Елбасының Нью-Йорктегі лекциясы: Қазақстан АҚШ элитасының назарын қалай жаулады?
Елбасының Нью-Йорктегі лекциясы: Қазақстан АҚШ элитасының назарын қалай жаулады?
Елбасы өзінің көптеген ең ірі жаһандық бастамаларын шетелдік беделді ЖОО-лардағы лекциясы кезінде жариялаған екен. Бұл мақсатқа неге дәрістер таңдалды? Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеялары неге батысты дүрліктірді? Н.Назарбаевты көреген, ақылды әрі әккі саясаткер еткен не? «Хабар» арнасы «Говорит Назарбаев» деректі фильмінде осы және басқа сауалдарға жауап іздеді. Өткен ғасыр соңында қазақ елінің көшбасшысы шетелдік жастар мен профессорлар алдында дәріс оқуды – тәуелсіз Қазақстанның қадамдары мен реформаларының, сондай-ақ жаһандық идеяларының халықаралық аренадағы тұсаукесері есебінде пайдалана бастады. Ол шетелдік сапарлары аясында өзге мемлекеттер басшыларымен келіссөздері сыртында, оның ірі ғылыми ордаларында, шәкірттер мен ғылыми қауымдастық алдында сөз сөйлеу мүмкіндігін қалт жібермеді. Бұл не үшін керек еді? Өйткені дәріс оқу әдетте, ғалымдардың, сарапшылардың, бұрынғы президенттердің еншісіндегі іс саналатын. Қазақстанның бірінші Сыртқы істер министрі (1991–1994), мемлекет қайраткері Төлеутай Сүлейменов мұның астарлы ақиқаты барын айтады.
Еліміздің бұрынғы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов дәрістің тақырыбына «Бейбітшілік. Даму. Демократия» атты үштаған арқау болғанын еске түсірді. – Осы арқылы жас Қазақстанның лидері республиканың өркендеу жолында қандай құндылықтарға иек артатынын аңғартты. Елбасы өзінің стратегиялық жоспарларында да осыны негізге алды, – дейді ол. Лекция үлкен аншлагпен өткен. АҚШ-тың жоғарғы ғылыми элитасы жас қазақ мемлекеті туралы көп айтып, тереңірек зерттей бастады. Сол кездің өзінде Семей полигонын жапқан және яролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан бірінші лидер әрі бітімгер ретінде әлемге танылып үлгерген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Колумбия университетіндегі дәрісінде тек ядролық қарусыздану тақырыбымен шектеліп қалмады. Ол бүкіл Азияны біріктіретін бірлестік – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру идеясын, ТМД ұйымы миссиясын түсіндірді. Елбасы ізінше, қырық күн өткенде Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі дәрісінде Еуразиялық экономикалық одақ құру жобасын ұсынады. Дегенмен, өз аймағымыздағы елдер арасында Кеңес Одағымен бірге күйреген экономикалық-шаруашылық мығым байланыстарды қалпына келтіру, яғни Еуразиялық бірлестік туралы пікірін ол дәл осы Колумбия университетінде айтыпты. «Менің ойымша, Н.Назарбаев осы идеясының алдымен өзге жерде не кейінгі қатарлы бір елде емес, тура Америка Құрама Штаттарында мәлімделгенін қалады», – дейді Төлеутай Сүлейменов. ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов бұл ойды растады: «себебі, сол кездің өзінде АҚШ әлемдегі сөзсіз көшбасшы болатын». Ақыры, 1994 жылғы 29 наурызда Ресейдің ең ірі ғылым ордасының бірі – ММУ қабырғасында Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын жариялады. Бұл жаңалық сенсацияға айналып, әлемге тез тарады. Кеңестің ең ірі ядролық полигонының үнін өшірген, Батысты үрейлендіретін ядролық оқтұмсықтарды жойған, жаһандық алып атом арсеналынан бас тартқан, АҚШ-пен стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойған лидердің кенет КСРО орнында жаңа одақ құруға неге ниеттенгенін Батыс түсіне алмады. Сезікпен қабылдады. Сол кезде елшіміз ретінде Мәскеуде болған Тайыр Мансұров әлемдегі барлық елдің дипмиссияларының жетекшілері сол күндері Қазақстан елшілігіне «кезекке тұрғанын» еске алады. «Мәскеуде аккредиттелген 145-тен аса мемлекеттің барлық елшісі бізбен кездескісі, мұның қандай одақ екенін нақтылағысы келді. Өйткені елшілер бұл одаққа қатысты өз елінің басшылығын ақпараттандыруы керек еді. Біз барлық сауалдарға достық пейілмен жауап бердік», – дейді Еуразиялық даму орталығының бас директоры Тайыр Мансұров Ақыры 2014 жылдың 29 мамырында елордада Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Ұйым енді елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға қызмет етуде.