277
Кірпіш зауытта жұмыс істеген оқушы мүгедек болып қалды
Кірпіш зауытта жұмыс істеген оқушы мүгедек болып қалды
14 жастағы бала күніне алатын 3-4 мың теңге үшін кірпіш зауытта заңсыз жұмыс істеген. Мектеп оқушысы қазан айында зауытқа жұмысқа орналасқанымен, артынша қолын станокқа кесіп алады. Жасөспірім осылайша мүгедек болып қалды деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Жапа шегушінің анасы ұлының зауытта жұмыс істегенінен бейхабар болып шықты. Жасөспірім анасын достарыммен қыдырып жүрмін деп алдаған. Баланың анасы ендігі жерде жұмыс берушінің қылмыстық жазаға тартылуын талап етіп отыр. Сондай-ақ кірпіш зауытына жұмысқа өзге де кәмелеттік жасқа толмаған балалардың тартылғаны белгілі болды. Жұмыс беруші балаларға күніне 3-4 мың теңге ақша берген.
«Менің 14 жастағы балам Бадам елді мекеніндегі кірпіш зауытына жұмыс істеуге барған. Жұмыс барысында қолын кесіп алады. Бұл деген масқара жағдай. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зауытқа кім және қалай апарған? Неге балаларды жұмысқа тартқан? Оған қоса оларды ешкім қауіпсіздік техникасымен таныстырмаған, – дейді жапа шеккен баланың анасы Тұрсынай Әбутәліпова.
Оқиғаны қазір полиция қызметкерлері тексеріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Жұмыс берушіге 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынады немесе қамауға алынады.