кеш білдім. Сөйтіп, 10-сыныптан бастап сонда білім алдым. Алғашқыда мектептің бағдарламасын меңгеру қиынға түсті, дегенмен, осы мектепке ауысқанымда өз орнымды тапқандай әсер алдым. Шынымды айтсам, бұл жақта алған білімім өміріме азық болды деп айтсам болады. Қайда жүрсем де, білімімнің іргетасы мектепте мықты қаланғанын іштей сезетінмін.
Мұны бітірген соң, Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технология университетіне компьютерлік модельдеу мамандығына оқуға түстім. Сосын қызығушылығымды ескере отыра, маған бағдарлама жасақтаушы мамандығы көбірек ұнайтынын түсіндім. Негізі, мектеп бітірген бойда аталған мамандық бойынша Малайзия елінде оқығым келген, алайда әкем шетелге жалғыз жібергісі келмей, рұқсатын бермей қойды. Десек те, Алматыда оқыған бір жылдың ішінде әкемді райынан қайтарып, ақырында Малайзия астанасы Куала-Лумпурдегі Азия-тынықмұхиттық технология және инновация университетінде бағдарлама жасақтаушы мамандығы бойынша білім алдым. Оқуды аяқтаған соң, сол қаладағы жергілікті компанияда бағдарлама жасақтаушы, кейіннен дата сайентист болып бірнеше жыл жұмыс істедім. Сосын Amazon компаниясына жұмысқа қабылданып, Мадрид қаласына көшіп келдім.
– Естуімізше, Аmazon секілді бәсі биік компанияларға жұмысқа орналасу қиынның қиыны екен. Мыңдаған түйіндеменің ішінен тек онын таңдап алып, кезең-кезеңге бөлінген сұхбаттасу процесінен соң, сол онның ішінен жұмысқа бір-екеуін ғана шақырады екен. Сіз жұмыс істеп жүрген Мадридтегі Amazon кеңсесіне жету сізге де оңай болмаған шығар?
– Иә, оңай болмады. Негізі, ІТ маманы болған соң, FAANG (Facebook, Amazon, Apple, Netflix және Google) компаниялар тобының біреуіне жұмысқа орналасқым келетіні айтпаса да түсінікті шығар, оның үстіне онда жұмыс істейтін ІТ мамандардың атқарып жүрген жобаларына қатты қызықтым. Әуелгіде жеке поштама Google корпорациясының қызметкер іздеп жатқаны туралы хабарлама келді. Сол уақытта Куала-Лумпурде жүргенде маман ретінде дамымай жатқаныма көңілім құлазып, басқа жұмыс көзін қарастырып жүргенмін. Оның үстіне, ІТ бойынша нарығы мықты Еуропа мен Америкаға барып жұмыс істеп көргім келді. Мақтанғаным емес, достарым да мұны маған жиі айтады, мен – «ішіме» идеялар сыймай, үнемі бөлісіп жүретін адаммын. Ал сол кездегі жұмысымда ойластырғанымды қолдап әкететін ешқандай орта болмады. Сол себепті Малайзия елі маған таршылық етті. Сөйтіп, мамандығыма сай жұмыс іздеуді Google компаниясынан бастадым, бірақ онда сұхбаттан ары өте алмадым. Сонда да мойымай, өзге де ірі компанияларға құжатымды тапсыра бердім, олар да сұхбаттасуға шақыра берді (күліп). Есептеп қарасам, жұмысқа тұрамын деп, жалпы саны жиырмаға жуық компания өкілдерімен сұхбаттасыппын. Ақыр аяғында Amazon компаниясына жұмысқа тұру мүмкіндігін сәтті пайдаланып, айым оңынан туып, Мадридтегі кеңсесіне шақыртылдым. Жалпы, онда жұмысқа кіру үшін сегіз ай уақыт кетті. Сұхбаттасу процесінің өзі екі айға жалғасады. Алдымен телефон арқылы сұхбаттасасың, кейін онда жұмыс істейтін ІТ маманы берген есепті шешуің керек, келесі кезеңде мінез-құлық психологияңды тексеретін сұрақтар қояды, сосын соңғы шешуші кезеңде бетпе-бет сұхбаттасуға шақырады. Сұхбаттасуға мені Оңтүстік-Шығыс Азия аймағынан тапсырған үміткерлермен бірге Жапонияға шақырды. Онда бір күннің ішінде төрт рет сұхбаттасып, нәтижесінде дәл сол жерде Amazon Kindle жобасының командасына қабылданғанымды айтты. Сосын Amazon-ның алты қалада орналасқан кеңселерінің ішінен біреуін таңдауымды сұрады, жоғарыда айтып өткенімдей, Еуропадағы нарыққа байланысты Мадрид қаласын таңдадым.
– Amazon компаниясының негізін салған Джефф Безос әуелгіде өз кәсібін гараждан бастаған екен. Бастапқыда тек кітап пен комикстерді онлайн сатқан ол отыз жыл ішінде әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосылды. Сонымен қатар Безос топ ішіндегі жұмысты тиімді қылу үшін «екі пицца ережесін», яғни жұмыс тобындағы адамдар саны екі пиццамен тамақтандыруға жетерлік болуы керек, әйтпесе жұмыс өнбейді деген ережені ойлап тапқанын да білеміз. Сіз атқаратын Amazon Kindle жобасының құрамында адамдар саны екі пицца жеуге жетерлік пе?
