200
Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы уақытша жабылды
Қазақстан мен Өзбекстан шекарасы уақытша жабылды
2016 жылдың 23 маусымында Өзбекстан Республикасы Зангиота бағытындағы шекаралық өкілдігінен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2020 әскери бөлімінің атына қызметтік хат келіп түсті. Онда аталған бағытпен азаматтарды өткізуге уақытша шектеу енгізілетіні хабарланған.
«Тараптардың Мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінен азаматтарды өткізу мәселелері бойынша өзара әрекеттестік аясында, 2016 жылдың 22 тамызынан 2016 жылдың 4 қыркүйегіне дейінгі аралықта өзбек-қазақ шекарасының автожолындағы өткізу бекетінен тұлғаларды өткізуге уақытша шектеу енгізілетінін хабарлаймыз», - делінген құжатта.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен хабарланғанындай мемлекеттік шекараның өткізу бекеттерінен мынадай тәртіптер бойынша өткізуге шектеу болмайды: дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар қызметкерлеріне; ресми делегация құрамында жүрген тарап азаматтарына; отанына қайтып келе жатқан тарап азаматтарына; жеделхаттар мен шақыртулары (туыстарының ауыруына байланысты, өлім-жітім шараларына қатысуға) және екінші тараптың әуежайынан ұшу үшін авиабилеттері бар азаматтарға; бір мемлекеттің аумағында орналасқан екінші мемлекеттің объектілерінде қызмет істейтін азаматтарға; халықаралық автокөліктік жүк тасымалын жүзеге асыратын тарап азаматтарының жүргізушілеріне.