Қырғыздың үміті 31-үкіметте

Қырғыздың үміті 31-үкіметте

Қырғыздың үміті 31-үкіметте
ашық дереккөзі
220
Қырғыз Республикасы өз алдына дербес мемлекет болғаннан бергі 29 жылда үкімет 30 рет ауысып, 31-премьер-министр Садыр Жапаров 28 қазанда ант беріп, президенттің міндетін де заң жүзінде қоса атқара бастады. Салыстырып қарасақ, аталған мезгілде үкімет басшылары Қазақстанда 11 рет, Тәжікстанда 8 рет, Өзбекстанда 5 рет ауысыпты. Түркіменстанда министрлер кабинетін президент басқарып отыр.     width= Кейбіреулері екі рет бұл қызметте болған үкімет басшыларының ішінен 1991 жылғы 21 қаңтардан 29 қа­ра­шаға дейін егемен елдің алғашқы пре­мьер-министрі болған Насирдин Исанов және 2010 жылғы 7 сәуірден 17 желтоқ­санға дейін уақытша үкіметті басқарып, 2011 жылғы 1 желтоқсанға дейін уақыт­ша президент болған Роза Отынбаевадан басқалары артында жақсы із қалдырған жоқ. Олардың көпшілігіне сыбайлас жем­қорлық бойынша қылмыстық іс  қоз­ғал­ған. 2005 жылы 5 ай премьер-министр, сосын президент болған Құр­ман­бек Бакиев және 2010 жылы 4 ай премьер-министр болған Данияр Үсөнов қыр­ғыз елінен қашып кетіп, Беларусьтен бас­сауға тапты. 1998 жылы вице-премьер, екі күн премьер-министр болған Борис Силаев және 2002-2005 жылдары үш жылдай үкімет басында отырған Николай Танаев та ізін суытып, Ресейді паналады. «Данияр Үсөнов 2013 жылы Малайзияда қайтыс болған» деп ақпарат таратып,  аты-жөнін Даниил Урицкий деп өз­герткен. Осы жылдың 10 тамызында Даниил Урицкий басқарған «Беларусь ұлттық биотехнологиялар корпорациясы» кәсіпорнына барған президент Александр Лукашенко оның жұмысымен танысу кезінде Урицкийге: «Данияр, мен көріп тұрмын, сен салиқалы, адал адам­сың, белорустарды өкпелетпейсің, себебі олар өздерінің еңбексүйгіштігі бойынша қырғыздарға өте ұқсас», – деп «Урицкийді» шын атымен атап, арқасынан қақты. Әлбетте, құрамында 12 зауыты бар, мың­даған адам жұмыс істеген, жылына 100 мил­лион доллар кіріс тапқан, өлкенің эко­номикасын алға жылжытқан кәсіп­орындар кешенінің басшысы мадақтауға тұрарлық. Данияр Үсөновтің Беларусьте құрған ауылшаруашылық саласындағы ең ірі өндіріс кешенінің бастапқы капиталын Қырғыз Республикасынан алып кеткенін болжау қиын емес. 10 қарашада Қырғыз Респуб­ли­ка­сының Ұлттық қауіпсіздігі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) 1993-2002 жыл­дар аралығында шетелдік банктермен келісілген сыбайластық кестенің негізінде Қырғыз Республикасынан 1 миллиард доллар көлемінде қаржы шығарылып кет­кенін растаған құжаттардың табыл­ғанын, оған байланысты тергеу амал­дары­ның басталғанын жариялады. Бір­қатар мемлекеттік кәсіпорын және ме­ке­ме­лер үкіметтің кепілдігі арқылы шетелдік банктерге республиканың алтын-валюта резервінің бір бөлігін (атап айт­қанда, алтынды, – Н.Б.) аманатқа қойып, қырықтан астам жалпы көлемі 1 миллиард доллар несие алған, оларды қайтар­маған. ҰҚМК-ның дерегіне қарағанда, қазір бұл несиелердің өтемін Қырғыз Рес­публикасы төлеп жатыр. Несиелердің алынуына қатысы бар сол кездегі шенеуніктер несие алған нысандарды жоспарлы түрде банкротқа ұшыратып, қаражат­ты жымқырған. Ол кезде елді Асқар Ақаев басқарып, Турсынбек Чыңгышев, Апас Жумағұлов, Кубанычбек Жумалиев, Жумабек Ибраимов, Амангелді Муралиев және Құрманбек Бакиев кезегімен үкімет жетекшілері болған. 