231
Тән дертіне дәрі бар, жан дертіне не дауа?
Тән дертіне дәрі бар, жан дертіне не дауа?
Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жалғыз ғана вакцинамен коронавирус пандемиясының салдарын жою мүмкін еместігін мәлімдеді. Вакцина табылар, індет сейілер, бірақ оның зардабы мен әкелген шығынының орны біразға дейін тола қоймайды, кедейлікке, аштыққа, климаттың өзгеруіне немесе теңсіздікке қарсы вакцина жоқ дейді сарапшылар. Расымен де, дауасыз дерт шарасыз жұртты жан-жақтан қыспаққа алды. Коронавируспен қоса «коронакризис» ұғымы пайда болды. Қорқыныш пен үрейге қымбатшылық қосылып, қаншама ай бойы төрт қабырғада қамалған халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Содан да болар, айнала толған агрессия, ашу. Әлеуметтік желіде де негативті пікірлер одан әрі көбейе түскен.
Әлемдік індет – әлемдік күйзеліс
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа бюросының басшысы Ханс Клуге әлем халқының психикалық денсаулығына коронавирустың тигізген әсері ұзақ уақыт бойы сезілетін болады деген еді. Ауру жұқтырудан қорқу, жақын жандардың денсаулығына алаңдау, карантин, жұмыссыздық, қаржыдан қысылу сияқты қиындықтар жүйкеге ауыр салмақ түсіретіні айтпаса да белгілі.
Індеттің салдарынан болған қиындықтарды былай қойғанда, вирус жұқтырған адамдардың жүйке жүйесі зақымдалатыны да мәлім болды. Британдық неврологтардың пікірінше, SARS-CoV-2 ми мен орталық жүйке жүйесіне қатты зақым келтіруі мүмкін. Яғни вирус жұқтырған науқастың жүйке жүйесі қабынуы ықтимал.
Бұдан бұрын Халықаралық еңбек ұйымының сауалнамаларына сәйкес, 19-29 жас аралығында әрбір екінші адам мазасызданып, депрессияға түседі екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, көңіл күйдегі мұндай ала-құлалық басқа жастағы адамдарға да тән. Зерттеу нәтижелері қыс кезінде күйзеліс одан әрі көбейетінін көрсеткен. Сондықтан мамандар биылғы пандемия мен оның салдары халықтың психикалық денсаулығына үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып дабыл қағып жатыр.
Британдық The Lancet ғылыми-медициналық журналы оқшаулану мен карантин адамдардың психологиялық жағдайына қалай әсер еткені туралы зерттеу жариялады. Авторлар сонымен қатар белгілі әлемдік эпидемиялар кезінде немесе одан кейін жазылған психикалық денсаулыққа карантиннің салдары туралы жиырмадан астам мақалаларға талдау жасады (атап айтқанда, 2014 жылы Эбола індеті және 2003 жылы SARS). Көптеген мақалаларда оқшаулану мазасыздықтың, ұйқысыздық және эмоционалды тұрақсыздықтың жоғарылауынан кейінгі травматикалық синдромға (PTSD) және депрессияға дейін жеткізуі мүмкін екені жазылған.
Алайда бұл зерттеудің нәтижелерін қазіргі жағдаймен толық байланыстыруға болмайды, өйткені коронавирус пандемиясы тарихта алғаш рет әлем бойынша оқшаулануға алып келді. Пандемия аяқталмағаннан кейін бір нәрсені қорытындылау мүмкін емесі және бар. Бірақ қазірдің өзінде психологтар алаңдаушылық, суицидтік көңіл күй, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуі, сондай-ақ эмоционалды дисрегуляцияның өршігенін байқаған. Мұндай құбылулар, әсіресе коронавируспен ауыратын адамдарда жиірек анықталыпты. Зерттеушілер халықтың жүйкесінің нашарлауына карантиннің ұзақтығы, инфекциядан қорқу, көңілсіздік пен жалығу, азық-түлік пен тұрмыста пайдаланатын заттардың қоры жеткіліксіз болуы және жалған ақпарат әсер етіп жатыр деген байламға келіпті. Тек қана науқастар мен халық емес, бұрын мұндай жағдайды бастан өткермеген дәрігерлер де алғашында антидепресанттардың көмегімен жүргендерін айтқан еді. Алайда карантин барлық адам үшін ауыр болмағанын да атап өту керек, кей жандар үшін оқшаулану жайлы әрі ыңғайлы болған.
