Анамның батасын алмай жарысқа шықпаймын

Анамның батасын алмай жарысқа шықпаймын

Анамның батасын алмай жарысқа шықпаймын
ашық дереккөзі
1189
Құрманбек ТҰРҒАНБЕК, «Алтын тұғыр» номинациясының екі дүркін иегері: Көкпардан ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі, «Ғасыр ойыншысы», «Жылдың ең үздік ойыншысы» атанған жас көкпаршы Құрманбек Тұрғанбек ел аузына ілігіп жүрген жас көкпаршылардың бірі. Көкпарға қатысты сұрақтарымызды Құрманбекке қойған едік.    – Әңгімемізді көкпаршы болуға деген қызығушылық қалай қалыптасты деген сауалдан бастасақ. – Ауыл баласы болғандықтан кішкентай кезімізден атқа құмар болып өстім. Ес білгелі ат жалын тартып мініп жүрмін, өз жұртым, нағашы жұртым жағынан да бәрі ауылда тұрған кісілер. Көкпарға қызығушылық жүре келе пайда болған жоқ, қанмен келген, бала кезден қалыптасқан. Әкем үйде көкпар аттарын ұстайды. Отбасымызбен жылқыға деген құрметіміз ерекше.  width= –Уақыт өте келе көкпардан басқа спорт саласында өзіңді сынап көргің келе ме? – Мен Жамбыл облысындағы 100 шақты түтіні бар Тоғызтарау ауылынан шықтым. Мектеп кезінде спорт үйірмесі көп болған жоқ. Соңғы 4-5 жылдың көлемінде ауылдан спортқа бейімі бар жастар көп шыққаннан кейін спорт секциялары мен нысандары көбейе бастады. Бұл ауылдың қара домалақтарына жақсы болып тұр. Ат спортында екінші спорт түрі ретінде бір кездері ұмыт болып, бүгінде қайта жанданып келе жатқан шөген ойынымен айналыстым. 2014-2017 жылдар арасында шөген ойынынан «Жылдың ең үздік ойыншысы» атанып, Аргентина, Германия елдеріне барып кубоктарын ұтып алған болатынбыз. Бұл да жақсы деңгейге жету деп ойлаймын. Өзім теңге ілу спортына қызығамын. Бізде көкпаршы болсаң, тек көкпар ойнауың керек деген түсінік қалыптасқан. Одан бөлек, көкпар, теңге ілу, аударыспақ секілді ойын түрлерінің бәрі бір чемпионат аясында өткізіледі. Менің ебім аударыспаққа да, теңге ілуге де келеді. Бірақ көкпарға қатысамын да өзімді басқа спорт түрлерінен көрсете алмай қаламын. Кейбір спортшылар теңге ілуге, аударыспаққа шыққан кезде «мен осы қателікті қайталамайтын едім» деп делебең қозып тұрады. Сондықтан әр ұлттық ойын түріне бөлек-бөлек чемпионат өткізсе деймін. – Спорт – өзіңді өзіңе дәлелдеу. Бірақ көкпар ойынында өзіңнің бабыңмен қоса аттың бабы да келуі керек. Жеңілген кезде «Әттеген-ай!» деп өкінетін кездер көп бола ма? – Көкпар спорты тек адамға байланысты емес. Кейде өзіміздің бабымыз келіп тұрғанымен, атымыз дайын болмай қалады. Жарақаттың кесірінен жарысқа өзіміздің де толық дайын болмай қалатын кездеріміз болады. «Әттеген-ай» дейтін, басқаша жасағанымда ғой дейтін кездер де бар. Бірақ сол қателіктерді келесі жарыста қайталамауға тырысамыз. Осыдан бір жарым жыл бұрын өте қатты жарақат алдым. Дәрілерлер көкпарға қайта оралмауың мүмкін деп қорқытты. Өзіме де күмәнді ой келе бастады. Бірінші әке-шешемнің, сосын бауырларымның қолдауымен барлық ем-домды қабылдап, алты айдан кейін көкпарға қайта оралдым. Қазір толық жазылып атқа мінген соң сол кездегі қиын сәттердің бәрін ұмытып кетесің.  