– Жетерлік (күліп). Негізі, бас директор Безостың ойлап тапқан «екі пицца» ережесінің мақсаты – шағын команда атқаратын жұмыс көп адамнан құралған топқа қарағанда әлдеқайда өнімді болатынына көз жеткізу. Сол себепті де алып компаниялар іске асырып жатқан жобаның командасында екі пиццамен тамақтандыруға жеткілікті болуы керек деп бейнелеп айтады. Біздегілер де дәл осы ережені ұстанады. Ал егер түрлі себептермен командада адамдар саны көп болса, оларды басқа топқа бөліп жіберуге тырысады. Қарап отырсаңыз, расымен де бірнеше ғана адамнан құралған команданың жұмысы алға басады ғой. Ал көптеген маманды қатарына қосып алғандар шешім шығаруда ортақ мәмілеге келе алмай, уақытын құр босқа өткізіп, мүмкіндіктерінен айырылады. Жолдың арғы жағында он адамның ойы сан-саққа жүгіріп, сабылып жатқанда, бергі жағындағы санаулы жанның ісі алға өрлеп жатады. Бұл – заңдылық. Стартап жобалар неге тез дамиды дейсіз, себебі мұны екі-үш маман ғана құрастырады. Көпшілік Amazon-ның жетістікке жетудегі басты кілтін осы ережемен байланыстырады. Сосын Amazon-ды неліктен Facebook, Apple секілді компаниялардың қатарына қосады? Себебі компания басшылығы келіп түскен қаражатты қазынада сақтамай, түрлі жобаларға инвестицияға құйып отырады. Сайтын ашып қарасаңыз, 34 тауар категориясы бойынша онлайн режимде сауда-саттық жүргізілетінін байқайсыз. Бір досым «Amazon Америкада instagram желісі секілді, бір кірсең, шыға алмай қаласың, сағаттар бойы ақтарып, көре бергің келеді» деп айтады. Жалпы, әлеуметтік желімен тең дәрежедегі Amazon-ның пайдасын, тиімділігін айтуға тіпті сөз жетпейді.
– Ал сіз Amazon Kindle-де қандай міндеттерге жауаптысыз?
– Мұнда бағдарлама жасақтаушымын, анығырақ айтсам, Amazon Kindle-дің Android және ІОС операциялық жүйесіне орнатылуына жауаптымын. Kindle құрылғысын сатып алғанда, алдымен телефон арқылы синхронизация жасауыңыз керек. Қажетті кітаптарыңызды жүктеп алып, тіпті интернетке қоспай-ақ, емін-еркін оқи аласыз. Сондай-ақ кітаптарды қайда сақтаймын деп те бас қатырмайсыз. Жалпы, кітапқұмар адамға Kindle құрылғысы – таптырмас құрал.
– Бағдарлама жасақтаушы мамандығы қыздарға қол емес, тек ерлер атқаратын мамандық деген ел арасында қалыптасқан түсінікті өзіңіз де талай рет естіген боларсыз. Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей ерлер қауымы басым бұл салада «менің де қолымнан келеді» деп өз-өзіңізді дәлелдейтін кездер жиі бола ма?
–Бірінші айтқан пікіріңізді тек Қазақстанда естідім. Мектепте оқып жүргенде жаратылыстану ғылымдарына қызығып, зерттеу жүргізгенімде айналамда «Сен қыз бала емессің бе?! Физика мен математика саған неге керек? Қыз баланың басты міндеті – ғылымның соңына түспеу, үйде отыру, тұрмысқа шығу» дегендер көп болды. Ал бұл өз-өзіңді төмендетуге тікелей септігін тигізеді екен. Өйткені Малайзияға оқуға келгенімде өзімді-өзім төмендетіп алғанымды байқадым да, мұны түзетуге тырыстым. Тағы бір айта кетерлік жайт, бала кезімнен ер балаларға ұнайтын істерді мен де ұнаттым. Мысалы, қару-жарақтарға, күрес түрлеріне, робототехникаға қатты қызықтым. Қазіргі таңда джиу-джитсумен айналысамын. Оның үстіне ІТ-ға бет бұрған қатарластарымның түгелі дерлік маған жанашырлық танытып, үнемі қолдау көрсетеді, байланысымыз үзілмейді. Мысалы, Facebook желісінде қазақстандық ІТ мамандардан құралған арнайы топ бар. Онда «Достар, алда Amazon компаниясымен сұхбат өтпек. Бұл бойынша кімнің тәжірибесі бар? Менімен алдын ала сұхбаттасуға кім көмектесе алады?» деп жазсам, бірден жеке парақшаңа жазып, ақыл-кеңесін аямай, қолдау білдіріп, барлық кезеңнен өткенше сенімен бірге уайымдап, сенімен бірге қуанады. Сосын мен сізге мынаны айтайын, ІТ мамандығы – керісінше қыздарға ең қолайлы жұмыс. Көптеген мамандық иесіне жұмыс орнына барып отыру міндеттеледі. Ал ІТ-де мұндайды талап етпейді. Компьютер мен интернет болса болғаны, үйде отырып-ақ, әлем таңғалатын жобаларды жүзеге асыра аласыз. Сол себепті бұл – тұрмысқа шыққан, бала бағумен үйде отырған қыздарға қай жағынан болса да тиімді мамандық. Сосын ІТ саласы ерлер мен қыздар күш сынасатындай спорт түрі емес. Мұнда күш емес, креатив пен логика шешуші рөл атқарады.
