695
Нил Уотсон: журналист әрқашан ақпараттың шынайылығы мен сапасына жұмыс істеуі керек
Нил Уотсон: журналист әрқашан ақпараттың шынайылығы мен сапасына жұмыс істеуі керек
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенттеріне британдық журналист, сарапшы Нил Уотсонмен онлайн кездесуде осындай кеңес берді.
Халықаралық сауда, бизнес, мәдениет тақырыптары мен Таулы Қарабахтағы қақтығысты зерттеген тәжірибелі журналист Нил Уотсонмен онлайн кездесуді баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушысы, «Хабар 24 kz» телеарнасының Лондондағы тілшісі Ғалымжан Қараманұлы ұйымдастырды.
Онлайн кездесу барысында Нил Уотсон қазіргі әлеуметтік медианың журналистикаға әсері, ақпарат беру мен авторлық ұстанымның бірлігі жайында әңгімеледі. Сондай-ақ Ұлыбританиядағы мерзімді баспасөз маңызы мен қоғамдағы ақпаратқа деген сұраныстың журналистің сапалы жұмыс істеуіне ықпалын сөз етті.
Журналистика магистранттары мен студенттер ақпараттық кеңістіктегі өзекті мәселелерге байланысты сауалдар қойды. Мәселен, бизнес журналистикадан саяси журналистикаға кетуінің себептері, әлеуметтік желінің қоғамдық пікірге ықпалы туралы Нил Уотсон толымды жауап берді.
Таулы Қарабах мәселесін арнайы зерттеуінің сыры қарапайым ғана. Ол көпшілікке Қарабахтағы жағдайды барынша түсіндіріп, оларға көмектесу үшін журналистік сараптама жасаған. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде журналистің белсенділігі мен ұстанымы айқын болғаны дұрыс. Өйткені тілшінің позициясы оқырмандарына әсер етеді. Әсіресе ақпараттық шынайылығы мен сапасына ерекше мән беру керек, - деді Нил Уотсон.
Айта кетейік, Нил Уотсон – посткеңестік шиеленістер және саясат бойынша сарапшы, журналист. Ол 1992-95 жылдары Уэльс Кардифф университетінің журналистика мамандығы бойынша кино және радиохабар тарату бакалавры біліктілігін алған. 1995-96 жылдары Кентерберидегі Кент университетінде кино теориясы мен өнер мамандығы бойынша магистратураны үздік бітірген. 2004-2008 жылдары «Kennedy's Confection» халықаралық іскерлік журналының бас редакторы, 2008-2009 жылдары «Packaging Today» халықаралық журналының бас редакторы, 2009-2018 жылдары «TEAS Еуропадағы Әзірбайжан қоғамының» бас редакторы, 2018-2019 жылдары «TEAS Press» холдингінде Әзірбайжандағы ірі баспалардың кең ауқымдағы академиялық кітаптарын редакциялаумен айналысқан.
Онлайн кездесуде журналистика мамандығының студенттері мен магистранттары ағылшын тілінде еркін сұхбат жүргізіп, британдық журналист Нил Уотсонға және осындай мүмкіндік жасағаны үшін Ғалымжан Қараманұлына алғыстарын білдірді.