width= – Әр жарысқа шығар алдында үзбей жасайтын әдет-жоралғың бар ма? – Ойын алдында ойыншылардың психологиясын, позициясын зерттейміз. Жаттықтырушыларымызды тыңдаймыз, олардың айтқан тәсілдерін ойын барысында қолдануға тырысамыз, бір-бірімізді рухтандыратын сөздер айтамыз. Ойын барысында «былай жасау керек еді» деген ой келеді адамға. Сол ойды ойын барысында жүзеге асыру керек. Бұл жерде әрине барынша қобылжымауға тырысамыз. Өйткені қобалжыған адам ешнәрсе істей алмайды. Ат үстіне мінген қазақ бәрін ұмытады деп жатады ғой. Жарысқа шығар алдында бір Алланың бар екенін мойындап, кәлимамды айтып алаңға шығамын. Ал жарыстан жарты сағат бұрын анама хабарласып, батасын аламын. – Еліміздегі көкпарды дамытуға арналған шараларға көңілің тола ма? – Бұрын телеарналардан көкпар ойыны аз берілетін. Қазір телеарналармен қоса YouTube арналары тарапынан қолдау көрсетіліп, барынша насихатталып жатыр. Көкпарды дамыту шараларына 70 пайыз көңілім толады. Көкпар ұлттық спорт болғандықтан бюджетін көбейту керек. Мүмкін бір ғана чемпионатпен шектелмеу керек шығар, жылына 4-5 рет қана жарысқа барамыз. Өйткені бізде ересектер, жастар, балалар мен жасөспірімдер арасында жылына бір ғана чемпионат болады. – Көкпар соңғы жылдары қалталы жандар арасында бәсеке болып кеткен жоқ па?    – Көкпардың мақтан үшін бәсеке болып кеткені рас. Бас бәйгеге қымбат сый ұсынып, қатты ысырап жасауға болмайды. Бірақ бәсеке барлық салаға өрлеу әкеледі. Сол сияқты бәсеке болған сайын спорт та дамиды, қарсыласың мықты болған сайын өзің де мықты бола бастайсың.  width= – Көкпар ойнайтын жігіттерді көкпаршы деп айтады, комментаторлар балуан деп те атап жүр. Өзара бір-біріңді қалай атайсыздар? – Көкпар ойыншыларын кім деп атаған дұрыс деген сауал төңірегінде жақында қызу пікір алмастық. Менің ойым көкпаршы да, балуан да емес, шабандоз деп айтқан дұрыс сияқты. Шабандоз десе пікірталас көп бола бермейтін сияқты, бәріне түсінікті. – Халықаралық жануарларды қорғау ұйымдары көкпарды спорт түріне жатқызбаймыз, бұл жерде жылқыны қинау тәсілдері қолданылады дейді. Бұл турасындағы ойың қандай? – Азия және Әлем чемпионаты болсын біз ешкіні соймаймыз, муляжбен шабамыз. Көкпар ойыны жылқыны қинау дегенге келіспеймін. Себебі біз спортшы ретінде жылқыны бағамыз, баптаймыз, дайындаймыз. Таяқты, қамшыны жазалау, күш көрсету мақсатында емес, көмекші құрал ретінде қолданамыз. – Мектеп оқушылары арасында көкпарға қызығатындар бар ма? – Әр қазақ баласына ат жалын тартып мінгізіп, садақ атып үйретуі керек дейді ғой. Маған мектеп жасындағы балалар хабарласып көкпар туралы сұрап жатады. Кейбірі көкпаршы болсам деп ырымдап бір затыңды сұрайды. Баламның аузына түкіріп бер, тұсауын кесіп бер дегенде қуанып қаласың. – Қалаларда қалауыңызға қарай дем алатын, көңіл көтеретін орындар көп. Ал ипподромдар саны бірлі-екілі.  Бұл аз емес пе? – Бір қалаға бір ипподром деген өте аз. Оның өзі айдалада орналасқан. Қаладан алыс болғандықтан чемпионат кезінде ешкім келмейді. Қаланың шетінен жақсы жерден ипподром соғып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін етіп жағдай жасауға болады. Көкпарды жаңа деңгейге көтерудің бір жолы – көкпар аренасын салу. Чемпионаттар жиі өтсе, халық арасында да қызығушылық пайда болады.

Серіктес жаңалықтары