Популизм – жастарды ұшпаққа шығаратын жол емес

Популизм – жастарды ұшпаққа шығаратын жол емес

Популизм – жастарды ұшпаққа шығаратын жол емес
ашық дереккөзі
539
Тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ жастар сая­сатына ерекше көңіл бөліне бастады. Бар­лық облыста, қала мен аудандарда, елді мекендерде Жастар ісі жөніндегі комитеттер құ­рыл­ды. Ал қазір жастар саясаты десе, форум­дар­да жаттап алған жалынды сөз­де­рін айтып ұран­дайтын, алаулатып-жалаулатып флеш­моб ұйым­дастыратын топ елестейтін болған.          Заңы бар, заты қандай? Тәуелсіздік алмай тұрып-ақ жастарды жеке бір әлеуметтік топ ретінде қарап, ерекшелеу болды. Яғни жастар елдің, қо­ғамның қозғаушы күші деп саналды. Жалпы, жастар саясатына қатысты заң да, өткен шара да көп. Солардың бірқатарын са­на­малап өтсек. 1991 жылғы маусымда «Қазақ ССР-індегі мемлекеттік жас­тар саясаты туралы» заң қабылданды. Бұл үрдіс тәуелсіздік алған­нан кейін де жалғасты. 1996 жылдың қазан айында Үкі­мет «Жастар туралы» заң жобасын әзірлеп, 1997 жылдың бірін­ші тоқсанында Парламенттің қарауына жіберді. 1999 жылғы шілдеде Мем­ле­кет­тік жастар саясаты тұжы­рым­да­­­масының жобасы мем­ле­кет­тік сая­сат жөніндегі Ұлттық кеңестің оты­рысында қаралды. 2001 жыл­ғы 15 маусымда мемлекеттік жас­тар саясаты мәселесі бойын­ша Парламентте тыңдаулар өтті, онда жастарға қатысты арнайы заң қабылдау қажеттігі туралы нақты сөз қозғалды. Ал 2002 жыл­­дың мамыр айында «Қазақ­стан Республикасындағы мем­ле­кет­тік жастар саясаты туралы» заң жобасы республикалық бас­па­сөз беттерінде жарияланды. 2003 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы мем­ле­кет­тік жастар саясаты туралы заң жо­басының үкіметтік нұсқасына де­путаттар ұсынған түзетулерді қа­рады. 2004 жылғы 7 шілдеде «Қа­зақстан Республикасындағы мем­лекеттік жастар саясаты туралы» заңға Нұрсұлтан Назар­баев қол қойды. 2013 жылдың ақпанында Үкі­мет 2020 жылға дейінгі жастар сая­­­­саты тұжырымдамасын ма­құл­­дады. Ал 2015 жылдың ақпан айын­­да «мемлекеттік жастар сая­саты туралы» жаңа заң қабыл­дан­ған. Осы заң аясында жас­тар­ды жастар ұйымдарының, кон­суль­тативтік органдардың және жастардың өзін-өзі басқару ор­ган­дарының қызметіне білім беру жүйесі мен еңбек ұжым­да­рын­да тарту заң жүзінде бекі­тіл­ді. 2016 жылдан бастап 2020 жыл­ға дейінгі «Қазақстан-2020: бо­лашаққа жол» мемлекеттік жас­тар саясаты тұжырым­дама­сы­ның екінші кезеңін іске асыру бас­талды. Ал 2018 жылғы 5 қа­зан­дағы Президент Жолдауында 2019 жыл – Жастар жылы деп жа­рияланғаны есімізде. Еліміздегі жас­тардың дені бұл жыл тек фо­рум өткізумен шектелмесе, әсіре ұран­шылдық пен даңғазалықтан ада, жастардың әлеуметтік мәсе­ле­лері шешілетін жыл болса деп үміт­тенген еді. Ол үміт қанша­лық­ты ақталды, білмейміз. Жал­пы жастар саясатына қатысты ұзын-сонар заң жобаларының іс жүзінде берген нәтижесін көре ал­дық па? «Жастар – елдің бола­ша­ғы» деген сөз тек жаттанды тап­таурынға айналып кеткен жоқ па? Осы мәселелерге қатыс­ты «Қазақстан студенттерінің Альян­сы» Республикалық сту­дент­­тер қозғалысы» қоғамдық ұйы­мының төрағасы Ілияс Түс­тік­баевтың пікірін білген едік.  width=
– Қазіргі кезде жастар сая­са­ты­ның төңірегінде жүрген не­ме­се бұрын айналысқан аға буын өкіл­дерінен сұрасаңыз, қазіргі жас­тар саясаты бұрынғыдай емес не­месе жастар саясаты қазір то­қы­рауға ұшыраған деген сияқты пікірлерді естисіз. Шынымен де, жал­пы алып қарасақ, жастар сая­саты өтпелі кезеңді бастан ке­ші­ріп жатыр. Себебі, бұрынғыдай емес, жастар өзгерді. Көзі ашық, кө­кірегі ояу, батыс мәдениеті кең та­ралды. Соның әсерінен жастар сая­саты да заман талабына сай өзгеріп жатыр. Ал, елімізде жастар саясаты­мен айналысатын немесе олар­мен тікелей жұмыс істейтін ұйым­­дар жиі сыналады. Флеш­моб, форум ұйымдастырудан бас­қа жұмыс атқарылмайды де­ген қарсы пікірлер айтылып жа­тады. Жастардың ұйымдары не­гі­зінен идеологиямен ай­на­лы­сады. Ол – көзге көрінбейтін жұ­­­мыстар. Жол салу, көпір салу сияқ­ты нәтижесі көзге көрінетін іс­термен айналыспағаннан кейін, әрине сын да көп болады.  