785
Мақтан тұтқан астанамыз, басқа тілде баспанамыз
Мақтан тұтқан астанамыз, басқа тілде баспанамыз
Бағамдап қарасақ, қазақ жерінің кез келген тау-тасы, сай-саласы, өзен-көлі, құзы мен жартасы, ойпаңы мен шоқысы қаласы мен даласы өзінше ерек атауға ие. Әрбірінің аталу себебі бар, барлығын халық қойған, астарында бүтіндей бір аңыз, шежіре жатады. Яғни, ономастикалық атаулар – тарихи тұрғыдан алғанда да, болашақ үшін де маңызды аса нәзік те күрделі мәселе. Қаншама ғасыр бойы қалыптасқан қазақтың ономастика жүйесі ХІХ ғасырда идеологиялық құралға айналуы да сол себепті еді. Орысшаланған жер-су атаулары, ала-құла көше атаулары туралы мәселе кей аймақтарда әлі күнге дейін өзекті болып тұр. Одан бөлек, қала, елді мекен ішіндегі жеке нысандардың, дүкендердің, бизнес орталықтарының атауы – эмпоронимдер де назар аударуды қажет ететіні сөзсіз. Себебі олар елеусіз болса да үлкен ақпараттық қуатқа ие.
Соңғы уақытта қаладағы тұрғын үй кешендерінің бас-басына атау беріп, ерекшелейтін үрдіс пайда болды. Нақтылық үшін, әрине ыңғайлы. Бірақ, сол атауларға мән беріп көрдік пе? Нұр-Сұлтан қаласында салынғаны бар, салынып жатқаны бар, жалпы саны 743 тұрғын үй кешені бар екен. Соның 37 пайызының ғана атауы қазақ тілінде қойылған.
Ал қаланың қақ ортасында «Москва» мен «Санкт-Петербургтің» менмұндалап тұруы қаншалықты жарасымды?
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Нұр-Сұлтан қаласында 244 құрылыс компаниясы салған 743 тұрғын үй кешені бар. Оның 140-тан астамы әлі пайдалануға берілмеген. Бұл деректер еліміздің және алыс-жақын шетелдердің жылжымайтын мүлік нарығына арналған кәсіби интернет ресурс – Kn.kz сайтында көрсетілген.
Тізім бойынша біраз шолу жасадық. Тұрғын үй атауларының тек 270-тен астамы ғана қазақ тілінде. Біршамасы орыс тілінде, бұл айтпаса да түсінікті, үйреншікті жағдай. Қаланың іргетасымен қатар салынған үйлер көбінесе орысша аталған екен. Ал қазір орыс сөздеріне ет үйренген, енді ағылшын, француз, қала берді итальян тілдері сәнге айналды. Одан бөлек индивидуалды-стилистикалық, екі тілдің элементтерінен құралған атаулардан да көз ашпай кеттік. Мәселен, «Ақбұлақ town», «Бухар жырау de luxe», «Тау тенгри», «Мерей интерконти», «Өркен de luxe», «Арнау Premium», «Үркер city» солай кете береді. Тілдің ғана емес, қаріп те ала-құла. Бұл тек тұрғын үйлерге ғана қатысты емес. Дүкен атаулары, жеке меншік нысандарға ат қоюда да осы үрдіс белең алған. Екі аттасаң басқа тілдегі атауға ұшырасасың. Бұл құбылыс сол жағалауда көбірек байқалады.
Тұтынушының назарын аудару үшін эмпоронимдерді ұтымды таңдау, әрине маңызды, бірақ көркем сөз, кестелі тілден өзіміз де кенде емеспіз. Мысалы, «Төрлет», «Береке», «Наз қоңыр», «Құтты мекен», «Ырыс», «Алтын ұя», «Биік шаңырақ», «Алтын босаға» сияқты айшықты атауларға ие үйлер де бар екен. Сонымен қатар, «Айка», «Кукуруза», «Талтерек» сияқты оғаш атаулар да кездеседі.
Осы сияқты мәселелер қалай реттеледі, қаладағы ономастикалық атаулар, соның ішінде эмпоронимдерге байланысты заң бар ма, құзырлы мекемелер не дейді, жауап іздеп көрейік.
Заң не дейді?