1993-1998 жылдары премьер-министр болған зейнеткер Аман­гелді Муралиевке сұрау салынғанда, ол 1 миллиард доллар қаражаттың қолды бо­лып кеткенін мүлде естімегенін айт­қан. Жоғарыда айтқанымыздай, қыр­ғыз елінде үкімет бір жылға жетер-жетпесте ауысып тұрған екен. Ми­нистрліктер мен мемлекеттік меке­мелер­дегі жағдай да сондай. Елдегі эко­номикалық мешеуліктің себебі кадр­лар­дың осындай тұрақсыздығында және же­текшілердің жемқорлыққа бейімді­лігінде деп айтсақ қателеспейміз. Үкімет басшыларының ең жасы, 40 жасында 2017 жылғы 25 тамыздан 2018 жылғы 19 сәуірге дейін премьер-министр болған Сапар Исақов үкімет басына келген күннен бастап елді цифрлық жүйеге көшіруді қарқынды бастаған еді. Бірақ, жас жетекшінің сыбайлас жемқорлық айыбымен темір торға қамалатынын ел күтпеген. Тергеу амалдарының бір бөлігі аяқ­та­лып, оған 18 жылға бас бостанды­ғынан айыру жазасы кесіліп, үй-мүлкі, «Манас» ордені тәркіленді, 247 миллион 650 мың сом мемлекет қазынасына төлеу жүктелді. Ісі насырға шауып тұрған кез­де, 6 қазанда төңкеріс болып, соның шарапа­тымен айыпталушы бір аптаға үй қамағына жіберілген. Ол сол күйінше бас сауғалап қашып кетті, қазір қайда екені бей­мәлім. Егер кінәлі болмаса қашып кет­пейтіні анық. Кейбір ақпараттарға қа­рағанда, Францияға барып «саяси бос­қын» мәртебесін сұрап жатқанға ұқсайды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, мемлекеттік кеден қызметінің жетекшісінің бұрынғы орын­ба­сары Райымбек Матраимовтың сыбайлас жемқорлық арқылы миллионер болғаны елге мәлім болды. Ол өзі құрған «Исмаил Матраимов атындағы қор» арқылы қаржы қозғалысын басқарумен де айналысқан, тапсырыс бойынша елден ірі сомадағы ақшаларды шекарадан өткізіп тұрған. Өзі де айла-шарғымен 700 мың доллар қаражатты шетелге шы­ғарып­ты. Шетелге кетуге қамданып жүріп жалған төлқұжатпен ұсталған ол 80 миллион сом (1 миллион доллар) төлеп, үй қамағында тергелуде. ҰҚМК істі аяғына дейін жеткіземіз деп мәлімдеме жасады. Осы сияқты қылмыстың бетін жақында өлкенің Экономикалық қыл­мыстарға қарсы күрес бойынша мемлекеттік қызметі (Қаржы полициясы) ашты. А.У. есімді адам 180 миллион дол­ларды (14 миллиард 400 миллион сом) сыртқа шығарып бара жатқан жерінен ұсталған. Егер декларация толтырса, қа­зынаға салық түрінде 1 миллиард 100 мил­лион сом түспек. Ел басшысы С.Жа­паровтың  29 қазанда өткен Үкіметтің жи­налысында кеден қызметінен кіріс аз түсіп жатқанын сынға алғаны жайдан жай емес. Сондай-ақ осы жиналыста ол «әлем­де наркобарондар, бізде энер­гобарон­дар бар» деп бір түйткілдің шетін шығарды. Ал енді бұдан бірнеше күн бұрын парламенттің экс-депутаты Ұлық­бек Қошқоров қаншама жылдан бері электр энергиясы бойынша жыл сайын 7-8 миллиард сом ұрланып жатқанын жария етті. ҰҚМК-ның сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күресу қызметінің мәлі­метіне сүйенсек, 15 қазаннан 5 қарашаға дейінгі 20 күннің ішінде ұсталған жем­қор­лардан мемлекеттік бюджетке 575 мил­лион сом қайтарылған.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі (Бішкек)

Серіктес жаңалықтары