Әділет РАХМЕТОЛЛА: Виртуалды әлем үшін жұмыс істеп жүрміз

Әділет РАХМЕТОЛЛА: Виртуалды әлем үшін жұмыс істеп жүрміз

Әділет РАХМЕТОЛЛА: Виртуалды әлем үшін жұмыс істеп жүрміз
ашық дереккөзі
1962
Әділет РАХМЕТОЛЛА, фотограф, видеограф, travel блогер: Әділет Рахметолланың есімі әлеуметтік желі қолданушыларына жақсы таныс. Оның ерекше фотосуреттерінің қатарын соңғы кездері Қазақстанның әсем табиғаты туралы видеолары толықтырып жүр. Ол түсірген табиғат көріністері еліміздің біз білмейтін сан түрлі сұлулығын паш етеді.  width=  width= – Парақшаңызда балалардың фотосы көп. Фотограф үшін бала мен жануарды фотоға түсіру қиын деседі... – Өзім суретке түсіруді кішкентай кезімнен үйреніп өстім. Ағам ауылдың тойларын видеоға түсіретін. Ал мен жанында штатив көтеріп жүретінмін. Фотоөнер саласының қыр-сырын ағамнан үйрендім. Кейін мектеп бітірген соң құрылысшы мамандығы бойынша ЖОО-ға түстім. Бітірген соң мамандық бойынша жұмыс істемедім. Өзімнің фотоөнерге жақын екенімді, осы бағытта еңбектеніп, өзіме ұнайтын іспен айналысқым келетінін түсіндім. Сұрағыңызға жауап беретін болсам, маған баланы фотоға түсірген қатты ұнайды. Түсірілім барысында баламен бала болып кетесің, оны күлдіресің, еркелетесің. Әдетте аузыңнан шыға бермейтін ең әдемі, жылы сөздерді айтасың. Кейде түсірілім кезінде бала саған назар аудармай қояды. Ондай кезде барыңды салып, назарын аудартасың. Осы процесс өзіме ұнайды. Жалпы бала мен жануарларды түсіру жұмыстары бір-біріне ұқсайды. Себебі жануардың да көңілін аулау керек. Итті түсіретін болсаң үріп, жылқыны түсіретін болсаң дауыстап шақырасың. Осындай әдістерді дұрыс қолдансаң, жақсы кадрлар шығады.  width= – Жұмыстарыңыздан қазақылық пен ұлттық стиль сезіліп тұрады. Бұл заманға сай бейімделу ме, әлде астарында басқалай мақсатыңыз бар ма? – Әрбір қазақ баласынан қазақылықтың иісі шығып тұру керек деп ойлаймын. Оқырмандарымның арасында қазақ болып туғанына ұялатындар, ана тілінде сөйлеуді намыс көретіндер, елін тастап шетелге көшкендер, жалпы қазақы иістен алыс жандар бар. Оларға әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық киімдеріміздің қандай әдемі екенін көрсеткім келеді. Кейде оқырмандарым видеоңа қазақша ән қоймадың деп жатады. Жасаған видеоларыма қазақтың, арасында шетелдің әнін араластырып монтаждаймын. Себебі қазір қазақша жақсы ән таппай қаласың. Өйткені әншілеріміз тек тойға арнап ән жазумен айналысып кетті. Жалпы қай жағынан болса да қазақтың болмысын әдемі етіп көрсеткім келеді. Сұлу табиғатымызды, ұлттық киімдерімізді, салт-дәстүрімізді неге көрсетпеске? Шетелдіктер қазақтың табиғатына тамсанып, киіміне қызығып  жатса, елімізге қонақ болып келіп, туризмді дамытса деген ойым бар.  width= – Сіздің жаныңызға түрлі-түсті суреттер жақын ба, әлде ақ-қара түсті ме? – Екеуін бөліп-жарып айта алмаймын. Жасаған жұмысың адамға нұр шашып тұрса екен деген ойда боласың. Соңғы кездері видео түсіруге көп мән беріп кеттім, фото түсіріп жүрген жоқпын. Бірақ суретке түсіргенді жаным сүйеді. Жақсы дүниені көріп тұрсам, соны түсіріп, бөліскім келіп тұрады. Мен шабытты әдемі кадрлар түсірген кезде аламын. Ондай сәтте көңіл-күйім әп-сәтте көтеріліп кетеді, түсірілімнен ләззат аламын. Оған жұмыс деп қарамаймын, өйткені ол жақсы көретін ісім. Ал үйде 2-3 күн тыныш отырып қалсам, сурет түсірмесем көңілім түсіп, мазасызданып кетемін. Ал сурет өзім ойлағандай сәтті шықса, көңілім көтеріліп, оны instagram-ға салғанша, оқырмандарыммен бөліскенше асығамын. Кейде ведеоны түсіріп алған соң қандай музыка қоямын деп те біраз ізденемін. Музыка деген бір сиқырлы әлем. Кейде жап-жақсы видеоны музыкасыз берсең «өтпей» қалады.  