Суретші Марат Тұрғымбайдың жеке сурет көрмесі ашылды

Суретші Марат Тұрғымбайдың жеке сурет көрмесі ашылды

Суретші Марат Тұрғымбайдың жеке сурет көрмесі ашылды
ашық дереккөзі
581
Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында  ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерекесіне орай белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Марат Тұрғымбайдың «Ұлы дала бояулары» атты жеке көрмесі ашылды. Аталмыш іс-шара Қыздар университетінде бастау алған Суретшілердің халықаралық симпозиумы аясында арнайы ашылды. Көрмеге қылқалам шеберінің  әр жылдары салынған,  белсенді шығармашылық қызметінің түрлі кезеңдерінде жасалған 100-ге жуық туындылары қойылған. Өнерсүйер қауым назарына ұсынылған экспозициядан түрлі жанрдағы жұмыстарды, атап айтқанда адамдар оброзын әдемі сала білген портреттерді, түрлі табиғат суреттері бейнеленген пейзаждарды, сондай-ақ тарихи композицияларды да көруге болады. Суретшінің көрмедегі жұмыстары сюжеті бойынша да, олардың көркемдік баяндауы бойынша да айрықша сан алуан. Автор үлкен ауқымда салынған тарихи суреттерінде өткен мен бүгіннің сабақтастығы туралы, өз халқының рухани мұрасын сақтау қажеттегі туралы айтады. Экспозицияға «Мәңгі дала әуені», «Өмір-өзен», «Тау кеші», «Ханшатыр», «Қапшағай», «Қыз керуен», «Даламның оянуы», «Хан тәңірі», «Тоғыз құмалақ» «Қырдағы сағым» сынды шығармалары қойылған. «Көрме Қазақстанда ғана емес, есімі алыс шет елдерге де мәлім Марат Тұрғымбайдың шығармашылығын ұсынады. Суретшінің туындылары Қазақстанның өмірі мен табиғатынан және тарихынан сыр шертеді. Ол өз кенептерінде туған елі мен жерін, таулары мен жазира даласын асқақтата жырлайды, бала кезінен жаратылысқа құмартқан көктемнің ашық бояуларын береді. Марат Тұрғымбайдың картиналары ұлттық ерекшелігімен дара», дейді өнертану ғылымдарының кандидаты, көрменің кураторы Амир Джадайбаев. Атап өте кетейік, М.Тұрғымбайдың бұл көрмесі сонымен қатар, Қазақстанның белгілі суретшісінің туғанына 60 жыл толуына және шығармашылығының 40 жылдығына орайластырылып өткізілуде. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қыздар университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің деканы Жамал Әшірбекова оқу орынның құрметті ұстазы Тұрғымбай Марат Еңсебекұлының шебер де мықты ұстаз, өз ісінің білгір маманы екендігін атап өтіп, мерейтойымен құттықтады. Елімізге танымал суретшіні сонымен қатар, Ресей, Қытай, Корея, Польша, Армения, Қырғызстан, Венгрия, Финляндия елдерінен келген әріптестері де құттықтады. Ашылу салтанатында сөз алған Ресейдің белгілі суретшісі, Ресей Өнер академиясының мүшесі,  Константин Кузьминых, Өнертану ғылымдарының кандитаты, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының бөлім меңгерушісі Амир Жадайбаев, Польшадан келген танымал фотосуретші Дариус Ханкевич, Венгриядан келген қонақ Йожеф Горетить және тағы да басқа шетелдік және қазақстандық әріптес-достары суретшінің шығармашылығы жөнінде сөз етіп,   жүрек жарды тілектері мен ыстық лебіздерін білдірді. Өз кезегінде көрме авторы Марат Тұрғымбай: «Бұл менің 40 жылдық шығармашылық жұмысымның жеңісті жемісі деп білемін. Өнерде шекара жоқ, демекші, мен сонау алыстан келген барша әріптес-достарыма алғысымды білдіремін», деді. Тұрғымбай Марат Еңсебекұлы1956  жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. 1985 жылы Т.Жүргенов атындағы «Театр және көркемсурет» институтын бітірген. 1988 жылдан бері КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Марат Тұрғымбай өз туындыларын өзімізде ғана емес шет елдерге де мойындатқан, ұстаздық пен өнерді үйлестіре білген суретші, Қыздар университетінің құрметті ұстазы. Оның туындылары көптеген халықаралық симпозиумдар мен көрмелерге  қатысып жүлделі орындарды иеленген. Суретшінің қолынан шыққан туындылар қазақстандық және халықаралық көрмелерге бірнеше мәрте қойылған. М.Тұрғымбай кескіндемелік туындылармен қатар, кескіндемелік дәстүрлі және қондырғылы өнердің жарқын, көркем синтезіне деген икемін білдіретін гобелендердің де авторы. Суретшінің шығармашылық жұмыстары ҚР Суретшілер одағының қорында, ҚР мәдениет министрлігінің қорында, Орталық музей қорында, Түркия, Германия, Финляндия, Эстония, Ресей, Корей елдерінде және жеке адамдардың меншігінде сақтаулы. Марат Еңсебекұлы жастарға  сурет салуды үйретумен қатар, халқымыздың ұлттық  шығармашылық туындыларын талдай бiлудi, сол арқылы студенттердің көркемдiк талғамын, ұлтжандылық сезімін қалыптастыруда да аянбай еңбек етеді. Ішкі және сыртқы үйлесімділікке қол жеткізген ұстаз, өнер мен шығармашылық қиялдың шынайы қасиетін  шәкірттеріне ұғындырудан жалыққан емес. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен көрменің ашылуына қазақстандық және шетелдік суретшілер, өнертанушылар, мәдениеттанушылар, фотосуретшілер, ҚР Суретшілер Одағының, мұражайлар мен галерея өкілдері  қатысты.  

Серіктес жаңалықтары