625
Нұрлан ОРАЗАЛИН: Ел тағдыры – қазақтың өз қолында
Нұрлан ОРАЗАЛИН: Ел тағдыры – қазақтың өз қолында
– Тәуелсіздік – кез келген ұлт үшін, ұлт пен ұрпақ үшін аяулы, асыл ұғым, киелі дүние. Тәуелсіз болғысы келмейтін ұлт жоқ, халық жоқ. Тәуелсіз болғысы келмейтін адам да жоқ. Тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті ұғымға ресми құжат жүзінде қол жеткізгенімізге биыл 30 жыл толады.
Өз басым осыдан отыз жыл бұрынғы жүрекпен сезініп, санамен аңғарған ақиқатты айтып отырмын. Ол кезде Қазақстанның тәуелсіз ел болып орнығарына Мәскеу де, алыс-жақын көрші-қолаң елдердің де біразы сене қойған жоқ. «Күтпеген жерден ыдырап бара жатқан алып империяның «парашютін» қалай бөліп аламыз, Қазақстан кімнің қолтығында кетеді, Орталық Азия кімнің жемсауында кетеді?» деген секілді әртүрлі жорамалдар айтылды. Кешегі Никонов пен Федоровтардың айтып отырған әңгімесі де, сол кезеңде басталған еді. КСРО-ның соңғы президенті Горбачев кетіп бара жатып «отқа май құйғандай» «Қазақстанның солтүстігіндегі 5 облыс Ресейге кіруі керек еді» деген болатын. Шығыста «Ертістің оң және сол жағалауы» болып бөлініп, автономия сұрап жатты. «Ертістің оң жағалауы Ресейге қосылуы керек, сол жағалауы Қазақстанда қалсын» деп талап қойды. Жайықта да тынымсыз жағдай орнықты. Жасыратыны жоқ, қазақ жерінде Тәжікстандағы азамат соғысынан да бетер «сұрапыл майдан» басталып кету қаупі болды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ойлаған сайын, санадан өткізген сайын, ең әуелі 1991 жылғы желтоқсан еске түседі. 90-жылдардағы аласапыран оқиғалар ойға оралады. Турасын айту керек. Қиын, күрделі кезеңде Тұңғыш Қазақ Президентінің туабітті харизма-
сы, көшбасшылық қабілеті көп рөл ойнады.
Тәуелсіздік деген киелі ұғым заңға дауыс берген депутаттарға қанат бітірді. Сол ұғым қанатында жүріп қаншама іргелі заңдар, конституциялық заңдар қабылданды. Қазақстаның Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы заңды талқылаған 360 депутаттың арасында жаңағы Оралдағы немесе солтүстіктегі сепаратистерді қолдайтын, солардың қолтығына су бүркіп отырған адамдар да болды. Құрамда Мәскеудің айтқанымен жүріп-тұратын өзіміздің басшылар аз болған жоқ. Аумалы-төкпелі кезеңде Тәуелсіздік туралы заң қабылдау қиынға соққаны рас.
Біздің ел – онсан қырғындарды басынан өткізген ел. Соның салдарынан ұлтымыз сапалық тұрғыдан да, сандық тұрғыдан да көп нәрседен айырылып қалды. Өз жерімізде өзіміз аз санды ұлт болу сорына жеттік. Өткен ғасырдың 90-жылдары байырғы ұлт ретінде санымыз 40 пайыз болды. Соған қарамай, тарихи сүзгіден өткен зиялы қауым өкілдерінің жұдырықтай жұмылған әрекеті Жоғарғы Кеңестің оң шешімдер қабылдауына мүмкіндік берді. Парламент құрамына кірген жазушылар мен академиктер, заңгерлеріміз бен экономистеріміз қуатты күш екенін анық аңғартты. Қазақ Елінің тәуелсіздігі білім мен парасаттың басымдығымен келді. Біз есімдері әлемдік деңгейде танылған тұлғалы кәсіп иелерінің арқасында, Президентіміздің ұстамды заңға, экономикаға жетік қабілеті мен беделі бәрімізді Назарбаев айналасына топтастырды. Соның арқасында егемендікке қол жеткіздік. Уақыт аласапыранынан аман өттік. Тәуелсіздік дегенде... Менің есіме өткен ғасырдың осындай қиын-қыстаулы кезеңі түседі.
Елдік тұтастығымызға осы кезеңде аса ауыр салмақ салған екінші бір тұс – сыртқы күштердің әралуан жолмен ішкі тіршілігімізге араласа бастағаны. Экономикалық топтар мен діни ағымдардың «шайқасы» күшейді. Ең қауіпті әрекеттер іске кірісті.
