Ресейде қазақ газетінің шығып тұруы үшін ақысыз жұмыс істейміз

Ресейде қазақ газетінің шығып тұруы үшін ақысыз жұмыс істейміз

Ресейде қазақ газетінің шығып тұруы үшін ақысыз жұмыс істейміз
ашық дереккөзі
451
Қиыр жайлап, шет қонған, атажұрттан шалғайдағы қан­дастарымыз үшін ұлттық мәдениеттің қазығынан ажырамау – аса маңызды. Соның ішінде тілді  ұмытпау, салт-дәстүрді дәріптеу, тарихты түгендеу мәселелері өзектілігін жоғалтпайды. Ал осының барлығын бір арнаға тоғыстыратын баспасөздің орны тіптен ерек. Шетелдегі қазақ басылымдарының саны көп емес. Бірақ еңбектері ерен. Сондай үнжарияның бірі – Ресейдің ең көп қазақ тұратын Омбы аймағынан шығатын «Омбы қазақтары» газеті. Жақында 50-саны шығатын газет туралы «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының негізін қалаушы Торғын Әшеновамен сұхбаттасқан едік.  width= – «Омбы қазақтары» газеті қашан­нан бастап шығады? Газет шығару идея­сын кім ұсынды, негізін кім қа­лады? – 2014 жылғы Наурыз мерекесі қар­саңын­да Омбыда үлкен жиналыс өткен бо­латын. Міне, сол жиналыстан бастап біз га­зет шығара бастадық. Газет шығару идея­­сын сол кезде Аймақтық қазақ ұлт­тық мәдени автономиясы ұйымының бас­шысы Бакулин Бота Зейнилхабиденұлы айт­қан болатын. Ол кісінің идеясын біз қол­дадық, одан соң 5-6 адамның басын бі­ріктіріп, «Омбы қазақтары» газетін шы­ғара бастадық. Басты мақсатымыз –осы жақта тұрып жатқан қазақтардың өз газеті болсын дедік, өзіміздің тарихымызды, ауылдарымыз, ел мақтаныштары туралы жа­замыз деп ойладық. Алғашында га­зе­тіміз­дің бірінші саны 4-ақ бет болды, А4 фор­матында, ақ-қара түсте басылып шық­ты. Солайша 500 газет бастық, оны іс-ша­ра­мызға келген 500 адамға таратып берген едік. – Газет тек қазақ тілінде шыға ма? Ресейде қазақ газетін шығару қиын еке­ні айтпаса да түсінікті ғой, оқыр­ман­дарыңыз қанша, жалпы газеттің таралымы қандай? –  Газетіміз екі тілде шығады. Шынын ай­ту керек, көбінесе орыс тіліндегі материалдар шығады. Себебі газеттің редакциясына кірген жастар орыс мектептерінде оқыған, орысша жаза алады, бірақ қазақша жаза алмайды. Сонымен қатар газет шыға бастағаннан кейін Омбыда тұратын ақ­сақалдар бізге көмек етіп, қазақша сұх­бат, қазақша мақала жазып отырды. Газе­тімізді оқитын оқырмандардың басым бө­лігі жасы үлкен адамдар болғандықтан, қазақша жазылған мақалалар, әлбетте жақсы оқылды. Екінші рет газет шығарғанда біз газетті А3 форматқа өзгерттік. Бет саны бесеу-ақ болды. Жарты жылдан соң газетті ресми түрде тіркеп, куәлік алып, халықтың га­зетке жазылуына жағдай жасадық. Бар­лық 32 ауданның 20-сында оқырман­дары­мыз болды.  Сөйтіп, ол кезде нақты оқыр­мандарымыздың санын 300-ге жеткіздік. Бірақ 1 000 данадай газет шығып оты­р­ды. Артылып қалған газеттерді дү­кен­дерге сатуға қойдық, немесе әртүрлі іс-шараларда тарататынбыз, демеуші­ле­рімізге үлестіретінбіз. – Қазіргі уақытта газет шығару үшін қомақты қор, көп қаражат керек. «Омбы қазақтары» газеті қалай қар­жыландырылады? Редакцияда қа­н­ша адам жұмыс істейді? – 2015 жылы қала басшылығы бізге ар­найы грант тағайындап, 100 мың рубль кө­лемінде ақша берді. Ол ақшаға га­зе­тіміз­дің тиражын көбейттік. Оған қоса газет бетінің санын да көбейтіп, 8 бет бо­лып шыға бастадық. Газет шығару өте қым­бат әрі қиын процесс болғандықтан, қала әкімдігі қолдау білдірді, осылай