538
Зауытбек Тұрысбеков: Соңғы жылдары қандастарды қолдауға бағытталған шаралар біршама серпін алды
Зауытбек Тұрысбеков: Соңғы жылдары қандастарды қолдауға бағытталған шаралар біршама серпін алды
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары
– Құрметті Зауытбек Қауысбекұлы, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлем қазақтарымен байланысты нығайта түсуге байланысты тапсырма берген болатын. Осыдан кейін шет елдердегі қазақтармен байланыс орнатуда қандай шаралар қолға алынды? Әңгімені осыдан бастасақ...
– «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі шет елдерде тұратын этникалық қазақтарды және тарихи Отанына оралған қандастарымызды қолдау бойынша жоспарлы жұмыстарды жүйелі негізде атқарып келеді. ҚР Үкіметінің шет елдерде тұратын этникалық қазақтарды қолдау туралы 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдауы және Елбасының бастамасымен «Отандастар Қорының» құрылуы аталған жұмыстарға айтарлықтай серпін берді. Осы шаралар шет елдерде тұратын қазақ диаспораларының ана тілін үйренуіне, білім алуына, тарихи Отанымен мәдени – гуманитарлық байланыстарды арттыра түсуіне жаңа мүмкіндіктер тудырып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласында Ресей, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Қытай, Швеция, Франциядан және тағы басқа елдерден келген қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесулер өткізілді. 2018 жылдың желтоқсанында Омбы қаласында Ресейдегі қазақтардың Кіші құрылтайы, былтыр маусым айында Мюнхен қаласында (ГФР) Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайы ұйымдастырылды. Биыл пандемияға байланысты бірінші рет Өзбекстандағы этникалық қазақтармен онлайн форматында Кіші құрылтай өткізілді.
Қазіргі ахуалдың шын жүзі көрсетіп отырғанындай, шет елдерде тұратын қазақтардың өз ана тілін, ұлттық және мәдени бірегейлігін жоғалтып алу қаупінің бары байқалады. Атап айтқанда, Ресейде тұратын қандастарымыз ең алдымен жастар арасында қазақ тілінің қолданыс аясы тарыла бастағанына алаңдаушылық білдіруде. Осы секілді жағдайлар Қытайдағы және Еуропадағы қазақ жастары арасында да орын алып отыр. Ал, 370-тен астам қазақ мектебі бар Өзбекстан мен Моңғолияда бұл мәселелер әзірге қанағаттанарлық жағдайда.
Осыған байланысты, шет елдерде Қазақ ұлттық мәдени орталықтарын құру жұмыстарын жандандыруды қолға алдық. Бүгінгі күндері Қазақ мәдени орталықтарымен және ұйымдарымен ынтымақтастық туралы 40-тан астам меморандумға Қор арқылы қол қойылды және оларды қаржыландыру бойынша шаралар қабылдануда. Ресей қазақтарына арналған арнайы пилоттык проект өткіздік.
– Шетелдегі қазақтарды тарихи отанына көшіріп алудың ең тиімді жолының бірі қазақ жастарын атажұртта білім алуына жағдай жасау. Бұл жөнінен қандай жұмыстар, қандай жобалар бар?
– Өсіп келе жатқан буынға бағытталған қолдау көрсетудің орнықты жүйесі қазіргі уақытта білім саласында қалыптасып отыр. 2019 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Республикалық «Балдәурен» сауықтыру орталығында дем алуы үшін шет елдерде тұратын қазақ диаспорасы балаларына 288 орын бөлінді. Өткен жылы Назарбаев зияткерлік мектебі базасында жазғы демалыс кезінде 150 бала үшін тарих, әдет-ғұрыптарды үйрету бағдарламасы міндетті түрде қамтылған жазғы тіл курстарын ұйымдастыру жобасы жүзеге асырылды. Осылайша, басқа да жазғы демалыс бағдарламаларын қоса алғанда, шетелдегі отандастарымыздың жалпы саны 600-ден астам ұл-қыздары еліміздегі балалар лагерлерінде дем алып қайтты. Атқарылған жұмыстардың осы форматы шет елдердегі этникалық қазақтардың тарихи Отанымен байланысын сақтау және арттыра түсу тұрғысынан алғанда анағұрлым тиімді екенін көрсетуде. Осыған байланысты балалар демалысына арналған орын санын жыл сайын 3000-ға ұлғайту жоспары пандемия біткен соң алға қойылып отыр. Бұл жұмыстың мағынасы өте зор. Біріншіден, қандастарымыздың балаларын бір-бірімен табыстырамыз. Содан, олар интернет арқылы бір-бірімен қарым-қатынас үзбейді. Ана тілін, салт-дәстүрді сақтайтын және ойларымен жүректері Атажұртқа тартып тұратын осы балалар болады.
