659
Теріскей қайтсе қазақыланады?
Теріскей қайтсе қазақыланады?
Қазақ қоғамында шешілмеген екі түйткілді мәселе бар десек, соның біріншісі – тіл мәселесі. Қазіргі кезде еліміздің әр аймағындағы қазақ тілінің ахуалы да әртүрлі екені де анық байқалады. Соның ішінде, солтүстік өңірлердегі жағдай әлі де реттелмей отыр. Тілдің ала-құлалығы дүниетанымға тікелей әсер ететінін ескерсек, бұл мәселенің жолға қойылуы болашақ үшін де маңызды.
Теріскейдегі тілдің жағдайы туралы сол өңірдің азаматтары, қоғам белсенділері Ақылбек Шаяхмет пен Руза Бейсенбайтегі пікірлерін білдірген еді.
Ақылбек ШАЯХМЕТ, ақын, жазушы, драматург:
Бір мекемеде 80 қызметкер отырады, оның 79-ы қазақ тілін білмейді
– Қызылжар, Павлодар сияқты Арқадағы облыстардағы қазақ тілінің жағдайы ұқсас. Қостанай қаласында М.Горький атындағы мектеп-гимназия бар. Оны бітірген балалардың 80-90 пайызы Ресейге немесе басқа шетелге оқуға кетеді. Олардан Қазақстанға ешқандай пайда жоқ. Біразы барған елінде қалады, тек бірен-сараны қайтып келеді. Мұны бір деп қойыңыз.
Латын әліпбиіне көшеміз деп жатырмыз, дайындықты бастап та кетті. Латын әліпбиіне біржола көшсек бірсәрі. Орыстілді мектептер кириллицада қалады, қазақтілді мектептер көшеді деді. Біздің қоғам бұған дейін орыстілді және қазақтілді болып бөлініп келсе, енді кириллицамен және латын әліпбиімен жазатын қоғам болып бөлінеміз. Бұл – екі.
Біздегі «Тіл туралы» заңның өзі солқылдақ. Осы заңның орысшасы «Закон о языках». Қазақшасын «Тіл туралы» заң дедік. Дұрысы – «Тілдер туралы» заң болып аударылуы керек. Ал язык болса, ол бір-ақ тіл, тек қана қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл есебінде мемлекеттік тілмен қатар қойылған жерде біз жаяу адам аттылымен жарысқандай, ергежейлі Қажымұқанмен алысқандай күйде боламыз. Қайсысы озатыны белгілі ғой. Бұл – үшінші мәселе.
Орыстар «тың көтереміз» деген сылтаумен Қостанайдағы қазақ тіліндегі 500 мектептің бесеуін ғана қалдырды. Ал енді біз неге солай жасай алмаймыз? Біздің қолымызды кім байлайды? Тек қана орыстар оқитын мектеп болса қалсын, көпұлтты мемлекет болғандықтан оған қарсылық жоқ. Біз аралас мектептерді неге осы уақытқа дейін сақтап отырмыз? Меніңше, қазір аралас мектептерді жауып тастаудың орайы келіп тұр.
Мен бір қызық айтайын, қаймағы бұзылмаған Торғай өңірінде қалың қазақ отыратын Жангелдин деген аудан бар. Онда бірде-бір орыс жоқ, бір-екі орыс болса, олардың өзі қазақша сөйлейді. Сонда Иванов атындағы мектеп бар. Бұдан 15 жыл бұрын сол мектепте 400 оқушы, 40-50 мұғалім болатын. Бәрі қазақша сөйлейді, орыс мектебі деген аты болмаса, оқушылары орыс тілінде диктантты екіге жазады. Ал сол орыс мектебі қалың қазақтың арасында кімге керек? Өйткені сонда әкім-қаралардың біреуінің келіні, біреуінің әйелі мұғалім болып істейді. Олар қызметінен айырылып қалмауы үшін орыс мектебін сақтап отыр. Кеңес өкіметі кезінде орыстың мектебін сақтау түсінікті, ол кезде орысша білмесең қызметке кіре алмайсың, үлкен оқуға түсе алмайсың деді. Қазақ мектебін бітірген жігіттер қой бақты, қыздары сиыр сауды. Тек екі жылдан соң ғана ауыл шаруашылығы саласының бір мамандығына оқуға түсті. Ал орыс мектебін бітірген жастар инженер, экономист, заңгер сынды мамандықтарды игерді.
