473
Теңге айналымға қалай енді?
Теңге айналымға қалай енді?
Егемен Қазақстанның тұңғыш валютасы туралы сөзіміз еліміздің жаңа тарих беттерін толтыруға арналуы тиіс. Ал сол тарихымыз оңайға түспегені бесенеден белгілі.
...1990 жылдардың бас шенінде өз валютамызды енгізу қажеттігі Қазақстанға көптеген мән-жайлармен Мәскеу тарапынан өктемделінді. Біріншіден, рубль сол кезде құлдырай құнсызданды және «ағаш сом» атауына ие болды. Екіншіден, осы себеппен кәсіпорындардың өзі рубльді пайдаланатын шаруашылық мәмілелерден бойын аулақ сала бастады. Әралуан тауарлар құнының шамасын өлшейтін негіз жоғалды, қарабайыр баспа-бас сауда-саттық тек ТМД елдерінің арасында ғана емес, басқа да шетелдік серіктестер арасында да дамыды. Үшіншіден, рубль қожайыны Ресейдің өзі бағаны еркін жүзуге жіберіп, кәсіпорындардың айналымдық қаражатын индекстемейтін болды. Өз валютамыз болмағандықтан біз де әрине, мұны қаласақ та жасай алмадық. Бұл кәсіпорындардың жаппай тоқтатылуына, дәстүрлі серіктестер арасындағы қалыптасқан экономикалық байланыстардың үзілуіне әкеп соқты. Инфляция көрсеткіштері төрт мәнді бағадан асып түсті. Еліміз осы тығырықтан шығатын жол іздеді. Бұл кезеңде сан алуан ұсыныстар бой көтерді. Біреулер ақша жүйесін Ресеймен біріктіру туралы кеңес берді. Бұл дегеніміз көп рет пайдаланатын дербес төлем құралын енгізу еді. Бірақ та осы идеялар ақша айналасының проблемасын толық шеше алмайтын.
Төртіншіден, Ресей бізді ашықтан-ашық рубльдік аймақтан тықсырып шығара бастады, сөйтіп олар КСРО ыдырағаннан кейін тереңдеп кеткен экономикалық дағдарыстан оңайырақ шығамыз деп ойлады. Мұндай пікір 1993 жылы Алматыға Ресей Федерациясының вице-президенті Александр Руцкой бастаған делегация келгеннен соң айқын болды. Оның құрамында аса қатаң, ымырасыз айқындаманы Ресей вице-премьері А.Шохин, Мемлекттік думаның халықаралық байланыстар жөніндегі комитет төрағасы В.Лукин ұстанды. Мәселенің мәнісі жабайы инфляция жағдайында Қазақстанға рубльдік ақша белгілерінің көптен-көп керек екеніне келіп тірелді. Ресейлік жақ «қолма-қол ақшаны жәй ғана бере салмаймыз» деп мәлімдеді, өйткені Қазақстан Ресейдің өзінен тауарларды, жабдықтар мен басқа да материалдық құндылықтарды алып кетеді-мыс.
Бесіншіден, біздің банктер оңға да, солға да өзінің клиенттеріне және жалпылай телефон қоңырауы бойынша жең ұшынан жалғасып, құнсызданған рубльмен несиелерді бере бастады. Дәл осы мезетте кенеттен іскерлік операциялармен экономикадан хабары жоқ кісілер айналыса бастады. Керісінше, оның тетіктері мен шараларын біліп түйсінетін шаруа адамдары банк қарыздарын қайтаратын қаражат көзіміз жоқ деп қаржылық ресурстарға сақтықпен қарады. Сөйтіп, кейінгілер санын соғып қалды: қаржы көзі Ресей шығарған рубль ретіндегі осынау қайтарылмаған қаражат Қазақстанның Ресей алдындағы борышына жатқызылды. Яғни, былайша айтқанда, бұл несиелер мемлекет есебінен жабылды.
Егемендік алғаннан соң өзін-өзі айқындаған мемлекеттің міндетті рәміздерінің бірі – ұлттық валюта туралы мәселе әуеде қалқып тұрды. Тек жұрттың бәрін есеңгіреткен дағдарыс қана бұл мәселені іс жүзіне алып шықты. Сондықтан да тек қана бастапқы қимыл, нақты мақсат қойылу керек болды. Ресми құжаттардың жалаң беттері Қазақстанның ұлттық валютасы қалай туындағаны туралы егжей-тегжейлі жайттарды бере алмайды.
Ұлттық валютаны даярлау қатаң құпия жағдайында жүргізілді. Жұмысты жүргізу үшін осынау аса маңызды мемлекеттік іспен шұғылданатын команда жинау қажет болды. Ең алдымен қысқаша мерзімде ақша купюраларының нобайларын әзірлейтін суретшілер тобы керек еді. Валютаны шетелде басып шығару шешілді, осылайша ақпараттың тиімсіз бағытта таралмауына сенетін мүмкіндік берілді. Ең негізі, алдымызда қағидалы мәселелерді жұмыс жобалары деңгейінде ойластыру қажеттігі тұрды. Ұлттық валютаға көшуге дайындық негізінен Парламенттің экономикалық реформа жөніндегі комитетінде жүргізілгенін атап өту керек.
Дизайнерлер (Тимур Сүлейменов, Хайролла Ғабжәлелов, Меңдібай Алин) өз міндеттерін тамаша орындады деп атап өткеніміз ләзім. Сонымен қатар мұны біздің валютаны басып шығаруға таңдалған лондондық «Лонро» фирмасы мен «Харрисон және оның ұлдары» атты банкнот фабрикасының мамандары қуаттады. Олар біздің жігіттердің қағаз ақша нобайларын тез де көркем сапамен жасағанына таңғалыпты.
Сонымен бірге біздің еліміз өз валютамыздың енгізілуіне ұзақ уақыт қарсы болған Халықаралық валюта қорымен (ХВҚ) бірнеше рет келіссөздер жүргізді. Ең ақыры, олар тек 1993 жылы жаздың аяқ шенінде ғана өздерінің көзқарасын өзгертті. Біз ол кезде ХВҚ-ның айқындамасымен санасуға мәжбүр едік.
Теңге бағамын таңдау мәселесі салмақты болды. Тіпті валютаны енгізу үдерісін үйлестіру жүктелген шағын топ арасында тұрлаулы не құбылмалы бағамды қабылдау туралы қызу талас жүріп жатты. Бір валютаға әлде валюталар қоржынына байластырамыз ба? Ақыр аяғында теңгенің құбылмалы бағамы мен ішінара айырбасталымына тоқталдық. Алдымен 1 АҚШ долларына 4,75 теңге бағамы қабылданды.
Ең ақырында барлық ұйымдастыру мәселелері артта қалды, ұлттық валюта айналысқа енгізілді. Одан кейін біздің ақша көресіні көрді дерсіз. Теңге бағамы валюта биржасында құлдырай берді. Құнсыздану дегеніңіз айналыстан екі жүз теңгелікке дейінгі купюраларды шығарып жіберді. Енді Қазақстанның ұлы қайраткерлерінің суреттерін тек нумизмат ақшагерлердің ғана жинақтамаларынан көруге болады. Бірақ та сонда да болса уақыт-безбен дегеніңіз еліміздің саяси және экономикалық тәуелсіздігін соңғы рәмізіміз – ұлттық валютамен нығайтқанымыздың дұрыс таңдау болғанын растады.
Бақытжан ТОБАЯҚОВ