310
Алдағы бес жылда елімізде қандай өзгерістер болмақ?
Алдағы бес жылда елімізде қандай өзгерістер болмақ?
25 қараша күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезі өтті. Қазіргі ахуалға байланысты онлайн форматта болған бұл съездің бұрынғылардан өзгерек екенін, пандемия кезінде ұйымдастырылып отырған жиынның еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан ерекше мәні барын Тұңғыш президент те атап өтті.
– Қазақта «Жүре берсең көре бересің» деген сөз бар. Сол сияқты, міне бүгін съезді алғаш рет қашықтан өткізіп отырмыз. Осындай заманға тап келдік. Бұл да өмірдің бір сынағы болса керек. Бұл да есте қалады. Аманшылық болса, талай бірге кездесіп, шүйіркелесіп, еркін жүздесіп, құшақтаса қауышатын боламыз. Сол күнге де жеткізсін!» – деген жалынды сөздерімен Елбасы съезді ашты.
Сьезге қатысу үшін барлық өңірден 400 делегат – партияның ауыл-аймақтардағы өкілдері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері сайланған. Олар бейнебайланыс арқылы жиынға қашықтан қатысты. Съезде Nur Otan партиясы праймеризінің қорытындысы, Мәжіліске арналған партиялық тізім, соңғы 5 жылда атқарған жұмысы сараланады, партия жұмысын жандандырудың негізгі басым бағыттары талқыланады, сондай-ақ жұмыс органдарының құрамы мен өзге де өзекті мәселелер қаралды.
Елбасы басқа да бағыттар мен партияның сайлауалды бағдарламасына тоқталып өтті.
– Бүгін Мемлекет басшысы жариялаған Nur Otan партиясының бағдарламасы қаржылық және адами ресурстармен қамтылған өршіл және әрбір қадамы әбден есептелген мақсаттарды көздейді. Ол – біз қолға алған реформа бағытының логикалық заңды жалғасы. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бері қарай мен алға нақты мақсаттар қойып, оларға қол жеткіз үшін аянбай еңбек етіп, жаңа қиындықтарды жеңе білу керек деп нығырлап айтып отырдым, қазір де солай деймін. Президент ұсынған бұл бағдарламаны қолдаймын. Біздің ортақ мақсатымыз – жұмылып, бірлесе жұмыс істеу –деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Және Nur Otan партиясының реформалау жүргізуде өз тәжірибесі барын және жоспарды жүзеге асыруда саяси ерік-жігерге ие екенін баса атап өтті. Науқанды ойдағыдай өткізу үшін республикалық және аймақтық штабтардың жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Жоспар бойынша 126 кандидаттан құралған тізім «Nur Otan» партиясының ХХ съезіне ұсынылды. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды. Кандидаттардың жалпы тізімінде Парламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20 пайыздан аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері 13 пайыз білім және денсаулық сақтау саласы 12 пайыз, үкіметтік емес ұйымдар 9 пайыз және өнеркәсіп 8 пайыз болды.
Сондай-ақ, экономистер 28 пайыз, заңгерлер 20 пайыз, кәсіпкерлер 17 пайыз. 21 үміткердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы, 11-і – ғылым кандидаты. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды.
Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Талдау көрсеткендей, өңірлік партиялық тізімдерде әйелдердің үлес саны 22-ден 34 пайызға дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24 пайызға дейін артты. Орташа жасы мәслихаттардың қызметтегі құрамымен салыстырғанда 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды. Партиялық тізімнің 24 пайызын мәслихаттардың қызметтегі депутаттары құрайды.
Мәжіліс депутаттығына орталық партиялық квота бойынша кандидат болғандардың арасында Дариға Назарбаева, Нұрлан Нығматулин, Асқар Мамин, Бекболат Тілеухан, Ахметжан Есімов, Тамара Дүйсенова, Бауыржан Байбек, Айдос Сарым, Ерлан Сайыров және тағы басқалар бар.
– Партия бағдарламасын орындау керек. Оның орындалатынына сенімдімін. Бұл елімізді одан әрі жаңғыртуға, барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - деп Елбасы бағдарламаның тек сөз жүзінде қалмауы керек екенін де тілге тиек етті.
пАл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналғанын, халықтың сеніміне аманат ретінде қарау керек екенін айтты. Мемлекет басшысы партия тарапынан халыққа ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанын, партия белсенділері және еріктілері мұқтаж жандардан көмегін аямағанын да атап өтті.