Бізге қазір тіпті орыс тілінің қажеті шамалы, орысша білмесең де нан тауып жей аласың. Бізге ағылшын, араб тілдерін меңгеру керек.
Менің «Сейчас переход на государственный язык заменили одной буквой. Переводом» деп орыстардың арасында айтатын сөзім бар. Переход деген сөздің орнына в-ны қоя салса, «переводом» деп шығады. Бір мекемеде 80 қызметкер отырады, оның 79-ы қазақ тілін білмейді. 80-адам аударманы ғана біледі. Айталық, Торғайдан қазақ тілінде хат келсе, олар қазақ тіліне жауап беруі керек. Оған әкімдіктің қызметкері, аудармашы сол қазақ тілінде жазған хатты бастығы түсінуі үшін орыс тіліне аударады. Сосын ол орыс тілінде жауап дайындайды. Ол жауап дайындалғаннан кейін арыз қай тілде түссе, сол тілде жауап жазады. Логикаға салсақ, біз аудармашының еңбегін 5 есе өсіруіміз керек қой. Сонда қалған 79 қызметкер не үшін отырады? Мемлекеттік тілді білмейтін адамды аттестациядан өткізіп, тиісті нәтиже көрсете алмаса, мемлекеттік қызметке алмау керек. Жалпы халыққа қызмет көрсететін мекемелерде міндетті түрде 2 тілді білетін адам отыруы керек деп есептеймін. Сосын шетелден көшіп келіп жатқан қандастарымыз орыс тілін дұрыс меңгермесе де, оларды жұмысқа алу керек. Солтүстік облыстарда орыс тілін білмейтін адамдар жұмысқа тұра алмайды. Ал бұл Ата Заң бойынша кемсіту, ұлтты қорлау.
Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ,
қоғам белсендісі, тіл жанашыры:
Мемлекеттік мекемелер біздің елде мемлекеттік тіл екеу деп түсінеді
– Павлодар қаласында 7 қазақ мектебі, 12 орыс мектебі бар. Қалған 18-і аралас мектеп. Яғни орыс мектебі қазақ мектебінен бір жарым есе көп. Биыл барлық мектепте қазақша сыныптар ашылады деп айтты. Тек 1-сыныптар ғана ашылып жатыр. Бұл жерде бала саны 10-ға толса ғана бір сыныптың ашылатыны тағы бар.
Бізде орыстардың саны осыдан 5-6 жыл бұрын 36 пайыз болған, қазір әрине одан азайды. Сол кезде қазақтардың үлесі 51 пайыз болатын. Яғни қалай болғанда да, қазақтардың саны орыстардан көп. Сонда 36 пайыз орысқа бір жарым есе көп мектеп болып тұр. Баяғыда қызымды Павлодардың ана басынан мына басына қазақ мектебіне қатынап оқыттым. Баласын қазақша оқытқысы келген барлық ата-ана баласын солай тасыды. Өйткені 2000 жылдар шамасында қалада 2-3 қана қазақ мектебі болды. Қазақ ата-аналары сол кезде аузымызды ашпайтынбыз, осыны мәселе етіп көтермейтінбіз. Бірақ баяғы жартас, сол жартас. Қазақ тіліндегі мектептер саны аз, ал орыс мектептері жыпырлап толып тұр. Екібастұзда жалғыз қазақ қыздар гимназиясы бар еді, оны да жауып тынды. Ол туралы айтылды, шу болды, бірақ мен қайтадан ашылғанын естімедім, көрген жоқпын.
Өңірдегі мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінде жауап беруге, сөйлеуге міндетті емеспін дейтін қызметкерлер көп. Былтыр Әділет департаментіндегі бір хатшы «Почему вы у всех требуете казахский язык? Вы не знаете что, у нас в государственных органах все только на русском языке» деді. Қайда хабарлассаңыз да орысша жауап береді. Соңғы уақытта орысша қызмет көрсететін мекемелер басшыларының қыр соңынан қалмай видеоға түсіріп, тіл жанашырлары жан-жақтан звондағаннан кейін биыл сәл қыбырлаған сияқты.
