855
Тіл тақырыбы 30 жыл мінберден түспеді
Тіл тақырыбы 30 жыл мінберден түспеді
Ел Тәуелсіздігінің басты нышанының бірі – оның мемлекеттік тілі. Ана тілі жоқ мемлекет ұлт болып ұйысып өмір сүре алмайды. Өйткені тіл тарихы ұлт тарихымен үндес. Әртүрлі кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихы тілінің тарихымен тығыз байланысты. Қол жеткізген тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ тілінің болашағын қамтамасыз етіп, ана тіліміздің кең таралуына жағдай жасап, тіл білімі саласын жетілдіру Тәуелсіздік алған соң атқарылуы тиіс маңызды жұмыстар болатын. Осы орайда, Túrkistan халықаралық апталығы тәуелсіз ел атанғалы бергі 30 жыл ішінде қазақ тіл білімі, тіл ғылымы саласында қандай жұмыстар атқарылды, нендей мәселелер назардан тыс қалды және болашақта қазақ тілінің мәртебесін арттыруда қандай шаруалар атқарылуы тиіс деген үш сауалға сарапшылардың пікірін сұраған болатын.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор:
Тіл біліміне қосылған сүбелі дүние – Алаш зиялыларының еңбектері
– Тәуелсіздігіміздің 30 жылында тіл білімі саласында көптеген ғылыми-зерттеу еңбектерімен бірге том-том сөздіктер жарық көрді. Тіл білімінің түрлі салалары бойынша ғылыми кадрлар өсіп шықты. Ең алдымен соңғы 30 жылдың көлемінде тіл біліміне қосылған сүбелі дүние – Алаш зиялыларының тілге қатысты еңбектері. ХХ ғасыр басында жарық көрген олардың еңбектері қайта басылып, ғылыми айналымға түсті. 1989 жылға дейін есімдері аталмай, жалпы көпшілікке беймәлім болып келген қазақтың ірі-ірі тұлғаларының тілге қатысты еңбектері жұртшылықтың қолына тиюі елдің рухани-мәдени, ғылыми өміріндегі елеулі оқиға болды. Мәселен, А.Байтұрсынұлының еңбектері Тәуелсіздік алғаннан кейін зерттеліп, алты томдық шығармалары жарық көрді. Ахаң бастаған Алаш зиялыларының еңбегіндегі қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, әліпбиіне, сөздік құрамы мен сөйлем құрылысына қатысты тұжырымдары, оның ғылым тілін, ұлттық термин қорды қалыптастыруға арналған ғылыми ұстанымдары басшылыққа алына бастады. Алаш білімпаздары жасаған, олардың қаламынан туған көптеген ғылыми атау қолданысқа енді. Ондай ұлттық үлгіде жасалған атаулар қазақ тілінің терминдер қорын байытты, ұлттық сипатын арттырды. Олардың соңында қалдырған ғылыми мұрасы зерттеліп, диплом жұмыстары, диссертациялар қорғалды. Отандық тіл білімінің бастау көздері, тұтас бір кезеңі анықталды. Қазақ тіл білімінің даму тарихындағы Ахмет Байтұрсынұлының орны мен рөлі көрсетілді.
Қысқасы, ХХ ғасыр басында еңбек еткен Алаштың ірі қайраткерлері мен зиялылары А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы,
Т.Шонанұлы, Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлұлының тілдің түрлі мәселелерін, соның ішінде ғылым тілін, БАҚ тілін дамытуға қатысты, тілдің мемлекеттік тіл ретінде қолданысын қалыптастыруға қатысты еңбектері мұрағаттардан алынып, жинақталып, зерттеліп, жарық көрді. Бұл тіл біліміне қосылған үлкен үлес болды. Өйткені өткен ғасыр басындағы Алаш зиялыларының еңбегі бүгінге дейін ғылыми құндылығын жойған жоқ. Қайта олардың еңбектері тіл білімінің ақтаңдақ беттерін қалпына келтіріп, тіл ғылымының даму тарихын түгендеуімізге негіз болды. Міне, бұл тәуелсіздік арқасында қол жеткен мол мұра, ғылыми құны зор қазына.
Осындай еңбектердің қайта басылып шығуы тіл білімінің кеңестік тіл саясаты мен идеологиясына негізделген қасаң қағидалар мен теориялардан арылуға, тіл білімінің бірқатар мәселелерін жаңаша пайымдауға негіз болды.