газет­тің жұмысы одан әрі жүре бастады. Газет ашылған алғашқы жылда Бота есімді аза­мат демеуші болды. Келесі жылы қала әкім­дігі көмектесті. Үшінші жылы демеуші із­деп, жарнамамен айналысып, газеттің бе­тін 12-ге дейін жеткіздік. Материалдар да көбірек шыға бастады. Бірақ аздаған тоқырау да болды. Бір жыл газеттің жұмысы тоқтап, қаражат бойынша қиындық көрдік. Сөйтіп басылымның жұмысын бір жылға тоқтата тұрдық. Сол кезде газетте жұмыс істеген журналистер, беттеуші-дизайнер, фотограф, редактор, корректорлар ешқандй жалақы, ақша алмастан 100 мың қазақтың өз басылымы болсын, соны сақтап қа­лайық деген ниетпен басылымның жұ­мысын әрі қарай дөңгелетті. Бір жыл өткен  соң, биыл жаңа құрам жасақтап, редакцияны жаңарттық. Мәскеумен тікелей сөйлесіп, газетімізді Мәскеу газеттері каталогына қосқыздық. Редакцияның жаңа құрамында үш ақсақал бар. Олар көбінесе қазақ тілінде мақала  жазады. «Әзіл-оспақ», «Атадан қалған сөз» айдарларын жүргізеді. Салт-дәстүр туралы педогогика ғылымдарының докторы, профессор Әмірғазин мақала жазып отырады. Сонымен қатар осы бір жылдан кейін жасақталған газет редакциясының құрамына басқа ұйымның мүшелері де кірді. Көптеген жастар қосылды. Сондай жастардың бірі – бас редакторымыз – Нәзия Исакова. Бұған дейін «Замандас» атты газеттің редакторы болған. Біздің газеттің 5 номері осы Нәзияның басқаруы­мен шықты. Былтыр қала әкімдігі тағы да грант беріп, өзімізге баспа аппаратын сатып алдық. Сол аппаратпен газет шығарып жа­тырмыз. Бірақ редакцияға кірген адам­дар қазір еңбекақысыз жұмыс істеп жүр. Омбы жерінде 120 ұлт өмір сүріп жатыр. Солардың ішінде тек үш халықтың ға­на өз баспасөзі, өз газеті бар: немістердің, татарлардың, және біздің. Біздің де түпкі мақсатымыз сол еді. 100 мың қазақтың бір газеті болуы керек деп ойладық, осылайша өз ерік-жігерімізбен, өз күшімізбен газет шығара бастадық. Желтоқсан айында газетіміздің 50-саны шығады. Біздің га­зетіміз, атқарып жатқан қыруар ең­бе­гіміз бекер емес екенін білеміз. Біз тарихты сол газеттің бетіне қалдырып жатырмыз. Басылым Итар ТАСС-қа, Мемлекеттік Ленин атындағы бас кітапханаға, Омбы­да­ғы Пушкин атындағы облыстық кітап­ханаға жіберіледі, сол жақтарда сақталады. – Газетте қандай тақырыптар қам­ты­лады, қандай айдарлар бар, айына қанша рет шығады? Сол туралы да айтып өтсеңіз? – Газет редакциясында он шақты адам жұмыс істеді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, жастар да, үлкен кісілер де бар. Шама-шар­қымыз келгенше мақала жазып, сұх­бат аламыз. Газетіміз айына бір рет шы­ға­ды. Таралымы – 1000 дана. Қазір 2021 жыл­ға жазылу науқаны басталды. Алты ай­ға жазылу бағасы 400 рубльдей болады. Бізде жаңадан «Қара шаңырақ» атты жаңа айдар ашылды. Сол айдарға Нұр-Сұлтан қаласынан  Тұрар Саттарқызының  мақалалары шығып тұрады. Омбыда магистратурада оқитын ол осында қазақ газеті бар екенін естіп, біздің қатарымызға қосылды, қазақша мақалалар жазады.  Газе­тімізде «Ауылым менің», «Ел мақта­ны­шы», «Қара шаңырақ», «Атадан қалған сөз», «Жаңалықтар» сияқты тұрақты айдарлар бар. Қазақ басылымдарымен, қазақ газет-жур­налдарымен де бірігіп жұмыс істесек, жаңалық, ақпарат алмасып отырсақ деген ние­тіміз де жоқ емес. Сондай мүмкіндік бо­лып жатса, біз тек қуана қабылдар едік. – Әңгімеңізге рақмет!

Ділда УӘЛИБЕК

Серіктес жаңалықтары