– «Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ» дегендей, кез келген ІТ маманы өзінің жеке стартап жобасын ашып, мұны әлемнің кез келген бұрышында қолдануға болатындай етіп әзірлеуді армандайтыны түсінікті жайт. Сіздің де солай сызып-түртіп қойған жобаларыңыз бар шығар?
– Жай ғана сызып-түртіп қоймай, бүгінде өнімді еңбек етіп жатқан жеке командам бар. Бұл стартап командам бес адамнан құралған. Мен сол командаға басшылық етемін. Жалпы, еншімде үш жаңа жоба бар. Біріншісі медицинамен байланысты, анам дәрігер болып жұмыс істейтін медициналық орталықта пайдалы жобаны жүзеге асыруға барымызды салып жатырмыз. Сол жоба арқылы лор дәрігер өзінің емделушісі туралы түгел мәліметті қағаздардың арасын ақтарып жүргенше, компьютер арқылы таба алатын болады. Осы бастаманы масштабтау – менің басты армандарымның бірі. Сосын тағы бір арманым – емделушілерге арналған мобильді қосымша құрастыру. Мұнда емделуші туралы барлық мәлімет сақтаулы тұрады. Сосын емделуші медициналық мекемеге келгенде камераға қарап, сканерлеу арқылы оған қатысты мәліметті бірден экранға шығаратын жоба ойластырудамын. Ал екінші жобам «50 кездесу» деп аталады. Аталған жобаның мақсаты – карьера қуалаймын деп жүріп, жеке өмірін ұмыт қалдырған адамдарды табыстыру. Ағылшын тілінде Power Couple деген жақсы сөйлем бар, қазақшаға аударсам мағынасын дұрыс жеткізе алмайтын секілдімін. Бұл өз жұмысында жемісті еңбек етіп жүрген ер мен әйелдің өзара тіл табысуы, қолдау көрсетуі дегенді білдіреді. Аталмыш жобаны Орталық Азия аймағына танытып, сосын ары қарай әлем қолданатындай деңгейге жеткізгім келеді. OK Dara school деген үшінші жобамда тыңдаушыларға қызықты әрі танымды, инновацияға қатысы бар дүниелерді үйретемін, өз білгеніммен бөлісемін. Мен секілді ІТ-ға қатты қызығатын қыздарға бағыт-бағдар көрсетемін. Байқап тұрғаныңыздай, мұнда мен коуч, ментор ретінде жұмыс істеймін.
– Шетелде жұмыс істейтін ІТ мамандары Қазақстанда жұмыс істеу әзірге тиімсіз екенін айтқан еді. Ал сіз сыртта жүрсеңіз де, елде өз жобаңызды дөңгелетіп, дамытқыңыз келіп жүргеніңіз қуантарлық жайт екен...
– Ой, менің Қазақстанмен байланысты жоспарларым көп (күліп). Армандаған Amazon-ға кіріп алдым екен деп, артымда қалған адамдарды еш ұмытып кетпеймін. Біле білсеңіз, елде ІТ-ды жаңғақша шағатын таланттар өте көп. Шынымды айтсам, мұндай бейімді балаларды басқа жерден көрген емеспін. Дегенмен, олардың көзге түсуге мүмкіндіктері жоқ, шама-шарқы жетіңкіремей жатады. Ал өз қабілетін дұрыс арнаға бағыттаудың жолын білмейтін олар жағымсыз әрекетке әуес болып алады. Бірі азартқа кіріп, ойын ойнайтын жерлерден шықпаса, енді бірі алкогольді ішімдікке құмар болып кетеді. Сол себепті олардың басқа жолға түсіп кетпеуіне жол бермей, қолынан келетін жұмысқа кіргізіп немесе менің стартап жобаларымнан орын тауып беруге тырысып жатырмын. Қазіргі таңда 18-25 жас аралығындағы жастармен жұмыс істегім келіп жүр. Дегенмен, елде сол таланттарды жұмылдырып, тың нәрсе жасайын десең, көп жағдайда біздікілер идеямызды түсінбей жатады. Таныстарымның біразы инновациялық идеяларын ортаға салып, таныстырып еді, көпшілігі түсінбей, нәтижесінде демеуші де табылмай, ақырында мұхит асып, Америкадан демеуші тауып, сол жерде қабілетін дамытуға мәжбүр болады. Ал мұны дер кезінде түсінбеген қалталы адамдар қолдау білдірмегеніне бармағын тістеп, өкініп қалады.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