734
Біреуге ақыл, біреуге ақша керек
Біреуге ақыл, біреуге ақша керек
Қазір мобильді құрылғылар мен әлеуметтік желі өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Биыл әлемде 4,5 млрд адам интернетке жүгінген. Қазіргі таңда жер бетіндегі халықтың жартысынан астамы әлеуметтік желіні тұрақты қолданады, яғни әлем жұртының 60 пайызы онлайн режимде өмір сүреді. Әрбір қолданушы орташа есеппен күніне 6 сағат 43 минутын интернет желісінде өткізеді екен. Бұл дегеніміз – бір адам жылына 100 күнін интернетке жұмсайды деген сөз.
Цифрлық технология мен интернеттің дамуы бизнестің жаңа бір саласына қажеттілікті арттырды. Дүниежүзінде тараған жаңа вирус infobusiness-тің қарқынды дамуына әсер етті. Әлеуметтік желінің бүгінгі нарық заманына сай ең басты артықшылығы да осы – кез келген адам ақпарат бөлісу арқылы бизнес бастай алады. Бизнестің тілін ұққандар оқырманға білгенін бөлісіп, оларды жігерлендіретін дәріс оқып, арнайы курс өткізіп, пайда тауып жүр. Нақтырақ айтсақ, қолмен ұстап, көзбен көре алмайтын ақыл мен тәжірибені ақшаға сатады. Тек көзін тапса болғаны.
Пандемияға дейін бизнес-тренерлер мен психологтар еліміздің ірі алаңдарында мыңдаған адамды жинап, оффлайн-кездесулер өткізіп келді. Карантин шарасы енгізілгеннен кейін ақпараттық бизнес мамандары жаңа жағдайға бейімделіп, онлайн курстарға көше бастады. Әрине, бизнес-тренингті шаруасын дөңгелетіп отырған немесе құрдымға кеткен кәсібін қайтадан аяққа тұрғызған кәсіпкер өткізсе, құптарлық жағдай. Алайда теориялық білімін тәжірибе жүзінде пайдаланбаған адамның халыққа бизнес туралы лекция оқығаны қаншалықты қисынды?
Айгүл ЕЛШІБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, әнші, жыршы:
Халықты адастырған адамды аяп қажеті жоқ
– Қолында дипломы жоқ, былайша айтқанда, шаласауатты психологсымақтармен күресіп жүргеніме жарты жылдың жүзі болды. Интернетте ақыл айтқыштарды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Кімнің оқырманы көп болса, соның сөзі өтімді. Ол дұрыс айтып жатыр ма, бұрыс айтып жатыр ма, оны саралап жатқандар аз. Оқуға, ізденуге уақыты мен мүмкіндігі жоқ, бала-шағаның қамымен базарға шыққан немесе күйбең тіршіліктен, отбасылық кикілжіңнен шаршаған қазақ әйелдеріне жәрдем жасаудың орнына буддизмді дәріптеп, нумерологияның әдіс-тәсілдерін насихаттайтындар азаймай отыр. Олардың атын атап, түсін түстеп айтып та, жазып та жүрмін. Әлеуметтік желідегі парақшама жеке хат жазып, психологсымақтардың айтқанын істеп отбасынан ажырасқан, пайда табамын деп соңында банкротқа ұшыраған, тіпті кісі өліміне әкеп соққан жайттарды айтып хабарласып, хат жазатындарда есеп жоқ. «Алданып қалдым, сеніп қалдым» деп шағымданған елге ендігі жерде жапа шеккендердің құқығын қорғайтын ұйымдарға жүгініңдер дедім. «Көмек керек болса, дипломы бар, жөн көрсетіп, бағыт сілтейтін психолог, коучтарға барыңдар» деймін. Аңқау елге арамза молда болып, адамның миын айналдырып ақша жинау дұрыс емес. Шетелдің буддист психологтарының сөзін насихаттайтын психологтар азайып, көзі ашық жұрттың саны көбейсе, қуанамын. Өзін ханым, ханшайым деп жариялағандар ханым мен ханшайым сөзін қор қылмасын. Әр сөздің жөн-жосығын шаңыраққа қарап қолданған дұрыс. Не діни сауаты, не психология ғылымы бойынша білімі жоқ, телеарна арқылы аудитория жинап, атақты әншілерге өзін жарнамалатып оқырман жинаған психологсымақтарға ұлттың тілі мен руханияты керек емес. Басқа дінге үгіттеп, адамның миын улап, басын қатырып адастыратын, ақша табудың жолына түскен «ақылдыларға» тиым салынуы керек. Халықты шатастырған адамды аяп қажеті жоқ. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында Дін мәселелерін зерттеу орталығы танымал психологсымақпен кездесу ұйымдастырды. Сонда Діни басқармада діни сауатты әйел мен еркек, ақ пен қараны саралайтын маман қалмағаны ма? Дипломы жоқ психолог діни тақырыпта қалай тренинг өткізеді? Мен дипломсыз өзімді психологпын деп тренинг өткізуге бетім шыдамас еді. Бұл біреуді көре алмағаным емес. Мен үшін адамдардың ақ пен қараны ажырата білгені маңызды. Мейірбек БЕРДІБАЙҰЛЫ, инфобизнес маманы, кәсіпкер, маркетолог, ShOU директоры:Ақпараттық бизнес арқылы миллионер атануға болады
– Қазақстанда екі тілді аудитория қалыптасқан. Орыстілді аудитория ақпаратты көбінесе ресейлік, украиналық аудиториядан алады. Орыстілді аудиторияға ақпарат қолжетімді, олар мәліметті тікелей дереккөзінен алады. Соңғы жылдары орыстілді аудиторияның дамуы бәсеңдеп қалды. Ал қазақтілді аудитория өте белсенді дамып жатыр. Өйткені елімізде өссем, жетілсем дейтін талапты жастар көбейіп келеді. Ақпараттық бизнеске сұраныс осылай қалыптасып отыр. Бұрын қазақ қоғамы кітап оқымайды дейтін. Қазір түсінікті, қарапайым тілмен кітап жазсаң, оқитын адам табылатынын көріп жүрміз. Оған Қ.Шонбайдың «Екінші болма», К.Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» деген кітаптарының таралымы айқын мысал. Қазақтілді аудиторияның басым бөлігі – ауылдан шыққан, орыс тіліне шорқақ жастар. Ал екінші аудитория – шетелден келген қандастарымыз. Осы ең үлкен екі негізгі аудиторияға қазақ тіліндегі ақпарат қызық. Өкінішке қарай, қазақ тілінде ақпарат жетіспейді. Сондықтан рухани аш халық ақпараттық бизнестегі керекті-керексіз мәліметті «тойғанынша» тұтынып жатыр, уақыт өте келе таңдап, талғап қарайтын болады. Қазір ақпарат көп болғандықтан, әлі өзіне не керегін түсінбейтіндер де көп. Сол сияқты бүгін жарқ етіп, ертең көрінбей жатқан тренерлер де бар. Нарық әлсіздерді шығарып, өз-өзін табиғи сұрыптап отырады. Ақпараттық бизнестің бүгінгі тұтынушылары – жастар. Оларға мобилография саласы қызық әрі өтімді. Смартфонға түсірген видеоны монтаждап, оқырманға әсерлі етіп ұсыну арқылы табыс тауып жатқан жастар көп. Одан кейін интернет-маркетинг саласы сұранысқа ие. Бұл сала интернет арқылы кәсіпкерлерге тұтынушы тарту жолдары, сайт жасау, дизайн, инстаграм желісінде жарнама жүргізуді қамтиды. Осыны негізгі бағыт етіп, жұмыс істеп жатырмыз. Оған да қоғамның сұранысы әсер етіп отыр. Отандық кәсіпкерлер арасындағы сауалнама нәтижесі әлеуметтік желіні жүргізе алатын интернет-маркетологтардың жетіспейтінін көрсетті. Сол мамандарды дайындауға кірістік. Үш айлық курс барысында 1 миллионнан артық табыс тапқан 34 адам шықты. Олардың ең үздігі 16 млн теңге қаражат тапты. Болат ҚОРҒАНБЕКОВ, филология ғылымдарының кандидаты:Шаласауаттылардың халыққа ақыл айтқаны дұрыс емес
– Ақпараттық бизнеспен айналысушылардың тірлігін өмір заңы, заман ағымына ілесу деп қарауға болады. Өйткені нағыз маман ақша табуға, дүние соңынан қууға қызықпайды. Оған біреулер арнайы өз кәсібін насихаттауға жағдай жасап, көмектеспесе, қосымша табыс табу деген нәрсені ешқашан бірінші орынға қоя алмайды. Олар өз кәсібінің шебері болғандықтан, сол кәсібімен айналысады да, жеке басының пайдасын кейінгі орынға ысырып қояды. Әрине, қазіргідей мүмкіндіктер ашылып жатқан заманда шаласауатты, өз ісін шала меңгерген адамдар оңтайлы кезеңді пайдаланып, тренинг өткізіп, дәріс оқып, ақша тауып жүр. Шаласауаттылардың халыққа ақыл айтқаны дұрыс емес. Өйткені өзіне қажет білім іздеген жан көкейдегі сұрақтың жауабын шаласауатты бір маманнан алады да, соны қанағат тұтып қоя салады. Ары қарай ізденбейді, одан басқаны қабылдағысы келмейді. Сондықтан бүгінгі блогерлерге көбірек міндет артылуы керек сияқты. Олар кәсіби мамандарды іздеп тауып, оларды сөйлетіп, насихаттау арқылы халыққа керекті шынайы ақпаратқа қол жеткізеді.