Флеш­моб, форум сияқты жұ­мыс­тар, бір жағынан ұйымдас­ты­рылуы керек те, бірақ белгілі бір дең­гейден асып, шектен шығып кет­пеуі керек. Ал ұрандату мәселесіне келер бол­сақ, мұны қазіргі кезде попу­лизм­мен шатастырып жатамыз. Ке­зінде ата-бабаларымыз ұран­дату арқылы артына жастарды, халықты ерткен, бертін келе, 1986-1989 жылдары ұрандату ар­­қылы талай қоғам қайрат­кер­лері егемендік алуға, Семей поли­го­нының жабылуына септігін ти­гізген. Сондықтан ұран мен по­пулизмді шатастырмай, ара­жі­гін ажыратып алу керек. Қазір шы­нымен де осы сияқты мәсе­ле­лер қоғамда талқыға көп түседі. Жас­тар ұйымдары, жастар бо­лып, осы кереғар пікірді өзгер­туі­міз керек. Бос сөзге, бос ұранға, бос популизмге жол бермеуіміз ке­рек. Нақты істерге, нақты жұ­мыс­тарға бет бұратын уақыт кел­ді. Күні кеше сайланған де­пу­т­аттар да нақты іске жұмылуы ке­рек, билікке деген халық се­німін қалпына келтіруге жұмыс ат­қаруы керек деп есептеймін. Се­німсіздік неден туындайды?  Үгіт-насихат жұмыстары кезінде по­пулизм, бос уәдемен депутат бо­лып алып, кейін айтылған сөз бен іс-әрекет қиыспай жатады. Сонымен қатар, қоғамда бел­гілі бір мәселе туындағанда, осы­ны жастар ұйымдары неге шеш­пей­ді немесе жастар арасындағы жұ­мыссыздық сияқты проб­ле­ма­лар өршіп тұрғанда жастар ұйым­­­­дары не істеді деген сауал­дар туындамауы керек. Жастар ұйым­дары – үкіметтік емес ұйым­дар. Оларды мемлекет те, Үкі­мет те қаржыландырмайды. Сон­дықтан да олар өз жүрек қа­лауларымен ерікті ретінде жұмыс іс­тейді. Қоғам мен Үкімет, халық пен билік арасын жалғастыратын кө­пір болып отыр. Пандемия өр­шіп тұрған төтенше жағдай ке­зін­де жастар ұйымдары нақты іс­тер атқарып, халықпен бірге екен­дерін, билікке де көмектесе ала­тынын дәлелдей алды деп ой­лай­мын. Біз, жастар ұйымдары ха­лыққа қолдау көрсетуге, жаңа­дан сайланған депутаттар мен бе­кітілген Үкімет құрамына қа­шан да қолдау көрсетуге, бірге жұ­мыс атқаруға әрдайым әзірміз, – деп түйіндеді ұйым төрағасы.
«Адамның жасына қарап арнайы бір саясат жасау дұрыс емес»  width= Ал саясаттанушы Дос Көшім жас­тар саясаты деген ұғым мүлде бол­мауы керек деп есептейді.
–  Біріншіден, жастар саясаты де­ген түсінікті өз басым қабылда­май­мын. Жастарға қандай ерек­ше саясат жасау керек? Мем­ле­кет­тегі жағдайдың барлығы жас­тар­ға да қатысты ғой. Мысалы, бү­гін 30 жаста болып, жастар қатарында жүрсе, ертең 31-ге то­лып, кәрі бола ма? Жастар сая­са­ты деп бөлгеннен кейін, үлкен адам­дар саясаты, егде адамдар сая­саты деп бөлек қарастыру ке­рек болады. Адамның жасына қа­рап арнайы бір саясат жасау дұ­рыс емес. мүмкін жастарға одан гөрі әлеуметтік жағдай жа­сау керек шығар: отбасын құр­ған­дарға немесе баспана жағы­нан қолдау деген сияқты. Бірақ бұл әлеуметтік тұрғыдан алған­да­ғы жеңілдіктер, ал жастар сая­саты деген ұғым болмауы керек. Бұл – кезіндегі кеңес дәуірінің идео­логиясы. Екіншіден, депутаттың жасы 25-те бола ма, 92-де бола ма, жас­қа қарай бөліп, ерекшелеуді де өз ба­сым құптамаймын. Адамда бі­лік­тілік деген болады. Біреулер ерте жетіледі, ақылы ерте толы­са­ды. Мүмкін 17 жастағы бала ақыл айтып, 30-дағы ересек адам­нан асып кететін шығар. Неге біз оны жас деп ерекшелеп, бөлуіміз ке­рек? Мәселе оның жасында емес, ақыл тоқтатып, жақсы бір ой айта білуінде немесе  қоғамға өзі­нің еңбегін сіңіруінде. Бұл – еш­қашан да жасқа қарамайтын нәр­се. Ал форумдарда массовка ре­тін­де жастарды ғана емес, бар­лы­ғын пайдаланады. Бір ауылдың адам­дарын жинап алып мынадай мәселе көтеріліп жатыр, осыны қол­­дайық деп оларды да пай­да­ла­нады, жасты да, зейнеткерді де, әйел­­ді де, түрлі ұйымдарды да пай­­­даланады. Бұл – саяси тех­но­ло­гияға жатады. Сондықтан, бұл жерде де бәріміз теңбіз.
