952
Жаңа нұсқа, тағы қаулы – әліпби әлі даулы
Жаңа нұсқа, тағы қаулы – әліпби әлі даулы
Жазу – жай ғана әріптердің жиынтығы деп түсіну жаңсақтық болар еді. Ұлт болып ұйысып, ел болып ерекшелену үшін тілдің маңызы қандай болса, әліпбидің де маңызы соншалық. Қазақпен бірге қазақ жазуының да талай тезге түсіп, теперіш көргені, саяси құралға айналғаны да сол себепті болатын.
Тәуелсіздік алғалы қанша жылдан бері өз табиғатымызға сай, латын графикасына негізделген төл жазуымызды жасап шығару мәселесі көтеріліп келді. Елбасы 2012 жылы тапсырма беріп, арнаулы жұмыс тобы да құрылған. Соңғы жылдары бұл мәселе нақты жолға қойылып, 2018 жылғы 19 ақпанда Елбасының №637 Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілді. Содан кейін қаншама уақыт өтті, бекітілген әліпбидің орнын басқа әліпби алмастырды. Сол әліпбиге көшетінімізге сенімді болдық. Өзгеріске бейім екеніміз соншалық – арнайы қаулыны күтпей-ақ жаңа әліпбиге өзіміз-ақ ауыса бастадық. Бірақ жақында ғана Мемлекет басшысына әліпбидің тағы бір жаңа үлгісі таныстырылды.
Алғашында бір дыбыс – бірнеше таңба принципі бойынша жасалған диграфты әліпби бекітілді, ол бірден қоғамдық резонанс тудырды. Бұл әліпбидің біздің табиғатымызға мүлде жат екені ғалымдар тұрмақ, қарапайым адамдарға түсінікті еді. Кейіннен латын әліпбиінде жоқ төл дыбыс-тарымызды таңбалауға акутты қолданып тағы бір әліпбиді бекіттік. Халықтың басым көпшілігінің нақты осы әліпбиге көшеміз деген ойы болды. Себебі көптеген дәрістер, курстар, семинарлар өтті, жоғары оқу орнында осы әліпби негізінде пәндер өткізілді, жалпыхалықтық диктант ұйымдастырылды. Дүкен, жеке меншік нысан атауларынан бастап, көше, елді мекен, тіпті қала аттары да осы әліпбимен жазыла бастады. Алайда жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен латын графикасына көшу мәселесі бойынша кеңес өтті. 9 қараша күні өткен кеңесте Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова басқа, жетілдірілген әліпби жобасын ұсынды.
– Жаңа әліпби бастамасы – бұл күрделі әрі шетін мәселе екенін ұмытпаған жөн. Жаңа графиканы енгізу бір күнде я болмаса, тіпті, бір жылда іске аса қоятын жұмыс емес. Әйтпесе, асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе – кириллицадан латын әліпбиіне аударуда емес, бұл қазақ тілінің ауқымды реформасы деген сөз. Қаржы мәселесін де ескеруіміз керек. Латын әліпбиін енгізу жұмысы біртіндеп жүзеге асуы керек. Негізінде, бұл графика жас ұрпаққа арналған деп айтуға болады. Оның игілігін, ең алдымен, солар көруі керек. Сондықтан, бұл үрдіс жоспарлы түрде, біртіндеп іске асырылуы қажет, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар таныстырылған нұсқаны Үкімет жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізуді тапсырды.
Ғалымдар не дейді?
Ерден ҚАЖЫБЕК, филология ғылымдарының докторы:Орыс-қазақ әліпбиін жасауға ұрына береміз
– Біресе бір нұсқа, сосын екінші нұсқа, одан соң үшінші нұсқа шықты, мұндайды түсіну өте қиын, ақылға қонбайтын нәрсе. Халық ғалымдар қайда қарайды, тіл мамандары қайда қарайды деп, қойыртпақтың бәрін тілшілер жасап жатыр деп ойлайды. Естеріңізде болса, 2017 жылы Елбасының шешімімен, Президент Әкімшілігінің қаулысымен әліпбиді жасайтын топ құрылды. Мен сол кезде Тіл білімі институтының директоры болдым әрі сол топты басқардым. Топқа 20-30 мүйізі қарағайдай ғалымдар кірді. Сосын бұл топтың жанынан сарапшылар тобы жасақталды. Сөйтіп біз 5-6 ай жұмыс істеп Президент әкімшілігіне тамыз айының соңында ғалымдардың нұсқасын ұсындық. Бұл нұсқаны айтып жүргенімізге, негізі 20-30 жылдан асып кетті. Біз тәуелсіздік алмай тұрып, тек қана қазақ тілінің мамандары емес, зерттеуші ғалымдар, бұдан өзге қырғыз, татар, башқұрт 20-30 түркі елінің ғалымдары жиналып 3 күн жиын жасап әліпбиді талқыладық. Себебі түркі тілдерінің барлығы туыстас тілдер саналады. Мысалы ағылшын, неміс тіліндегі диалекттер бір-бірінен өте алшақ. Ал түркі тілдері бір-біріне өте жақын. Сондықтан біз бір-біріміздің жазғанымызды оқи алатындай ортақ, мүмкіндігінше ұқсас таңбалармен таңбалайық деп бүкіл түркі тілдеріндегі дыбыстардың тізімін жасап, 34 дыбыс әр дыбысқа бір-бір латын таңбасын белгілеп қойғанбыз. Содан кейін 1993,1995,1996 жылдары бірнеше жиын болды, ғалымдардың барлығы қолдап, осы нұсқаға дауыс берді. Ең соңғы жиын 2018 жылы жылдың аяғында өтті. Біз айтып жүрген басты мәселе – осы. Кезінде Кеңес Одағы бір ғана кирилл әліпбиі негізінде бір-біріне ұқсамайтын 20-30 әліпби жасады. Мұны әдейі істеген деп ойлаймын. Мысалы, қарашай-балқармен қазақ сөйлессе, айырмашылық білінбейді, бір-бірін қиындықсыз түсінеді. Бірақ бір-біріміздің жазғанымызды оқи алмаймыз. Латынға ауысқан кезде осы олқылықты жөндейік, ортақ дыбыстарды әр басқа қылып таңбалай бермейік деген өте қарапайым принципті ұстандық. Қазақ тілінде 28 дыбыс бар, қазіргідей бір таңба бірнеше дыбыстың комбинациясын емес, тек бір дыбысты бергені дұрыс. Мысалы, орыс тілінде и әрпі тек бір дыбысты беретін болса, қазақ тілінде ол әрі дауысты дыбысты, әрі дауыссыз дыбысты әрі дифтонгтарды береді. У әрпі де сондай. Жаңа әліпбиде мұндай болмауы керек. Біз осы жобаны 2017 жылы ұсынғанбыз. Бірақ жоғары жақ талап басқа деп оны керек етпеді. Парламентте қабылданған нұсқаның тілші ғалымдарға ешқандай қатысы жоқ, қай жақтан түскен жоба екенін білмеймін. Сол кезде Парламентте латын әліпбиін жасайтын топ жетекшісі ретінде мен қабылданған нұсқа туралы бір ауыз сөз айтқан жоқпын. «Тіл-қазына» орталығы сол әліпбиді түсіндірді. Сол кезде Парламенттің өзінде дау басталды, халық та қолдаған жоқ. Сосын екінші нұсқа пайда болды. Ол акутты әліпбидің де тілші ғалымдарға ешқандай қатысы жоқ. Содан кейін осы әліпбиге қатысты Үкімет жанындағы Ұлттық комиссияның отырысы болды. Сол комиссияның мүшесі болғандықтан отырысқа қатыстым. Оған дейін де бұл нұсқаны қолдамайтынымды айтқанмын, бұл ойымды жиында біраз ғалым қолдады, халық та әліпбиді ұнатпады. Ал негізінен ұсынылған әліпбилер біздің нұсқаға бірте-бірте жақындап келеді. Бірінші әліпби 100 пайыз ұқсаған жоқ, екінші