Бокстан Иран ұлттық құрамасындағы қазақ: Олимпиадаға қазақ елінің атынан қатысқым келеді

Бокстан Иран ұлттық құрамасындағы қазақ: Олимпиадаға қазақ елінің атынан қатысқым келеді

Бокстан Иран ұлттық құрамасындағы қазақ: Олимпиадаға қазақ елінің атынан қатысқым келеді
ашық дереккөзі
50532
Бала кезінен 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновке еліктеп өскен қандасымыз Абдулхаким Бектұр бокстан Иран ұлттық құрамасының белді мүшесі. Бүгінде Иранның негізгі құрамасында 75 келі салмақ дәрежесінде көш бастап тұрған ол алдағы уақытта Қазақстан атынан жарысқа түсіп, Олимп шыңын бағындырғысы келеді. Қазақстан құрамасына шақырса, қазір-ақ барамын деп отырған Бектұрмен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.  width= –Бектұр, елдегі спортсүйер қауым жырақта өзге елдің намысын қорғап жүрген сен секілді боксшының бар екенін біле бермейді. Өзіңді оқырман қауымға таныстыра отырсаң. –2001 жылы Иранның Горган қаласында дүниеге келгенмін. Әкемнің есімі – Абдулхалық, анамның есімі – Мәриям. Әкем моторшы болып жұмыс істейді. Ал анам тігіншілікпен айналысады. Отбасында үш ағайындымыз. Үлкен әпкем Мақса тұрмыста, үш баласы бар. Динара есімді кіші қарындасым мектепте оқиды. Ал өзімнің бокспен кәсіби түрде айналысып жүргеніме сегіз жыл болды. Бастапқыда бокс үйірмесіне әкемнің қалауымен барған едім, кейіннен бұл спорт түрі өмірімнің мәніне айналды. Қазіргі таңда ересек боксшылардан жасақталған Иран ұлттық құрамасында өнер көрсетемін. Мұнда 75 келі салмақ дәрежесінде нөмірі бірінші боксшымын. –Иранда өсіп-өнген қазақ жастарының басым бөлігінің қазақшасы шорқақтау деп естіген едік, бірақ сен ана тіліңді жетік меңгеріпсің... –Иә, айналаммен парсы тілінде тілдескенмен, үйде қазақша сөйлесеміз. Бірнеше жыл бұрын шетелде тұратын қазақ диаспорасы оқушылары арасында өткен «Ұлы дала елі» атты әдеби жұмыстардың халықаралық шығармашылық байқауына қатысқанмын. Жалпы, Горган қаласында үш мыңға жуық қазақ тұрады. Қазақтар шоғырланған мұндай ортада туып-өскен соң қазақ тілін жетік меңгермеу бізге сын болар. Оның үстіне, Иранға қоныс аударып, басқа ортаға түссе де, қазақ тілінің қаймағын бұзбай, бізге қаз қалпында жеткізген аталарымыздың орасан еңбегін ұмытпауымыз керек. Сол себепті қазақ тілін бәрінен жоғары қоямын.  width= –Қазақстанда бокс пен күрес қалай жоғары бағаланса, Иран спортшылары да әлемдік аренада осы екі спорт түрінен, әсіресе күрестен мықты екенін білеміз. Қазақстанда бір орынға он спортшы таласатын ұлттық құрамаға іріктеліп, өз салмақ дәрежесінде көш бастау қиынның қиыны. Сол секілді саған да бәсекелестеріңді басып озып, ұлттық құрамаға ену оңай болмаған шығар? –Әрине, ұлттық құрамаға іріктелу оңай емес. Негізі, бокстан жыл сайын ұйымдастырылатын Иран чемпионатында бірінші, екінші және үшінші орын алған боксшылар ұлттық құрамаға ілінеді. Ал бірінші орын алған спортшы құрамада нөмірі бірінші боксшы саналады. Мен жастар құрамасында бес жыл өнер көрсеттім, ал ересектер құрамасына өткеніме бір жылдың жүзі болды. Сонда жалпы саны алты жылдай құрама қатарынан түспей келемін. Алайда ел чемпионатында жолың болмай, ұтылып қалсаң, құрамадан шығарып жібереді. Сол себепті жыл сайын өз мықтылығыңды дәлелдеп, бірінші орынды