Бізде мемлекеттік меншігіндегі нысандарға атау беру «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 5 наурыз №281 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Ал жеке меншік нысандардың атауын қадағалуға бұл заңның құзыреті жете ме? Осы сұрақ төңірегінде Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Талғат Берлембайұлының пікірін білген едік. «Жеке кәсіпкерлер, құрылыс компанияларының иелері меншік нысандарына өз таңдауымен атау береді. Бірақ нысандарды мемлекеттік тілде атау жөнінде басқарма тарапынан жеке және заңды тұлғаларға насихат және түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Құрылыс компаниялары да тура солай: көбі мемлекет меншігінде болмағандықтан, тұрғын үйлердің атауларын өздері қояды. Алайда мемлекеттің тапсырысымен салынған тұрғын үйлерге қазақы атаулар беріліп жатады», – дейді маман. Жеке кәсіп нысандарының эмпоронимдері туралы әңгіме бөлек, ол айтылып та, жазылып та жатыр. Ал тұрғын үйге ат қою бізде тек соңғы 10-20 жылдықта ғана өріс ала бастады. Оған дейін әр үйге жеке-жеке ат қою бізде болған ба?Тұрғын үй эмпоронимдерінің тарихына үңілсек
«Қазақ халқы көшпенді өмір салтын ұстанғандықтан, урбанизация процесі енді жүріп жатыр. Жеке тұрғын үй кешендеріне ат қою – сол урбанизацияның жемісі. Қараша үй, қара шаңырақ, орда сияқты жалпы атаулар болмаса, қазақ дәстүрінде үйге ат қою салты мүлде болмаған. Жер-су атауларының өзі жайдан-жай емес, белгілі бір тарихи оқиғаға байланысты, не сол жердің ерекшелігіне қарай қойылған. Мәдениеттанушы ретінде айтатын болсам, тұрғын үйлердің бас-басына атау берудің пайдасы не зияны бар деп айта алмаймын. Яғни, келіп-кетер ештеңе жоқ», – дейді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы басшысы, тарихшы-этнолог Батырхан Жұмабаев. Ал өзге халықтардың мәдениетінде, әсіресе Еуропа елдерінде үйге жеке ат қою салты бұрыннан қалыптасқан дәстүр екен. Ерте замандардан бері ағылшындардың түсінігінде үй алу – әлеуметтік баспалдақпен алға жылжудың дәлелі саналған. Сондықтан одан әрі әспеттеп, жарнамалау үшін ол үйге атау берген. Бір жағынан ерекшеленудің бір әдісі. Бұл үрдісті олар маңызды санап, қойған аттарын тақтайшаға әдемілеп жазып, көрінетін жерге бекітіп, қағып қоятын болған. Бұл дәстүр елді мекендерге де, қалаларға да тән екен. Үйлерді номинациялау үшін таңдаған сөздердің семантикасы, әдетте, табиғатпен, жануарлар әлемімен, үй орналасқан аймақтың географиялық және климаттық ерекшеліктерімен байланысты болады. Бір жағынан, жарнамалау, сату кезінде де үйдің атауы маңызды рөл ойнайды екен. Тұрғын үйлерге белгілі бір атау беру революцияға дейінгі Ресейде де болған. Тіпті одан кейін, XIX ғасырдың 70-жылдарында ғана мекенжай кітаптарында ғимарат нөмірлері пайда бола бастапты. Осы кезге дейін әр үй өз иесінің атымен аталған екен. Рябушинскийдің үйі, Филатованың үйі, Арбаттағы Веселовская үйі. Бұл құбылыс Ресейде ішінара әлі де болсын сақталған. Кеңес заманында үйлерді ресми атау қолданылған жоқ. Бірақ бейресми, халықтық атаулар болған. Қазіргі уақытта Ресейде де тура біздегі сияқты іргетасы қаланған үйлердің барлығы дерлік құрылыс компаниясынан ресми атау алады. Содан бастап-ақ үйдің жарнамалық науқаны басталады. Қабылданған атау болашақта оның визит картасы ретінде қызмет етеді. Тұрғын үйге атау берудің түпкі мақсаты – баспананың жарнамасын асыруға сәл де болсын сеп болсын деген ниеттен сияқты. Не дегенмен, бұл да үздіксіз жүріп жатқан урбанизацияның, мәдени процестің бір бөлшегі. Қала ішіндегі атаулардың, жарнамалардың барлығы тұрғындардың санасына, ойлауына тікелей әсер ететіні әлдеқашан дәлелденген. Елеусіз бір бұрыштағы дүкеннің маңдайшасындағы жазудан келіп-кетер ештеңе жоқ сияқты көрінгенімен, мұның барлығы тіл проблемасына келіп тіреледі. Үйге жеке атау беру – біз үшін жаңа үрдіс. Зиянын да көріп тұрған жоқпыз. Егер сол үрдісті ұлттық дүниетанымымызбен ұштастырар болсақ, ол да бір игі бастама болары сөзсіз. Әр қазақ босағасы алтын, шаңырағы биік үйде тұрғаны жарасымды болар еді.