V Құрылтайда берілген Елбасымыздың тапсырмасы бойынша шеттегі қазақ жастарын жоғары білім алуға тарту үшін оларға арналған ЖОО квоталары екі есеге арттырылып, 4 пайызға дейін жетті. Биылғы жылы дайындық курстарына шетелдегі қазақ балаларына 1300 орын бөлінген болатын.
ҚР ЖОО-ында ақылы негізде оқуға шетел қазақтарын шақыру бойынша жұмыс белсенді түрде жалғасуда. Атап айтқанда, бір ғана Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығының атсалысуымен былтыр 5 мыңнан астам этникалық қазақ жастары аталған жолмен тарихи Отанына тартылды. Биыл Шымкент медициналық институты және Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен осы жұмысты жалғастырудамыз.
Ана тіл мен ұлттық мәдениетімізді сақтау мәселесіндегі қатерлерді қаперге ала отырып, Қауымдастық пилоттық режімде, шетелдердегі этникалық қазақ отбасыларында жұмыс істеуі үшін, ЖОО білім бағдарламалары шеңберінде алғаш рет талапкерлер қабылдауды (50 адам) жоспарлауда. Бұл талапкерлер, тиісті мамандану процесінен өткізілгеннен кейін, гувернанттар институтына ұқсас, шетелдегі қазақ отбасыларының үйінде жұмыс істей жүріп, оларға ана тілі мен тарихын оқытатын болады.
– Егер шетелдегі қазақ бірден көшіп келуге мүмкіндігі болмаса біз олардың рухани-мәдени тұрпатын сақтап қалу бағытында да жұмыстар атқаруға тиістіміз. Сіздер бұл жөнінен қандай шешімге келіп отырсыздар?
– Мәселенің мәдени-гуманитарлық қырларын дамыту мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен ортақтаса шет елдерде тұратын танымал қазақтар туралы «Алыстағы ағайын» фильмдер циклі шығарлуда. 2018-2019 жылдары көлемінде 8 фильм түсірілді. Алғашқы екі фильм АҚШ-та тұратын, медицина, ІТ-технология, актуария салаларындағы білікті қазақ мамандары туралы. Үшінші фильм шетелдегі этникалық қазақтар тарихындағы қаһарман беттердің бірі – қазақтардың Гималай арқылы Қытайдан Түркияға қарай жасаған теңдессіз ерлік көшін баяндайды. Төртінші фильм – Мұстафа Шоқай туралы және бұл туынды тұлғаның өмірі мен мұрасын басты зерттеуші, этникалық қазақ, академик Әбдіуақап Қараның материалдарына негізделген. Бесінші «Ұлы көштің ұрпақтары» атты фильм Еуропадағы қазақтардың бүгінгі буынына арналған. Алтыншы «Азияның асау жүрегі» фильмі Түркияда тұратын академик, жазушы Қ.Қайратолланың естеліктері бойынша түсірілген. Ол шет елдегі қазақтардың өз құқықтары мен бостандығы жолындағы тарихи күрес жолдарының жарқын көрінісі Оспан батыр туралы. Елімізге оралған қандастарымызды фильмдер арқылы жетістіктерін көрсетеміз. Елімізге оралған белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы және білікті дәргер Хұрметбек Айнұр туралы фильмдер шығарылды.
Сонымен қатар, Ресей мен Қытайдағы қазақтардың ұсынысы бойынша ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен ортақтаса отырып, қазақ халқының мәдениеті, дәстүрі және әдет-ғұрыптары, сондай-ақ, белгілі тарихи тұлғалары туралы роликтер түсіру жобасы жүзеге асырылуда. 2018 жылы 4 ролик жасалып, көрсетілімі ұйымдастырылды: «Қорқыт ата» мұрасы туралы, қазақ халқының әдет-ғұрыптары туралы, «Асар» жобасы және мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы. Жақын арада тағы 17 ролик дайындалу үстінде.
«Отандастар» Қорымен бірлесе отырып кең ауқымды «Дәстүрлі қоржын» жобасы іске асырылуда. Жобаның басты мақсаты – қазақ мәдени орталықтары мен бірлестіктерінің ең қажетті ұлттық киімдер, аспаптар және көрмелік бұйымдарға деген негізгі сұраныстарын қамтамасыз ету.
