Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI Жазғы олимпиада ойындарында жүлделі орындарға ие болған спортшылар сый-сияпаттан кенде емес. Әр өңір өз облысынанан шыққан спортшыларға қолынан келгенше құрмет көрсетуде.
Рио олимпиадасында қола жүлде алған қарағандылық балуан қыз Эльмира Сыздықоваға да жерлестері қошемет танытып, облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Toyota Camry автокөлігін сыйға тартса, ал таяуда грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Асылбек Дүйсебаев Олимпиада жүлдегеріне Toyota Corolla маркалы автокөліктің кілті мен 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Эльмираның жеке бапкері де назардан тыс қалмады. Федерация атынан Владислав Сутормин 3 000 000 теңгемен марапатталды.
Балуан мен оның бапкерін марапаттау рәсіміне спорт ардагерлері мен қайраткерлері, Нұрғазы Жарылғапов, Александр Мыцик және Иосиф Момцелидзе сынды еңбек сіңірген жаттықтырушылар қатысты. Олар Эльмира Сыздықованы тамаша табысымен құттықтап, жаңа биіктерді бағындыруына тілектестік білдірді.