765
Егемендік тұғыры биік болғай
Егемендік тұғыры биік болғай
Егде тартқан жандардың өкілі ретінде айтарым: еліміз егемендікке қол жеткізген жылдары халқымыздың рухы көтерілді. Өйткені Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Тәуелсіздік – мемлекетіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі, қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ, ең қымбат қазына, асыл аманат. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Түсінген жанға бойға қуат, жігер беретін үлкен мақтаныш.
Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ, өнегелі өлшем тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің шежіресі. Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр».
Бүгінде егеменді Қазақстан әлемге танымал, дүниежүзілік Біріккен Ұлттар Ұйымында, сондай-ақ көптеген халықаралық ұйымдардың күрделі де, келелі мәселелерін шешуде бас қосатын, бейбітшілік пен халықаралық қарым-қатынаста, ұтымды ұсыныстар айта алатын мемлекет қатарында.
Мемлекет басшысы 2020 жылы халыққа Жолдауында ел игілігіне бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін (мемлекеттік басқару, кадр саясатын, шешім қабылдау жүйесін және оларды орындау жауапкершілігін өзгерту), жаңа жағдайдағы экономикалық даму (әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру, ол – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып, ұлттық табыстың өсіміне түсетін игіліктерді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифтілерді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өткір талабын міндетті орындау), сондай-ақ ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту, мұнда қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамту, ауыл шаруашылығын, көлік-логистика кешенін дамыту, теңгерімді аумақтық даму азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына басымдық беру тағы басқа да шешуші мақсаттарға бағытталған іс-қимылдар нақтыланғаны белгілі.
Биылғы тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлеген сөзінде ел Президенті Қ.Тоқаев әлемді жайлаған коронавирус жағдайында, басқа түскен қиындықтарды шешумен қатар әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету бағытында жасалып жатқан игі іс-шараларды тізбектей келіп, «Алдағы он жылдықта елді ілгері дамытып әрбір азаматтың лайықты тұрмысын қамтамасыз ету керек. Бұл кезеңде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Алдағы міндеттерді тиімді жүзеге асырсақ, орнықты даму жолына түсетініміз анық. Ұлттың басты стратегиялық қоры – адам капиталының сапасы. Білім беруде ұлттық мазмұн мәдени сипатын арттырып, тәрбиелік құндылығына зер салып, өскелең жастарымыз бойында адамгершілік қасиеттерін дамытуы қажет» деп атап көрсетті.
Қуантарлығы, білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік жаңа бағдарламасын іске асыруға ЖІӨ-нің 7 пайызды көлемінде қаржы бөлу көзделген. Бұл игі жоспар тиянақты орындалса, талапты жастар бойында белсенділік, қажырлық, іскерлік, ұйымдастырушылық (менеджер, кәсіпкер, қоғам қайраткері, көшбасшы) сияқты ұлағатты қасиеттер жинақталып, білімді, білікті, ұқыпты және жауапты іскер де, еңбекқор жұртқа айналарымыз хақ.
Сондай-ақ 2025 жылға дейінгі, 3 триллионнан астам теңге қарастырылған денсаулық сақтауды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның қабылдануы көңілге демеу береді. Қазақстанның бәсекелестік қабілеттілігін нақты ұлғайту үшін өзіміздің барлық күштерімізбен қорларды жұмылдырып, ұлттың бірлігін нығайтып, тәуелсіздіктің құндылықтарына қызмет ету әрқайсымыздың Отан алдындағы борышымыз екенін ұмытпайық ағайын!
Мемлекет басшысының «Ұлыларымыздың асыл мұрасы күні бүгінге дейін өзекті, ұлттың жаңа болмысы тұғырлы тұлғалардың өсиетінен, өнегесінен бастау алады. Тағылымды тарих пен кемел келешекті ұштастыру – рухани жаңғырудың басты шарты. Киелі Түркістанды түлету жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ұлыларды ұлықтап, тұлғаларды таныту – біздің бұлжымас саясатымыз. Біз бөспе акциялар мен шаралар форматынан айырыламыз, барлық жұмыстар барынша пайдалы және үнемді ұйымдастырылады. Экономикада, әлеуметтік салада, экологияда көлемді, кешенді, жүйелі шараларды іске асыруды жалғастырамыз. Барлық қалың бұқара топтарының қажеттіліктері мен мұқтаждықтарына, әсіресе әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға ынталы көңіл аударамыз. Елімізде саяси жаңарту процесін жалғастыру ниетінде «еститін мемлекет» қалыптастырып, демократиялық қайта құруға бағытталған әділдік пен тең мүмкіндік принциптерін іске асыру жаңа шабыт береді. Өскелең ұрпақ үшін дамудың барынша кең және тартымды белестерін ашамыз. Менің Президент қызметіндегі басты міндетім – әлеуметтік әділдік пен халқымыздың тұрмысының өсуі. Сондықтан мемлекеттің күнделікті назары біздің азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту. Тепе-теңдік және конструктивті саясатты дәйекті жүргізіп өзіміздің ұлттық мүддемізді қатаң қорғаймыз» дегені, «Отаным – жаным» деген жанның жарқын болашаққа деген сенімін нығайтады.
Әрине, ел тағдырын шешетін, егемендікті нығайтатын үлкен игі шараларды орындау үшін үлкен-кіші болып бойымыздағы Отанға деген сүйіспеншілікке сәйкес ауызбіршілікте қол ұстасып, беріле еңбек еткен жөн болар. Тек жақсы тілек жарты жолда қалмасын!
Нұридін БАЛҚИЯҰЛЫ,
М.Тынышпаев атындағы
Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ардагерлер кеңесінің төрағасы,
А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік және
Ақтөбе аймақаралық
мемлекеттік
университеттерінің
«Құрметті профессоры»