әліпби 80 пайыз сәйкес келмеген еді. Ал қазіргі таныстырылған нұсқа, керісінше 80 пайыз ғалымдар нұсқасына ұқсайды. Тек 2-3 таңбаны жөндеу керек. Өйткені орыс тілінің, орыс жазуының ұстанымдарынан әлі толық арыла алмай жатырмыз. Орфографиялық комиссия, «Тіл-қазына», тағы да басқа комиссиялар жаңашылдыққа ұмтыламыз деп әйтеуір бірдеңелерді қосып жібереді. Орыс-қазақ әліпбиін жасауға ұрына береміз, ұрына береміз. Біз, Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы ұлттық университеті, Абай атындағы университет профессорлары және тағы да басқа ғалымдардың қолдайтын нұсқасы біреу-ақ. Отыз жыл ішінде ол өзгерген жоқ, өзгеруі де мүмкін емес. Қазіргі дау-дамайдың барлығы кірме сөздердің төңірегінен туындап отыр. Кірме сөздерді қалай жазамыз деген проблема тұр. Неліктен? Себебі біз күні бүгінге дейін қазақ тілінің заңдылығын өрескел бұзып, орыс тілінің ығына жығылып келдік. Жат айтылымдар, бөтен сөздер тілімізде өріп жүр. Ең қиыны – жұрт тілін бұзып, сындырып қате сөйлеуге үйреніп қалды. Орысша таза сөйлеген адам сауатты да, қазақ тілінің заңдылығымен сөйлеген адам сауатсыз, оқымаған, қараңғы адам деп есептеледі. Ойлау жүйеміздің қаншалықты өзгергенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Біз мейлі қай тілдің сөзі болсын қазақша айтуымыз керек. Кезінде пуховойды бөкебай, кровать – кереует деген сияқты. Ахмет Байтұрсынұлының керемет бір сөзі бар: қазақ ешқашан тілін сындырып «комиссар» деп айтпайды, «көмисөр» дейді деген. Кірме сөздерді алмайық деген сөз емес, тек оларды өз тілімізге икемдеп, қазақтың шапанын кигізіп алуымыз керек. Латын тіліне көшу, рухани жаңғырудың басты мақсаты да – осы. Өзіміздің төл болмысымызға, төл тілімізге, төл табиғатымызға біртіндеп оралу, тіліміздің әуезділігін қайтару. Батпандап кірген мысқалдап шығады ғой. Бірден бәрін өзгерте алмаймыз. Гүлфар МАМЫРБЕК, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты:Біз кирилл санадағы халық пен латын санадағы ұрпақтың арасында отырмыз
– Алғашында әліпбидің акутты нұсқасы тұңғыш Президенттің Жарлығымен ресми түрде бекітілді. Бұйрық шыққаннан кейін, әрине жоғарыдағы Үкіметтің тапсырмасы бойынша әліпбиді қоғамға насихаттау, түсіндіру, таныстыру жұмыстары жүрді, бекітілген әліпбидің жазудағы қиындықтары бар ма, артықшылықтары қандай – жалпы қазақ әліпбиінің принциптеріне сай ма, жоқ па, осы бағытта дәрістер өтті. Сол кезде бекітілген әліпбидің қазақ жазуын таңбалаудағы бірқатар кемшіліктері айқындалды және «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығына ресми түрде ұсыныстар келіп түсе бастады. Мына таңба неге бұлай, мына таңба мынаған жарамайды деген сияқты. Бұл – бір. Екіншіден, акутты әліпби бекітілгеннен кейін көзі ашық, әліпбимен танысқан қоғам белсенділері болсын, дәріске қатыспаған басқа да сырт көз тарапынан болсын қателіктер сараланды, әлеуметтік желілерде де жүрді. Ашығын айту керек, акутты әліпби – тілші ғалымдардың араласуынсыз жасалған әліпби болатын. Сондықтан оның кемшіліктері өте көп болды. Осыны түсінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әліпбидегі кемшіліктерді жөндеуге тапсырма берді. Ол, шатаспасам, 2019 жылдың қазаны болатын. Тапсырма қалай берілді, солай жекелеген адамдар тарапынан әліпби ұсыну қарқын алды. Қоғам бекітілген әліпбиді жетілдіру жұмысы емес, өздерінің әліпбилерін ұсынумен айналысып кетті. Латын графикасына көшуге байланысты арнайы төрт топ құрылды. Оның біреуі терминология жағын, екіншісі – орфографияны, үшіншісі – әдістемелік, төртіншісі – техникалық сүйемелдеу тұрғысынан, пернетақта, т.