"Қазақстан аумағы – Ресей тарапынан берілген сыйлық". Ресейдің мемлекеттік «Бірінші арнасында» РФ Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым комитетінің төрағасы әрі «Большая игра» бағдарламасының жүргізушісі Вячеслав Никонов осындай мәлімдеме жасады. Қазақстандағы белгілі саясаттанушы Айдос Сарым осы жайтқа қатысты пікірін білдірді.
Саясаттанушы РФ Мемлекеттік Думасы мен «Единая Россия» партиясы Никоновтың айтқан сөздері үшін көпшілік алдында кешірім сұрауы керек деп есептейді.
«Жаңа ғана ҚазТАГ ақпараттық агенттігінен ресейлік саясаттанушы Вячеслав Никоновтың Қазақстан мен Орталық Азия елдері туралы пікірін оқыдым. «Молотов–Риббентроп пактісі» деген атау алған кеңестік-фашистік астыртын әрекетке қатысқандардың бірі, коммунистік жендет, барып тұрған жауыздың немересі эфирде былай деді: «Қазақстан деген болған емес, Солтүстік Қазақстанға ешкім қоныстанбады. Олар Оңтүстікте өмір сүрді. Шын мәнінде, Қазақстан аумағы – Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйы. Ортаазиялықтарда да қиын сәттер болды!».
Ең жаманы, мұндай сөздер біздің еліміздің аумағына таратылатын Ресейдің мемлекеттік «Бірінші арнасының» эфирінде айтылды. Мұндай сөз «Единая Россия» билеуші партиясы өкілінің аузынан шықты. Мұны РФ Мемлекеттік Думасы Білім және ғылым комитетінің төрағасы, ресми өкілі айтты.
Бұл – ерсі және қорлайтын мәлімдеме! Ресейлік жазушы Александр Солженицынның «Как нам обустроить Россию?» мақаласында осыған ұқсас ойдан шығарылған дүниелер жазылып, арандатушылыққа жол берілген еді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы онжылдығы осы дұшпандық мақсаттағы әрі жалған мақалаға жауап берумен басталғаны есімізде.
Қазақстан Тәуелсіздігінің үшінші онжылдығында да өзін Қазақстанның «стратегиялық серіктесі» және «бауырлас халық» ретінде көрсететін Ресейде де федералдық деңгейде осындай жуынды, мүлде өтірік контентті шығаратын саясаткерлер бар екені өкінішті. Мұндай әңгімелер Қазақстанның кез келген саналы азаматын, тіпті қазақтар мен Орталық Азия аймағының тарихымен таныс кез келген адамды қорлайды. Қазақтарға ешкім ешқашан бір метр де жер берген емес. Егеменді және Тәуелсіз Қазақстанның аумағындағы барлық жер ата-бабаларымыздың қанымен жаулап алынған.
Бұл жердің бәрі Қазақстанға тиесілі. Бұл тарихи құжаттармен, сондай-ақ көптеген халықаралық шартпен, оның ішінде соңғы 29 жылда Қазақстан мен Ресей арасында екіжақты форматта жасалған шарттармен және келісімдермен расталған! Бұл БҰҰ деңгейінде ресми түрде анықталып, бекітілген жерлер мен шекаралар.
Өз атымнан, «Nur Otan» партиясындағы әріптестерімнің атынан мұндай мәлімдемелерге жол берілмеу керек деп санаймын! Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы мен «Единая Россия» партиясы Никоновтың дөрекі, жалған тарихи мәлімдемелері үшін ресми түсініктеме беріп, көпшілік алдында кешірім сұрауы керек. Бұл біздің мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасқа көлеңке түсірді, – деп жазды саясаттанушы әлеуметтік желідегі парақшасында.
273
"Коммунистік жендеттің немересі халықтар арасындағы қатынасқа көлеңке түсірді" - Айдос Сарым
"Коммунистік жендеттің немересі халықтар арасындағы қатынасқа көлеңке түсірді" - Айдос Сарым
Саясаттанушы Айдос Сарым РФ Мемлекеттік Думасы мен «Единая Россия» партиясы Никоновтың айтқан сөздері үшін көпшілік алдында кешірім сұрауы керек деп есептейді.