Психологқа жүгініп жататындар – 17-30 жас аралығындағы жастар
Елімізде психологқа бару, күйзеліс, депрессия ұғымдары қарапайым халық арасында жиі айтыла бермейді. Маман көмегіне жүгінетіндер де басқа елдермен салыстырғанда аз. Дегенмен індеттің әсері бізді де айналып өтпегені анық. Осы мәселе төңірегінде психолог маманның пікірін білген едік.
– Адамдар түрлі сұрақтармен келеді. Көбі әрине, пандемияға қатысты үрейден туған сауалдар. Онлайн кеңес бердік. Маған келген өтініштердің шамамен 40 пайыздан астамы коронавирусқа байланысты болды. Небір жағдай бар, кейбіреулер есікке қол созудан қорыққан. Тағы бір лек қабылдаған пациенттердің 60 пайызында қоғаммен қарым-қатынас қиындап, депрессия проблемалары туған. Моральдық қолдауға өтініш көп түседі. Негізінен психологқа жүгініп жататындар – 17-30 жас аралығындағы жастар. Оқшауланған соң оқуында, күнделікті өмірде мәселе көбейіп, стреске түскен. Бірде біздің қызметімізге логистикалық компания жүгінді. Сол мекемеде көп адам вирустан қайтыс болған екен. Сосын басқаларында қорқыныш пайда болған. Аймақтарда мұндай мәселенің көп екені анық, оларды қолдау қажет. Стреске түскен адам іштегісін ақтара алмаған соң, сыртқы ортаға небір агрессия білдіріп жатады, – дейді психолог Сандуғаш Құдайбергенова.
308 әйел қолдау көрсететін дағдарыс орталықтарына шағым түсірген
Одан бөлек пандемия отбасылық зорлық-зомбылықты да үдетіп жібергенін байқадық. Карантин жағдайындағы қатаң шектеулер бүкіл әлемде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларын күрт көбейтіп жіберген. Сәуір айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерриш отбасындағы зорлық-зомбылықтың жаһандық өршуіне куә болып отырмыз деп мәлімдеген еді.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, наурызда карантин басталғаннан кейін арада екі ай өтпей жатып зорлыққа үшыраған 308 әйел қолдау көрсететін дағдарыс орталықтарына шағым түсірген екен. Ал мұның тасасында беті ашылмай қалған қанша оқиғаның бары беймәлім. Біріккен Ұлттар Ұйымы маусым айында әлемде балаларға қатысты да зорлық-зомбылықтың күрт артатынын айтып дабыл қаққан еді. Осы мәлімдеме шындыққа ұласты десек, жаңылысқанымыз емес. Мәселен, қазіргі уақытта Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың бірлескен дерегіне қарар болсақ, балалардың жәбір көруі әдеттегіден 1,5 есе артқан. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында жыл басынан бері 150-ден астам отбасының балалары өз ата-анасынан зорлық көріп, есепке алынған. Сондықтан бұл мәселенің де алдын алмасақ, ушығар түрі бар.
Әлемді жайлаған індеттің елімізге жеткеніне де жылға жуықтап қалды. Кімге болсын, оңай емес. Қазір індеттің өзінен салдары қиын тиіп жатыр. Бұл жылды да тарих қойнауына жібереміз. Елдің бәрі ертеңіне үрке қараса да, жаңа жылдан жақсылық күтетіні айтпаса да түсінікті. Күйзеліс – жанның дерті, ал «жан ауырса, тән шыңғырады». Ішкі жан дүниенің дауылы сыртқа білінбей қалмайтыны тағы бар.