с.с қарайтын топтар. Ал бекітілген әліпбиді жөндеу, түзету, жұмыстарын осы төрт топтың ішінде тек орфографиялық жұмыс тобы ғана жүзеге асырады. Және бір жыл бойы орфографиялық жұмыс тобы қалған үш топтың мамандарымен ақылдасып, халықаралық семинарлар ұйымдастырып, жан-жақты зерделеп, бекітілген әліпбиді жетілдірді, жөндеді. Қиындық тудырып тұрған таңбаларға өзгеріс енгізді. Президентке таныстырылған әліпби ешқандай да Тіл білімі институтының немесе «Тіл-қазына» орталығының әліпбиі емес, орфографиялық жұмыс тобының әліпбиі. Орфографиялық жұмыс тобында Тіл білімі институтының ғалымдары отыр, басқа да еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары бар. Ол жердегі ғалымдардың басым бөлігі жазу тарихы, жазу теориясымен, орфография, орфоэпиялық нормалармен айналысқан ғалымдар. Ұлттық әліпби жасаудың бірнеше принциптері болады. Бір дыбысқа бір таңба, бір әріп бірнеше дыбысты бермеуі керек, бір дыбысты бірнеше әріптің қосындысымен беруге болмайды деген сияқты. Бастысы – сол әліпбидегі әріптер ұлттық дыбыстың ерекшеліктеріне сай болуы керек. Соңғы әліпби жобасы осының барлығы ескеріле отырып жасалды. Жалпы, Тіл саясаты комитетіне жекелеген адамдардан ресми түрде 40-тан аса жоба келіп түсті. Оның ішінде математиктер де ұсынып жатыр, инженер де ұсынып жатыр, мүлде басқа саланың адамдары да ұсынып жатыр. Әрине, олардікі – дұрыс. Өйткені тілдің жағдайына, әліпби дегенде кез келген жаны ашитын азамат көңіл бөледі ғой. Сол әліпбилердің 8-ін орфографиялық топ ресми түрде талқылаудан өткізді. Келіп түскен әліпбидің барлығын талқылаудан өткізіп отыруға, біріншіден, уақыт жоқ, екіншіден, ұсынылып жатқан әліпбилердің кейбіреуі тіпті қазақ жазуының шарттарына мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан сол сияқты жобаларды орфографиялық топтың жекелеген ғалымдары пікір білдіріп, кері қайтарып отырды. Бұл әліпбиді орфографиялық топ мүшелерінің 95 пайызы қолдап ұсынып отыр. Өздеріңіз хабардарсыздар, Президент оны Ұлттық комиссияның қарауына ұсынды. Ұлттық комиссия қарағаннан кейін қандай да бір ескерту немесе ұсыныс айтылуы мүмкін ғой. Президентке көрсеткен әліпби соңғы, бітті, енді өзгермейді деп айтуға хақым жоқ. Өйткені ол тағы бір комиссиядан өтеді. Жалпы, қоғамға 100 пайыз ұнайтын әліпби ешқашан болмайды. Шыны керек, болуы да шарт емес. Себебі ол – табиғи заңдылық. Осы жерде орфографиямен, орфограммамен айналысып жүрген ғалымдардың шешіміне бағынуымыз керек. Және ол ресми жарлық түрінде енсе, қоғам соған бағынуы керек. Әлем тілдерінің барлығында солай. Қазір біз 42 таңбадан тұратын кирилл жазуын қолданып отырмыз. Кірме сөздердің көбі орыс тілінде қалай жазылса, тілімізге тура сол күйі келді. Ал латын әліпбиіне көшкенде басы артық 10-11 таңбаны әліпби құрамынан шығарып тастады ғалымдар. Енді латынға көшкенде сол дыбыстармен жазылатын сөздердің де емлесі өзгереді, қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына икемдеп жазатын