261
Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындауларға шолу
Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындауларға шолу
Өткен аптада Қазақстанда жаңа агенттік құрылып, министрліктер мен өңірлерде бірқатар ауыс-түйіс болды. Ендеше апта ішінде болған кадрлық тағайындауларға шолу ұсынамыз.
Аптаның басты жаңалығы – Қазақстанда Қаржылық мониторинг агенттігінің құрылуы болды. Жаңа агенттікке Жанат Элиманов төраға болып тағайындалды. Жанат Қалдыбекұлы - 1978 жылы 16 тамызда Қарағанды қаласында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, мамандығы - құқықтану (1999). Еңбек жолы: Қарағанды қаласы прокуратурасының Сот қаулыларының және атқару өндірісінің заңдылығын қадағалау бөлімі прокурорының міндетін атқарушы, Қарағанды қаласы прокуратурасының Сот қаулыларының және атқару өндірісінің заңдылығын қадағалау бөлімі прокуроры (2000); Қарағанды қаласы Совет ауданы прокурорының көмекшісі (2000-2001); Қарағанды облысы прокуратурасының шаруашылық істері бойынша Сот қаулыларының және атқару өндірісінің заңдылығын қадағалау тобының прокуроры (2001); Қарағанды облысы прокуратурасының азаматтық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры (2001-2002); Қарағанды облысы прокуратурасының мемлекеттік органдары қызметіндегі заңдылықты қадағалау басқармасының прокуроры (2002-2003); Қарағанды облысы прокуратурасының мемлекеттік органдары қызметіндегі заңдылықты қадағалау басқармасының аға прокуроры (2003-2004); Астана қаласы прокуратурасының мемлекеттік органдары қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушы (2004-2005); Қарағанды облысы прокуратурасының мемлекеттік органдары қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының; Астана қаласы прокуратурасының мемлекеттік органдары қызметіндегі заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары (2004-2007); Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі (2007-2009); ҚР Әділет министрінің кеңесшісі (2009); ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары (2009-2012); ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) ақпараттық-талдау департаментінің бастығы (2012); ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) экономикалық және қаржылық қылмыстарды ашу департаментінің бастығы (2012-2014); ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жедел-іздестіру қызметі департаментінің директоры (2014-2017); ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық қорғау департаменті бастығының орынбасары – ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық қорғау департаменті Экономика саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы, қоғамдық мүдделерді қорғау департаменті бастығының орынбасары – ҚР Бас Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау департаменті Экономика саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы (үшінші қызмет), қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары – ҚР Бас Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі қызметінің экономика саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы( 2017); ҚР Бас Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі қызметінің экономика саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы (2017-2019); Қарағанды облысы прокурорының орынбасары (2019); ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары (2019-2020). Соңғы қызметі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы ( 2020 жылдың қаңтарынан бері).
Орталық мемлекеттік органдарда ҚР Үкіметінің қаулысымен Серік Қожаниязов Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне тағайындалды . Серік Салаватұлы - 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Кузбасс политехникалық институтын, 2002 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1989 жылы жөндеу-механика зауытында инженер-технолог болып бастаған. Әр жылдары жеке секторда жұмыс істеген. 1999-2000 жылдары — Инвестиция тарту және қор нарығын дамыту орталығының директоры. 2001-2005 жылдары — Қызылорда облысы әкімі аппаратының индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі. 2005-2007 жылдары — Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры. 2007-2008 жылдары — Қызылорда қаласының әкімі. 2008-2014 жылдары ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 2014-2019 жылдары — Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі. 2019 жылдан бастап қазіргі таңға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді.
Білім және ғылым министрлігі аппаратының басшысы болып Қанат Сәрсембаев тағайындалды. Қанат Сәрсембаев - 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтының заңгері болып бастаған. 2000-2002 жылдары ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігінде жетекші маман, бас маман болып жұмыс істеді. 2002 жылдан 2005 жыл аралығында — ҚР Президенті Әкімшілігінің заңнама және құқықтық сараптама бөлімінің аға сарапшысының м. а., аға сарапшысы, бас сарапшысы. 2005- 2011 жылдар аралығында — ҚР Конституциялық Кеңесі аппаратының құқықтық сараптама бөлімінің меңгерушісі. 2011 жылдан 2015 жыл аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді. 2015 жылдан 2017 жыл аралығында Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының әкімі қызметін атқарды. 2017 жылдан 2019 жыл аралығында Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болып жұмыс істеді. 2019 жылдан 2021 жыл аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарған.
