522
Ел ырысын еңбегімен еселеген ер
Ел ырысын еңбегімен еселеген ер
Тәуелсіздіктен тәтті, азаттықтан артық қадірлі ештеңе жоқ бізде. Осыны ойымыздың ұйығына ұйытқанда елдік мұрат-мүдде мұқалмайды. Жаратқанға сансыз шүкіршілік, егемен ел есебінде еңсе тіктеп, тұғырымызды нығайтқанымызға отыз жылға таяды.
Дамыған отыз елдің ортасына енеміз десек, әркім өз саласының саңлауын бітеп, арбасын өрге сүйресе жетеді. Жалған ұран, даңғаза мақтан, көпіре сөйлеудің заманы өткен қазір. Әлемдік бәсекенің қынындағы қылпып тұрған қылышы тайып кетсең тілерсегіңнен қиып түсуге әзір. Осындай бұрқ-сарқ қайнаған бәсекенің бел ортасында қазақ елінің «Қазфосфат» деген компаниясы да бар. Отыз ел дедік қой, дамыған отыз елдің қатарына енетініміз алдағы күннің еншісінде. Бір анық бар, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірген фосфор өнімдері әлемнің отызға жуық еліне экспортталады.
Тәуелсіз елдің экономикасына елеулі үлесін аттан салмай-ақ қосып жүрген ат үстіндегі азаматтың бірі – Мұқаш Ескендіров.
«Қазақстанның Еңбек Ері», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы», еліміздегі химия өнеркәсібі саласындағы іргелі компания саналатын «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіровтің егемен еліміздің өркендеуіне қосып келе жатқан еңбегі ерен.
Бірінші сүрлем: Бәйге тілеген бала
Екі-үш жылдың мұғдарында Мұқаш Зұлқарнайұлымен Алматыдағы бас кеңсесінде жүздесіп, жақын танысып, сұхбат алдым. Ат қып мінген ағаштың шыбығы тақым терін шып-шып шығарған бала күнінде кім болуды қалағаны туралы сұраққа былай деп еді. «Мен бала күнімнен прагматик болдым. Өмірге шынайы қарауды қалайтынмын. Рас, өзгелер секілді ұшқыш болсам, ғарышты игерсем дегендей арман менде болған жоқ. Мектепте мұртымыз тебіндегеннен бастап оқуды қалайда үздік бітірсем дегенді мұрат тұттым, мақсатыма жетіп, оқуды үздік аяқтадым». Мектептен түлеп ұшқаннан кейінгі тағдырының қалай таспаланғанының алдында айтудың реті келіп тұр. Мұқаш – Ескендірдің Зұлқарнайынның тұла бойы тұңғышы. Бүгінде Түркістан облысы атанып, түтіні жеке дара көкке сіңген өңірдің Сайрам ауданына қарайтын Қарасу деген ауыл бар. Кейіпкеріміздің кіндік қаны тамған мекен. Үйдің шаруасынан босаған Мұқашты іздеген достары химия пәнінен сабақ беретін Қоңыржан Талқанбаева есімді мұғалімнің үйінен табады екен. Сабақтан кейін де қосымша оқып, білгеннің үстіне біле түссем дегені ақыры мұратына жеткізді. «Біздің Мұқаш химия өнеркәсібінің дөй бастығы болады» деп әзілге сүйеген құрдастарының айтқаны дәл келді. Октябраттық ортаны көріп, комсомол қатарына өткенде қазақ пен орыс мектебінің оқушылары араларынан хатшыны сайларда кәдімгідей қызылкеңірдек айтысады. Саны басым орыс мектебінің оқушылары өз кандидаттарын кеу-кеумен тізеге басып жіберсе де комсомол хатшысы лауазымын алуға барын салатыны анық, саны басым, «көп қорқытады...» Ақыры бұл қызмет Мұқаш Ескендіровке бұйырады. Құдды бір Жоғарғы кеңеске депутаттыққа өткізгендей қуанған сайлаушыларының сеніміне селкеу түсірген жоқ. Спорттық сайыс, мәдени іс-шараларға мұрындық бола жүріп қоғамдық жұмыстарды алғаш осылай тізгіндеді. Жетпісінші жылдары да қарқыны қуатты болған «тимуршылар отряды» Қарасуда да қолға алынып, қарттардың шаңырағына қолғабыс ету, мұқтажға көмек көрсету де комсорг Мұқаштың менеджерлігі арқасында жүзеге асты.Екінші сүрлем: Қырық жыл бұрын қағылған қазық
