1963
Ырысбек Мәуіт: Оқулықтың олқылығы оқушының қызығушылығын жоғалтады
Ырысбек Мәуіт: Оқулықтың олқылығы оқушының қызығушылығын жоғалтады
Өткен жылғы Көші-қон басқармасының мәліметіне сүйенсек, көшіп келген қандастарымыздың арасында жоғары білімді 53 843 адам, орта білімді 122 058 адам болса, өзге елдердің білім саласындағы озық үлгілерін бойына сіңіріп, тарихи Отанына оралған 85 ғылым докторы, 226 ғылым кандидаты қазақ елінің білім-ғылымының дамуына үлесін қосып жатыр. Соның бірі де бірегейі – Ырысбек Мәуіт. Ол – Қытай елінің Алтай аймағы Көктоғай ауданында туған. 2008 жылы Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген.
Ырысбек Мәуіт – математика ғылымдарының магистрі, Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің үш мәрте Құрмет грамотасының иегері, 20-дан астам оқу құралының авторы, халықаралық және республикалық олимпиадаларда жеңімпаз болған оқушылардың жетекшісі, ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығының директоры әрі осы орталықта математика пәнінің жоғары санатты мұғалімі.
Шетелде жиған ілім-білімін, тәжірибесін және бар қажыр-қайратын атажұртқа арнап жүрген қандасымыз Ырысбек Мәуіт мырзаны әңгімеге тартқан едік.
– Әуелі ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығы туралы қысқаша айта кетсеңіз?
– ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығы (қазір мектебі) – 2014 жылы Елорданың Қабанбай көшесі 40-шы үйдің жертөлесінде алғашқы жұмысын бастады. Қазір елордада 6 жерде және Алматы, Шымкент қалаларында бөлімдеріміз бар. Жалпы саны 200-ге тарта мұғалім сабақ береді. Тек астананың өзінде 30-дан астам мықты математика мұғалімі бар. Сонымен қатар Назарбаев университетінен 20 шақты, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген 20 шақты мұғалім жұмыс істейді.
Орталық ұжымы әу баста тек 10 шақты математиктен құралғандықтан математика пәні және жаратылыстану бағытында жақсы танылдық. Одан кейін ата-аналар басқа да пәндерден сабақ берсеңіздер деп ұсыныс тастады. Осылай сұранысқа сай кеңейе бердік.
Қазір елімізде мұндай орталықтар көп, бірақ бұл жерде басты мәселе жақсы команда жасақтауда. Ирландиядан Өжет деген інім оқуын бітіріп келіп, ағылшын пәнін оқытатын мықты команда жасақтады. Ағылшын пәнін үйретуде де жақсы нәтижеге жете бастадық.
Карантинге дейін 2 мыңдай оқушымыз бар болатын. Пандемия басталған соң біз бірден онлайн оқытуға көштік. Өйткені бізде онлайн оқытуға қажетті техникалық жабдықтар мен тәжірибелі ІТ мамандар жеткілікті еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын 10 млн теңгеге шетелден техникалық құрал-жабдықтар сатып алдық. Себебі келешекте онлайн оқытамыз деген жоспарымыз болды. Қазір онлайн сабақ өткізуге арналған студия Қазақстан бойынша тек бізде ғана бар.
– Бұл орталықты ашарда қандай мақсат болды?
– Байқасам олимпиадаға қатысатын, жақсы нәтижеге жететіндердің көбі орыстілді аудитория екен. Сондықтан менің ең басты мақсатым – табыс табу да, ағарту, олимпиадаға бала дайындау да емес, қазақтілді аудиторияны көтеру еді. Яғни, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Екінші мақсат – қазақ тілінде дидактикалық оқулықтар шығару.
Мен бұл іске басында тек оқыту, ағарту мақсатын көздеп жүріппін. Кейін бір заңгер кісі бұл жұмысқа бизнес ретінде қарауға кеңес берді. Бизнес деп қарағаннан кейін сапа артты. Сапа табыс әкелді. Бірақ аса бір қазынаға кенеліп отырған жоқпыз. Жоғарыда айтқан 200-дей мұғалімге айлық төлеуіміз қажет. Одан бөлек, орталықтардың барлық орыны жалға алынған. Оқушыларға ыңғайлы болуы үшін сапалы әрі қымбат орындар алдық. Мысалы, бір ғимаратқа ең кемі 1 млн теңге төлейміз.
– Құпия болмаса, бір оқушының айлық төлемі қанша болады? Жалпы, оқушылар неліктен қосымша оқиды? Әлде мектепте білім дұрыс берілмей жатыр ма?