Шетелдегі қазақтарды қолдау шараларының арасында қандастарымыздың ішінде танымал бірнеше іс-шаралар бар. Атап айтқанда, 2018-2020 жылдары «Қасиетті қазақ елі» және «Киелі Қазақстан» фестивальдері Нұр-Сұлтан, Маңғыстау, Түркістан облыстарында ұйымдастырылды. 2018 жылы Қауымдастық пен Павлодар облысының әкімшілігі бірлесіп, 6 елден қазақ диаспорасының өкілдері «Ұлы дала» атты этнофестиваль өткізілді. Аталған іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Құрылтайда Елбасы тарапынан шетелдерде түрлі салаларда еңбек етіп, көзге түсіп жүрген белсенді қандастарымыз бен іскер тұлғалардың қаржылық, экономикалық және іскерлік мүмкіндіктерін ел игілігіне жарату тапсырылған-ды. Осы тұрғыда 2019 жылы Ресейде, Европа елдерінде, Өзбекстан, Моңғолия және тағы басқа елдерде бизнес-форумдар өткізілді. ДҚҚ әлемге белгілі травматолог-хирург Жолдас Құлжанов пен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол жеткізілді. Мальта елінің азаматы, қазақ Нұртай Кенжебековтің «Alem» бағдарламалау мектебін Нұр-Сұлтан қаласында ашуға қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен "Отандастар" қоры қандастарға бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін, сондай-ақ басқа да бірқатар қызметтерді (ақпараттық, заңдық, медициналық және білім беру) ұсынатын Нұр-Сұлтан қаласында және басқа облыс орталықтарында байланыс орталығын құрды. Фронт-офистерге хабарласып, өзіне керек ақпаратты толыққанды алуда. Олар жиі қойған сұрақтар тізімінде жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек алу, құжаттандыру, азаматтық алу, ықтиярхат мәселесі, сондай-ақ білім алуға қатысты сауалдар болды.
– Елбасы бастамасымен болған ұлы көш соңғы жылдары саябырсып қалған сияқты. Құрылтайдан кейін елге келген қандастардың жұмыспен, баспанамен қамтылуы жөнінде не айтасыз?
– Өзбекстан, Қытай, Ресей және Моңғолияда тұратын этникалық қазақтар төңірегіндегі ағымдық ахуалды талдаудың бастапқы қортындылары көрсеткеніндей, жүйелі мемлекеттік қолдау болған жағдайда отандастарымызды Атамекеніне қайтару процесін қайта жандандыруға болады. Бұл үшін азаматтық алу тәртібін жеңілдетумен қатар, қандастарды орналастыруға жаңа амал қажет. Мәселен 35-ке дейінгі жас мамандарды шақыра отырып, оларға тұрғын үй және жұмыспен қамту кепілдігін беру.
Аталған негізде Қауымдастық Шымкент қаласында атқарылған «Асар» жобасына ұқсас, Ақмола облысының Аршалы ауданында және Түркістан облысының Келес ауданында «Тұрғын үй және жұмыс» атты жаңа форматтағы агроқалашықтар салу пилоттық жобаларын соңғы үш жыл көлемінде жүзеге асыруда.
Аршалы ауданында 196 гектар жер телімі сатып алынып, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімшіліктерінің тиесілі құрылымдарымен 1282 нысанның (коттедж) құрылысын салу мәселесі келісілді. Жердің негізгі иелері оңтүстік өңірлерден келген және еліміздің солтүстік аймақтарында тұрып, еңбек етуге тілек білдірген «ЕХРО-2017» нысандарының бұрынғы құрылысшылары және олар негізінен қандастар болып табылады.
Агроқалашықта 3,5 мың жұмыс орыны құрылып, 300га жылыжай, ауылшаруашылығы өнімдерін сататын сауда орыны, жылқы өсіріп, байлайтын орталықтар құрылатын болады. Айта кетерлік жайт, көтерме базарға ауыл шаруашылығы өнімдері Қазақстаның оңтүстігінен, ол жақта да қандастардың өсіріп отырған өнімдерінен фьючерстік жолмен жеткізіледі. Бұл арқылы Нұр-Сұлтан қаласы арзан, сапалы және табиғи ауыл шаруашылығын жеткізіп тұратын отандық өндірушіге ие болады.
Сонымен қатар, Өзбекстанмен шекаралас Түркістан облысының Келес ауданында 300 және 180га суарылатын жерге басқа бір агроқалашық құрылысын салу жақын арада жоспарланып отыр. Ташкент қаласы тұрғындары тарапынан ет пен сүт өнімдеріне сұраныстың жоғары екені ескеріле отырып, аталған жоба экспорттық бағытта болып, кішігірім отбасылық мал фермаларын құру жағына қарай жүргізіледі. Бұл жерде тұрғын үй мен шаруа жайларын салу үшін әрбір шаруашылыққа 13 соттық жер телімін бөлу жоспарланған. Отбасылық фермалардағы өнім аймақта тұрақты сұранысқа ие болғандықтан халал негізде өндірілетін болады.
