338
Мәжіліс құрамы көп жаңарды
Мәжіліс құрамы көп жаңарды
Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында 7 пайыздық межеден астам дауыс жинаған «Nur Otan» партиясы – 5 148 074 (71,09 пайыз), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 792 828 (10,95 пайыз), «Қазақстан Халық партиясы» – 659 019 (9,10 пайыз) Мәжіліске өтті. Мәжілістің 98 депутаты партия тізімі бойынша, ал тоғыз депутат Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланады. Қазір Парламент Мәжілісінің VII шақырылымына ұсынылған депутаттардың есімі толық белгілі болды.
«Nur Otan» партиясы 12 қаңтарда 76 кандидаттан тұратын тізімін бекітіп, Орталық сайлау комиссиясына жолдады.
Жалпы, Мәжіліске ұсынылған «Nur Otan» партиясы фракциясының құрамы 70 пайызға жаңарған. Тізімдегі 36 кандидат – праймериз жеңімпаздары болса, 40 кандидат Саяси кеңес бюросының квотасы бойынша бекітілген. Депутаттардың орташа жасы – 49 жас, яғни 4 жылға жасарған. Тізімдегілердің ең жасы – 25 жаста. 76 кандидаттың 40 пайызы – әйелдер мен 35 жасқа дейінгі жастар. Соның ішінде әйелдер – 30,2 пайыз. Депутаттыққа кандидаттардың 7-еуі ғана бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер, яғни олардың үлесі 10 пайыздан аспайды. Негізінен Мәжіліс депутаттарының құрамына көбінесе денсаулық сақтау, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, сарапшылар қауымдастығы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардың өкілдері еніп отыр. Тізімдегі аймақтардан ұсынылған депутаттардың да саны едәуір.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 97-1-бабының 5-тармағына сәйкес «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының 12 қаңтардағы шешімімен 76 кандидаттан тұратын тізім бекітіліп, Парламент Мәжілісінің VII шақырылымының депутаттары ретінде тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданды», – делінген партия сайтында.
Сонымен қатар, 12 қаңтар күні «Ақ жол» партиясынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған 12 адамның тізімі жарияланды. Олардың 4-еуі бұрын да депутат болған, арасында партия көшбасшысы Азат Перуашев, президенттікке кандидат болған Дания Еспаева бар. Ал 66,7 пайызы (8-і) жаңа есімдер. 16,7 пайызы, яғни 2-еуі – әйел.
13 қаңтар күні «Қазақстан Халық партиясы» (ҚХП) Мәжіліс депутаттығына ұсынылған 10 адамнан тұратын тізім жариялады. Тізімдегі депутаттардың 3-еуі бұрыннан бар, 7-еуі жаңадан қосылған, демек, құрам 70 пайызға жаңарған. Депутаттардың орта жасы – 48,6-ға тең. Жастар мен әйелдердің үлесі – 20 пайыз. Ал жеке әйелдердің үлесі 16,7 пайызға тең.
Ал 11 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Мәжіліс депутаттары да анықталды.
Заңға сәйкес, тізімге партиядан тыс 9 депутат төменгі палатаға кіреді. Солардың тек 1-еуі ғана VI шақырылымның депутаты болған. Тек жалғыз әйел депутат бар.
Жалпы, дауыс беруге Ассамблеяның 351 мүшесі қатысқан. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, биыл ассамблеяға 25 жыл толатынын атап өтті.
– Ассамблеямыз 25 жылдан бері қарай елдің ішіндегі көп этностарды бір-біріне жақындастыратын, толеранттықты тәрбиелейтін, елімізді алға жетелейтін бірегей орган болып келе жатыр. Ассамблеядан сайланған біздің депутаттарымыз елдің бірлігін сақтап, әр этностың құқығын сақтап, қазақ халқының төңірегінде біріктіретін осындай бір ұйым болып саналады, – деп Нұрсұлтан Әбішұлы ширек ғасыр тарихы бар ассамблеяның жұмысын қорытындылады.
Жалпы тізімдегі 107 депутаттың 92-сі жаңадан қосылған. Тек 15-і ғана бұрыннан бар депутаттар. Осы жолы тізім едәуір «жасарған» да сияқты. Яғни бұл – Мәжілістен жаңа серпін, тың идеялар күтуге үміт бар деген сөз.