798
Қорғаныс – елдің сесі мен сұсы
Қорғаныс – елдің сесі мен сұсы
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміздің экономикасы айтарлықтай дамып, өмірімізде елеулі өзгерістер болды. Қазақстан өркениет көшінде кейін қалмай, дамыған елдер қатарына қосылу барысында үлкен жолдан өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде әлем таныған, мойындаған тәуелсіз еліміз өркені өсіп, жаңа биік белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр.
Қарулы Күштердің алдында үлкен міндеттер тұр. Жыл сайын паркімізді әскери техниканың соңғы үлгілерімен белгілі деңгейде жаңартып келеміз. Бұл процесс енді бір 8-9 жылда Қарулы Күштерімізді әлемдік озық негізгі әскери күштер талаптарына сай толығырақ жарақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде мына бір жайға назар аудару керек. Әлемнің бірде-бір елінің армиясы қазіргі заманғы әскери техникамен 100 пайыз қамтамасыз етілмеген. Өйткені әр техниканың белгілі уақытта ауыстырылуға тиісті өмір сүру циклі болады. Мерзімі келгенде конструкторлар оларды одан әрі жетілдіру, қуатын арттыру бағытында жұмыстар жүргізеді. Сол тұрғыдан келгенде біздің Қарулы Күштерімізде де стратегиялық маңызды көрсеткіштер үнемі анықталып отырады.
Мәселен, әлемдік әскери қару нарығындағы өзгерістерді, соңғы кездерде әр жерде болып жатқан соғыстар мен қарулы қақтығыстарды зерттей отырып, Қорғаныс министрлігінде, Бас штабта осы негізгі көрсеткіштерді ұдайы үйлестіріп отыруға назар аударылады. Ал бұл Қарулы Күштеріміз ең озық әскери техникамен жарақтандырыла береді деген сөз.
Мемлекет тарапынан әскерилер үшін барлық жағдай жасалған. 2017-2019 жылдар аралығында әскери қызметшілердің көптеген категориясы мен олардың сыныбы бойынша еңбекақы көтеріліп, әскери ұшқыштардың жалақысы екі есеге өскен. Әскери қызметшілердің мемлекет есебінен ақшалай үлеспен, заттай мүлікпен, тамақпен, медициналық қамтамасыз етумен және қызмет кезеңінде тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқықтарына кепілдік берілгені заңда ашық жазылған. Офицерлер арасында тұрғын үй төлемдеріне қаражат бөлу оң әсер тудырды. Тек соңғы 3 жылда қайталама нарықта 3 410 пәтер сатып алынды және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша 9 283 тұлғаға арнайы шот ашылды, барлық бағдарлама бойынша әскери қызметшілерге 182,5 миллиард теңгенің банктік несиелері берілді, 92,7 миллиард теңге депозиттерге ( жеке қаражат + 68,7 млрд теңгеге тұрғын үй төлемдері) аударылған. Дегенмен де 37 мың әскери қызметші тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұр. Оларда ай сайын тұрғынүй жинақ қорларында болашақта алатын үйлеріне қаржыларын жинақтауда.
Сонымен қатар шалғай аудандарда әскери қызметшілердің әйелдері көбіне жұмысқа тұра алмайды, бұл отбасының материалдық жағдайына да әсер етіп, жағдайды қиындатады. Аймақтарда тұрғын үй төлемдерінің біркелкі емес есебі әскери қызметшілерді «пайдалы орталық аймақтар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына» қызметке ауыстыруға лоббизм жасау арқылы сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтарға негіз тудыруы мүмкін екенін атап өткім келеді. Біз Қазақстандағы тұрғын үй төлемдерінің орташа мөлшерін белгілеу туралы мәселені күн тәртібінде қарастыру қажет деп санаймыз, тек тұрғын үйдің нарықтық бағасы орташа деңгейден жоғары болатын Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларын қоспағанда орташа бағамын тауып есептеу қажет.
Қарулы Күштер бөлімдері үнемі түрлі деңгейде оқу-жаттығулар өткізіп, әскери шеберлігін, кәсіби біліктілігін көтеріп отырады.
Әскері қуатты ел алаңсыз өмір сүреді. Бүгін Қазақстан Қарулы Күштері сол тұрғыда жан-жақты жетілдірілу даму үстінде.
Әскердегі азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың елге алаңсыз қызмет етуі үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызу басты парызымыз деп есептеймін. Осы орайда армияға келетін болсақ, мемлекет бізге шынында да қамқорлық жасап келеді. Еңбек министрлігінің биыл 1 қыркүйектегі есебі бойынша әскери қызметшілердің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылардың саны 105 331 адам болса, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақының орташа мөлшері 133 352 теңге екен. Қазіргі уақытта зейнетақы заңнамаларын жетілдіру аясында әскери қызметшілерге мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін, оларға 2016 жылы және одан кейін тағайындалған зейнетақы төлемдерін ұсыну, жетілдіру мәселелері үнемі жұмыс тобы отырыстарында көтеріліп қарастырылуда.
Мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдік қарастырылған, пәтер мәселесі шешімін табуда. Әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүддесі әлеуметтік жағынан айтарлықтай қорғалған деп толық айтуға болады. Оған жыл сайын әскерге барғысы келетін жастардың күзгі-көктемгі шақыруларынан көз жеткізуге болады. Мен барынша зейін қойып жүрген тағы бір мәселе – Қарулы Күштер қатарынан босаған зейнеткерлер мен әскерилердің отбасында жанұяның алтын қазығы болған әскерилердің жұмыссыз отырған жолдастарының әлеуметтік жағынан қорғалуын жоғары мінберлерден айтып та жүрмін. Бұл да күн тәртібінен түспейтін өзекті іс болуы керек. Ауған соғысында интернационалдық борышын өтеп қайтқан жауынгерлер, Тәжік – ауған шекарасындағы қақтығыстарға қатысқан азаматтар Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген. Меніңше, оларды да соғысқа қатысқандар ретінде мәртебесін айқындау керек. Осындай мәселелерді шешу үшін бірқатар шара атқаруға тура келеді. Депутат ретіндегі парызым – осы және Қарулы Күштер өміріне қатысты басқа да толып жатқан істерді саралап, тиісті заңдарға өзгерістер енгізуге атсалысып, қолдан келген жұмыстарды өз деңгейінде атқару.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бүкіл әлемге қауіп төндіретін пандемиямен күресті жалғастыру кезінде адамдардың қауіпсіздігін тұрақты және жанқиярлықпен қамтамасыз еткен дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және әскери қызметкерлерге ерекше алғысын білдірді. Сарбаздар мен офицерлер отандастарының игілігі жолында нағыз әскери ерліктің үлгісін көрсетті. Мемлекет басшысы әскери қызметшілерге арнаған сөзінде армияның іргетасы қатаң тәртіпке, ұлттық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған дара басшылыққа негізделіп, күш құрылымдарында алдыңғы сапта жұмыс жүргізетін әскери тәрбиешілердің жеке құраммен жүргізетін белгілі бір тәрбиелік шаралардың сапасын арттыруды тапсырды. Президентіміз атап өткендей, армияны және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселелері әрдайым Мемлекеттің басты назарында болатынын атап өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың маусым айында өткен бесінші республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде елімізде жас қазақстандықтар арасында патриотизмді қалыптастыруға және тәрбиелеуге үлкен мән берілетінін атап өтті. Мемлекет басшысы өмірдегі ең басты нәрсе адамның әдептілігі, білімі, жоғары кәсібилігі және өз Отанына деген адалдығы екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда әскери-патриоттық тәрбие мектептегі бастапқы әскери дайындық сабақтарынан басталып, жоғары оқу орындарындағы әскери кафедраларда, сондай-ақ әскери оқу орындарында жалғасады.
Бірақ біздің ойымызша, бұл жұмыс мектепке дейінгі жаста басталуға тиіс және оны Қорғаныс министрлігі ғана емес, сонымен қатар Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері, сондай-ақ қоғамдық және азаматтық институттарды тарта отырып, басқа да күш құрылымдарымен бірлесе жүргізулері керек.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпараты бойынша 2019-2020 жылдары кешенді ұйымдастыру іс-шаралары мен әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға 2019 жылы 5 235 000, 2020 жылы 3 568 350 теңге бөлінді. Бұл сома ауқымды идеологиялық жұмыс жүргізу үшін бөлінген өте аз сома.
Мектепке дейінгі білімнен бастап жоғары білім беруді қоса алғанда, білім берудің әртүрлі кезеңдерінде әскери-патриоттық тәрбиенің арнайы көп деңгейлі бағдарламасын әзірлеу қажет. Аталған бағдарлама қазіргі уақытта ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жаһандық ақпараттық кеңістікке тәуелді балалар мен жастардың дүниетанымындағы заманауи үрдістерді ескеруі керек.
Өздеріңізге мәлім, оқушылар мен студенттер ұзақ уақыттан бері қашықтан білім беру жүйесі бойынша білім алуда. Осы уақыттың өзі әскери-патриоттық тәрбие беру үшін пайдаланылуға тиіс. Қазіргі уақытта ақпараттық кеңістікті, әлеуметтік желілерді пайдаланып, жастар қабылдай алатын және оларға қызықты болатын контент жасау қажет. Кіші жастағы балалар үшін Отан қорғаушы батырлар туралы мульт-фильмдер түсіріп, тақырыптық комикстер шығару керек, сондай-ақ әскери сипаттағы компьютерлік ойындар құрастырып, жастар арасында беделді отандық инфлюенсерлерді тарту арқылы тақырыптық реалити-шоулар түсіруі қажет.
Жастардың сарбаздармен және офицерлермен белсенді кездесулерін өткізу, бастапқы әскери дайындық сабақтары үшін әскери-патриоттық тәрбиенің жаңа әдістемелерін әзірлеу, «Қазақстан тарихы» пәні шеңберінде әскери-патриоттық тарихи парадигманы атап көрсету, Қарулы Күштердегі қызметке үгіттеу мен насихаттауды белсенді түрде жүргізу қажет, өйткені бізде психологиялық және моральдық тұрғыдан дайын болмау себебінен мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтару әлі де өткір мәселе болып тұр.
