2353
Сайлауға не үшін баруымыз керек?
Сайлауға не үшін баруымыз керек?
Бөріхан НҰРМҰХАМЕД,
саясаттанушы:
Заңды мойындататын жалғыз жол – сайлау
– Сайлау – белгілі бір кезеңге биліктің заңдылығын көрсететін, бекітетін саяси институттың бірі. Сайлау болмаса, заңды ешкім мойындамайды. Заңды мойындатқызатын, былай айтқанда дәлелдейтін жалғыз жол – сайлау институты.
Сайлау таңдау жасаудан бұрын, азаматтық құқықтық қатынасты жүзеге асыратын мүмкіншілік. Еліміздің басты құндылығы адам және оның өмірі, азаматтардың өзін қауіпсіз сезінуі десек, сайлаудың маңыздығы тіпті арта түседі. Өкінішке қарай, азаматтар мен сайлаушылар арасында еліміздегі сайлау жүйесіне деген сенімсіздіктің қалыптасқаны рас. Сенімсіздік тек қана сайлауға емес, сайлаудың артынан партияларға, партияның артынан саясаткерлерге, жалпы саясатқа, одан ары қарай Үкіметке, билікке дейін барады. Осы жағдайларды есепке ала отырып, жауапкершілікті сезініп, билік сайлауды таза, адал, әділ өткізуге тырысуы керек. Азаматтар сайлау институтын қолдап, қоғам ішінде саяси, мемлекеттік институттарға сенім туғызғымыз келсе, алғашқы қадамды бастау керек. Себебі қазіргі сенімсіздік келешекте Тәуелсіздігімізге, мемлекеттілігімізге үлкен зиян әкелуі мүмкін. Екінші мәселе, ең бірінші мұндай мәселені жастар айту керек.
Ал азаматтардың сол сайлауда таңдау жасауы маңызды. «Таңдау жоқ», «Лайықты саясаткер жоқ», «Менің дауысым ештеңе шешпейді», «Мен дауыс бергім келетін саясаткер тізімде жоқ» деген сенімсіз ойдың жетегінде кететін кезден өттік. Таңдау жоқ деп отырмай, сайлауға қатысып, дауыс беру керек. Азаматтық белсенділігімізді күшейтіп, әсіресе жастарға жол ашқанымыз дұрыс.
Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ,
саясаттанушы:
Дауыс беру арқылы да саясатқа араласуға болады
– Сайлаушылардың селқостығын саясаттану ғылымында абсентеизм дейді. Бұл әлемде бүгін ғана пайда болған жоқ. Америкада да, Еуропада да, біздің елімізде де бар жағдай.
Елімізде кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер сайлауға міндетті түрде қатысады. Бізде сайлауға қатысу деңгейі сондай бір төмен деп айта алмас едім. Қазір де мемлекеттік және тәуелсіз ақпарат құралдарында сайлау туралы айтылып жүр.
Егер сен дауыс беруге бармасаң, сайлаудан қалыс қалсаң, билікке келген саяси күштен ештеңе талап етпе деген қағида бар саясатта. Жұрттың бәріне саяси сауатты бол немесе саясаттанушы бол деу мүмкін емес, талап ете алмаймыз. Бүкіл бұқараны қамту да мүмкін емес. «Саясатпен сен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген ежелгі грек ғалымдарының сөзі және бар. Саясатқа араласу партия құрып, көшеге шығу деген сөз емес. Дауыс беру арқылы да саясатқа араласуға болады. Міндетті түрде саяси сауатты болудың қажеті жоқ. Өзінің тұрмысын, өмір сүру сапасын, қоршаған ортаның қауіпсіздігін, бала-шағасының болашағын ойлайтын адам міндетті түрде сайлауға қатысып, дауыс береді және саясатты түсінеді.
Сайлауға ешкімді қинап апара алмайсың, ол – адамның таңдауы. Бірақ көзі ашық кез келген азамат сайлаудан тыс қалмайды деп ойлаймын. Өзім кәмелет жасына толғалы президент, парламент сайлауынан қалыс қалған емеспін. Іссапарда болсам да уақыт тауып, тіркеліп, дауыс беремін.
Гамал ТҮЗЕЛБАЕВ,
Қазақстан Азаматтық
Альянсының вице-президенті:
Сайлауға неғұрлым көбірек адам қатысса, соғұрлым үлгілі өтеді
– Қазақстан Азаматтық Альянсы үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас орнатуды жалғастыра отырып, азаматтардың саяси сауаттылығын арттыру, оларға жағдай жасау, мемлекеттік шешімдерге қатыстыру бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Жалпы азаматтық қоғамның дамуы үшін азаматтар белсенді болуы керек. Сайлауға неғұрлым көбірек адам қатысса, соғұрлым сайлау үлгілі өтеді.
Халық депутаттармен кездесіп, олардың сайлауалды бағдарламаларында уәде етілген жағдайларды талап етіп, шешілмеген, түйінді мәселелерін ортаға салу керек. «Сайлауға барып дауыс берсек болды» деген көзқарастан арылып, халық сайлаудан кейін депутаттардан есеп талап етіп, міндетін дұрыс атқаруын бақылау қажет. Халық талап етсе, депутаттар ғана емес, мемлекеттік органдар да дұрыс жұмыс істей бастайды. Осылайша мұның барлығы азаматтық қоғамның дамуына алып келеді.
Әрбір мемлекеттік органдарда, әкімдіктерде азаматтық институттармен жұмыс істейтін уәкілетті, лауазымды адамдар бар. Олар – басқарма басшылары, облыс әкімінің орынбасарлары. Олар халықтың, елдің мұңын тыңдап, бірге көбірек жұмыс істесе, азаматтық позициясы белсенді болған сайын халықтың көзі ашық бола түседі. Адамдар өз құқығын қорғауға бет бұрған сайын мемлекет дами береді, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарады.
Арайлым БИМЕНДИЕВА