Жаңару жолы: "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті

Жаңару жолы: "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті

Жаңару жолы: "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті
ашық дереккөзі
248
Қазақстанның Тұңғыш Президенті мерейтойлық съезде сөйлеген сөзінде «Nur Otan» партиясы еліміздегі ең басты саяси күш екенін атап өтті. Партия Төрағасы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне тоқталды. «30 жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай әлеуметтік және экономикалық жетістіктерге жетті. Бұған, ең алдымен, нарықтық экономикаға көшудің және елді жаңғыртуға бағытталған түбегейлі реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткіздік. Нарықтық реформалар, индустрияландыру және шетелден келген инвестиция өнімділікті арттыруға қозғаушы күш болды. Сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қоғамның әлеуметтік бөлінісін азайтуға мүмкіндік берді», – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында этникалық әртүрлілікті артықшылыққа айналдырып, өзінің ұлттық бірегей стандартын қалыптастырғанын атап өтті. Осы үдерістегі негізгі рөл, Елбасы атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген. «Экономикалық өсім жоғары болған кезеңде құрылған Ұлттық қор қаржы саласындағы «қауіпсіздік қалқанымызға» айналды. Біз 1 400 жаңа аурухана мен емхана, 1 800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарттық. «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарын басшылыққа алып отыр», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Елбасы «Nur Otan» партиясының пандемия кезіндегі жұмысына, сондай-ақ партияны қайта жаңғырту үдерісіне тоқталды. «Біздің партия – басқару ісінде тәжірибесі мол және барлық өңірде кадрлық әлеуеті зор ең ірі саяси күш. Құрамының сапасы бойынша «Nur Otan» бүкіл Қазақстан қоғамының кескінін көрсетеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да мемлекетіміздің және барша жұртымыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек етуге ниеттіміз», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ Съезіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Съез делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті «Nur Otan» партиясы бүгінде ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын айтты. Бұл ретте, Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Nur Otan» партиясының қоғамдағы жетекшілік рөліне жоғары баға бергеніне тоқталды. Қазақстан Президентінің айтуынша, әлем ғаламдық өзгерістер дәуіріне аяқ басып, халықаралық қатынастар жүйесі белгісіздік жағдайына, тіпті, бейберекетсіздікке бет бұруда. Мемлекет басшысы өткен ғасырдағы терең рецессия әлемдік экономиканы он жылға артқа лақтырып тастағанын, ал бұрынғы өсу қарқыны мен тұрақты дамуды қалпына келтіру үшін үлкен күш пен уақыт қажет екенін жеткізді. «Қазақстанның тұрақты даму тұрғысынан мүмкіндігі мол. Себебі бізде, ең алдымен, нақты даму жоспары бар. Оны жүзеге асыруға қаржылық ресурсымыз да жеткілікті. Жауапкершілікті сезіне алатын миллиондаған азаматтардың қолдауының арқасында біз ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, бизнес қоғамдастықты қолдап, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындай алуын қамтамасыз ете алдық. Біздің бұған қол жеткізуімізде халқымыздың дәстүрлі құндылықтары, өзара жәрдемдесу, табандылық пен жанашырлық секілді қасиеттері ерекше рөл атқарды», – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясымен күреске халықтың үлкен үлес қосқанын атап өтіп, сондай қиын-қыстау шақта ел азаматтары шынайы ынтымақтастық пен жаппай жанқиярлық танытқанын айтты. Оның сөзінше, «Біз біргеміз» ұраны қазақстандық патриотизмнің формуласына айналды. Қазақстан Президенті дағдарыс кезінде басқарушы партияның да, Үкіметтің де, сондай-ақ, бүкіл қоғамның да алдынан үлкен мүмкіндіктер ашылатынын айтты. «Осы тарихи мүмкіндікті пайдалану үшін біз елімізге дамудың жаңа парадигмасын ұсынуымыз қажет. Бұл жерде Президент, Үкімет және заң шығарушы сала сияқты билік тармақтары күш жұмылдыруы керек. Сондықтан алдағы сайлау бүкіл қоғам үшін өте маңызды болмақ», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы қалыптастырған Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарын жүйелі жаңғыртуға тың серпін беруге шақырды.«Осы мақсатта біз 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын қабылдаймыз. Бұл егжей-тегжейлі зерделенген, шынайы құжат. Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, «Nur Otan» Үкіметпен бірге алдағы бес жылдықта аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарлама еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін қамтиды. Партия жұртшылық тарапынан келіп түскен барлық ұсыныстар мен талап-тілектерді ескерді. Біздің бағдарламаны бүкіл еліміз дайындады десек, артық айтқандық емес», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін негізгі төрт басымдыққа назар аударылатынын атап өтті. Мемлекет басшысы бірінші міндет ретінде әр азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін тең мүмкіндік берілетінін жеткізді. Президент алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді индекстеу үшін 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте оның өсім мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға көп болуы тиіс. Мемлекет басшысы денсаулығы мықты интеллектуалды ұлт қалыптастыруды партия бағдарламасындағы екінші басымдық ретінде атады. Жаһандық жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, бұл бағытты ілгерілету үшін білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына бөлінетін қаражат көбейеді. «Бұл – адами капиталға, еліміздің болашағына құйылған стратегиялық инвестиция. Денсаулық сақтау ісіне бөлінетін қаржы көлемі ішкі жалпы өнімнің 5 пайызынан кем болмайды. Жаңа ықтимал эпидемияларға дайын болу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Баяндамада үшінші басым бағыт ретінде экономиканың және аймақтардың тұрақты дамуы айқындалғаны айтылды. Президент жаһан экономикасы ұзақ тоқырауға ұшырағанын атап өтті. Дегенмен ол мұндай дағдарыс экономиканы жаңа үлгіде қалыптастыру үшін жүйелі реформалар жасауға мүмкіндік береді деп санайды. «Әлемдегі барлық экономика ғалымдар мен парасатты саясаткерлер адамзат тарихындағы теңдессіз жаһандық дағдарыс жағдайында экономикалық процестерді басқаруда мемлекеттің рөлі барынша артып отыр деген тұжырымға келді», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң әрі теңдестірілген макроэкономикалық саясат, жеке меншік секторды қолдау, халық алдындағы әлеуметтік міндеттерді орындау есебінен экономиканың өсімін қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.  