– Шамамен бір оқушының айлық оқу төлемі – 20-30 мың теңге көлемінде болады. Ал бір-екі пәннен ғана сабақ алатын болса, онда одан аз түседі. Сонымен қатар шетелден келген қандастардың балаларына 20-30 пайыз жеңілдік бар. Осы ретте қандастардың білім алуы жайлы бірер сөз айта кетейін. Мен, әрине тек өз саламның аясында қандастарға көмектесуге тырысамын. Өйткені өз басымнан өткен қиындықтар мен кедергілердің жайын жақсы білемін. Сондықтан бұрынғы Білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиевпен кездесіп, қандастардың білім алу мәселесін айттым. Мәселен, шетелде тұрып, балаларын осы жақта оқытатын ата-аналар бар. Осыған орай министрге сол қандастардың балаларына арнайы мектеп-интернат ашуды ұсындым. Елбасының бір сөзі бар еді ғой: «құлынын әкелсең, енесі өзі келеді» деген...
Министрліктен сәл ғана қолдау болса, бұл істі өзіміз де жүзеге асыруға мүмкіндік бар еді. Кезінде Қытайдан келіп, оқып жүрген қаншама оқушыны оқыттық.
Ал екінші мәселе, «оқушылар біздегі мектеп дұрыс оқыта алмай отырғандықтан қосымшаға барады» деу дұрыс емес. Білім-ғылымы дамыған Оңтүстік Корея секілді елдердің оқушылары да осындай орталықтардан қосымша оқиды. Бұл жалпы әлемде бар үрдіс.
– Бәсекелестеріңіз бар ма?
– Бар. Бірақ бәсекелестік түрлі бағытқа байланысты. Мысалы, біз бес бағытта жұмыс істейміз. Бірінші, осы оқытып жатқан орталықтардың білім беру жұмысы. Оған Назарбаев университетіне дайындау, ҰБТ-ға дайындау секілді бағыттар кіреді. Екінші бағыт – «Зерделі талант». Бұл – дарынды, талантты оқушыларды анықтап, оларды түрлі олимпиадаларға дайындау. Үшінші бағыт – «Зерделі кітап». Бұл – қазақ тілінде логика жетілдіретін дидактикалық оқулықтар шығару. Қазір «Зерделі кітап» шығарған оқулықтар ел ішінде тарап жатыр. Мысалы, мен бастауыш сыныптарға математиканы қалай үйрету керек, логикасын дамытуға жасап жүрген өз тәсілім бар. Оқулық орталығының басшысы Ғани Бейсенбаев айтады: «бізде «Петерсонның оқулығы» деген бар. Ал неге бізде «Ырысбектің оқулығы» болмасқа?» дейді. Оны ертең Қырғыз Республикасында, Өзбекстанда шығаруға болар еді. «Отандастар қорымен» бірлесе отырып, шетелдегі қазақтарға арналған оқулық жаздық. Ол да үлкен сұранысқа ие болды.
Ал төртінші бағыт – «Зерделі онлайн». Бұл әрине түсінікті, заманауи технологияның күшімен оқушыларды онлайн оқыту. Қазірдің өзінде түрлі платформаларымыз бар. Бұл сала өз алдына жұмыс істеп жатыр. Бесінші бағыт – «Зерделі қор» деген шағын қорымыз бар. Осы қор арқылы мұғалімдердің баспана алуына көмектесеміз. Одан бөлек, жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушылар бар.
Ал біздің бәсекелестердің көбі тек бір-екі бағытты ғана ұстанады. Сондықтан бәсекелестердің алдындамыз деп ойлаймын.
Айтпақшы, тағы бір жаңалық – еліміздегі инновация мен IT саласын дамытуға бағытталған кәсіпкерлер мектебі Astana hub-қа қосылдық. Бұл межеге көптеген бәсекеден өтіп барып, жеттік.
– Сізді мемлекеттік мектепке шақырса барасыз ба, әлде осылай жеке жүрген ұнай ма?
– «РФММ» КеАҚ (республикалық физика-математика мектебі) төрағасы Ғабит Бекахметов, республикалық QAZBILIM орталығының директоры болған Аятжан Ахметжан секілді білім саласында жүрген білікті азаматтар қазір мемлекеттік мектептерге де атсалыса бастады. Ол да дұрыс. Бірақ мен үшін жеке жүрген ыңғайлы. Өйткені мемлекеттік мектептерде әлі де қағазбастылық көп. Әр маман өз қабілетімен тың нәрсе істей алмайды. Бәрі айналып келгенде білім жүйесіне келіп тіреледі.
Менің мақсатым осы мектепті бұдан да биік деңгейге көтеру. Әзірге басқа жоспар жоқ. Мысалы, әлемдегі ең мықты Harvard секілді университеттер де осындай шағын орталықтан басталған ғой...
– Осы орталықты ашар кезде 2 миллион теңге несие алып, бастаған деген сөз рас па?
– Несие алғанымыз рас (күлді). Мысалы, алғашқы кезде бір оқушының оқу төлемі – 1 200 теңге. Соның 600 теңгесін мұғалімдерің айлығына бөлдік. Сөйтіп оны жаптық. Осылай біртіндеп аяққа тұрдық. Қазір мұғалімдердің жалақысы одан едәуір өсті.
Одан бөлек, 20-ға тарта мұғалім баспаналы болды. Оларға көмектестік. Жоғарыда атап өткен «Зерделі қордан» Әрін Қайсаұлы деген мұғалім үй алатын кезде 4 млн теңге бердік, қалғанын өзі қосып үй алды.
– Мектепке барсаңыз мұғалімдер директордың жиналысы мен журнал толтырудан көз ашпайтын секілді көрінеді. Сіздерде қалай?
– Дәл ондай әкімшілдік, әміршілдік жоқ. Бізде өзара тең дәрежелі әріптестік және адами берік сыйластық бар. Қазір мемлекеттік мектептерде бұрынғыдай бюрократия азайып келеді. Өйткені қызметке жастар араласа бастады. Соның бір мысалы – қазіргі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті айтуға болады. Өте қарапайым азамат.
– Білім министрі демекші, әр келген министрдің білім саласын реформалай беруінің салдарынан қазір оқулықтарды оқушы түгіл үлкен адам түсінбейтін күйге түсті. Бұған не дейсіз?
– Өте дұрыс мәселе қозғап отырсыз. Мектеп оқулықтары туралы бір үндеу жасағым келіп жүр. Жаз бойы бастауыш сыныптардың оқулықтарын қарап шықтым. Әсіресе, өз мамандығым математика пәні туралы айтайын. 1-сыныптың математика мәніне 9-сыныптың жиын мазмұндары деген есеп еніп кетіпті. Жиын мазмұндары есебін 9-сыныптағы оқушыларға үйрете алмай әлек болушы едік. Ол аздай алгебралық өрнектер деген есеп жүр. Ал 2-сыныптың баласына «а+b» деген есепті қалай түсіндіресің? 1-сыныптың оқушысы шығаратын есеп – «5+3».
Қысқасы, мектеп оқу құралдарын жазатындар оқушылардың жас ерекшелігін мүлде ескермеген.
– Ал осындай оқулықтан білім алған оқушының келешегі не болады?
– Біз оның оқуға деген ынтасын, қызығушылығын жоғалтамыз. Адамның қызығушылық сезімі жоғалса не болады? Өмірінің мәні болмай қалады.
Мәселен, оқулықтың түрлері бар. Жалпыға бірдей білім беру және дарынды балаларға арналған деген ерекшелігі болады. Жалпыға бірдей білім беретін оқулықтың талабы – жеңіл әрі қызықты болуы қажет. Ал дарынды балаларға арналған оқулық күрделі болса болады.
Мектеп оқулықтарын жаңадан жазу керек
– Оқулықтарды нөлден бастау керек пе, әлде сұрыптап түзеуге бола ма?
– Мен өз саламды айтсам, бәрін қайтадан басынан бастамай болмайды. Қазір оқулықты шығарар кезде электронды нұсқасын сарапшыларға ұсынады. «Өз пікіріңді айт» деп. Одан де ештеңе өзгермейді. Бұл тек ертеңгі даудан құтылудың жолы ғана, «өздеріңе ұсындық, сонда неге айтпадыңдар?» деген. Сондықтан мұны Білім және ғылым министрі тезірек қолға алса дұрыс болар еді. Білім жүйесін өзгертпей бұл мәселе шешілмейді.
– ZERDELI ақыл-ой дамыту мектебіне оралайық, шәкіртеріңіз ТМД елдері көлеміндегі олимпиадалардан жүлде алып жүрген көрінеді...
– Иә. Мұғалімдер мен оқушылардың жетістігін қосқанда 40-тан астам халықаралық бәйгеден жүлде алдық. Бірақ бұл жетістікті тек ZERDELI-нің жеңісі деуге болмайды. Өйткені біздегі мұғалімдер әуелі мемлекеттік мектептерде сабақ беріп, тәжірибе жиған. Тіптен, екі жақта бірдей жұмыс істейтін мұғалімдер бар. Сондықтан бұл бәрімізге ортақ жеңіс.
Біз қазірдің өзінде шетелдегі оқушыларға сабақ береміз
– ZERDELI ақыл-ой дамыту мектебінің бөлімдерін өзге өңірлерде ашу жоспары бар ма?
– Онлайн бағытымыз негізінен өңірдегі оқушыларға арналған. Қазір еліміздің барлық жерінен оқушылар оқып жатыр. 4-5-6-сыныптарға 200 оқушы екі айлық курсқа қатысуда. 10-сыныптарға арналған «математикалық сауаттылық» деген курста 100-дің үстінде оқушы білім алып жатыр.