Көзін уқалап ашып, оң-солын толық тани алмай, өз қолы өз аузына жетпей жатқан жас мемлекетке не істеу керек еді? Әлемдік экономикалық жүйеге кірмей ел тірлігінің түзелмесі белгілі болды. Сол бағытта жаңа экономикалық реформалар өмірге келе бастады. Инвестиция тарту мен жұртты жұмылдыру арқылы, көпвекторлы саясат жүргізу арқылы өз жолымызды анықтадық. Соның арқасында Қазақстан әлемге кең танылды. Тағы бір мәселе – ұлт үшін аса маңызды мәселе – рухани кеңістігімізге діни ағымдар мен жемқорлықтың жарыса кіргені.
«Дүмше молда дін бұзар» дейді. Діннің жолбике түрлері көбейді... Бір отбасындағы тіл шұбарлығы дін шұбарлығына жалғасты. Соның салдарынан неше түрлі ағымдар қаптады. Тарихтан білеміз – ең қауіпті нәрсе – бір мемлекетте бірнеше дін мен түрлі наным-сенімдердің қатар өрбуі. Діннің ала-құлалығы қауіпті. Ата дініміздің айналасына берік топтасу керек! Әрине, бұл ғаламдық проблема. Қанша жерден зайырлы қоғам орнатсақ та, өмірімізді қиямет-қайымға айналдыруға болмайды. Діннің біртектілігі тіл мен ұлттың бір тектілігін қамтамасыз етеді.
Тіл мәселесінде де, мемлекеттік мәртебемізді бекіттік дегенмен түйткілді тұстар әлі бар... Өткен жылдың соңында Солтүстіктегі көршілеріміз де жер айналасында намысқа тиер әңгіме бастады. Бұл – сауатсыздық! Бұл –әлемдік саяси ахуалды ескермей айтыла салған «дүмшелік»! Кезінде Горбачев пен Солженицын айтып кеткен әңгімені кешегі мемлекеттік Думаның екі бірдей депутаты шала бүлініп, қайталады. Қалай болғанда да жақсы емес. Ресей депутаттары шоқ басып алды. Әлемнің озық ойлы саясаткерлері мен тарихшылары әңгімеге қызу араласып кетті. Ақылды саясаткерлер өзінің ең мықты одақтасы болып отырған көрші мемлекеттің жанды жеріне бұлай ине сұғып алғаны Ресей билігін қолайсыз жағдайда қалдырды. Билік ойлануы керек.
Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қалыптасқан либералдық-ұлттық буржуазияның өкілдері тәрбиеленіп шықты. Бірақ солардың көбі менің көңілімнен шықпайды. Оффшорларға ақшаларын жасырып, әдемі «замоктардың» тасасына тығылып алып, елді алауыздыққа, қырғынға шақырулары дұрыс емес. Алда-жалда қазақ елі іріткі салушылардың «қармағына іліксе», Орталық Азия кеңістігі адамның ақылы игере алмас аласапыран жағдайда болуы мүмкін... Құдай содан сақтасын! Онда біз қазақ елінің түбіне өзіміз жетеміз... Қазақ елінің тағдыры біз үшін қымбат! Тарихта бөлшектеніп, талан-таражға түскен, жоғалып кеткен елдер аз ба?! Қазақтың тағдыры қазақтың өз қолында! Біздің ұрпақ өзін, елін сақтағысы келсе, ең әуелі – парасатты түрде елдік мұратымыздың қайнары ұлттық идеологиямызды орнықтыруымыз керек. Жемқорлық бар. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Короновирус есімді індетпен күресті қалай жүргізсек, коррупция дейтін бұл індетпен де солай күресеміз!» деп ашық айтты. Ашынып айтты. Ылайым солай болсын!
Қазақтың қазақтан басқа досы бар дегенге сенбеймін. Қазақстан ең әуелі қазаққа керек! Қазақ есімді халыққа – қазақстандықтарға, сонан соң нарық айдап, шекара асып келген инвестиция салушыларға керек! Бай-бағландарға керек. Өмір, дәуір өзгеруде. Бізге туған елін шексіз сүйетін ақылды, саналы, жіберген қателерімізді түзейтін мықты ұрпақ керек. Тәуелсіздігімізді сақтаймыз десек, жан-жақты, қазақ тілінде сөйлейтін, қазақ тілінде ойлайтын, қазақ тілінде түс көретін ұрпақ қалыптастыруды күн тәртібінен шығармауымыз керек!