225
Алик ШПЕКБАЕВ: БҒМ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді
Алик ШПЕКБАЕВ: БҒМ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді
Білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы біршама іс-қимыл және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша оң өзгерістер байқалады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді.
«Екінші жыл қатарынан біздің бірлескен жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте БҒМ өз бастамаларын ұсынып, белсенділік танытып келеді. Соңғы уақытта білім саласында ашықтық, айқындық және объективтіліктің арқасында түбегейлі өзгерістер байқалады», – деді Алик Шпекбаев.
Атап айтар болсақ, еліміздің барлық өңірінде магистратураға түсу кезінде Агенттік пен Ұлттық тестілеу орталығы бірлесіп мониторинг жүргізген. Оған 500-ден астам бақылаушы қатысқан. Нәтижесінде дайындық деңгейі төмен үміткерлер тізімге ілікпеді. Мемлекет осы арқылы 2,7 млрд теңге үнемдеді.
Агенттіктің арнайы мониторингтік тобының жетекшісі Айгүл Соловьева аймақтарды аралаған кезде білім саласындағы жағдайдың жақсарып келе жатқанын байқағанын атап өтті. Оның айтуынша, білім беру жүйесінде ауқымды жұмыстар атқарылып, барлық процесс автоматтандырылған. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін біршама төмендетеді. Мысалы, жаңа технологияларға көшу, педагогтерді электрондық форматта аттестаттаудан өткізу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетуге көмектеседі. Құжаттарды қабылдау, колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын өткізу процестері автоматтандырылып жатыр. Бұл сыбайлас жемқорлық факторларын жоюға мүмкіндік береді.
«Проблемалық мәселелер жоқ емес. Айтылған барлық ұсынысты егжей-тегжейлі талдап, жұмыс жүргізетін боламыз. Тәуекелдерді болдырмау үшін бізге ашықтықты толық қамтамасыз ету маңызды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты жалғастырамыз», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.