631
Кеткендер көп, келгендер аз
Кеткендер көп, келгендер аз
Биыл қаңтар-қыркүйек аралығындағы 9 ай ішінде елден 21 мың адам біржола көшіп кеткен. Бұл ақпарат – Ұлттық статистика бюросының дерегі. Қоныс аударғандардың басым көпшілігі Ресейге кеткен, олардың саны 18 мыңнан асады. Екінші орында – Германия. АҚШ үштікті түйіндеп тұр. Осы 9 айда елге 9 233 адам көшіп келіпті. Айырмашылық – 11 846 адам. Осылайша көші-қон сальдосы теріс көрсеткішке шықты. Тек биыл ғана емес, 2017 жылы 37 704, 2018 жылы 41 894, 2019 жылы 45 231 адам шетелдің азаматы атанған.
Ал жалпы халық саны керісінше, табиғи өсімнің ықпалынан артып жатқаны мәлім. Бірақ келім-кетімдегі теңсіздіктің теріс көрсеткішке ауып кеткені сарапшыларды алаңдатып отыр. Олардың пікірінше, бұл жердегі басты мәселе санда ғана емес, эмигранттардың көбеюі сапаға да кері әсер етіп жатқан көрінеді. Енді Түркиядан баспана алу сәнге айналыпты. Жастар да сәті түссе елден кетіп қалуды мақсат тұтатын болған. Неліктен қазақстандықтар шекара асуға, шет елге көшуге құмар?
Сандар сөйлесін
Қаңтар-қыркүйек аралығында елден кеткен 21 079 адамның 19 032-сі ТМД елдеріне көшкен. Ал олардың 18,6 мыңы Ресейді таңдапты. Одан бөлек, Германияға 1 399, Америка құрама штаттарына 170 қазақстандық қоныс аударған. Осы 9 ай ішінде елге 9 233 адам келіпті. Мигранттардың 54,4 пайызы қазақтар болса, 21,1 пайызы орыстар, 4,4 пайызы өзбектер екен. Ал эмигранттардың 71,2 пайызы орыстар, 7,9 пайызы немістер, 7,1 пайызы украиндар және 4,3 пайызы қазақтар. Эмигранттардың саны бес жыл қатарынан өсіп, мигранттардан басым болып келеді. Соңғы рет ресми статистика бойынша сыртқы көші-қонның оң сальдосы 2015 жылдың ақпан айында байқалған. Бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда Қазақстанға келгендердің саны 15,4 пайызға ұлғайған, ал республикадан кеткендердің саны 38,4 пайызға қысқарған. Бұған пандемияның әсері бар, әйтпегенде биыл да жат елге қоныс аударушылар саны бұрынғыдан артық болмаса, кем түспес еді. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты трансшекаралық жолаушылар қатынасы шектелді. Пандемияға дейін, қаңтар-наурыз аралығындағы 3 ай ішінде 7,3 мың адам, ал қаңтар-маусым аралығындағы деректер бойынша 10 977 адам кеткен. Карантин уақытындағы соңғы үш айда 3 600-ден астам адам ғана көшіпті, бұл алдыңғы үш аймен салыстырғанда 2 еседей аз. Осы себепті 2020 жылдың сәуірінде соңғы бес жылда алғаш рет Қазақстанға келгендердің саны елден кеткендердің санынан асып түсті. Сәуір айында республикаға тұрақты тұруға 92 адам келіпті, ал шетелге 34 адам кеткен, яғни сыртқы көші-қонның оң сальдосы 58 адам болған. Мамыр айында сыртқы көші-қон сальдосы тағы да оң болды. Алайда, карантин шараларының жеңілдетілуі маусым айында сыртқы көші-қон сальдосының қайта теріс көрсеткішке шығуына (-1 204 адам) ықпал етті. Шілде және тамыз айларында бұл көрсеткіш тіпті өсіп, -2 708 және -2 635 адамға дейін жеткен.Эмигранттардың басым бөлігі – тарихи Отанына оралып жатқандар