Айтпақшы, 1977 жылы оқуға түскен, түбіт мұрты тебіндеген бозбала 1982 жылы кәсіби маман атанып оқуын тауысқанда институт басшылығы қырағы шәкіртті оқытушылыққа алып қалғысы да келген екен. Бірақ жас кадр Әулиеатадағы «Жаңа Жамбыл фосфор зауытына» бағыттаған жолдамасын жан қалтаға салып жолға шығады. Еңбек кітапшасының алғашқы бетінде «ауысым бастығы» деген сөйлем шиырланып, мөр басылған кезден жұмысқа кіріседі. Жас маман алты сағаттық межелі мерзімін өтеген соң да қайнаған қазандықтың қасында қалып, сыралғы кадрлардан сыр тартып, көп жайтты көңілге түйеді. «Мектепте жоғары класта, одан кейін институтта күзгі жиын-терімге апаратын. Сонда мен әрқайсымызға белгіленіп берілген нормадан қалайда асыра өнім жинауды мақсат етемін. Өзгелер күнделікті жиналуы тиіс 100 келі мақта өткізсе, менің жинағаным 120 келі тартатын». Қамшы салдырмай қатарынан оқ бойы озуды қалайтын ұшқырлығы фосфор зауытының қызыл жалынына қайласын арқалап кіргенде де ұшқындап, үдей берді. «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» №5 цехының ауысым шебері Мұқаш Зұлқарнайұлы арада бес жыл өткенде яғни 1988 жылы зауыттың партия ұйымының хатшысы лауазымына тағайындалады. Партия ұйымының хатшысы дегеніңіз саяси мәселелерге де тереңнен бойлай білуді талап ететін қызмет. Партия ұйымының съезд, жиналыстарындағы жайттарды хаттап отыру, тиісті талап-тілекті жіпке тізгендей қағазға түсіріп, қажетті қорытынды шығару да басқарушылық қабілетіңді шыңдайтын мектеп. Осындай сатылық өсу жолындағы жас маман 1990 жылы №4 цехтың басшысы болды. 30 жастағы жігіттің сары фосфор өндіретін цехты басқару тізгінін қолға алғанда сенімсіздік танытушылардан гөрі үміт артқандардың қарасы басым еді. Сол үміт ақталды да, 1992 жылы Мұқаш Зұлқарнайұлына «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» тауар өткізу және сыртқы экономикалық жұмыстар жөніндегі орынбасарлық қызмет жүктеледі. Бас директор орынбасары 1996 жылға дейін зауыттың шетелдермен байланысын нығайта түсуге білегін түре кірісіп, еңбегімен елеулі табысқа кенеледі. Осы жылы... иә осы 1996 жылы фосфор өндіретін кәсіпорында басқару кілті шетелдік инвесторлардың қолына өткенде қысқартудың көкесі жүрді. Тіпті, кейіпкеріміз де көппен бірге жұмыстан қысқарып кеткен болатын. Жарты жылдың ішінде зауыттардың жұмысы тоқтап, сүйменін сүйреткен кеншілер айлар бойы алмаған жалақысын ақырып сұрап көшеге шықты. Ақыры шетелдік инвесторлар да шатқаяқтаған шаруаны ретке келтіре алмасын біліп Қаратаудың қойнауындағы құтты ырысқа айналдыра алмай тастап кетті. 1998 жылы Мұқаш Зұлқарнай-ұлын «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» өндіріс кооперативінің директоры қызметіне шақырады. 1999 жылы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нарықтың талабына сай қайта құрылып, жұмысы өрге басқанда осы ұжымға қарасты «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» директоры болып бекітіледі. «Қазфосфат» өнімдерін шетелдіктерге насихаттап, экспорт көлемін арттыру мақсатында Мұқаш Зұлқарнайұлының тәжірибесіне сүйенген ұжым басшылығы жаңылыспапты. 2000 жылы білікті маман маркетинг департаментінің директоры сайланып, екі жыл өнімді еңбек етеді. 2002 жылы «Қазфосфат» маркетинг және тауар өткізу жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары лауазымына бекітіледі де, 2005 жылға дейін атқарады. 