– Партиямыздың кезектен тыс XX Съезі күрделі әрі маңызды кезеңде өткізіліп отыр. Бұл мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға. Бүгінде «Nur Otan» партиясы ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналды. Халқымыз бізге қашанда зор сенім артады. Әсіресе жаһандық дағдарыс кезінде ел аманатына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бүкіл әлемге тараған пандемия Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Мемлекет азматтарымыздың денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан бөлек Президент сөзінше осындай нақты жұмыс пен жанашырлық береке-бірлігімізді арттыра түспек, Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде іске асырып отыр.
Пандемиямен күрестегі Қазақстандықтардың бірлігі, халықтың жауапкершілігі мен мемлекетті басқарудағы мықты саясат коронокризистен аз шығынмен шығуға септігін тигізетінін Елбасы да атап өтті.
Дәрігерлердің жалақысы 2,5 есе өседі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық жаңа сын-тегеуірінді ескере отырып, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спортқа арналған шығыстар артатынын мәлімдеді. Бұл – адами капиталға, еліміздің болашағына салынған стратегиялық инвестиция.
– Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің кемінде 5 пайызын құрайды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынады. Өңірлік медицинаны дамыту үшін еліміздің барлық облысында 20 заманауи медициналық орталық саламыз. Аудандық ауруханалар мен перзентханаларды, ауылдық емдеу мекемелерін барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеміз. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы 2,5 есе өсетін болады. Басты мақсат – қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 75 жасқа жеткізу», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
800 жаңа мектеп салынады
Елімізде Назарбаев Университетінің тәжірибесінде кем дегенде тағы 2 озық өңірлік оқу орны ашылады. Педагог мамандардың сұранысы артып, білім сапасын жақсарту мақсатында мұғалімдердің жалақысы 2 есе көбейеді. Магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге өседі. Жаһандық білім және инновациялық жүйеге енген заманауи зерттеу университеттері білім экономикасының негізін құрауға тиіс екенін Мемлекет басшысы атап өтті.
Сонымен қатар Республика бойынша 800 жаңа мектеп салынады.
«Еліміз бәсекеге қабілетті болуы үшін білім және мәдениет саласын өркендетуге, жастарды қолдауға баса мән беруіміз керек. Бүкіл Қазақстан бойынша 800 жаңа мектеп салынады. Соның арқасында біз апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептердің мәселесін толық шешеміз» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы барлық мектептер интернетпен, компьютермен және пән кабинеттерімен қамтамасыз етілетінін де айтты.
«Ауыл мектептерінің дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде орналасқан 5 мыңнан астам мектеп жаңартылуы керек», – деді Президент.
Сьезінде белгілі спортшы, жеңіл атлет, Олимпиада қатысушысы, волонтер, праймериз жеңімпазы Ирина Эктова да сөз сөйледі.
«Nur Otan» келесі бес жылда барлық жастар ел үшін қажетті мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқи алатындай етеді. ЖОО гранттары 50% – ға артады. Старт-ап жобалар жүйелі қолдауға ие болады. Бағдарламада бұдан басқа көптеген игіліктер қарастырылған. Жастар шетелге кетіп жатыр деген пікір бар. Менің ойымша, бұл жерде жаман ештеңе жоқ, өйткені көптеген адамдар оқуға, жұмыс істеуге, жаңа тәжірибе жинауға барады.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде еңбек ресурстары, инвестициялар, капитал еркін жүріп-тұрады. Еңбек нарығындағы салауатты бәсекелестік жас қазақстандықтарға пайда әкеледі деп ойлаймын.
Менің достарым оқудан кейін өз үйлеріне – Қазақстанға қайтуға ниетті екенін сеніммен айта аламын.
Өйткені, бұл – біздің еліміз! Бізде басқа Отан жоқ және болмайды. Біз осында өмір сүріп, өз мақсаттарымызға қол жеткізгіміз келеді – деп Ирина Эктова сөзін қорытты.
Сонымен қатар, съезде болашақ патриот жастардың қолында екені айтылып, жастарға үлкен үміт артылды.
Ауылдарға барлық жағдай жасалады
Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы, праймериз жеңімпазы Берік Әбдіғалиұлы елді мекендер мен ауылдарды дамыту жөніндегі партия бағдарламасы туралы сөз сөйледі.
– Аудандық партия филиалының төрағасы ретінде арнайы осы праймеризге қатысып – өңірлік сайлауалды бағдарламамызды жерлестеріміздің алдында талқылап, қорғап шықтық.
Ауыл тұрғыны ретінде – мені бағдарламадағы «Ауқатты ауылдар» бөлімнің болғаны қатты қуантады. Өйткені, Ауыл – ұлтымыздың берекесі.
