389
Елімізде 3 мың еріктіге QazCovid-in вакцинасы салынады
Елімізде 3 мың еріктіге QazCovid-in вакцинасы салынады
Премьер-Министр Асқар Мамин Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентіндегі ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына (ҒЗИ) барды.
Аталған ҒЗИ бүгінде отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың I және II фазаларын жүргізді. Зерттеудің алдын ала нәтижелері вакцинаның жоғары қауіпсіздігін, иммуногенділігін және тиімділігін 96% деңгейінде көрсетті.
Денсаулық сақтау министрлігі үш мың еріктіге клиникалық зерттеулердің қорытынды III кезеңінің басталуын мақұлдады. Бүгінде алғашқы еріктілер Алматы және Тараз қалаларының клиникаларында, ҒЗИ-да отандық вакцинамен егілді. 2020 жылғы желтоқсан айының соңына дейін үш мың еріктіні вакцинациялау аяқталады. III кезеңді өткізу үшін 10 мың доза көлемінде вакцинаның қажетті партиясы шығарылады.
Алдын ала болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамыры ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынатын болады. Вакцина алатындардың болжамды саны 2 347 000 адамды құрайды.