Әскерге шақырылатын жастармен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге, әскери-патриоттық рухты, мәдениетті және ұлттық тарихты, ұлт батырлары, өз ісінің хас шебері бола білген көрнекті тұлғалар туралы насихаттау жұмыстарына көп көңіл бөлу керек. Мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің бірі ретінде әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын жүргізу жөніндегі міндетті заңнамалық тұрғыдан бекітіп міндеттеу қажеттілігі күн тәртібінде өзекті болып қала береді.
Осы жылдың соңына дейін «Әскери-патриоттық тәрбиенің кешенді бағдарламасын» қабылдау жоспарланып отырғанын атап өткім келеді.
Жастарымыздың қай-қайсысының кеудесінде елім, жерім деген намыс оты жанып тұруы керек. Ол үшін балабақша, мектеп, жоғары оқу орны, жұмыс орны, әскер болсын, қай жерде де отаншылдық, туған жерге деген сүйіспеншілік тұрғысында жұмыстар жүргізілуі тиіс.
«Мен патриотпын, сен де патриот бол» деп ұрандата бергеннен ешкім патриот бола алмайды. Өз сезіміңді дәлелдеудің салалары бар. Қазір жаугершілік замандағыдай, қолға найза алып, ұрыс алаңына аттанып кетудің қажеті жоқ. Бүгінгі күні сен сол сезіміңді өнегелі, саналы, дені сау ұрпақ тәрбиелеумен көрсетуің қажет. Тағы бір бағыты – өз тарихыңды бес саусақтай білу керек. Өзім тарихшы емеспін. Бабаларымызды зерттеу жолына түскенім «Алтайдан Алатауға дейінгі шекараны алып жатқан кең дала бізге қалай келді?» деген сауалдан басталды. Сонда деректерді парақтап отырып бабаларымыздың ел, жер үшін соғыстан көз ашпағанын түсінесің. Мысалы, «Елім-ай» әнін алар болсақ, 3 383 шумақтан құрылған бұл әннің бізге тек 40 пайызы жетіпті. Әннің мағынасына зер салсақ, сөздерінде тұнып тұрған тарих бар. Әйтпесе, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан бері бірнеше ғасыр өтіп кетті. Осы әннен айырылсақ, қазақ ғұмырының біраз бөлігінен айырылатынымызды білген ағартушы-ғалымдарымыз «Елім-айды» бүгінгі күнге жеткізді. Қазір мұнайымен, көмірімен, тағы басқа пайдалы қазбасымен мақтанатын ұрпақ пайда болған. Ал олар Менделеев кестесіндегі барлық элементі бар дархан даланың бүгінге дейін қалай жеткенін білмейді. Бірнеше ғасыр былай тұрсын, кешегісін білмей жататындар да бар.
Қай қызметте болсам да, осы жағына үнемі баса назар аудардым. Жас сарбаздарды бұрынғы еңіреп өткен ерлеріміз бен ел қорғаған батырларымыз рухымен, Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Әлия мен Мәншүк, Хиуаз апаларымыз сияқты қазақтың өзге де қайсар ұл-қыздары үлгісімен тәрбиелеу қажет.
Қазір қарап отырсам, 43 жылымды әскерге арнаппын. Заң шығарушы органға келсем де, әскери саладан бір елі аттап кете алмаған секілдімін. Өмірімнің егіз сыңарындай болды. Патриоттық сезім биік болды ма, әлде сол кездегі үгіт-насихат жұмысы мықты болды ма, әскерге деген әуестігім әуел бастан оянды. Қазір ойлап қарасам, жастайымнан еңбекке араласқаным өз қажетіме де жарапты. Бала болсам да, бос сенделуге уақыт бөлмеппін. Соған қарағанда әскерге бала күнімнен өз бетімше дайындық жасаған болуым керек. Солай жасауыма еш өкінбеймін. Өмірдегі өз жолымды тауып, азамат болуыма әскери өмірдің көп септігі тиді деп толық айта аламын. Қазақстан халқымен бір сапта демократиялық, құқықтық, тәуелсіз мемлекет құру жолымен еліміздің Қарулы Күштерінің жауынгерлерін ұлттық рухта тәрбиелеп, Мемлекет басшысы белгілеген бағыттарды негізге ала отырып елдің өркендеуі жолында өз үлесімізді қоса беремін деп сендіремін.
Сөзімді қорытындылай келе, биыл 9 қазанда Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуларға қатыса отырып, қазіргі заманғы қазақстандық армия ұлы даланың ержүрек батырларының даңқы мен жауынгерлік дәстүрлерін мұра еткенін және мұны әрқашан есте сақтау керегін атап өтті.
Әскери-патриоттық тәрбиенің басты міндеті – кез келген уақытта өз Отанын қорғауға және оның мүддесі үшін қызмет етуге дайын азамат әрі патриот қалыптастыру екенін атап өткім келеді. Осы салада жүргізіліп жатқан барлық жұмыс осыған бағытталуы керек.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
«Nur Otan» партиясының мүшесі,
генерал-лейтенант,
Мәжіліс депутаты