282
2021 жылы қандай кәсіп иелерінің ісі оңға басады – нумеролог маман пікірі
2021 жылы қандай кәсіп иелерінің ісі оңға басады – нумеролог маман пікірі
Жалпы, 2021 жылға арналған болжамдардың барлығы бір арнаға келіп тоғысады: бұл жылы шаруа еңбегі жемісті болады, ауыл шаруашылығы өркен жаяды, өндіріске байланысты кәсіп жақсы жүреді. Саясатта көбінесе консерваторлардың жұлдызы жанады дейді.
Келер жыл қандай жыл болмақ, қай жағынан қолайлы, нені басшылыққа алу керек, 2021 жылдың ерекшеліктері мен мүмкіндіктері жөнінде нумеролог Құралай Бақытқызы айтып берген еді.
– 2021 жылдың жыл саны – 5. Бұл сан – өзгеріс саны, сараптау саны деп есептеледі. Сол себепті келесі жылды жаһандану жылы деп атауға болады. 2020 жылы жаһанды жайлаған індет адамдарды бір деңгейге түсірді деп ойлаймын. Келер жыл әр адам өз қабілетін дамытатын жыл болмақ. Бұл көбінесе, мамандыққа қатысты емес, кәсіпке қатысты. Қолөнер, жер өңдеу, зергерлік, аспаздық, шаштараз, етікші сияқты қырларды дамытатын жыл. Түрлі оқу курстарына жазылып, өз-өзіңді шыңдауға, өз-өзіңді табуға өте қолайлы уақыт. Одан бөлек, шағын кәсіп өркендейтін, ескі, қатып қалған қасаң қағидалар мен стереотиптерді бұзатын, өз-өзіңді жаңа қырыңнан көрсетіп, үлкен жауапкершілік алатын жыл.
Әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көп көмек жасалатын болады деп ойлаймын. Кризистік орталықтар ашылуы мүмкін. Ашылмаса да, соны қажет ететін жыл болмақ. Биыл еріктілер жылы болғанын білеміз, келесі жылы да бұл жыл жалғасын тапқаны жөн.
Алкоголизмге, аутизмге шалдыққан жандарға, көпбалалы аналарға көп көмек көрсетілуі керек. Өйткені сондай жандар көмекке көбірек мұқтаж болуы мүмкін.
Онымен қоса, 2021 жылды металл жылы деп айтуға болады. Металл жылы металдың энергетикасы өте күшті болады. Нақтылықты қажет етеді және әділетті жыл. Адамның құқығын, қауіпсіздігін қорғау жылы.
Денсаулыққа келер болсақ, сүйек, аяқ, тыныс алу мүшелерін күту керек. Яғни пандемия келесі жылы да жалғасады деп ойлаймын. Жыл бойы емес, жылдың алғашы алты айы біраз ауырлау болуы мүмкін. Етті көбірек жеу керек. Батыс жаққа барып демалса, адам күш-қуат, мол энергия жинайтын болады.
Жаңа жылды сұр, ақ, күлгін, жылтыр, қола, алтын, күміс сияқты металл түстермен қарсы алған дұрыс.
Одан бөлек бұл жылы дүниеге келетін адамдар қоғамға өзгерістер әкелетін, күш-қуаты тасыған, болашақта патриот, елжанды, әлеуметтік, қоғамдық шараларға белсене атсалысатын жандар болады.
Ауыл шаруашылығын дамыту керек. Өйткені экономикалық жағдайды солай көтеруге болады. Кей жылдар құрылыс, сәулет өнеріне және т.б қолайлы болуы мүмкін. 2022-2023 жылдары туризм, экспорт-импортқа оңтайлы. Ал биыл, жаңа айтып өткеніміздей, ауыл шаруашылығын дамытатын жыл. Медицинаны да дамыту керек. Өндіріс, өнеркәсіп көп ашылуы керек, өйткені еңбектенуге өте қолайлы болмақ.
Келер жыл – сиыр жылы, ал сиыр, тұрақты мекенде тұратын түліктің бірі. Сондықтан баспана мәселесіне қатысты көптеген күрмеулі мәселелер шешімін тауып, түрлі бағдарламалар пайда болады, баспаналы бола алмай жүрген жандар армандарына жетеді деп ойлаймын.
Қорыта айтатын болсақ, өзімнің жеке сараптамам бойынша, 2021 жылдан бастап жаңа дәуір басталатын сияқты. Бұрын да 1720, 1820 жылдары оба, испан тұмауы сияқты әртүрлі дерт әр 100 жыл сайын шығып отырған екен. Содан кейін жаңа бір дәуір басталып отырған. Расымен де, адамдар бейберекетсіздік пен қиындық туған шақта өзгереді. Ішкі түйсігі дамиды, өзіне расымен не керек екенін нақты сезіне бастайды. Табиғатты да аялауды еске түсіреді. 2020 жылғы қиындықтар сол үшін де болған сияқты. Келер жылы әркім жеке тұлға ретінде дамуы керек.
Қазақстанды жеке алып қарайтын болсақ, осы жолы 16 желтоқсанда телеарна эфирінен де өз болжамымды айтқанмын. Биыл еліміз тәуелсіздіктің 29 жылына табан тіреді. Ел бойынша жаппай оқу жылы болмақ. Кезінде «Жол картасы» сынды оқыту бағдарламалары болған еді, сол сияқты жобалар көбейеді деп ойлаймын. Маусым айының аяғына дейін (29-жұлдызы) денсаулықты күту керек. Одан әрі өсу, қарқынды даму байқалатын болады.