Қазақ ақыны бір сөзден тұратын кітап шығарды

Қазақ ақыны бір сөзден тұратын кітап шығарды

Қазақ ақыны бір сөзден тұратын кітап шығарды
ашық дереккөзі
297

Естімеген елде көп. Омбылық қазақ ақыны бір ғана сөзден тұратын кітап шығарды. Таңғажайып туындының таралымы – 1000 дана. Бұл туралы «Супер Омск» басылымына сілтеме жасай отырып egemen.kz хабарлады.

Омбы қаласында тұратын Елубай Бақтыбаев қазақ ақынының кітабы расында да бір ғана сөзден тұрады: «Ал содан соң сөз болды» («А после было слово») деп аталатын жинақта «Иә-ә-ә-ә…» («Да-а-а-а-…») деген сөзден басқа бір ауыз сөз жоқ. Ал оған дейін және кейін автордың алғысөзі мен түсіндірмесі берілген. «Мен мұны ұзақ зерттедім, сосын жұрттың осы сөзді қалай айтатынын байқай бастадым. Әлдеқандай бір жерде әлдебір нәрсе бола қалса, олар ойланып алып, «Иә» дегенді айтады. Бұл – қып-қысқа сөз, бірақ ол тұтас бір әңгімені, тақырыпты толық алмастыра алады. Егер оны әлдебір жерде ести қалсаң, айтып тұрған адамның не ойлап тұрғанын ойланып қаласың да, алдын орап кетесің», – дейді Е.Бақтыбаев. Осы әдеби туындыны жазу идеясы омбылық ақынға Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әкесімен сөйлесіп отырған кезінде келген екен. Ол жүріп өткен өмір жолдарын еске алғанда, әр жолы ойлы қалыпта дәл осылай: «Иә-ә-ә-ә…» дейтін көрінеді. Елубай Бақтыбаевтың өлең жазып, ақындық қырынан танылып жүргеніне біраз болған. Оның шығармалары интернетте жарияланып жүр. Орыстілді ортада өмір сүретіндіктен, көбіне орысша жазады. 2009 жылы өлеңдері мен қанатты сөздерден тұратын «Көкке құлақ түргенде» («Слушая небо») деген кітабын жарық көрген болатын. Автордың «Ал содан соң сөз болды» («А после было слово») атты туындысы әлі сыншылардың назарына іліне қоймады. Сондықтан бұл кітап туралы әзірге тұщымды пікір айтылған жоқ.

Серіктес жаңалықтары