45 жасында Мұқаш Зұлқарнайұлын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметіне тағайындайды. Содан бері аттай 15 жыл, яғни бір мүшелден аса уақыт өтіпті. Осы жылдар мұғдарында Мұқаш Зұлқарнайұлы сүйреп келе жатқан керуен, бастап келе жатқан көш сүрінген де, жығылған да емес. Нарықтың қыспағы қос өкпеден кеу-кеулеп қысқанымен де, талай қиындық-кедергі кесе-көлденеңдесе де ұжымның ынтымақты бірлігі шайқаған дауылға да, сілкіген сергелдеңге де бой берген жоқ. Еліміздің экономикасына орасан үлес қосып келе жатқан «Қазфосфат» атауы әлем елдерінің алдында да абыройға ие. Төрт құрлықтың 30-ға тарта мемлекетіне фосфор өнімдері және минералды тыңайтқыштарды экспорттап отырған ірі өндіріс орны еңбеккерлерінің маңдай тері елдің игілігіне жарап отыр. Осынау ұжымды абыроймен басқарып, іскерлігімен дараланған басшы Мұқаш Зұлқарнайұлына Қазақстан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2008 жылы «Құрмет» ордені берілді. 2013 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Химия өндірісіне қосқан елеулі еңбегі бағаланып, Ресейдің І дәрежелі орденін («За заслуги перед химической индустрией России») кеудесіне тақты. Әр сілемін сөйлетсең қазыналы сырын ақтаратын Әулиеата жерінде, тарихы құтқа кенелген Тараз топырағында Жазылбек Қуанышбаев екі рет Еңбек Ері атағын алғаны белгілі. «Малшылар маршалы» деген ықылас-ілтипатқа ие Қуанышбаевтан кейін өндіріс саласында Еңбек Ері атағына 2015 жылы осы өңірден Мұқаш Ескендіров лайық саналды. Әділ шешім, талассыз таңдау. Тәуелсіз қазақ еліндегі ең беделді награданы Елбасы Н.Назарбаев беріп, айырықша ерекшелік белгісі бар Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін тақты. Жамбыл облыстық мәслихатының екі мәрте депутаты сайланды. Елдің атынан мінберге шыққан депутаттың қандай шаруа атқарғанын сайлаушылары таңдайы тақылдап тамсана айтады. Әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер, күрмеуі қиын шаруалар, кетеуі кеткен қым-қиғаш жұмыстардың тігісін жатқызып, қиюын келтіру мандат алған депутаттың міндеті деп санайды.Үшінші сүрлем: Әуресі көп әлем
Қаратау – қойнауын түртіп қалсаң қазынасы көрінетін өңір. Кен іздеуші геологтардың сызған картасындағы өлшем бойынша жүздеген шақырымға созылған фосфор кентасының қоры жөнінен әлемде екінші орындамыз. Біздің алдымызда – мыңғырған малы болмаса да, тау-тау боп үйілген фосфоры бар Марокко елі. Қазақстан фосфор өнімдерін әлемнің отыздан аса еліне экспорттайды дедік. Жыл сайын өндірілген өнімнің 90 пайыздан астамы сыртқы нарыққа, қалғаны өз елімізде саудаланады екен. Енді осы экспорттың әуресіне тоқталайық. Алдымен 1 тонна сары фосфорды өндіруге кететін шығын – 2000 АҚШ долларына тең. Жыл сайын қымбаттайтын электр энергиясы, көгілдір отын, табиғи ғаз қала берді теміржол тасымалы. Уақыттың екпініне ілесе бұлардың қызметінің де құны қарыштап қымбаттап келеді. Теңізге тікелей шығатын жол болмаған соң да шекараның сыртындағы тасымалдау да таудай талап пен толағай күштің арқасында атқарылады. 