Шетелдегі жастар саясаты қандай міндет атқарады? ХХ ғасырдың 50-жылдары көп­теген мемлекеттегі билік пен қо­ғам консервативті көзқарас ұстан­ды. Соған сай жастар ерек­ше топ ретінде бөлек қарас­ты­рыл­маған. 1960 жылдары ұрпақтар ар­а­сындағы қақтығысты көрсететін, «жас­тар – қорқынышты да қауіп­ті» деген ұғым пайда болған. Со­ны­мен қатар жастардың, әсіресе мар­гинал жастардың проб­ле­ма­ла­рына қатысты мемлекеттік жә­не әлеуметтік қызметтер пай­да бола бастаған. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы жастар саясатының қа­жет­­тілігін алға тартып, 1965 жыл­дан бастап жастарға деген қа­рым-қатынастың жаңа прин­циптерін жариялайтын бірқатар құ­жат қабылдады. Ұйым жастар сая­сатын жеке топқа бөліп қарау ке­рек деген мәселе көтерген. Ал 1970 жыл жастар саяса­тын­дағы демократиялық бас­тау­лар­дың қалыптасу кезеңі болды. Осы кезде «Жастар – мемлекет пен қоғамның үміт шырағы» де­ген түсінік берік орнықты. Содан бас­тап қазірге дейін Батыс елде­рін­де жастар саяси процеске бел­сене араласады. Жалғыз Еу­ро­пада ғана емес, әлем бойынша жас­­тар саясатына қатысты ортақ тү­­сінік қалыптасқан. Бірақ батыстағы жастар сая­са­ты біздің елге қарағанда бас­қа­ша жүргізіледі. Қазіргі Еуропа ел­деріндегі жастар саясатының мақ­саты – жастар мен жасөс­пірім­дердің қоғамға, ересек адам­дардың қатарына қиындықсыз, еш­қандай проблемасыз қо­сылуын реттеу. Яғни жастар кә­сі­би дағдыларды игеріп, өз құ­қық­тары мен міндеттерін толықтай мең­гереді, азаматтық және адам­гершілік тәрбие курсынан өтеді. Осы­лайша, жастар ересек өмірге бұ­рыннан қалыптасқан, толық­қанды және саналы тұлға ретінде енеді. Мәди Ахметов секілді депу­тат­тық мандатқа ие болған жас­тар әлемде жетерлік екен. Мәсе­лен, Мари Блэк 2015 жылы небәрі 20 жасында Ұлыбританияның Қауым­дар палатасының мүшесі бол­ған. Ол 2014 жылы Шотлан­дия­ның тәуелсіздігі туралы ре­фе­рендумды дайындауға қаты­сып­ты. 26 жастағы Джордон Стил-Джон 2017 жылы сайланған Авст­ралия парламентінің ең жас мү­шесі болған. 28 жастағы Тай­фа­ни Дегуа Францияның «Алға, Рес­публика!» әлеуметтік-либе­рал­ды саяси партиясының, Фран­ция­ның Ұлттық Ассамблеясының мү­шесі. Сайед Саддик те 28 жаста, ол 2018 жылы Малайзия пар­ла­мен­тіне кіріп, шілде айында Жас­тар ісі және Спорт министрі боп та­ғайындалған. 24 жастағы Эбба Гер­мансон – 2018 жылдан бері Шве­ция үкіметінің ең жас мү­шесі. Статистика комитетінің мәліметінше, қазір еліміздегі жастардың саны 4 миллионнан асады. Жастар қай қоғамда, қай елде болмасын алапат күш-жігер мен қайраттың, максимализмнің символы. «Жас келсе, іске» демекші жастардың саясат пен билікке араласуын көпшілік жақсы бастама деп есептейді. Тек шын білімді, шын мінезді, шын еңбекқор жастар көш бастаса игі.

Серіктес жаңалықтары