қанжығаңа байлап, құрамада болуға лайықты екеніңді дәлелдеуге тырысуың қажет. –Коронавирус салдарынан бір жыл кейінге шегерілген Токио Олимпиадасына Иран ұлттық құрамасының дайындығы қалай жүріп жатыр? –Қазіргі таңда Иранда коронавирус өршіп келеді. Сол себепті мұндағы жаттығу залдары мен оқу-жаттығу жиын өткізетін нысандар жабылып, нәтижесінде спортшылар үйде жаттығып, дене қалыбын сақтап жүруге тырысып жүр. Дегенмен үйде шыныққан жайымыз көңіл көншітпейді. Бәрібір жаттығу залына барып, жаттыққандай болмайды екен. Десек те, Тегеранда тұратын боксшылар бірге дайындалып жүр. Ал мен Горганда тұратындықтан өз бетімше жаттығамын.  Қазіргі таңда Иран құрамасының қоржынында Токио Олимпиадасына бокстан үш жолдама бар. Коронавирус салдарынан жолдама үлестіретін лицензиялық турнирлер толық өткізілмегендіктен, жолдама алу мүмкіндігіміз әлі бар, үмітіміз зор. Дегенмен, пандемия себебінен Олимпиаданың бір жылға шегерілгені көп спортшыға жақсы жағынан әсер етуі мүмкін. Өйткені локдаунға дейін жолдама алып үлгермегендерге тағы бір жыл жаттығып, жолдама үшін таласқа түсе алады. Десек те, бұл турнирлердің қашан және қалай өтетіні белгісіз. Биыл Иран чемпионаты да өткізілмейтін болды. Бірақ мен сізге мынаны айтайын, қазіргі таңда Иранда бокс спортына онша қарайласпайды. Мұнда сіз айтып өткендей күрес нөмірі бірінші спорт саналады, сосын футбол және баскетбол спортына ерекше көңіл бөледі. Қазақстандағы дос-таныстарымнан Үкіметтің аталған спорт түрін дамытып, бұған көп көңіл, қыруар ақша бөлетінін естимін, ал Иранда ондай қолдау жоқ. «Ұлттық құрамаға кірді» деген жай аты ғана. Былайынша Қазақстан секілді қолдау көрсетіп, қамқорлық танытпайды. Естуімше, ел президенті боксты мұсылмандар шұғылданатын спорт түрі емес деп, мұның дамуына қарсы екен.  width= –Елдің мерейін көтеріп, жаһанға таныстыратын спортшыларды сөзбен демеп, қаржылай қолдамаса, Иран боксшылары мотивацияны қайдан алады? Қалай жігерленеді? – Бізді боксқа деген махаббат жігерлендіреді. Мұнда дұрыс қолдау таппайтынына көзім жетіп, боксты тастайын десем де, тастай алмаймын. Басты арманым – Олимпиада шыңын бағындыру. Сол арманмен ұйықтаймын, сол арманмен оянамын. Алдағы уақытта халықаралық жарыстарға Қазақстанның атынан шыққым келеді. Бәрінен бұрын Токио Олимпиадасында топ жарғым келеді, егер оған жолдама алып үлгермесем немесе Олимпиада биыл тағы өтпейтін болса, 2024 жылы Париж қаласында өтетін Жазғы Олимпиадада алтыннан алқа таққым келеді. –Қазақстандық боксшылармен түрлі жарыстарда немесе оқу-жаттығу жиындарында кездескен боларсың? –Иә, Қазақстан ұлттық командасымен бір рет жолымыз түйіскен болатын. 2018 жылы Үндістан ұлттық құрамасымен бірге Алматы қаласына барып, онда жаттығып жүрген Қазақстан құрамасымен бірге жаттығу жиындарын өткізгенбіз. Сол кезде спарринг кездесуде 64 келіде өнер көрсететін Талғат Шәйкеновпен және тағы бір қазақпен бокстасқанмын. Есімін ұмытып отырмын. Қанша дегенмен, Қазақстандағы бокс мектебі мықты ғой. Өз басым Қазақстандағы боксшыларды, ел чемпионатын әлеуметтік желі арқылы үнемі бақылап жүремін. Көбінде 69 және 75 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылардың аяқ алысын қадағалаймын. Бала кезімнен 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновті ерекше үлгі тұтамын. Оның жұдырықтасу стилі, рингте өзін-өзі ұстауы, қарсыласына қарсы қолданатын тактикасы ұнайды. Сосын әлбетте Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін жібермей көремін. Жалпы, Қазақстан боксымен байланыстының барлығын бақылап жүремін. Оның үстіне жоғарыда айтқан жаттығу жиынына барғанымда Қазақстан құрамасын жаттықтыратын бірнеше бапкер және боксшылармен таныстым. Осылайша қазіргі таңда атажұртта таныстарым да көп, достарым да баршылық.  width= –Сол жиында бапкерлер Иран құрамасында сен секілді ұлты қазақ боксшының барын білген кезде таңғалған болар...? –Иә, ондағылардың ирандықтардың арасында жаттығып жүрген мені бірінші рет көргенде таңғалып: «Иран командасында қазақ бауырымыз бокстасады екен! Мықты!» дегені есімде қалып қойыпты. Жастар құрамасындағы бапкерлер менімен жақыннан танысқан соң «Қазақстанға келсеңші! Осында жаттық, осында өнер көрсет!» деп қолқалады. Сөйтіп, былтыр Қазақстанға барып, құрамаға енуге қажетті барлық кезеңнен өту үшін төрт ай бойы Маңғыстауда жаттықтым. Кішкене күнімде Маңғыстауға бір рет барғанмын, оның үстіне араласатын достарымның көпшілігі сол жақта тұрады. Одан бөлек, Қазақстан спортын бақылайтын болсаңыз, өзіңіз де білетін боларсыз, Маңғыстау бокс мектебі – Қазақстандағы ең мықты мектептердің бірі. Сол себепті сол аймақты таңдап, сонда барып, бағымды сынауды құп көрдім. Сөйтіп, былтыр «Болды, осында қаламын. Қазақстанның атынан жарыстарға қатысамын» деп үмітімді үкілеп барғанмын. Шынымды айтсам, елде қатты қалғым келді. Алайда, мұнымнан түк шықпай, амалымның жоғынан Иранға қайтып оралдым. Елде жүрген төрт айда «Барлығы сәтті болар» деген сеніммен жүрдім, ақыр аяғында құжаттарым дұрыс болмай шықты. Сөйтсем, бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен. Десек те сол уақыт аралығында Маңғыстаудағы бапкерлер Марат Жақиев, Дмитрий Игоревич, Батырбек ағайлар маған қолдау білдіріп, қолынан келген көмегін аямады. Сол себепті ол кісілерге мың мәрте алғыс айтқым келеді. –Сонда құжатпен байланысты қандай кедергілер туындады? Иран елінің азаматы болғандықтан, сол елде әскери борышымды өтеуім қажет екен. Сосын ата-анам қасымда болуы керек дейді. Себебі Маңғыстауға барған кезде он сегіз жасқа толмаған едім. Дегенмен төрт ай бойы таңнан кешке дейін жаттығумен айналысып, бос уақытым болмағандықтан, құжаттарды реттеу мәселесімен Жәмилә есімді туысым айналысты. Сол төрт айдың ішінде нағыз бабымда екенімді байқаған жергілікті бапкерлер жарысқа апарып қатыстырғысы келген. Сол уақытта Маңғыстау құрамасында жастар арасында 69 келі салмақ дәрежесіндегі орын бос болатын. Олардың жарысқа әзірленіп жатқанын көрген мен «Бұйырса, бір аптада құжаттарым реттеледі» деп айтқан едім, бапкерлер «Онда тездет, қатарымызға қосыл. 