2010 жылы АҚШ нарығына түрен салған «Қазфосфат» Үндістанға да Қаратудың қойнауындағы ырысты экспорттады. Латын Америкасы елдеріне де фосфор өнімдерін етене таныстырып, Бразилияға да сары фосфор тиелген біраз тең жөнелтіліп келеді. Кезінде атом бомбасын әзірлеуге сары фосфор пайдаланғаны белгілі. Бүгінде түрлі минералды тыңайтқыштар шығаруға да фосфордың осы бір бағалысын молынан қосады. Өнімнің негізгі қайнары Қарату мен Жаңатастағы кеніштерден алынады. «Қазфосфат» серіктестігі еліміздегі фосфор өндіретін ірі компания. Кен орындарына сүңгісін бойлата зерттеу жасап, фосфат кенін өндіріп, сары фосфор, минералды тыңайтқыштар һәм фосфат шикізатын шығарады. Химия өнеркәсібі, медицина саласы, ауылшаруашылығына қажетті фосфор минералды тыңайтқыштар, сары фосфор, триполифосфат, натрий, трикальцийфосфат секілді өнімнің жиырмаға жуық түрін шығарады. Әлемнің сауда алаңында қымбатқа бағаланатын сары фосфор жер бетінде төрт елдің ғана қойнауында жатыр: АҚШ, Қытай, Голландия және бізде. Нарық бәсекесінде бағасын бермейтін сапасы болған соң да «Қазфосфат» қазандығында қайнай-қайнай көбігі алынып, нәрі қалған өнімге ТМД елдері, Қытай, Жапония, Бразилия, Иран, Ауғанстан, Египет, Сирия, Голландия, Венгрия, Польша, Германия, Чехия, Словакия елдері де асқан қызығушылық танытады.Төртінші сүрлем: Кітап «кеміргіш» химик
Мұқаш Ескендіров өзін киноманмын дейді. Әлемдік киноиндустрияның жарқ еткен жаңа туындысы көпшілікке жол тартқанда жібермей көреді. Еліміздің де режиссерлері түсірген фильмдерді де қарап жүреді. Сонымен қатар тағы бір үйренетін қасиеті – кітап «кеміргіштігі». Химия өндірісі, маркетинг, менеджмент саласын дамытуға арналған бестселлер, әдеби кітаптарды іздеп, індетіп жүріп оқиды. Ауқымды ұжымды басқаратын директордың әуедегі сапары көп. Мұхит асып АҚШ-қа бара жатқанда қазақ ақындарының «теп-тегіс жұмыр келген» (Абай) өлең кітаптарын оқиды. Үндістанның үстінен түскенге дейін де қалыңдығы кереқарыс бір кітапты орталап тастайды. Қара теңізді көктей өтіп, Еуропа елдеріне жеткенше де сөмкесіндегі рухани байлықтың бағасын бағамдап барады. Сөз өнерімен «ауыратын» ақын-жазушылардың жанкешті еңбегін есінен шығармай, жамбылдық жас ақындардың жыр жинағын бастырып бергенін де білеміз. Жас ұрпақты көркем әдебиет оқуға баулуды қызыл сөзді сапырып, езуің көпіріп айтудан гөрі ісіңмен дәлелдегенің тез дариды. Ескендіров Жамбыл облысы бойынша кітап оқу марафонын бастап, әдебиетке сусаған буынға қомақты бәйге тікті. Облыстағы оқушылардың арасынан тай жарысқа мың жарымнан астам бала қатысып, бес айдың ішінде жиырма мыңнан аса шығарма оқылыпты. Сол жас ұрпақтың арасында қара үзіп шыққандары 80 кітапқа дейін оқып, таным көкжиегін кеңейтті. Оларға Қазақстанның Еңбек Ері Ескендіров қаржылай жүлдемен жарылқады. Екі жыл бұрын қазақ боксының алып қарағайы саналған Әбдісалан Нұрмаханов туралы естеліктер жинағын шығаруға демеушілік танытып, ауқымды істі атқарып қуантқан. Келесі жылы қазақ сахарасына волейбол спортының қазығын қағып, небір таланттарды түлеткен Октябрь Жарылғаповтың туғанына 90 жыл толады. Әуе допқа әуелден әуес Мұқаш Ескендіров жампоз Жарылғапов туралы баспаға дайын тұрған кітаптың да жарыққа шығып, оқырманның көзайымына айналуына азаматтық танытса деген де тілегіміз бар. Айтқанын орындайтын азаматтың риясыз жасаған, жарияға жар салмай істеген қайырымды істері қаншама! «Алпыс – талтүс», «алпыс – ал, піс» дейміз. Мерей жасыңыз қайырлы, құтты болғай, Мұқаш аға! Әдепті әке, абыройлы ата атанып немере сүйдіңіз. Шөпшектің алақанынан май асаңыз! Халық ақыны, бір өзі алпыс үйге пана болған Қапез Байғабылұлының «Өлгеннен соң құр жылар, Тірісінде кім жетер азаматтың бағасына» деген әні бар. Ат үстінде жүрген арыстарымызды қадірлеп, құрметтеп, қашанда тірісінде дәріптеуге Алла нәсіп еткей.Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
журналист,
Алматы қаласы