– Ал шетелдерде ашу мүмкін бе?
– Біз қазірдің өзінде шетелдегі оқушыларға сабақ береміз. Әлемнің 40-тан астам елінде қазақтар өмір сүреді. Осыған орай «Отандастар қорымен» бірлесіп, қазір әлемнің 30-дан астам елінен 1 мыңнан артық этникалық қазақ оқушысы онлайн дәріс алуда.
Індет басылып, шекаралар ашылса мүмкін қандастарымыз тұратын елдерде ZERDELI-нің бөлімдерін ашуымыз ықтимал. Оның алғышарттары қазір онлайн түрде жасалып жатыр деуге болады.
– Осындай бірегей орталық ашқан Ырысбек Мәуіт мұғалім қанша тіл біледі?
– Қытай тілін білемін. Орыс тілі және ағылшын тілі орташа. Негізі, бір нәрсе жасау үшін міндетті түрде көп тіл білудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Өз ана тіліңде сөйлеп жүріп, небір келелі іс тындыруға болады. Мысалы, әлемдік деңгейде орны бар ұстазымыз Мұхтарбай Өтелбаев та осындай биік деңгейге өз ана тілінде жетті ғой.
– Ырысбек ағай оқушы ұра ма?
– Ұрмайды. Бірақ бір рет ұрған жағдай болды (күлді). Қытайда Алтай аймағының бір ауылына алғаш мұғалім болып бардым. Содан бір кісі ешкімге бой бермейтін тентек баласын әкеліп: «қарағым, мұғалім, мына баланың еті сенікі, сүйегі менікі. Тәрбиелеп бер» деді. Бала баяғы Оспан батырдың жорығына қатысқан батырдың ұрпағы, бүкіл баланың атаманы. Сыныптағы оқушыларды қолына түскен затпен ұратын нағыз сотқардың өзі екен. Содан бір-екі шапалақ жеді. Ол оған сабақ болып тиді. Тіптен ол ата-анасына бағынбай кеткенде «Ырысбек мұғалімге айтамыз» деп тоқтатады екен. Бірақ одан кейін оны мүлде ұрғам жоқ. Ол да содан кейін басқа балаларды төмпештеуді қойды. Бірге футбол ойнап, дос болып кеттік.
Толстой «әдебиетке математикалық дәлдік керек» десе, біз «есеп шығаруға шабыт керек» дейміз
– Өлең жазатын да өнеріңіз бар екен...
– Бірінші оқыған мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Математикаға одан кейін келдім. Лев Толстой «әдебиетке математикалық дәлдік керек» десе, біз «есеп шығаруға шабыт керек» дейміз.
«Қазақтың астанасында тусын деп, шешеңді шекарадан сүйреп өттім, құлыным, саған жүкті болған кезде» деген жолдары бар өлеңім 2008 жылы атажұртқа келгенде жазылды. Ұлыма арнаған өлеңім. Ол кезде қиындықтар болды. Әсіресе, тілден көп қиналдық. Сол қиындықтар біршама өлең тудырған тәрізді.
– Ұстаздарыңыз кім?
– Мұхтарбай Өтелбаев, Асқар Жұмаділдаев, Уәлибай Өмірбаев, Данияр Қозыбаев қатарлы ағаларымды ұстаз тұтамын. Олармен дәмдес болып әңгімесін тыңдау, лекцияларына қатысу – бір ғанибет.
– Қазір педагог мәртебесін көтеру, полицей мәртебесін көтеру деген секілді әңгіме жиі айтылады. Сіздің түсінігіңізше педагог мәртебесін көтеру деген не? Оны кім көтереді?
– Әрине, бірінші мемлекет көтереді. Мұғалімнің айлығын көтеріп, жағдайын жасаса. Екінші қоғамдық пікір маңызды. Мысалы, спортта жылт еткен жаңалық қоғамда қызу талқыланып жатады. Ал неге халықаралық деңгейдегі олимпиададан орын алған оқушы жайлы ақпарат шықпайды. Ғылым-білімді ақпарат құралдарының дәріптеуі кемшін түсіп жатқан сияқты.
Қоғамның мұғалімдерге деген қолдауы бар. Мысалы, «Алтын сақа» деген олимпиада ұйымдастырамыз жыл сайын. Осыған демеушілік жасайтын азаматтар «тек жеңімпаз болған оқушыға ғана сыйлық бермей, оны дайындаған мұғалімге де берейік» деген бастама көтерген еді. Демек, қоғамның мұғалімдерге деген құрметі жоғалған жоқ.
Әңгімелескен
Бақытбек ҚАДЫР