Сондай-ақ осы кезеңде тіл білімінің әртүрлі саласы бойынша жекелеген ғалымдардың да еңбектері басылып шықты. Әрине, жарық көрген басылымдардың бәрін түгел тізіп шығу мүмкін емес, өйткені тіл білімінің саласы өте көп. Оның лексикологиясына, фонетикасына, морфологиясына, синтаксисіне, тіл тарихына, әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, гендерлік лингвистика сияқты көптеген саласына қатысты ғылыми монографиялар, ғылыми-танымдық еңбектер, жекелеген кітаптар, оқулықтар, ғылыми мақалалар жарық көрді. Олардың саны өте көп, жыл сайын еліміздегі ЖОО-да, ғылыми-зерттеу институттарында, түрлі орталықтарда еңбек етіп жатқан ғалым, мамандардың еңбектері шығып, олардың қатарын толықтырып жатыр. Мәселен, соңғы 30 жылда этнолингвистика, әлеуметтік лингвистика секілді бағыттар бойынша зерттеулер саны артты. Сонымен қатар дәл осы кезеңнен бастап бізде терминтану да жеке ғылым саласы ретінде дами бастады. Бірнеше маман диссертация қорғап, еңбектерін жариялады. Ономастика саласы бойынша да үлкен еңбектер жарық көрді.
Соңғы кездері мәтінтануға арналған, ескерткіштер тілін, тіл тарихын зерттеуге бағытталған еңбектер саны да біршама артып отыр. Әсіресе, мәтін теориясына, гендерлік лингвистика, психолингвистикаға қатысты еңбектердің жарық көре бастағаны байқалады.
Жалпы, Қазақстанда теориялық ғылыми-зерттеу еңбектерінен гөрі сөздік жасау, лексикография саласы жақсы дамыған. Сөздік қорымызды, термин қорымызды түгендеуге арналған бірқатар іргелі еңбектер жарыққа шықты. Көптеген екітілді, көптілді сөздіктер басылып шықты. Мәселен, қазақша-орысша сөздік және орысша-қазақша үлкен сөздіктер, ағылшынша-қазақша, қытайша-қазақша сөздіктер, жиілік сөздіктер көпшілік қолына тиді. Қазақ әдеби тілінің 15 томдығы, оны толықтырған Байынқол Қалиұлының жеке авторлығымен шыққан түсіндірме сөздігі сөздік қорымызды түгендеуге, байытуға үлес қосқан еңбектер. Сондай-ақ жуырда осы уақытқа дейін жарық көрмеген «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» басылып шықты. Термин қорымыз жинақталып, 30 томдық терминологиялық сөздіктер топтамасы жарық көрді. Ерекше атап өтетін сөздіктердің бірі академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты үш томдық этнолингвистикалық сөздігі – қазақ тілінің лексикографиясына қосылған үлкен еңбек. «Мұқағали тілі сөздігін» жеке тұлғаның тіл байлығын зерттеуге бағытталған академиялық үлгідегі іргелі сөздік қатарына қоса аламыз.
Ғылымның жекелеген салалары бойынша әртүрлі арнаулы сөздіктер де осы қатарды толықтырды. Мәселен, экономика, банк жүйесі, техника, медицина, заң және басқа да салалар бойынша шыққан авторлық, ұжымдық сөздіктер тағы бар. Осының бәрі лексикографиялық басылымдардың көп шыққанын аңғартады. Әрине, олардың бәрі бірдей мінсіз, кемшіліктен ада деуден аулақпыз. Дегенмен сөздік қорымызды, терминдік қорымызды жинақтап, жүйелеуде бірқатар жұмыс атқарылды. Ұлттық тіл корпусын жасауға бағытталған еңбектердің маңызын да атап өткен орынды.