width= – Сіздің Instagram желісіне жүктеген табиғат көріністері туралы видеоларыңызға қарап «елімізде осындай әдемі жер бар екен-ау» деп еріксіз таңғаласың. Ішкі туризмге қызығушылар саны артып келеді. Ал шетелдіктерді қызықтырып, туризмді дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз? – Қазақстанда адам аяғы көп баспаған тұмса табиғат пен көркі ашылмаған әдемі жерлер өте көп. Менің арманым – 2-3 ай арнайы уақытымды арнап, Қазақстанды аралау. Қолыма картаны алып, жаныма 2-3 жолдасымды ертіп, ауыл-ауылға барып, жергілікті тұрғындардан «Қандай әдемі жерлер бар?» деп сұрап, сол ғажайып табиғатты түсіргім келеді. Еліміздің түкпір-түкпіріне  саяхаттап, халықтың тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп, оны оқырмандарыма көрсеткім келеді. Алайда қазіргі мініп жүрген көлігім мұндай сапарларға жарамайды, оған жол талғамайтын көлік керек. Сонымен қатар өзім барғым келіп жүрген елдер де бар. Бали, Оңтүстік Америка, Бразилия, Чили, Перу, Үндістан мемлекеттеріне саяхаттап, әдемі кадрлар жасап, видеолар түсіргім келеді. Қазақ «қолда бар алтынның қадірі жоқ» дейді. Өз табиғатымызды өзіміз бағалай алмай жүрміз. Бізде бәрі бар, құм десең құм, шөл десең шөл, көл десең көл, тау десең тау бар. Осы орайда табиғатымызға әр қазақ жанашырлықпен қарауы керек дегенді айтқым келеді. Табиғат аясына шығып демалғаннан кейін шашқан қоқысты жинауды әр қазақ өзінен бастауы тиіс. Сонымен қатар шетелден келген туристерді алдап, көп ақша алу да ұят тірлік. Шөлдеп келіпсің ғой деп су беріп, нан ауыз тигізетін, құдайы қонақ келді деп қазан көтеретін бұрынғы қазақтың қасиетін сақтап қалуымыз керек. Әр қазақтың смартфонында Қазақстанның әдемі жерлерінің 10 шақты суреті болса және өз елінің табиғатын жүрген жерінде мақтанышпен айтып жүрсе дейсің. Шетелде тұратын қазақтар да көп. Олар да жүрген елінде Қазақстанды жарнамаласа, туристер елімізге көбірек келе бастайды.  width= – Фотографтың түсірген суретімен, видеосымен адамдардың әлемге, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге бола ма? – Бүгінде адамдарды өзгертудің мықты құралы – кино. Бүгінгі кино әлемі қорқынышты сценарийлермен жұмыс істеп жатыр. Шетелдік фильмдер ішімдік іш, ойыңа келгенді жаса, ешкімді тыңдама дегенді насихаттайды, қатыгездікті қалыпты жағдай деп қабылдауды үйретеді.  Адамзаттың құндылығы кино арқылы жойылып жатыр. Қай киноны алсаңыз да қыз сияқты майысқан жігітті немесе жартылай жалаңаш қызды көресіз. Дәл осы көрініс біздің күнделікті өмірімізде орын алғалы қашан. Киноға қарап, шетелде сондай екен деп ойлайсың. Жоқ, олай емес. Жоқ нәрсені бар етіп көрсеткен соң, адамдар оны шынайы қабылдап, киноға қарап өмір сүріп жатыр. Менің мақсатым – әлемді жақсы жағынан көрсету. Әрбір адам қандай дүние көрсе де ішкі иммунитетіне берік болып, жақсы дүниелерге ұмтылуы керек.  width= – Қазіргі смартфондар суретке фотоаппараттан кем түсірмейді. Болашақта фотоаппаратты смартфон толығымен алмастыра ала ма? – Қазіргі смартфондардың мүмкіндігі өте жоғары. Өзім фотоны да, дронмен түсірген видеоны да смартфоныма көшіріп алып өңдеп, монтаж жасаймын.  Компьютерге көшіретін болсам уақыт жағынан ұтыламын. Смартфон тез жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Меніңше, 4-5 жыл көлемінде адамдар телефонмен видео, клип түсіретін заманға толығымен келеді. Виртуалды әлем адамдарды бір-бірінен алшақтатып жатыр, қазір жүзбе-жүз кездесу, бетпе-бет сөйлесу азайды. Виртуалды әлемде өмір сүретін адамды тек әдемі суреттеріңмен, видеоларыңмен қызықтырып, тарта аласың. Жасыратыны жоқ, бәріміз виртуалды әлем үшін жұмыс істеп жүрміз. Жалпы адам қай салада жұмыс істесе де смартфонның тілін жақсы меңгеруі керек деп ойлаймын. Өйткені қазіргі уақытта смартфонмен кәсібіңді дамытуға, тіл үйренуге, қашықтықта отырып жұмыс істеуге болады.  width= – Оқырмандарымызға өзіңізден бір кәсіби кеңес болсын, Love Story түсіргісі келетіндер фотографты таңдағанда не нәрсеге мән беруі керек? – Үйленетін жастарға таңдау жасау қиын, өйткені елімізде фотографтар да, видео түсіретін операторлар да көп. Бірақ санның көптігі емес, сапалы жұмыс маңызды. Жасаған жұмысы алған ақысына сай келмейтін, түсірген жұмыстарын бермей кететін және видеолары тапсырыс берушілердің көңілінен мүлдем шықпайтын операторлар бар.  Өкінішке қарай, бұл бизнесте сапа аз болып тұр. Мысалы, 100 оператор бар десек, соның 5-і ғана, ары кеткенде 10-ы ғана жақсы түсіреді. Менің телефон контактімде 150-200 фотографтың номері бар, бірақ мен соның ішінде 5-6 фотографпен ғана жұмыс істеймін. Қалғандарының жұмысы көңілімнен шықпайды. Мен жастарға жұмысын көзіңізбен көрген маманға жүгініңіз деп кеңес беремін. – Әңгімеңізге рақмет!

Серіктес жаңалықтары