Ауылдың өмір сапасын жақсарту дегеніміз – ең алдымен халықтың өзі жиі көтеретін – газ, ауыз су, жол, интернет пен мобильдік телефон байланысы мәселелерін шешу. Осының бәрімен ауылдарды жақын арада қамту – бағдарламада нақты қарастырылған. Дәл осындай шешімдер – экономикамыздың басқа бағыттарына да арналған. Бұларды ойдағыдай іске асыруға Президент жанындағы Жоғарғы экономикалық кеңес, жақында құрылған Стратегиялық жоспарлау және Бәсекелестік агенттіктері сияқты нақты тетіктері – үлкен сеп болады деп сенеміз. Сайлау – елдігіміздің сынға түсер шағы. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында – бұл сыннан да абыроймен өтетінімізге кәміл сенемін! – деді Берік Әбдіғали.
Әлеуметтік кодекс әзірленеді
– Біз тек әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға ғана емес, халықтың өзге де топтарына қолдау көрсетеміз. Партиялық тізімдегі 20 пайыздық квота жас көшбасшыларды қолдаудың нақты тетігіне айналды. Nur Otan қатарына білімді, қайсар және жігерлі жастар қосылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі, экономиканың барлық секторындағы рөлін күшейту – әлемдік үрдіс екендігін баса айтты.
– Қазіргі уақытта партиялық тізімнің 30 пайызы әйелдерден құралған. Бұл – әйелдер қауымы үшін мемлекет басқару ісіне атсалысуға жол ашатын нақты әлеуметтік мүмкіндік. Партияның белсенді қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленеді. Бұл мазмұны жағынан мүлдем жаңа құжат болмақ. Кодексте қоғам мен мемлекет арасындағы өзара келісім орнатудың тың тәсілдері көрсетіледі, – деді Президент.
Алдағы 5 жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеу үшін 3 трлн теңгеден астам қаражат бөлінбек.
– Біздің бағдарламамызда негізгі 4 басымдық бар. Бірінші – әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру. Біз әлеуметтік-экономикалық саясатта нарық тәсілдерін басшылыққа аламыз. Қаржыны және жәрдемақыны негізсіз, оңды-солды таратуды доғару қажет. Мемлекет атаулы атаулы көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға беру керек. Ең бастысы – әлеуметтік әділдік», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сол себепті де мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға баса мән берілмек.
«Әлеуметтік саясатты жүргізгенде қиындыққа тап болған азаматтарға атаулы көмек көрсету шаралары күшейтіледі. Алдағы 5 жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеу үшін 3 трлн теңгеден астам қаражат бөлінеді. Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте біз мұны инфляция деңгейіне 2 пайыз қосып жүзеге асыруды ұсынып отырмыз», – деді Президент.
Инфляция 4 пайызға төмендейді
Президент экономика өсіміне қатаң, бірақ теңдестірілген макроэкономикалық саясат, жеке секторды қолдау, азаматтар алдында әлеуметтік міндеттемелерді орындау есебінен қол жеткізілетінін атап өтті. А – Мұндай стратегия бюджет шығыстарын қатаң бақылауды, тиімсіз жеңілдіктер мен субсидияларды алып тастауды, төмен инфляцияны сақтау мен теңгенің еркін бағамын көздейді. Қазыналық салада бюджет шығыстары оңтайландырылып, мұнайға қатысты емес тапшылық азайтылады, ұлттық байлық әділ бөлінетін болады, – деді Президент.
Ол ақша-несие саясаты жалпыұлттық әлеуметтік-экономикалық басымдықтарды ескере отырып жүзеге асатынын мәлімдеді.
– Нәтижесінде бюджеттің мұнай емес тапшылығы, үкіметтің есебі бойынша, 2025 жылға қарай 6%-ті құрайды. Ал жалпы тапшылық 3%-тен аспайды. Алдағы үш жыл ішінде инфляция 4%-ке дейін төмендетіледі, бәлкім, бұл көрсеткіштен де төмен болады, – деді Мемлекет басшысы.
Яғни белсенді индустриаландыру өңдеуші өнеркәсіпте өндіріс көлемінің 1,5 есеге ұлғаюына әкеледі. Осыған орай IT саласы мен туризмді басым жаңа бағыттарға айналдыру тапсырылды. Нәтижесінде бұл екі салада 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Деректерді өңдеу және сақтау саласына құйылатын инвестиция 6 есеге артады. Экспортты белсенді ілгерілететін боламыз. Шикізат емес экспортты екі есеге, жылына 40 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті қойылды.
Шағын және орта бизнес өркен жаймақ
Съезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілетінін, бизнеске ешқандай кедергі болмауы керектігін айтты.