Қоныс аударғандардың саны жағынан Қарағанды облысы, Ресеймен шекаралас Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары көш бастап тұр. Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, эмигранттардың 71,2 пайызы орыс ұлтынан және Ресейге қоныс аударғандардың үлес салмағы басым. Яғни, елден кеткендердің басым көпшілігі – өздерінің тарихи Отанына оралып жатқан орыс ұлтының өкілдері. Бірақ сарапшылардың біразы эмигранттардың басым бөлігі жоғары білімді азаматтар екенін алға тартып, ми күші азайып қалуынан қауіптеніп отыр. Жалпы, эмигранттардың елдегі білім сапасының төмендеуіне қандай да бір ықпалы бар ма? Жалпы адамдарды елден біржолата көшуге не итермелейді? Осы орайда сарапшы Мақсат Имандосовтың пікірін білген едік. «Әркім әртүрлі жағдаймен елден кетеді. Соған қарай себеп те сан алуан. Кейбіреулер оқып, білім алу үшін, енді біреулер жұмыс істеу үшін кетеді. Негізінен басты екі себепті атап өтер едім. Алғашқы себеп – ішкі жүйедегі кемшіліктер, жағдайдың жасалмауы, жұмыс орнының тапшылығы деген сияқты. Бізде осы жұмысқа орналасу жағынан қиыншылықтар көп. Ал шетелдерде бізбен салыстырғанда өндіріс болсын, басқа сала болсын өркен жайып, дамыған, сәйкесінше жұмыс орындары да көп. Екіншіден, негізі елден көшіп жатқандардың басым бөлігі орыс ұлтының азаматтары. Олар тарихи Отанына оралып жатыр. Десек те, екінші жағынан, мұндай жағдай тек қана бізде емес, бүкіл әлем елдерінде бар. Тіпті, Германия, АҚШ сияқты алпауыт елдерден де жыл сайын қыруар адам кетіп жатады. Ал эмигранттардың білім көрсеткішіне келетін болсақ, онда алаңдайтындай ештеңе жоқ. Олардың арасында жоғары білімділер де, орта білімі барлар да, білімі жоқтар да бар. Яғни, алаңдайтындай ештеңе жоқ. Бірақ бәрібір де, елімізде әлі де болсын жақсы өмір сүруге толық жағдай жасалмағанын ұмытпауымыз керек. Батыс елдерінде жалақы жоғары, өмір сүру деңгейі де соған сәйкес. Мысалы, инженерді шетелде мүлде жоғары бағалайды. Шетелде оқығандарға сол жақтан жұмыс ұсынса, әлбетте өзге елді таңдайды», – дейді Мақсат Имандосов.Негізгі себептердің бірі – жұмыссыздық
Расымен де, жұмыссыздық жастардың жолын бөгеп, жігерін құм ететін басты проблемалардың бірі болып тұр. 2020 жылдың II тоқсанындағы қорытынды бойынша, елімізде 453 971 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал 2018 жылы ЖОО түлектерінің 60 пайызға жуығы мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмаған. Осының бәрі айналып келгенде, жастарды несібесін өзге елден іздеуге итермелейді. Көшіп кеткен қазақтардың басым көпшілігін шетелдерге қызмет, жайлы өмір туралы арман жетелейді. Онымен қоса, бізге шетел көбінесе жарнама арқылы таныс. Туристерге де ол жақтың тек күнгей тұстарын көрсетеді. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ». Жалпы, мінсіз өмір болмайтыны қаперден шығып кетеді. Солайша, шетелде жазатайым жағдайға ұшырап жатқандар да жоқ емес. Еңбек мигранттарының әлемдік армиясы кеңейіп, қазір 164 миллион адамнан асқан. Бұл – Ресей халқының санынан көп көрсеткіш. Әлем бойынша әрбір бесінші қызметкер шетелдік екен. Дамыған елдер барлық еңбек көші-қонының 68 пайызын құрайды. Жалпы, бізде ғана емес, әлем бойынша, эмигранттар мен мигранттардың басым бөлігі өзге елден екі қолға бір күрек іздеушілерден құралады. Жұмыссыздықтан кейін бітпейтін баспана мәселесі бар. Қалтасы қалың байлар мен шенеуніктердің шетелден жарысып үй салуы басқа мәселе, қазір жағдайы жеткендердің көбі Түркиядан үй алуды «трендке» айналдыра бастады.Баспана үшін басқа жұртқа