Облыс әкімі Ә.Ысқақов қаңтарда қабылдауында болғанымда қазақ тілін қолға аламыз деген болатын. Бірақ өтірік алдады. Наурыз айында қабылдаймын деп қабылдамады. Жазда видеоүндеу жолдадым. Бірақ селт еткен ешкім жоқ. Әкімшілік жиналыстары мемлекеттік тілде өтпейді, сосын мемлекеттік ісқағаздары бізде тек қана аударманың күшімен отыр. Олардан статистика бойынша мәлімет сұрасаңыз, сізге «Іс қағаздарының 80-90 пайызы қазақ тілінде жүргізіледі» деп жауап береді. Өткенде шенеуніктердің бірі маған «Ісқағаздарын 100 пайыз қазақ тіліне өткіздік» деді. Менің «Қалай өттіңіздер?» деген сұрағыма: «Бұл енді екінші мәселе, басқа сұрақ. Бастысы өттік» деді. Бізде осындай масқара жағдай болып жатыр.
Өтінішіме орыс тілінде жауап беретін мемлекеттік мекемелерді сотқа беремін, сотқа берудің алдында жазған ескерту хат жазсам да жауапты орыс тілінде жазды. «Біздің мемлекетте тек қана орыс тілі жүретін заң бар» дегенге саятын жауап келді. Мемлекеттік мекемелер біздің елде мемлекеттік тіл екеу деп ұғады. Конституция бойынша бізде орыс тілінің жалғыз жүруге құқы жоқ. Қазақстанда не қазақтілді құжат, не екі тілдегі құжат заңды. Бізде әкім Ә.Ысқақовтың қабылдауына жазылу үшін Нефедова деген қосу бөлімінің бастығынан өтуің керек. Ол бір ауыз сөз қазақша білмейді. Егер ол әкімнің қабылдауына қазақша түсінбегендіктен сізді жазбай қойса, мәселеңіз шешілмейді деген сөз. Нефедова қазақша түсінбегендіктен сізді қабылдамайды, яғни қазақ тілінің жолы жабық. Бірақ ол қазақ тілінде қабылдауға міндетті ғой.
Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы Қайыржан Оңғаров бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрағаным үшін маған жүйке-психиатриялық диспансерінен дәрігерлер тобын шақыртқанын видеодан көрдіңіздер. Әкімшілікке кірсем мені итше талайтын. Қала әкімі Ержан Иманісләмге осыны айтсам, олай айтпаңыз, олар да адам дейді. «Не нужен нам ваш казахский» деген сөзі видеода жазылған. Сонда әкім мемлекеттік тілге қарсы адамдарды қорғап отыр. Әкімшілікке кірсең, «Женщина вы куда?» деп Ресей тілінде сұрайды. Мен орысша сөздерді тыңдамаймын, оларға қарамаймын, баратын кабинетіме тіке кете беремін. Сонда олар келіп мені жұлмалай бастайды, оған шыдап тұра алмаған мен видеоға түсіремін. Ал солардың өзінен қазақша сұрасаң, саған жауап бермек түгілі көзінің қиығын да салмайды. Мен оларға қой сияқтымын, өйткені мен қазақша айтып тұрмын. Мен де дәл солай өздеріне істеймін.
Қалалық әкімшілік қызметкері «Русский язык никто не отменял» деген болатын. Павлодарда Қ.Нүкенов әкім болып тұрғанда мені тіл комиссиясының құрамына кіргізіп жіберген. Қазіргілер мені алып тастайын десе, алып тастай алмайды. Алып тастауға әрекеттенген де жоқ, өйткені олар менің тыныш қоймайтынымды біледі. Сондай бір тілге қатысты комиссия отырысы кезінде менің қазақша қойған сұрағыма жауап бере алмаған қызметкерден «Мемлекеттік тілді білмей қалай жұмыс істейсіз?» деп сұрасам, әкімдері ара түсіп «Сіз оларға тиіспеңіз. Оларға тиісуге құқығыңыз жоқ. Олардың орыс тілінде жұмыс жүргізуге толық құқығы бар» деді. Қаланың әкімшілігі қазақ тілін маңайына жолатқысы жоқ.
Дайындаған
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