Бұл ретте шығындарды бақылауды қатаң назарда ұстау керек. «Nur Otan» бағдарламасындағы төртінші басымдық – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» және жауапты азаматтар. Президенттің пікірінше, тұрақты даму үшін сенім мен жауапкершілікке негізделген мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы қажет. Бұл ретте Мемлекет басшысы біздің ортақ жұмысымыздың басты бағдары халық мүддесі мен проблемалары екенін нақтылады. Президенттің айтуынша, мемлекет халық үні мен пікіріне құлақ асуы тиіс. «Партия жұмысының оң коэффициенті азаматтарымыздың өмірін жақсартатын нақты шешімдерге байланысты болмақ. Бос сөз бен құрғақ уәде емес, нақты әрекет қана халық сеніміне және саяси көшбасшылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан партия мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды мықтап қолға алады.  Бұл стратегиялық сипаттағы міндет», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы өз сөзінде партияның жаңа бағдарламасы дамыған азаматтық қоғам мен экономикалық тұрғыдан толыққанды мемлекет құруға бағытталғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші партияның мәртебесі билікке қол жеткізуде емес, мемлекет пен халыққа нақты пайда тигізу мүмкіндігінде екенін атап өтті.«Мемлекеттік басқару жүйесіндегі лауазымды қызмет атақаратын партия мүшелері еңбекқорлықтың, саяси жауапкершілік пен азаматтық патриотизмнің айқын үлгісі болуға міндетті. Партиямыздың мүшелері болашақта да осы үдеден табыларына күмән келтірмеймін», – деді Президент. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауымен басталып жатқанына, оның символдық мәні зор екеніне назар аударды. «Алдағы сайлау қоғамның біртұтастығын және береке-бірлігімізді бекемдей түседі деп сенемін. Бұл науқанның ашық, әділ әрі заңды өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, мұны жіті қадағалаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев партияның әрдайым негізгі үш қағиданы басшылыққа алғанын және алдағы уақытта да соны ұстанатынын атап өтті. Бұл – жауапкершілік, жұдырықтай жұмылу, ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық. «Бүгін жарияланып отырған «Nur Otan» партиясының бағдарламасы – қаржылық, адами және басқа да ресурстармен қамтамасыз етілген және жан-жақты таразыланған өршіл мақсаттар мен міндеттер. Бағдарлама – қолға алған реформаларымыздың заңды жалғасы. Мен Тәуелсіздік жылдары әрдайым нақты мақсаттар белгіледім. Соларға жету үшін түрлі қиындықты жеңіп, аянбай тер төгу керек деп айтып келемін», – деді «Nur Otan» партиясының Төрағасы. Елбасы партияның реформа жүргізу тәжірибесі мол және барлық жоспарларды жүзеге асыруға саяси ерік-жігері жеткілікті екенін баса айтты. «Партияның жаңа бағдарламасы орындалады. Бұл құжат елді одан әрі жаңғыртуға және барлық қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады. Сайлау науқанын ойдағыдай өткізу үшін партия республикалық және аймақтық штабтардың жұмысын үйлесімді ұйымдастыру қажет. Кандидаттар, белсенділер, сенімді өкілдер барлық аймақтарды аралап, әр сайлаушыға жетуі керек», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасын ұсынды. Сөз соңында партия Төрағасы елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап, халықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына топтастыру және мемлекетімізді одан әрі өркендету үшін еңбек ете беретінін айтты.Съезд қорытындысы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысу үшін партияның 126 мүшесінен тұратын партиялық тізім бекітілді. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды. Кандидаттардың жалпы тізімінде Парламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20 пайыздан аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13 пайыз, білім және денсаулық сақтау саласы – 12 пайыз, үкіметтік емес ұйымдар – 9 пайыз және өнеркәсіп – 8 пайыз болды. Сондай-ақ экономистер – 28 пайыз, заңгерлер – 20 пайыз, кәсіпкерлер – 17 пайыз. Ал 21 үміткердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы, 11-і – ғылым кандидаты. Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды. Еске сала кетейік, «Nur Otan» партиясының праймеризіне 10 мыңнан астам кандидат, ал республикалық онлайн дауыс беруге 662 мыңнан аса адам немесе барлық нұротандықтың 84 пайызы қатысты. Оның қорытындысы бойынша 6 253 адам «Nur Otan»-ның барлық деңгейдегі 216 мәслихатқа арналған партиялық тізіміне енді. Талдау көрсеткендей, өңірлік партиялық тізімдерде әйелдердің үлес саны 22-ден 34 пайызға дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24 пайызға дейін артты. Орташа жасы мәслихаттардың қызметтегі құрамымен салыстырғанда 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды. Партиялық тізімдердің 24 пайызы – мәслихаттардың қызметтегі депутаттары, ал 76 пайызы – жаңа тұлғалар. Бұл ретте партияға 42 мыңнан аса жаңа мүше қосылды. Олардың 1 000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 3-шісі «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне енді. Халықтың белсенді қатысуының арқасында праймериз барысында «Nur Otan» партиясының 216 өңірлік сайлауалды бағдарламасы талқыланып, қабылданды. Онда азаматтардан түскен 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді.  

Серіктес жаңалықтары