632
Қазақ каскадерлері «Taurus» сыйлығына ие болды
Қазақ каскадерлері «Taurus» сыйлығына ие болды
Қазақстандық каскадерлер тобы Әлемдік каскадерлер академиясының (АҚШ) «Taurus» сыйлығына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл әлемдегі каскадерлердің ең беделді кәсіби сыйлығы, оны біздің «Қазақфильм» киностудиясының туындысы - «Томирис» фильміндегі трюктерді жоғары деңгейде қойып, орындағаны үшін жеңіп алды», - деп жазды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының басшысы, фильмнің режиссері Ақан Сатаев Instagram парақшасында.
«Nomad Stunts» каскадерлер тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновтің айтуынша, белді сыйлықты Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып иеленіп отыр. «Taurus» қазақстандық командаға «Шетел фильміндегі ең үздік трюктер» номинациясы үшін берілген.
Оның атап өтуінше, бұл марапат каскадерлер үшін «Оскар» сыйлығымен пара-пар. Ж.Күнғожинов Facebook-парақшасында бөліскен фотосуретте «Taurus» мүсіншесіне бұған дейін америкалық актерлер Сильвестер Сталлоне, Арнольд Шварценеггер ие болғанын көруге болады. «Өз командама алғыс білдіремін. Солардың арқасында бұған Қазақстан және Орталық Азия тарихында алғаш қол жеткіздік. Бұл үшін жарақаттар арқылы 20 жыл жүріп өттік және Голливудта ең үздік бола алатынымызды дәлелдедік!», - деді ол.
Айта кетейік, Nomad Stunts - бұл қазақстандық каскадер Жайдарбек Күнғожинов 2000 жылы құрған халықаралық кәсіби каскадерлер тобы. Оның құрамында бүгінде 86 адам бар. «Томирис» кинотуындысы біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында Sataifilm компаниясының қатысуымен түсірілген. Картина Парижде өткен L’Etrange Festival 26-шы кинофестивалінің толық метражды фильмдер секциясында Nouveau Genre гран-приін жеңіп алды.