327
Аймағамбетов анасы далаға қуып жіберген кішкентай қызға қатысты пікір білдірді
Аймағамбетов анасы далаға қуып жіберген кішкентай қызға қатысты пікір білдірді
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ өткен онлайн-брифингте далада қалған кішкентай қызға қатысты пікір білдірді.
"Біз сол жерге арнайы топты, қамқорлық көрсету органдары мен ювеналды полицияны жібердік. Олар қазір тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Қыз баланың далада киімсіз отырғанын көргенде сөз тауып айтудың өзі қиын. Далада - қар, қыс, мен мұндайды түсінбеймін. Біреулер өз балаларына шыдай алмайды, енді біреулер балалы болуды армандайды. Өкінішке орай осындай сұмдық жағдайлар орын алып жатады. Осындай жағдайларда мемлекет өте жылдам әрекет етуі керек, - дейді министр.Оның сөзінше, әзірге қорытынды шығаруға ерте. Қазір мән-жайды анықтап, бұл жағдайдың қалай болғанына көз жеткізу керек. Дегенмен министр заң аясында ең қатаң жаза тағайындалатынына сендірді. Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 8 жасар қызын киімсіз көшеге қуып, 6 жасар баласын ұрып-соққан туралы ақпарат тараған еді. Полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Полиция қызметкерлері 35 жастағы әйелді анықтады. Тұрғын бұл әрекеті арқылы көршісінің кірқыстырғыштарын рұқсат сұрамай алып, ойнағаны үшін балаларын жазалағысы келгенін түсіндірді. Отбасы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті ювеналды полициясының алдын алу есебіне тіркелді", – деп хабарлады елордалық ПД.