Қазақстан жұлдыздарының Түркиядан жарысып баспана алып жатқаны туралы әлеуметтік желілерде ақпарат өріп жүр. Жарнамалап, бағасының арзан екенін айтып, елдің құлағына алтын сырға үлестіріп жүргендер де бар. Бірақ не дегенмен, біздің елде баспаналы болу – бұйыруы қиын бақ сияқты. «Түркиядан үй алып жатқан қазақстандықтар көп. Өйткені бұл жақта үй бағалары Нұр-Сұлтан мен Алматыға қарағанда әлдеқайда арзан. Мысалы, люкс кешендерде (хауыз, фитнес, консьержі бар) екі бөлмелі пәтерді 16-17 миллион теңгеге алуға болады. Кәдуілгі көп кабатты жаңа үйлерден екі бөлмелі пәтерді 8-11 миллион теңге шамасында таба аласыз. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласынан бұл бағаға бір бөлмелі пәтерді алу да мүмкін бола бермейді. Табылса да, көңілге қонымды, сапалы жөндеу жұмыстары болмауы мүмкін. Үй сатып алуда қиындық жоқ. Тек қана 3 пайыз мүлік салығы, 3 пайыз риэлтор кызметі үшін ақы төленеді. 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бері барлық алым-сатым риэлторлар арқылы жасалуы керек деген заң бекітілді. Шетел азаматтары тағы да мемлекеттік органнан үй бағасын растайтын кызмет үшін де экспертке ақша төлейді. Бұл шетелдіктерді алаяқтардан қорғау үшін ойластырылған», – дейді Измир қаласының тұрғыны Толғанай Төлеубай. Ал бізде баспана алу машақат, содан соң қарызын жабу да – машақат. Иә, баспанаға қатысты бағдарламалар көп, жарнамалары да жер жарады, бірақ көп нәрсе әлі де болса ескерілмей келеді. Банк тарапы қойған талап екінің біріне оңай емес. Пәтер жалдап тұрудың өзі көп адамның қалтасына едәуір салмақ түсіріп отыр бүгінде. Халық тапқан-таянғанының жартысын, тіпті одан да көбін пәтерақыға төлейді. Жастар үшін бұл екі есе қиын. Осы жылдың наурыз айында елдегі және әлемдегі дағдарысқа қарамастан, елімізде жылжымайтын мүліктің бағасы одан әрі өскен. Мәселен, көп қабатты үйлердегі жаңа пәтерлердің шаршы метрінің құны бір айда 0,1% пайызға, бір жылда 7 пайызға ұлғайып, 1 шаршы метрдің құны 297,2 мың теңгеге жеткен. Сондай-ақ наурыз айында пәтерлерді жалға алу ақысы да бір айда 1,6 пайызға және жылына 7,9 пайызға өсіпті. Біздің елге келуші мигранттардың барлығы дерлік қандастар екені белгілі. Осы баспана мәселесі қандастардың да бас ауруына айналғалы қашан.Қандастарға кедергі көп
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 10,9 мың қандасымыз қандас мәртебесін алған. Жалпы, 1991 жылдан бері елімізге 1 миллион 68,3 мың этникалық қазақ оралыпты. Бірақ бұрынғыдай емес, қандастардың көші біраз саябырсыған. Қандастардың алаңсыз, қаперсіз елге келуіне басты кедергі құжат мәселесі екені белгілі. Оған қоса қандастарға бөлінетін квотаның саны да жылдан-жылға азайып келеді. Азаматтық алу, ықтияр хат мәселелері де бөлек әңгіме. Әйтеуір азаматтық алдым-ау дегенде алдарынан баспана проблемасы кесе-көлденең тұрады. Жұмыспен қамтылатынына да ешкім кепілдік бермейді. Оған қоса, енді ғана көшіп келген қандасты жұмысқа қабылдамай қою фактілері де жиі кездеседі. Соның салдарынан шеттен келген қандастардың арасында баспанасыздар мен жұмыссыздар саны көбейіп жатыр. Ал биыл келген қандастардың 62,7 пайызы – еңбекке жарамды. Тағы бір айта кететін нәрсе – жергілікті зейнеткерлер мен қандас зейнеткерлердің екеуі де Қазақстан азаматы болса да, еңбек еткен жылдарын есептеу нормасы әр басқа. Қордаланып келіп, үлкен проблемаға айналып отырған осы қатарлы мәселелер қандастардың елге келуінің саябырлауына әкеліп отыр. Қандастар мәселесінің түбегейлі шешілуі әлі де болса біраз уақытты талап ететіні анық. Бір елден бір елге қоныс аудару – сананы өзгерту, мәдениетті, менталитетті ауыстыру. Яғни, атажұрты болмаса, адамға туған жерін, өскен ортасын тастап, бөтен елге, жат жерге кету оңай емес. Бірақ біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді деген тағы бар. Дегенмен де көші-қонның ел экономикасы мен демографиясына ықпалы зор екені белгілі. Әсіресе, біз үшін әрбір адам құнды да қымбат.Ділда УӘЛИБЕК