282
Аптада болған кадрлық тағайындаулар
Аптада болған кадрлық тағайындаулар
Осы аптада халықаралық ұйымдар мен министрліктерде және өңір әкімдіктерінде бірқатар маңызды тағайындауларға шолуды ұсынамыз.
Аптаның басты тағайындауы – қазақстандық дипломат Қайрат Әбдірахмановтың ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары лауазымына сайлануы болды. Осыған байланысты Қайрат Әбдірахманов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстанның Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды. Қайрат Әбдірахманов 1964 жылы 21 сәуірде Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, аспирантурасын тәмамдаған. Қазақ политехникалық институтының оқытушысы болған. 1993-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үшінші, екінші хатшысы, бөлім меңгерушісі, Азия елдері басқармасы бастығының, Азия елдері департаменті директорының орынбасары, Азия, Таяу Шығыс және Африка басқармасының бастығы - ІV департаменті директорының орынбасары. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі III департаментінің, Екіжақты қатынастар департаментінің директоры. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасының сыртқы істер вице-министрі. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2003-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Израильдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі. 2008-2011 жылдары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Вена қаласындағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2013-2016 жылдары Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметін атқарды. 2016-2018 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі болды. 2019-2020 жылдары – Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстанның Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болды.
Сонымен бірге, осы аптада Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Жоғарғы сотының судьяларын сайлау және қызметінен босату мәселесі қаралды. Атап айтқанда, Сәкен Абдолланы және Мәдениет Омарбекованы Жоғарғы соттың судьялары қызметтеріне сайлау, сондай-ақ Гахарман Базарбекұлы Дүйсенбаевты Жоғарғы соттың судьясы қызметінен босату ұсынылды.
Абдолла Сәкен, 1964 жылы туған, жоғары заң білімі бар. Заң ғылымдарының кандидаты. Заңгер мамандығы бойынша өзінің еңбек жолын 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдарында бастады. 1992 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы болып сайланды. 1996 - 1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет басқармасының бастығы болды. 1999 - 2002 жылдары Алматы қаласы Әділет басқармасының бастығы. 2002 - 2003 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының директоры болып жұмыс істеді. 2003 жылы Жоғарғы сот Аппаратының басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдан бастап Жоғарғы сот судьясы. 2007 жылдан бастап Маңғыстау облыстық сотының төрағасы. 2011 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласы сотының төрағасы. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы болып тағайындалған. 2018 жылғы желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақтөбе облыстық сотының төрағасы. Судьялық жұмыс өтілі 19 жыл.
Омарбекова Мәдениет Жақанқызы 1965 жылы туған, жоғары заң білімі бар. Заң ғылымдарының кандидаты. Заңгер мамандығы бойынша өзінің еңбек жолын 1988 жылы Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының сот отырысының хатшысы болып бастады. 1990 жылдан бастап Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының сот орындаушысы болып жұмыс істеді. 1992 жылдан бастап Қарағанды қаласы Совет аудандық соты төрағасының көмекшісі. 1993 жылы Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының судьясы болып сайланды. 2000 жылдан бастап Қарағанды облыстық сотының судьясы. 2015 жылғы мамырдан бастап қазіргі уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы. Судьялық жұмыс өтілі 27 жыл.
ҚР Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен Арман Дәулетұлы Әбенов Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Арман Әбенов Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын (2001) «Халықаралық экономист» мамандығы бойынша, Waynesburg University, Pennsylvania, USA «MBA» (2005) мамандығы бойынша «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» мамандығы бойынша бітірген. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Еңбек жолын Қазақстанның банк секторының қызметкері болып бастаған (2002-2006 жж.). 2006 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат және жоспарлау департаментінің бас маманы болып жұмыс істеді, 2007 жылы Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат және жоспарлау департаменті Инвестициялық саясат басқармасының бастығы болып тағайындалды. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары (2009-2011); ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Мемлекет міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясаты департаментінің директоры (2011-2013) болып жұмыс істеді. 2016 жылдан бастап ҚР Сауда және интеграция министрлігінің «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директоры лауазымын атқарды, ҚР Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді (2013-2016 жж.).