Осы секілді агроқалашықтар құрылысын салуды Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында да жоспарлап отырмыз. Ұсынылып отырған жоба шетелдердегі қазақтарды тарихи Отанына қайтару, оңтүстік өңірлерден еліміздің солтүстігіне қарай қоныстандыру, әлеуметтік қорғалмаған категориядағы қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін шешу және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша мемлекеттік талаптарға толығымен сәйкес келеді.
Бірнеше жылдық үзілістен соң, 2019 жылдың тамызында алғаш мәрте ұйымдасқан көш Қауымдастық пен «Отандастар» қоры күшімен жасалды. Нәтижесінде Моңғолиядан барлығы 13 отбасы Павлодар облысының түрлі ауылдық жерлеріне әкімшілік тарапынан алдын-ала дайындалған үйлерге орналастырылды. Көшіріліп алып келінген қандастарымыздың жол шығындарына дейін біздің тарапымыздан өтелді.
ДҚҚ және "Отандастар қоры" бастамасымен талқыланып жатқан «Қазақ картасын» енгізу туралы ұсыныс шет елдердегі этникалық қазақтар арасында оң қолдау тапты. Жобаның басты мақсаты шетелдердегі қандастардың тарихи Отанымен ауқымды мәдени-рухани, экономикалық ықпалдасуын күшейту, олардың арасындағы іскерлер мен талантты жастарды тарту. «Қазақ картасына» ие тұлға ҚР аумағында Қазақстан азаматы сипатымен бірқатар құқықтар иеленеді. Аталған бастаманың көкейтестілігі мен қажеттілігін ескере отырып, өзім бірнеше мәрте ҚР Мәжіліс депутаттарымен кездесу өткіздім.
Бұдан басқа, Нұр-Сұлтан қаласында пилоттық режимде қандастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында интерактивті негізде жұмыссыз қандастарды бір реттік еңбекке тарту жобасы іске асырылуда. Ресейлік компьютерлік әзірлемелерге негізделген бұл жоба жұмыссыздар мен уақытша жұмыс іздеушілер арасында танымал бола бастады.
– Енді Қытайдағы қандастарымыздың жағдайына тоқталсақ. Өзіңіз де білесіз, ол жақтағы қазақтар қысым көріп жатыр дегенді жиі естиміз. Қауымдастаық ондағы қандастардың жағдайларымен таныс па?
– Шетелдегі қазақтардың ұлт ретінде өсіп-өркендей беруі әрқашанда Дүние жүзі қазақтар қауымдастығының назарында. 2018 жылдан бастап, ҚР Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен бірнеше мәрте кездесіп, ҚХР-дағы этникалық қазақтардың жағдайын талқыладық. Сол жылы қыркүйекте ҚХР-дың ҚР-дағы Елшісімен кездесу өткіздім, онда ҚХР-дағы қазақ диаспорасының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, шешілу жолдарын қарастырдық. 2018 жылғы 30 қазанда Қауымдастықтың арнайы шақыртуымен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының делегациясымен Нұр-Сұлтан қаласында кездесу өтті. Этникалық қазақтарды ұстаудың әрбір фактісіне жедел ден қоюға, себептері мен салдарларын объективті қарауға және БАҚ-қа осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат беруге шақырдық. Қытай тарапынан қандастармен мәдени байланыстарды қолдау үшін Үрімжі қаласында ДҚҚ-ның өкілдігін ашу ұсындық. Осы сұрақ бойынша әлі күнге дейін ресми хабар келген жоқ. 2018 жылы Алматы қаласында Қытайдан келген қандастарымыз бен кездестім. Кездесу қортындысы бойынша ДҚҚ-ның өкілдері өтініш қабылдау үшін Алматы қаласына барды. Жұмыс тобын құрдық. Оған «Отандастар Қоры», «Отандас ел», «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің өкілдері кірді. Соның нәтижесінде қандастарды қабылдау барысында 125 өтініш түсті, оның 45-і Қытайдан келген қандастардың отбасыларына қатысты, 77-сі азаматтық алу мәселелері бойынша, сондай-ақ басқа да проблемалық мәселелер бойынша. Қандастарымыздың өтініштерін СІМ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Ішкі Істер министрлігі, ҚР Жоғарғы Соты басшылығының атына ресми түрде жолдадық. Жолданған хаттар шеңберінде бауырларымыздың көптеген мәселесі шешімін тауып жатты.
Шетелдегі және Қытайдағы қандастарымыз бен тығыз байланыстамыз. Біздің өткізген әрбір іс-шараларымызға Қытайдан келген қандастарымыз белсенді қатысып келеді. Әрі қарай да жалғаса беретін болады.