Соңғы кездері ғылым саласын дамытуға, өркендетуге, оның бойына қан жүгіртуге, қазақстандық ғылымның, гуманитарлық ғылымдардың да дамуына біршама көңіл бөліне бастағанымен, әлі де бұл жеткіліксіз деп ойлаймыз. Отандық ғылымның қарқынды дамығанын қалайтын болсақ, ғылыми кадрлардың даярлануына, ғылыми институттардың өркендеп-өсуіне, қазақстандық ғылымды қаржыландыруға, оны басқаруға, ғылыми орталықтарды ғылымның жай-жапсарын, ішкі мәселелерін білетін, әлемдік ғылыми озық мектептермен байланыс орната алатын, әлемдегі ғылыми бағыттарының қалай дамып жатқанын, қай салаларға басымдық беру керек екенін жақсы білетін, ғылымның өз қазанында қайнап шыққан кадрларды іс басына әкелу қажет. Отандық ғылымды «жасартуға» көп көңіл бөлінуі тиіс. Қабілетті жастар ғылымға көбірек келсе, отандық ғылымға қарымды жаңа күш қосылса, сонда ғана оның ертеңіне алаңдамауға болады. Қазір ғылым мен технология заманы. Ғылым мен технологияны заман ағымына сай дамытқанда ғана біз әлемдік өркениет көшіне ілесе аламыз. Ғылымды дамытуға жеткілікті көңіл бөлінсе, тиісті жағдай жасалса, тіл білімі де сол көшке ілесіп, қазіргіден әлдеқайда қарқынды дамитыны еш күмән туғызбайды.
Ерден ҚАЖЫБЕК,
ҰҒА корреспондент-мүшесі:
Тыңнан жазатын уақыт келді
– Қазір көп нәрсеге жаңадан қарауға мәжбүр болып отырмыз... Тілімізге, дінімізге, тарихымызға. Кезінде мүлде халық, ұлт, мемлекет ретінде жойылып кете жаздағанымызды енді ғана біліп, сезіне бастағандаймыз. Архивтері әлі күнге дейін жабық болса да, қолға түскен аз деректің өзі қорқынышты. Төбе шашың тік тұратын деректер ұшан-теңіз. Басты демографымыз Мақаш Тәтімов ағамызға сұрақ қойғанбыз: «Қазақтың жартысына жуығы аштықта қырылса және ұлтымыздың жартысына жақыны шетелде, шекарамыздың сыртында тұрып жатыр десек, онда елде қанша қазақ қалды? 1937 жылы қанша болдық және қанша болуымыз керек еді?»
Сонда Мәкең біраз үндемей отырып: «Сұрағыңды төтесінен қойыпсың. Сөзің орынды. Шындық керек болса, айтайын. Кеңес өкіметі қазақ жерін жергілікті халықтан толықтай босату үшін әрекеттің бәрін жасады. Мемлекеттік деңгейде, ресми саясат бойынша. Геноцидтің көкесі бізде іске асты. Үш дүркін қолдан жасалған ашаршылықтың көздеген мақсаты сол еді. Тек жеріміздің шалғайлығының арқасында, тау мен құмда, өзен-көл жағасында, жылы жерлерде азғантай жұрт аман қалдық. Кемінде он миллионнан асатын ел, бір-екінің әрі-бері жағында болдық қой...»
Діннен қол үзе жаздадық. Салафит-уахаббитке, басқа діндер мен дінсымақ ағымдарға ұрыну кең етек алуда. Сауатты молда аз. Молда деген сөздің өзі бұрынырақта жай оқығанды ғана емес, көзі ашық, білімі терең, бүгінгіше айтсақ, академик, профессор сияқты құрметті атау еді. Медреселер білім мен ғылымның ошағы еді. Біз Қожа Ахмет Ясауидің шын мәнінде кім екенін, қандай болғанын ұмытқан елміз. Ал Түркия, Иран, Мысыр, түркі тектес Кавказ елдері, Еділ бойы, мына тұрған көршіміз өзбектер, Солтүстік Үндістанның мұсылмандары Әзірет Сұлтанды күні бүгінге дейін пір тұтады, мыңдаған мүрит шәкірттерін ұлықтайды, дәріптейді, насихаттайды... Бір мысалмен, Түркияның атақты профессоры, Ахаңдардың (Ахмет Байтұрсынұлы) әріптесі Фуад Көпрүлузаде сөзімен дін мәселесін қысқа қайырып көрейн: Қожа Ахмет Ясауи болмаса, Түркия мемлекет ретінде және бүгінгі осман түріктері ұлт ретінде тұрақтамас еді. Осылай топшылаудың себебін біздің діндарларымыз түсіндіріп бере ала ма?