– Сот жүйесін модернизациялауға назар аударылады.Бизнеске кез келген кедергі ауыр қылмыс болып саналады. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілетін болады. 2025 жылға қарай ШОБ 4 миллион қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі аумалы-төкпелі заманда бизнеске тұрақтылық керек, ал оны «Nur Оtan» партиясы ғана қамтамасыз ете алады. Бұл жайында съезде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.
–Елбасы жетекшілік ететін партия бизнес пен қоғам арасындағы байланыстырушы көпірге айналды. Қазіргідей дағдарысты кезеңде бизнес өкілдеріне ең әуелі тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім қажет. Оны біздің «Nur Otan» партиясы ғана бере алады.
Жаңа ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының баяндамасында айтылғандай, партияның бағдарламасында шағын несиелер санын ұлғайту, салықтар санын қысқарту, салық салуда цифрлық технологияларды енгізу сияқты көптеген ұсыныстар бар. Мұның бәрі елдегі шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға, яғни, ұлттық экономиканы күшейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Елбасы жасаған реформалардың нәтижесінде елімізде іскерліктің өркендеуіне барлық жағдай жасалды. Біз нарықтық экономикаға көштік, отандық кәсіпкерліктің тұтас буыны қалыптасты, жаңа өндіріс орындары ашылып, Индустрияландыру бағдарламасы, Бизнестің жол картасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды.
Осы жылдары ел экономикасына 330 миллиард доллардан аса тікелей инвестиция құйылған.
Елбасы бастамасымен қазақстандық бизнесті біріктірген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы құрылды.
Бүгінде «Nur Otan» партиясының құрамына 30 мыңнан астам кәсіпкер кіреді. Сондықтан бизнестің проблемасын көшбасшы партия жақсы біледі.
Елбасының қолдауы арқасында «Атамекен» «Бастау» жобасын жүзеге асыруды және микрокредиттеуді бастады. 4 жыл ішінде 150 мың азамат оқытудан өтті. Оның 80%-ы – ауыл тұрғындары және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 50%-ы ісін ашып, бюджетке салық төлеуге кірісті.
Қазақстанда 1,3 миллионнан астам кәсіпкер бар. Олар еңбекпен қамтылған қазақстандықтардың 39%-ына жұмыс беріп отыр. Бұл дегеніміз – жүздеген табысты кәсіпорын, мыңдаған жұмыс орны деген сөз.
Елбасы бастамашы болған 5 институционалдық реформа шағын және орта бизнестің нығаюына және рөлінің түбегейлі күшеюіне септесті. Қазіргі күрделі уақытта мемлекет кәсіпкерлерді қолдау шараларының тұтас кешенін ұсынып, қолға алуда. Қолдау шараларының тізімі тұрақты түрде кеңеюде және ол коронавирус пандемиясының теріс салдарларын жоюға мүмкіндік береді.
«Nur Otan» партиясының саяси платформасы шағын және орта бизнесті экономиканың қозғаушы күші және орта таптың ұстыны деп біледі. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 35%-ға дейін, ал осы салада еңбек етуші адамдардың саны – 4 миллионға дейін артады.
Мен партияның Саяси кеңесінің мүшесі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы ретінде Елбасы, партиямыздың Төрағасы белгіленген барлық мақсатқа жететінімізге сендіремін! – деді Абылай Мырзахметов.
Атқарылған жұмыстар талқыланды
– Әр съезден кейін біз артқа қарап, қорытынды жасаймыз, нәтижесін шығарамыз. Бүгін делегаттар атқарылған жұмыстар туралы айтып, өз ұсыныстарын жеткізді. Байқап жүрсіздер, біз 30 жыл ішінде қандай қиындықтарды бастан өткерсек те, халықтың әл-ауқатын жақсарттық. Мүлдем басқа ұлт өсті. Елдегі кедейлік деңгейі 20 жыл ішінде 11 есе төмендеді. Жұмыссыздық – 2,8 есе. Тәуелсіздік жылдары біз ұлттық әртүрлілікті басымдыққа айналдырып, бірегейліктің бірегей стандартын құрдық. Ал ұлттық қор Қазақстанды дағдарыстардан құтқаруға көмектесті, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Тұңғыш Президент Nur Otan-ның нақты істердің партиясы екенін дәлелдегенін, халықтың мәселесін шешетінін айтып өтті. Елбасының сөзінше, пандемия кезінде Birgemiz қоры 2 миллионнан астам адамға көмек көрсеткен. Партия үшін қарапайым адамдардың мүдделері әрдайым бірінші орында.