69 келіде жұдырықтасатын ешкім жоқ еді. Оған дейін құжаттарыңды реттесең, сені өзімізбен бірге жарысқа алып кетеміз» деді. Мұндай мүмкіндікті қалт жіберіп алмауға сонша тырысып бағып едім, бірақ құжаттарыма байланысты дау бітпей қойды. Сөйтіп, амал жоқ, өкініп, бармағымды тістеп, Иранға қайттым. –Қазір жасың он тоғызда. Ендігі кезекте елге келуге еш кедергі жоқ шығар, әлде? –Иә, қазіргі күні еш кедергі жоқ. Он тоғыздамын, енді ата-анамды ертіп апармай-ақ, құжаттарымды өзім толтырып, өзім реттей аламын. Елге баруға, құрамаға қосылуға жол ашық.  width= –Егер Қазақстан құрамасына шақырту алсаң, елге түбегейлі көшіп келесің бе? –Әрине! Қазақстан құрамасына қазір шақырса, қазір-ақ барамын. Сосын ел жақтан біреу қарайласып, қолдау білдірсе деген өтінішім бар. Барғанда тұрақтайтын үй-жай, жаттығатын зал болса, әрмен қарай өзім іліп әкетемін. Бар болғаны – бастапқыда маған қолдау білдіріп, демеу көрсетсе деймін. Өз-өзіме сенемін. Өзімді бокстан мықты екенімді дәлелдей аламын. Ешкімді ұятқа қалдырмауға барымды саламын. Қайтадан Маңғыстауға немесе Қазақстанның басқа аймағына шақырса да барамын. –Былтыр Қазақстан ұлттық құрамасына ену үшін Маңғыстауда жаттығып жүрсең, биыл Иранның басты командасында 75 келі салмақ дәрежесінде көш бастап тұр екенсің. Сонда Иран құрамасынан былтыр шыққаныңмен, биыл құрамаға қайта оралып, аз уақыт ішінде командада нөмірі бірінші боксшы атандың ба? –Иә,  былтыр құрама қатарынан түсіп қалған соң, биыл негізгі командаға қайта қосылуды мақсат тұттым. Жатпай-тұрмай дайындалып, ел астанасы Тегеранда өткен Иран чемпионатында он кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, алтын медаль иелендім. Сөйтіп, Иран ұлттық құрамасына қайта қабылдандым. Дегенмен осы жолы жұдырықтасатын салмақ дәрежемді өзгертпекпін. Жасөспірімдер құрамасында жүргенде 64 келіде жұдырықтасқанмын, бертін келе 75 келіге ауыстым. Қазіргі таңда осы салмақ дәрежесі бойынша жұдырықтасамын. Дегенмен алдағы уақытта 69 келіде өнер көрсеткім келеді. –69 келі салмақ дәрежесінің қазақ боксшылары үшін алтын салмақ екенін білетін боларсың. Қазақстандық боксшылар 2004 жылғы Афины Олимпиадасынан бері осы салмақ бойынша алтын жүлдені ешкімге бермей келе жатқанын ескерсек, 69 келіде жұдырықтасатын былғары қолғап шеберіне жүктелетін жауапкершілік те басқаша...  width= –Иә, 69 келінің Қазақстанда алтын салмақ деп аталатынын білемін. Елде бұл салмақта бокстасатын боксшыны ерекше бақылайтынын да білемін. Алдағы уақытта құжаттарым тағы дұрыс болмай, Олимпиадаға Иран атынан қатысып, осы салмақ бойынша алтын медаль алып жатсам, Қазақстан халқы қуанады деп ойлаймын. Не десек те, аталған салмақ бойынша алтын жүлдені түбі бір қазақ алады ғой. Мен де қазақпын. Мен алсам да, тағы да алтын салмақ саналады, дұрыс қой?! Негізі, бұл салмақ дәрежесі қазақ үшін сәтті салмақ болғаннан ауысуды көздеп жүргенім жоқ, тек 75 келі салмақ мен үшін ауыр, ал 69 келіде жарысқа түсу өзіме ыңғайлы. –Иранда тұратын қандастар ондағы қазақ жастарының көпшілігі спортпен, соның ішінде бокспен кәсіби түрде шұғылданатынын айтқан еді. Аталған спорт түрінде өзіңнен басқа тағы кімдерді атай аласың? –Иә, Иранда боксқа ден қойған қазақ балалар жетерлік. Мен – Иран ұлттық құрамасында өнер көрсететін жалғыз қазақпын. Десек те, жасөспірімдер арасында Иран чемпионы атағын арқалап жүрген бауырларымыз бар. Қазіргі таңда 2004, 2005, 2006 жылғы қазақ балалар жарыстан жарысқа қатысып, көзге түсіп жүр. Байқап қарасам, олардың да арыны мықты, қатарластарының арасында ешкімге дес бергісі келмейді. Олардың да мақсаты менікімен бірдей – Олимпиадада алтын жүлдені иелену.  

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары