570
Үш қыздан соң үшем ұлды болған отбасы үйсіз жүр (видео)
Үш қыздан соң үшем ұлды болған отбасы үйсіз жүр (видео)
Қазір көпбалалы отбасылардың жағдайы туралы қоғамда жиі айтылып жүр. Жасыратыны жоқ, қазір көшеге шығып, көңіліндегі мұңы мен өміріндегі тұрмыстық таршылықты жоғарыға жеткізгісі келіп жүргендердің дені осы көп балалы аналар. Олардың ең негізі проблемасы – баспана.
https://youtu.be/wgs-svVwTDU
Осыған орай, Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Степное ауылында тұрып жатқан көп балалы қандасымыз Бақыт Ержан хабарласып, мәселесін айтқан соң фото-видео камерамызды алып аталған шаңыраққа арнайы барып қайтқан едік.
Еске сала кетейік, газетіміздің (17 қыркүйек) №37 санында «Үшемнің ата-анасы үйсіз жүр» деген тақырыпта жарияланған мақалада Моңғолиядан көшіп келген қандасымыз Бақыт Ержанның шаңырағында өмірге келген үшемдер жайлы жазылған еді.
Ержан Бақыт – 1993 жылы 3 жасында Моңғолия елінен тарихи Отаны Қазақстанға көшіп келген. Қазақ елінде білім алып, 2011 жылы Алма Алданышқызымен отау көтерген. Ержан мен Алма Ақмарал, Ақбота, Айару есімді үш қызды тәрбиелеп отырған. Үш қыздан кейін биыл 28 шілдеде Айтуған, Күнтуған және Нұртуған есімді үшем дүниеге келіп, Ержан мен Алманың шаңырағы тағы да шаттыққа бөленді. Әрине, бұл бір отбасының ғана жеке қуанышы болғанымен, сирек кездесетін жайт.
Моңғолия елінен көшіп келген қандасымыз бұл күнде алты баласын арқалап пәтерден пәтер жағалап жүргенін, ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіру үшін бір баспана болса деген тілегін де айтқан еді.
Алайда бұл жағдай газетімізге жарияланса да, ата-анасы әкімге хат жазса да әкімшілік тарапынан мүлде жауап болмағанын айтып, налиды.
– Мен 1993 жылы келешек ұрпақ үшін Моңғолиядан атажұртқа көшіп келдім. Тіршілігіміз жаман емес, Аллаға шүкір. Төрт баламен келген едім. Екі ұл, екі қызды осында оқытып, жеткіздім. Екі ұлдан үш-үштен алты немерем бар еді. 2020 жылы 28 шілдеде үлкен қуанышқа кенелдік. Бір күнде тағы да үш немерелі болдым. Дүниеге үшем келді. Содан бері әулетімізде қуаныш. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы облысының бір отбасында үшем дүниеге келіп, қала әкімі олардың ата-анасына бірден кезектен тыс пәтердің кілтін сыйлап, құттықтап жатқанын телеарнадан көріп тамсанып едім. Шіркін, неткен бақытты отбасы, бізде де осындай болса ғой деп. Сол қуаныш бізде де болды. Алайда бір «әттеген-айы» елімізге үшем келіп жатыр екен деп бірде-бір әкім-қара құттықтап, елеп-ескермеді. Пәтер беру былай тұрсын. Біз қаланың шетіндегі ауылда тұрамыз. Келін декретте. Сондықтан қазір ұл мен келінім бізбен бірге тұрып жатыр. Әжесі екеуміз үшемге қарасамыз. Ұлым Ержан 60 шақырым жерден қалаға қатынап, жұмыс істейді.
Ержан мен келінім – Алма Алданышқызы астанада жұмыста болғандықтан пәтер жалдап тұратын еді. Нұр-Сұлтан қаласында тіркеуде. Бұрын үш қызы бар еді, енді үшем дүниеге келді. Үшем туды деп кезектен тыс үй бермесе де, көпбалалы ата-ана атанып отыр. Осы жайлы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке арнайы хат жазып едік, хат әкімнің қолына жетпей ме, әйтеуір төмендегі қызметкерлерінің бірінен «қарастырылады» деген сыңайда сырғытпа жауап келді, – дейді үшемнің атасы Бақыт Мүсайыпұлы.
«Ақмарал, Ақбота, Айару есімді үш қызымнан кейін артынан бір ұл ерсе деп жүрген едім. Алла еселеп, үш ұл берді. Енді мемлекеттен жеңілдік болып, осы ұл-қызымды өсіретін бір үй болса деп жүрміз» – дейді үшемнің әкесі Ержан.
Заң не дейді?
Есте болса, «дүниеге келген үшемнің ата-анасына кезектен тыс үй беру керек пе, жоқ па?» деген мәселе осыдан 5-6 жыл бұрын Парламентте қызу талқыланды. Дәлірек 2014 жылы «Қазақстан Тұрғын үй қатынастары жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде сол кездегі Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов: «Жергілікті атқарушы органдар үшем босанған аналарды қолдап, оларға отын, азық-түлік және басқа да қажетті заттар ұсынып, қолдау білдіреді. Бірақ үшем босанған аналарды үймен қамтамасыз ету турасында заңнамалық деңгейде нормалар қарастырылмаған. Сонымен қатар көпшілік қалаларда бос тұрған үй жетіп артылады, біз оларды дұрыс қолдануымыз керек. Біз кедергілерді қолдан жасамауымыз қажет, бұл біздің әлеуметтік саясатымызға қайшы келеді. Керісінше азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету жолдарын ойластыруымыз керек», – деп, бастама көтерген болатын. Сенатор Ертарғын Астаев: «Бізде «Алтын алқа» алған аналар – 74 мың, ал ата-аналардың ешқайсысы да үшем босануды жоспарламайды, бұл – табиғаттың сыйы. 2013 жылы 50 ана үшем босанды. 2014 жылы үшем босанғандардың саны 43-ке жетті. Бұдан шығатыны, егер біз оларға баспана беретін болсақ, онда жыл сайын 350-400 миллион теңге жұмсалады екен. Бұл сонша көп қаржы емес», – деп Айтахановтың бастамасын қолдаған еді. Алайда Айтахановтың үшем босанған аналарға кезектен тыс баспана беруді ұсынған бастамасын Үкімет «бұл – бюджетке шығын келтіреді» деп мақұлдамады. Содан бері бұл мәселе жабулы күйі қалды. Өйткені Парламентте «бұл мәселе әлі де қарастырылады» деп уәде етілген еді. Әйткенмен, ештеңе өзгерген жоқ. Сондықтан бұл жағдай жыл сайын алдымыздан шығып келеді. Үшем туған ата-ана баспана ала алмай жүргенін айтып шағымданатынын құлағымыз шалады. Зерттеушілердің мәліметіне қарағанда, жылына елімізде 40-50 үшем дүниеге келеді екен. Ал кейде ақпарат құралдарынан «үшем дүниеге келіп, ата-анасына әкімшілік пәтердің кілтін беріпті» деген жаңалықты естіп, көріп қаламыз. Мұндай жағдай көбінесе мереке қарсаңында болады. Өйткені Қазақстан Тұрғын үй қатынастары заңында «үшем туған ата-анаға кезектен тыс үй берілсін» деген норма болмағанымен, «мүлде берілмесін» деген шешімі тағы жоқ. Сондықтан сарапшы мамандар мұндай отбасыларға жергілікті әкімшіліктің жеке қорынан кезектен тыс баспана берілу мүмкіндігі қарастырылатынын айтады.Бақытбек ҚАДЫР
Сюжетті жасаған
Нұржан ТҰРҒЫМБАЙ