Ең қатты зардап шеккен сала немесе басқаша айтсақ, зұлматты тарихымыздың ең айқын көрініс тапқан жері туған тіліміз екені тіл мамандарына жақсы таныс. Кезінде Ахаң да, көптеген шетел тілші ғалымдары да әлемдегі жүзден астам түркі тілдері ішіндегі ең саф, таза, әуезді, ең көркем, ең бай қазақ тілі екенін талай рет мақтанышпен жазған еді. Александр Затаевич айтқандай, қазақ тілі әндей, музыкадай естілетін құбылыс еді. Профессор Серік Негимов дерегі бойынша, әуезділік қасиеті бойынша қазақ тілі дүниежүзілік рейтингте алтыншы орынға ие болған екен. Оның негізгі себебі, тіліміздің басты фонетика-фонологиялық, сөзжасамдық, фоносемантикалық үйлесімділік қасиетінде, сингармонизмде, өзара сәйкестікте. Кез келген дыбыс, мейлі ол дауысты не дауыссыз болсын, жуан-жіңішкелігіне немесе еріндік-езулігіне байланысты болсын, бір-бірімен әдемі үйлесімділігін, сәйкестігін, ұйқасын бұзбайтын болған. Ахмет Байтұрсынұлы кезінде «комиссар» деген сөзді қазақ дәл осылайша айнытпай айта алмайды, айтпайды да және айтуға тырысудың еш қисыны жоқ деп, кесіп айтқан. Айтса, өз тіліне икемдеп, өзгертіп айтады. Тілімізге енген бөкебай (пуховой), бата (фатиха), кереует (кровать) сияқты кірме сөздері «қазақтың шапанын киіп», төл сөзіміздей тілімізге еркін сіңіп кетті ғой. Кейін сырты да, іші де жат сөздерді еш өзгертпестен қабылдай бастадық. Институт, министр, президент, прокурор, университет, директор, вагон, вокзал деген он мыңдаған сөздер тіліміздің шырқын әбден бұзғанын бүгінгі тіл тұтынушымыз сезбейді де.
Керек болса, бізді тіліміздің ең негізгі құралы әрі іргетасы – әліпбиімізден толығымен айырған. Ахаңның 24 әріптік төтесі түркі сөзінің бүкіл бай дыбыстық жүйесін керемет дәлдікпен, ықшамдықпен әдемі бойына сыйғызған. Түркиядағы бауырымыз, профессор Әбдіуақап Қараның айтуы бойынша, Мұстафа Кемал Ататүріктің «Ахмет Байтұрсынұлы нұсқасымен таныс болған жағдайда, түрік тілін латын алфавитіне ешқашан ауысуына жол бермес едім» деген мағынада естелігі сақталған дейді. Бізді көшірді. Басында кириллицаға, сосын латынға, сосын қайта кириллицаға. Ешкім ақылдасқан да жоқ. Бұйрықпен, зорлықпен жасалған нәрсе. Соңғы рет латыннан кирилге ауыстырғанда, тіпті, әліпби жасау жұмысымен ешкім басын да ауыртпады. Амал нешік, орыс әліпбиіне қосымша таңбаларды «тыққылап», қазақ тілімен «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» орыс дыбыстарды таңбалайтын әріптерді, бірін де қалдырмай «пайдаланып» келдік. Мысалы, неміс тілінде 42 дыбыс 26 таңбамен берілсе, біздер, керісінше, 26 дыбысымызды 42 әріппен таңбалап келдік. Ғылымда мұндайды нонсенс деп атайды, яғни ақылға сыймайтын нәрсе.
Қазақ тілінің, қыпшақ тобы тілдерінің басты фонологиялық ерекшеліктерінің бірі, біздер йақшы орнына жақсы, йер орнына жер, йігіт орнына жігіт дейміз. Ермакты қазақ Жармақ деп атаған, Егорқызы Марияны – Жағорқызы дейміз. Ал, қазір паспорттарымызда Ермек деген есімді Yermek [Йермек], қарапайым ел, ер деген сөздерді [ел], [ер] емес – [йел], [йер] деп айтатын болдық. Себебі, орыс тілінде е әрпі бір [е] дыбысын емес, екі дыбысты білдіретін дифтонг – я [йа], ё [йо], ю [йу] сияқты орыс е-сі [йе] деген дыбыс тіркесін білдіреді. Мұнда тұрған не бар деу мүмкін кейбіреулер... Иә, сырт қарағанда, ұсақ-түйек нәрсе болып көрінеді... Шынтуайтына келсек, ғасырлар бойы қалыптасқан басты дыбыстық ерекшелігімізден айырылудамыз...
Бір-ақ мысалмен бітірейін осы тақырыпты. Кирилге ауысқан соң қазақ халқы аттай он жеті (!!!) жыл ешбір емле-ережесіз орыс әліпбиі негізінде жазып-сызуға мәжбүр болды...
Грамматикамыздың да орыс тілінің үлгісімен пішілгені таңсық емес...
Тіл ғылымы, жалпы әдебиет, тарих, фәлсапа, шығыстану, өнертану сияқты гуманитарлық бағыт еліміз егемендік алған соң керемет дамып, алғы қатарға шыға бастады деп айтудан да аулақпыз. Керісінше, осы саланың дағдарыста болғаны үлкен мінберлерден ашық айтылуда.
Тек соңғы бірер жылдың ішінде, мемлекетіміз рухани жаңғыруға бет бұра бастағанның және отандық ғылымды «қалдық принципі» бойынша қаржыландырудан бас тартып, еселеп көңіл бөле бастағанының арқасында жүйелі жоспарлар мен бағдарламалы мақсаттар енді ғана қолға алына бастағанға ұқсайды...
Жоғарыда айтқандарымның бәрін ауызды қу шөппен сүрту деп қабылдамауыңызды өтінемін. Қиындықтарға қарамастан «Академиялық грамматика», он томдық түсіндірме сөздік, әдебиетшілер жүз томдық фольклор жинағы сықылды ірі жобаларды еңсерді. Дегенмен кең ауқымда, жан-жақты және тұрақты ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүргізу мүмкіндігі, қайталап айтайын, енді ғана туып отыр.
Тіл дегенде бірінші Ахаңды және Ахмет Байтұрсынұлы мектебін ауызға алғанымыз жөн. Бүгінгі тілші ғалымдарымыз, қазақ тілінің оқытушылары мен әдіскерлері Елдес Омарұлы, Телжан Шонанұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Халел Досмұхаметұлы, Қажым Басымұлы, Абдолла Байтасұлы, Мұхтар Мырзаұлы, Молдағали Жолдыбай, Шамғали Сарыбай, Ғали Бегалиұлы, Нәзипа Құлжан еңбектерін жақсы біле ме, күнделікті жұмысында оларды пайдалана ма, дәрістеріне қосып, көтерген мәселелерін, ашқан жаңалықтарын әрі қарай жалғастырып жатыр ма?
Ахмет Байтұрсынұлының өзіне келсек, КСРО-ның белді академик түркітанушылары Александр Николаевич Самойлович, Андрей Николаевич Кононов, Николай Александрович Баскаков сияқты ғұлама ғалымдар Ахаңды ұстаз санағанын білеміз бе?
Тағы бір керемет деректі айтайын. 1917 жылы Әлихан Бөкейханов басқарған, Ахаң үкімет мүшесі болған Алаш автономиясы құрылады. Көп ұзамай 1919-1920 жылдары большевиктер оны күшпен жояды. Айналдырған екі жылдан кейін аспанға туын желбіреткен жаңа «Түркия» мемлекетінің жалауы және сол біздің Алаш республикамыздың ресми байрағының арасында ешбір айырмашылық жоқ екенін білесіз бе? Түркия мемлекетінің мемлекеттік идеологиясының негізін қалаған татар Юсуф Акчура, түрік Зия Көкалып, башқұрт Зәки Тоған – бірі Ахаңның жақсы әріптесі, бірі дарынды шәкірті екенін білесіз бе?
Сөзімді тәмамдайын. Аз жұмыс істелген жоқ. Бірақ зерттеуді талап ететін тақырып, қордаланып қалған проблемалар, кезек күттірмейтін мәселелер шаш-етектен екенін ұмытпайық. Мемлекет басшысы ұлттық мүддеге сай тарихымыздың жазылмағанын ашық айтқанын, «жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді» дегенін басшылыққа алатын кез енді келді деп есептеймін.
Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директоры:
Қазақ тілін виртуалды кеңістікке енгізу қажет
– Мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту тек саяси себептерге байланысты маңызды деп ойламау керек. Тіл бірегейлігі тұтас мемлекет болып қалуымыз үшін, біртұтас ұлт болуымыз үшін, жаһанияттық әртүрлі теріс құбылыстарға жұмылып қарсы тұруымыз үшін өте қажет нәрсе. Тіл бірегейлігі – бір мемлекетте тұрып жатқан халықтың бір тілде түсінісіп, бірін-бірі ұғынуы. Біз осыған назар аудармасақ, кеш қаламыз. Тілі дамыған, бір тілде сөйлейтін халық болуы керек дедік қой. Сол халық өз тілінде тек нан сұрап жейтін деңгейде сөйлемеуі керек, ол халық сол тілде ұлы дүниелерді жасауы керек. Яғни, біз мемлекеттік тілді экономикамыз үшін де көтеруіміз керек. Өйткені ұлттық тілі дамыған елдердің ғана экономикасы көтеріліп жатыр. Оны тарихтағы көп фактілер дәлелдеп отыр.
Қазір әлемдегі тілтанушылар лингвоэкономика немесе лингвономика деген саланы қалыптастырып отыр. Өйткені әлемдік тіл мамандары экономика мен ұлттық экономика арасында тікелей байланыс бар екенін аңғарды. Яғни ұлттық тіліне мән беріп, ұлттық тілін дамытқан мемлекеттің экономикасы да соған сәйкес дамып жетіледі. Ана тілімізге мән бермей, қол қусырып, енжарлық танытып отыра беретін болсақ, шикізат өндірумен ғана шектелген, артта қалған ел болып қалуымыздың қаупі зор. Міне, бұл бірінші кезектегі мәселе.
Екінші кезектегі мәселе – «Заман қайда бара жатыр?» деген сұрақ. Заман реалды өмірден ирреалды, виртуалды өмірге ауысып жатыр. Қазір реалды өмірде болған оқиғаларды виртуалды өмірге проекциялап көшіріп жатырмыз. Білім беру жүйесі онлайн, қашықтан оқытуға көшті. Бұрын қолымызға қағаз сөздік алып, ақпаратымызды қағаз кітаптар іздесек, қазір бәрін интернеттен тауып аламыз. Ал сол интернет кеңістігінде қазақ тілі бар ма, бар болса қандай деңгейде? Өзіңіз де білесіз, интернеттегі қазақ тілінің деңгейі дамыған, жетілген емес. Виртуалды өмірге енген қазақтың баласы өзіне қажетті ақпаратты қазақ тілінде толықтай ала алмайды. Ал қазақ тілін виртуалды кеңістікке енгізу үшін компьютерлік лингвистика, корпустық лингвистика деген тіл ғылымының саласын дамытып, соған ерекше көңіл бөлу керек. Осы тұрғыдан қазір проблема көп. Осыны дамытайын десем, бағдарлама жасақтаушылар жоқ. Жоқ дейтін себебім, олар ғалымдардың қазіргі аянышты жалақысына жұмысқа келмейді. Бағдарлама жасақтаушылардың жалақысы ғалымдарда жоқ. Осыған мен қоғамның, биліктің назарын аударғым келеді. Сондықтан бізге осы жағынан қолдау, көмек керек. Егер қолдау, көмек болса, виртуалды өмірге қазақ тілін ауыстырудың тілтанымдық негіздерін біздің институт түгел жасап қойған.
Алдағы уақытта Президентіміз жетілдірілген әліпбиді бекіте салысымен, тілтанушы ғалымдардың жұмысы артады. Ғалымдарға қамқорлық, қолдау керек, өйткені бұл оңай жұмыс емес. Бүкіл графикалық кеңістігімізді түгел басқа графикаға ауыстыру үшін оның ортологиялық базасы жасалып жатыр. Ортологиялық база дегеніміз – дұрыс жазу, дұрыс сөйлеу, сөздің мағынасын дұрыс түсіну бойынша құралдар. Ең негізгісі, қазір жазудың ортологиялық базасын жасау. Ол орфографиялық сөздіктер, анықтағыштар, емле ережесі, емле ережесін түсіндіретін лингво-дидактикалық құралдар. Тіл білімі институтының ғалымдары бастамасын жасап қойды, жұмыс ары қарай да жалғасады. Бұл қазақ халқы үшін өте маңызды. Өйткені жаңа әліпбиге көшкеннен кейін тілдік сана өзгереді. Ал тілдік сана – ұлттық сананың ажырамас компоненті. Тілдік сана ұлттық негізде өзгереді. Яғни өз бетінше ойлай алатын, шет тілінен енген сөзді өзіміздің тілімізге сәйкес формада өзгертіп жаза алатын ұлтқа айналамыз. Осылайша дамыған ұлттарда болып жатқан процестер бізде басталады. Бұл – біздің санамызды жаңа өмірге икемдеудің, бейімдеудің бір құралы. Ұлттық сананың өз бетінше дамуына жағдай жасап береді.
Дайындаған
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