894
Қазақ тілінде жаңа квест сайты ашылды
Қазақ тілінде жаңа квест сайты ашылды
Қазақ ақпарат кеңістігі таным көкжиегін арттыратын Ерен ол сайтымен толықты. Аталған сайт қазақ тілінде онлайн квест ойындарын ұсынады. Qazquest тақырыбымен топтастырылған "Ізкесер", "Медиа кубик" ойындары медиасауатты арттыру, сыни ойлауды дамыту, ақпаратты тексеру, анықтау сияқты қазіргі заманға қажетті дағдыларға бейімдемек.
Жоба авторы Ұшқын Сәйдірахманұлының айтуынша, ақпарат тасқынынан қорғанудың өнімді әрі сауатты жолы – медиасауатты машық ретінде дамыту.
ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры екенін ескерсек, біздің өмірімізді ақпаратсыз елестету мүмкін емес. Қалатамыздағы ұялы телефон арқылы күн сайын тоқтаусыз келіп жататын әртүрлі видеолар мен мақалалар сілтемесі осының айғағы. Алайда жалған ақпарат пен манипуляцияның ырқында кетпес үшін сыни ойлау, сындарлы талдау дағдысы аса маңызды.
Жоба авторы Ұшқын Сәйдірахманұлы / Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
"Негізі медиасауатқа қатысты квест ойынын әзірлемес бұрын біраз адамдармен әңгімелесіп, ақылдастық. Сонда бір байқағаным, адамдардың басым бөлігі ақпаратты тексеру, фактчек жасау сияқты теориялық білімді меңгерген. Әйтсе де шынайы өмірде, нақты іс жүзінде оны қолдана бермейтіні белгілі болды. Себебі білумен, сол білгеніңді қолдану екі бөлек дүние. Нақтырақ айтсам, білім бар, машық жоқ. Міне, осыдан келіп біз медиасауатты дамытудың басқа жолын қарастырдық. Оны өмірде қолданатындай алаң әзірлеп, нақты тәжірибе барысында пайдаланған кезде ғана дамиды деген тұжырымға тоқтадық. Квест ойыны осылай жарыққа шықты", – дейді жоба жетекшісі.
Ұшқын Сәйдірахманұлы сайттың басты тұғыры медиасауат болғандықтан алдағы уақытта осы тақырыпта дамитынын, сонымен қатар, сайт өзге де танымдық тақырыптағы материалдарға орын ұсынатынын айтады.
QazQuest онлайн квест ойынының таныстырылымы:
https://www.youtube.com/watch?v=1byATaOabr0&feature=emb_logo&ab_channel=UshkynSaidirahman