боламыз. Бұл жерде үлкен дау-дамай тудырып отырған мынандай күрделі проблема бар. Мысалы, «полиция» деген сөзді орфографиялық топ ғалымдары «polisia» деп берді. Енді келесі бір топ оны жоқ, ол дұрыс емес, «пәлетсе» деп беруіміз керек дейді. Кірме сөздерді таңбалағанда әрпі жоқ болып тұрған сөздерді икемдейік, ал университет ол – университет болып қала беруі керек, институт – ол институт болып қала беруі керек. Біз қазір кирилл санадағы халық пен латын санадағы ұрпақтың арасында отырмыз. 70 жыл бойы кирилл таңбасымен жазғандарды да ысырып тастай алмаймыз ғой. Сондықтан қазір латын әліпбиінде жоқ 10-11 таңбамен жазылатын сөздерді жақсылап меңгеріп, игеріп алсақ, қалғаны болашақта өзі-ақ жүре түзелетін шаруа.Латын бізге таңсық емес
Латын әліпбиі біз алғаш рет көріп тұрған таңсық әліпби емес. Кезінде Кирилл әліпбиі енгізілгенге дейін, 1920-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі жазу таңбамыз ретінде қолданылды. Ол кезде де әліпби, емле және оны реформалауға байланысты қазақ оқымыстыларының арасында пікірталас туындаған. Зиялылар латыншылдар және арабшылдар немесе қазақшылдар деген екі топқа бөлінді. Пікірталастар «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ» газеттері беттерінен көрініс тапса, 1920 жылдан бастап «Еңбекші қазақ», «Жаршы», «Жаңа мектеп» газеттерінде де жарияланып отырған. Айталық, Н.Төреқұлов «Бізге қандай әліппе керек», Ә.Байдилдиннің «Жаңа әліппе тарихынан», Б.Байтоғайұлы, Қ.Басымов, М.Дулатов, Т.Шонанұлының «Бізге жаңа әліппе не үшін керек?», О.Жандосұлы, М.Жолдыбаев, Қ.Жұбанов, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Н.Қаймекеұлы, Ж.Аймауытовтың, М.Мұхтарұлы «Дыбыс белгілерін негізінен өзгерту керек» сияқты мақалалары соның дәлелі. Түркия, Әзербайжан, Түркменстан, Өзбекстан сияқты түркітілдес елдер латын әліпбиіне негізделген өз жазуына көшкен. Әсіресе, Мұстафа Кемаль Ататүріктің елін латынға қалай көшіргені туралы көп айтылады. 1928 жылғы 1 қарашада түрік парламенті бірауыздан әліпби туралы заңды қолдаған. Осыдан кейін Долмабахче сарайы министрлер мен жоғары лауазымды шенеуніктер жаңа әліпби үйрететін бастауыш мектепке айналды, мұғалім президенттің өзі болды. Оқушыларға рух беру үшін ол тіпті арнайы музыка – «алфавит маршын» жазды. Банктер, пошта бөлімшелері және полиция бөлімшелері сынып тақталарымен жабдықталды. «Түркия бір үлкен сыныпқа айналды», – деп жазды National Geographic. Көрші өзбек ағайындар да әліпби реформасын бастан кешірді. Тек, асығыс түбі – өкініш дегендей, оларда әлі күнге дейін оқтын-оқтын әліпби реформалары болып тұрады. Статистика мәліметтері бойынша бүгінде әлемнің 70 пайыз елі латын жазуы арқылы білім игеріп, ғылымын дамытып отыр. Ғылым-білім, өркениет көшін айтпағанда, түптеп келгенде, ұлттық әліпби – егемендіктің ең негізгі белгілерінің бірі. Әйтпегенде ол саяси-идеология құралына айналмас та еді. Жазу таңбаларын ұлттық ерекшеліктерімізге сай етіп қайта жасақтау – шын мәніндегі рухани жаңғыруға жетелейтін төте жол десек, оған асықпаудың да, асығудың да керек екені анық. Қалай десек те, төл әліпбиіміздің сана түпкірінде көмескілене бұғып жатқан ұлттық қасиеттердің қайта жаңғыруына сеп болатынына сеніміміз кәміл. Тек дер кезінде дұрыс нұсқаны қабылдасақ игі.