447
2030 жылға қарай Қазақстан халқының саны 11,8 пайызға өседі
2030 жылға қарай Қазақстан халқының саны 11,8 пайызға өседі
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының демографиялық болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстан халқының саны 2019 жылмен салыстырғанда 11,8 пайызға өседі. Бұл шамамен 20 млн 692 мың адам.
«Бұл ретте, шамамен 12,7 млн адам (61,2 пайыз) қала тұрғындары болады, ал ауыл тұрғындарының саны 8 миллионнан асады (38,8 пайыз). Сондай-ақ демографиялық көрсеткіштер серпінінің ағымдағы деңгейін сақтай отырып, 2050 жылға қарай халықтың болжамды саны шамамен 25,4 млн адам болады. Бұл 2030 жылғы деңгейден 22,7 пайызға және 2019 жылғы көрсеткіштен 34,3 пайызға артық. Оның ішінде 16,7 млн адам (65,7 пайыз) қалаларда, ал 8,7 млн адам (34,3 пайыз) ауылдық жерлерде тұратын болады», – деп хабарлайды Еңбек ресурстарын дамыту орталығы.
ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумековтің айтуынша, 2030 жылға қарай халықтың 27,4 пайызы, 2050 жылға қарай 36 пайыздан астамы республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұратын болады. Өңірлерге келетін болсақ, 10 жылдан кейін Алматы және Түркістан облыстарында 2 млн адамнан тұрады. Ал Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында 1 миллионнан астам тұрғын болады. 2050 жылға қарай Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары да миллион тұрғыны бар өңірлерге айналады.
Сонымен бірге, сарапшылар ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстан жастарының үштен екісі қалаларда тұрады және ұлдар саны қыздар санынан артық болады деп болжам жасайды.