Полковник Бауыржан Сыздықов Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды. Бауыржан Мәдіұлы Сыздықов 1973 жылғы 14 маусымда Шымкент облысы Бөген ауданы Задарья ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ Мемлекеттік медициналық университетін бітірген, гигиенист-эпидемиолог дәрігері, 2010 жылы Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау академиясын бітірген, «командалық-штабтық оперативті-тактикалық азаматтық қорғаныс» мамандығы бойынша басқару саласындағы маманы, 2019 жылы Мәскеу қаласындағы «Синергия» Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университетін бітірген. Құқықтану магистрі. 2001-2009 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы ТЖ басқармасының аға офицері, 2010-2012 жылдар аралығында ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс департаментінің халық пен аумақты қорғау басқармасының бастығы қызметін атқарған. 2012-2014 жылдар аралығында ҚР ТЖМ Ақтөбе облысы ТЖД бастығының орынбасары, 2014-2015 жылдар аралығында ҚР ІІМ ТЖК Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, 2015-2019 жылдар аралығында ҚР ІІМ ТЖК Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болған. 2019 жылдың қараша айынан бастап ҚР ІІМ ТЖК Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметін атқарып келді.
Сондай-ақ, апта ішінде Маңғыстау облысында бірқатар тағайындау болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті директоры лазазымына Тоқтамыс Қажышұлы тағайындалды. Ол 1965 жылы туған. «Тарих, қоғамтану және кеңестік құқық оқытушысы», «заңгер», «экономист» мамандықтары бойынша жоғары білімі бар. Заң ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1990 жылы Өскемен пединститутының Саяси экономика кафедрасында оқытушы болып бастаған. 2000 жылға дейін жоғарғы оқу орнында оқытушы, кафедра доценті және кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2000-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бірқатар облыстардағы департаменттерінің басшысы болып жұмыс істеді.
Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы» КММ басшысы болып Ғалым Андалиев тағайындалды. Ғалым Меңдалыұлы 1969 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары «Сызу, бейнелеу өнері және еңбек» және «заңтану» мамандықтары бойынша білім алған. Еңбек жолын 1994 жылы БҚО Тайпақ ауданы орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1999 - 2002 жылдар аралығында Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысы әскери комиссариатында іс жүргізуші болып еңбек етті. 2002-2016 жылдары-Бейнеу аудандық әскери комиссариатының бөлім бастығы, Ақтау қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бөлім бастығы. Кейін Маңғыстау облысының әскери қызметке қабылдау басқармасының бастығы қызметін атқарды. Соңғы 2 жылда Ақтау қаласындағы № 28 мектепте алғашқы әскери дайындық бойынша педагог, сондай-ақ Ақтау білім үйлестіру орталығының эстетикалық және спорттық пәндер бойынша әдіскері болып жұмыс істеді.
Алматы облысы әкімінің өкімімен Елдар Қайсарұлы Сапаров Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы болып тағайындалды. Елдар Сапаров 1991 жылы туған. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін экономика бакалавры бойынша бітірген, 2015 жылы экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған, 2019 жылы PhD докторантасын аяқтады. Түркия мен Польша жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтті. Еңбек жолын І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-да жастар саясаты және тәрбие жұмысы бөлімінің маманы болып бастаған. Әр жылдарда ЖМУ-да жастар саясаты және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы, «Алматы облысының жастар саясаты жөніндегі орталығы» КММ «Талдықорған қаласының жастары» филиалының жетекшісі, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ректорының көмекшісі, проректордың тәрбие жөніндегі орынбасары, кафедра оқытушысы, «Алматы облысының Азаматтық альянсы» ЗТБ-ның атқарушы директоры, Алматы облысының ішкі саясат басқармасының «Талдау және болжау орталығы» КММ басшысы болды. 2020 жылдың қазан айынан Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы қызметін атқарған.
Және апта соңында қазақстандық ауыр атлет Ильин Илья ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығына Дене шынықтыру саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары зертханасының бас ғылыми қызметкері лауазымына тағайындалды. Илья Ильин 1988 жылы 24 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ауыр атлет 2005, 2006, 2011, 2014 жылдары әлемнің төрт дүркін чемпионы атағына ие болды. Екі Олимпиадаға қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Спортшы биылғы қыркүйек айында қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин ҚР спортшылар одағы Қызылорда облыстық филиалының басшысы болып тағайындалған болатын. И.Ильиннің негізгі қызметі – Қызылорда облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры.