277
Вакцинаның дұрысы – дертіңе дерт қоспағаны
Вакцинаның дұрысы – дертіңе дерт қоспағаны
Коронавирусқа қарсы вакциналардың сынағы басталғаннан-ақ өтірік-шыны аралас ақпарат көбейді. Қай мәлімет рас, қай мәлімет шындыққа жанаспайды – анықтау қиын. Сол себепті де жалпы вакцинаға көп адам күдікпен әрі үреймен қарайтын болды.
Көптеген елде жаппай вакцинациялау басталып кетті. Жақында Денсаулық сақтау министрлігі биыл елімізде 10 миллион адамға коронавирусқа қарсы екпе салынатынын мәлімдеді.
Екпе мәжбүрлі түрде бола ма? Біз қолданғалы отырған ресейлік вакцинаға әлем қандай баға беріп жатыр, оның америкалық вакциналардан қандай айырмашылығы я артықшылығы бар? Неліктен таңдау Ресей вакцинасына түсті, өзіміз өндіретін вакцина қайда қалмақ? Осы сияқты сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Вакцина алу міндеттеле ме?
2 қаңтардағы жағдай бойынша, 29 елдің 10 миллионнан астам адамы коронавирусқа қарсы екпе алған. Өткен жылдың қарашасындағы мәліметке сүйенсек, әлем бойынша танымалы бар, расталғаны бар, жалпы 198 вакцина әзірленіп жатыр. Олардың тек санаулылары ғана қолданысқа түсіп, сынақтан өткізіліп жатыр. Pfizer және Moderna компаниялары әзірлеген алғашқы екі вакцина матрицалық РНҚ деп аталатын жаңа технология арқылы, рекордтық деңгейдегі тығыз уақыт ішінде жасалды. Алайда мамандар мұнымен вакцинаның қауіпсіздігін теріске шығарып, жеткілікті дәрежеде сыналмады деуге болмайтынын айтады. Вакцинаның жасалу технологиясына негіз болған зерттеулер біраз уақыттан бері жүргізіліп келеді екен. Біздің елімізде де отандық QazCovid-in деп аталатын коронавирусқа қарсы вакцина шығарылмақ. Ол үшін Жамбыл облысында вакцина зауыты салынып жатыр. Бірақ, 21 желтоқсанда Премьер-Министр Асқар Мамин Қарағанды фармацевтикалық кешеніне барып, ресейлік Спутник V вакцинасының өндірісін іске қосты. Премьер-Министрдің ресми сайты осы кешенде кезең-кезеңімен 2 млн доза вакцина өндірілетінін хабарлады. Ал 3 қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігі биыл елімізде 10 миллион адамға коронавирусқа қарсы екпе салынатынын мәлімдеді. Мәлімдемеде вакцина алу міндеттелмейді, әркімнің өз еркі екені айтылды. Дегенмен, 10 млн адам екпе салдыртуға келісе қоюы екіталай екенін ескерсек, бұл қаншалықты шындық екенін Денсаулық сақтау министрлігінен білген едік. – Вакцинаны 18-60 жас аралығындағы адамдар алады. Ақпанда басталатын вакцинация кезінде ешкімге де еркінен тыс екпе салынбайды, мәжбүрлеу болмайды. Ал айтылған 10 млн адам – вакцина қабылдауға мүмкіндігі бар адамдардың болжалды есебі. Қалған мәселелерді жауапты мамандар әлі де тексеріп жатыр, – дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Әсел Артакшинова. Ендігі кезекте таңдау неліктен басқа емес, Ресейдің Спутник V вакцинасына түсті деген мәселені анықтасақ. Бұл вакцинаның қандай артықшылықтары бар? Ал өзіміз өндіріп жатқан вакцина жайы не болмақ?Неліктен Спутник V? Өзіміз өндіретін вакцина не болмақ?
Қараша айының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл әлем бойынша 47 вакцинаны тіркеді, олардың 10-ы клиникалық зерттеудің соңғы сатысында болатын, солардың қатарына біз тапсырыс берген Спутник V вакцинасы да енді. Ресей ғалымдары Спутник V-дің тиімділігі 92 пайыз деп мәлімдеме жасады. Қазір қоғамда неліктен Американың немесе басқа шетелдің вакцинасы емес, Ресей вакцинасын алмақпыз деген сұрақ көп адамды мазалайды. Сонымен қатар, Pfizer вакцинасын Қазақстанға жеткізу жоспарланып отырғаны туралы жаңалық та пайда болды. Осы мәселелерге қатысты ҚазҰАУ жанындағы Халықаралық Вакцинология орталығының директоры, профессор Қайсар Табыновтың пікірін білген едік. Маман басқа вакциналардың Қазақстанда қолданылу мүмкіндігі екіталай болуы Спутник V вакцинасын таңдауға ықпал етіп отырғанын айтып, егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. – Маман ретінде, Спутник V-дің ешқандай артықшылығын көріп отырған жоқпын. Дегенмен, бұл жердегі ең басты фактор – бұл вакцина қазіргі таңда біз үшін қолжетімді. Pfizer, Moderna компаниялары шығарған немесе Ұлыбритания, Индонезия елдерінде тіркелген вакциналар қазір біз үшін қолжетімсіз болып тұр. Себебі, бұл вакциналар алдымен алдын ала тапсырыс берген мемлекеттерге жеткізіледі. Мысалы, Moderna компаниясының мәлімдеуінше, алдын ала тапсырыс беріп қойған Африка мемлекеттерінің өзіне биыл вакцина жетпейді. Яғни, осындай екпе қолжетімсіз болып тұрған уақытта, біз үшін тиімді Ресей вакцинасын таңдап отырмыз. Ал жалпы, Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, Pfizer вакцинасына да сұраныс жасалды. Ол тек осы жылдың екінші жартысында ғана елге келуі мүмкін. Сондықтан, мұндай жағдайда Ресей вакцинасы немесе өзіміздің өндіретін вакцинамыз туралы ғана сөз қозғауға болады. Бірақ Қазақстан вакцинасы енді ғана жалпыклиникалық зерттеудің үшінші сатысына жетті. Оның нәтижесі осы жылдың наурыз айында белгілі болады деп жатыр. Алайда, бұның өзі ертеректеу болады деп ойлаймын. Вакцина дайын болғанның өзінде бізде әлі зауыт салынып біткен жоқ. Ол зауыттың қашан іске қосылатыны белгісіз. Менің ойымша, зауыт жақын арада жұмысын бастай қоймайды. Ресей вакцинасының қауіпсіздігі жайлы айтар болсам, әлем бойынша әлі ешқай вакцина кең көлемде пайдаланып, тексерілген жоқ. Эксперименталды түрде, енді ғана пайдаланылып жатыр. Дегенмен, вакциналар туралы толық мағлұмат жоқ. Бірақ, вакцинаны қауіпті деп те шорт кесіп айтуға болмайды. Қауіпсіз болуы да мүмкін. Мен білетін ақпарат бойынша, Ресей вакцинасы 19 мың адамға салынып, жалпы-клиникалық зерттеулер сатысынан өтіп жатыр. Осы сынақ арқылы вакцинаны тексеруге болады деп ойлаймын. Коронавирус инфекциясы әлі таралуын тоқтатқан жоқ. Ауырып жатқандар да, өлім-жітім де көбейіп жатыр. Бірақ, менің ойымша, жазға салым жалпы инфекцияның таралуы бәсеңдейді. Сол кезде ғана вакцинаның қаншалықты әсер еткенін бағамдауға болады. Вакцина алған адамдардың қаншасы ауырды, қаншасы жазылды, кімге қалай әсер етті – осының барлығын нақтылау үшін уақыт керек, – деп маман сөзін түйіндеді. Pfizer вакцинасын өте төмен температурадағы (-80°C) мұздатқыштарда сақтау керек. Бұл вакцинаны елімізге жеткізуді едәуір қиындатады. Moderna вакцинасын сәл жылы жерде, яғни -20°C температурада 6 ай және тоңазытқышта (шамамен 4°C) 30 күн сақтауға болады. Ал бізде мұндай мүмкіндігі бар екпе бөлмелері жоқтың қасы. Ал Спутник V -18 градус температурада сақталуы керек. Яғни ресейлік вакцинаны сақтау және тасымалдау процесі әлдеқайда жеңіл.Спутник V туралы басқа нені білу керек?
Спутник V-дің BioNTech және Moderna вакциналарынан басты айырмашылығы – векторлық технологияны қолдана отырып жасалғанында. Яғни SARS-CoV-2 вирусының генетикалық материалын адам жасушаларына жеткізу үшін аденовирустар тұқымдасы болатын басқа вирустың қабығы қолданылады. Жасушалар ақуыз шығарады, нәтижесінде иммундық реакция пайда болып, организм вируспен күресуге үйренеді. Иммундық реакция толық күшеюі үшін вакцинаны арасына 3 апта салып, 2 рет алу керек. Бірінші екпе арқылы 26 серотип аденовирусы, ал екінші екпемен 5 серотип негізіндегі вакцина енгізіледі. Спутник V вакцинасын жасаушылар мен препараттың дамуына демеушілік жасаған қор екі дозалы вакцинацияның құны халықаралық нарықта 20 доллардан аз, ал Ресей азаматтарын иммундау тегін болатынын мәлімдеген еді. Сонымен қатар, Ресейдің тікелей инвестициялар қоры вакцинаның 1,2 миллиардтан астам дозасын сатып алуға 50-ден астам елден өтініш түскенін хабарлаған. Вакцинаның нұсқаулығы бойынша вакцинаның қандай да бір компонентіне аса жоғары сезімталдық болса, ауыр аллергиялық реакциялар, инфекциялық және инфекциялық емес аурулары бар адамдарға, созылмалы аурулардың асқынуы, жүктілік және бала емізу кезеңінде, сонымен қатар 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен балаларға екпе салынбайды. Ал бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, қант диабеті, қан түзу жүйесінің ауыр аурулары, эпилепсия, инсульт және жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, иммун тапшылығы, аутоиммунды аурулар, өкпе аурулары және тағы да басқа сырқаты, аллергиялық реакциялары бар адамдар сақтықпен вакцинациялануы қажет. Яғни вакцина алмас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек. Бір қарағанда, Спутник V мен басқа да сұранысы жоғары вакциналардың арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ сияқты көрінеді. Дерт дендеп кеткеннен кейін қауырт жұмыс істеген, өз өнімдерін нарыққа мүмкіндігінше тез шығаруға тырысқан компаниялардың вакциналары туралы нақты ешкім ештеңе деп тұжырым жасай алмасы анық. Бірақ, бұл – вакциналар қауіпті дегенді білдірмейді дейді мамандар. Отандық вакцинаның жаппай қолданысқа енуіне әлі талай уақыт керек сияқты. Жалпы, қай вакцинаға болмасын, жалпыклиникалық сынақ жеткіліксіз екенін түйдік. Барлығын уақыт сыны анықтайды.