Ал өңірлер арасында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасына Нәзира Тоғызбаева басшы болып тағайындалды . Нәзира Тоғызбаева - Қызылорда қаласында туған. Қызылорда политехникалық институтын «экономика және басқару» мамандығы бойынша, Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аспирантурасын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. 1999-2003 жылдары Қызылорда облысының әкімдігінде жұмыс істеген, жетекші маманнан бөлім басшысына дейінгі еңбек жолдарынан өткен. Сондай-ақ әр жылдары коммерциялық ұйымдарда жұмыс жасаған. Алматы қаласының әкімдігінде 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы, Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссияның хатшысы қызметтерін атқарған. Осы тағайындауға дейін Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары болды.
Сондай-ақ, Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі қызметіне Серік Құсайынов келді. Серік Досымханұлы - 1964 жылы туған, Алматы облысының тумасы. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын және Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған, мемлекеттік және муниципалдық басқару магистрі. Мемлекеттік басқару жүйесінде едәуір жұмыс тәжирибесі бар. Әр жылдары Алматы қаласының коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында шебер, бас инженер, басқарушы директор болып жұмыс істеген, қаланың энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы, Алмалы ауданының әкімі болып жұмыс жасаған. Алматы қалалық мәслихатының депутаты, VI шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған.
Қарағанды облысының жастар саясаты басқармасының жаңа басшысы қызметіне Біржан Әлімжанов тағайындалды. Біржан Әлімжанов Алматы облысының Петропавловка ауылында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Ол - «бағалаушы» мамандығы бойынша қызмет көрсету саласының бакалавры, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі. Прага қаласындағы Жоғары экономика мектебінде халықаралық тағылымдамадан өткен. Қарағанды қалалық мәслихатының V және VI шақырылымының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі. «Жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Қайнар» сыйлығының лауреаты атанған. Еңбек жолын 2010 жылы «Қарағанды облысының Жастар одағы» ҚБ төрағасы ретінде бастаған. Жастар ісі жөніндегі орталықтың жетекші маманы және директоры қызметін атқарған. 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласының тіл саясатының сараптама және мониторинг басқармасына сарапшы ретінде шақырылған. Дәл сол жылы Кәсіби шеберлік және WorldSkills қозғалысын дамыту жөніндегі басқармада алдымен менеджер, сонан соң бас менеджер болған. 2018 жылғы қыркүйекте Біржан Әлімжановты білімді қаржыландыру мемлекеттік жүйесін дамыту және студенттік жатақханалар операторлығы жөніндегі басқарма директорының орынбасары етіп тағайындаған. Соңыра ол «Қаржы орталығы» АҚ Студенттік жатақханалар операторлығы жөніндегі департаментінің директоры лауазымына тағайындалып, осы уақытқа дейін сол қызметті атқарып келген.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің өкімімен Семей қаласының әкімі қызметіне Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов тағайындалды. Нұрымбет Сақтағанов 1970 жылы 6 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын, Қызылорда аграрлық-техникалық колледжін, МЭСА дистанциялық білім беру институтын, МЭСА Қызылорда экономика, статистика және ақпарат институтын мұғалім, бухгалтер, заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын институт бітіргеннен кейін 1992 жылы Қызылордадағы №172 орта мектепте мұғалім болып бастады. 1993-1994 жылдары ҚР ҚК қатарында болып, әскерден кейін Қызылордадағы №9 орта мектепте жұмысын жалғастырды. 1995-2001 жылдары Қызылорда облысы бойынша кеден басқармасының инспекторы, аға инспекторы, бас инспекторы, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 2001-2006 жылдары кеден комитетінде бас инспектор, төрағаның көмекшісі, бөлім бастығы болды. 2006-2007 жылдары ҚР Парламентіндегі Үкімет өкілдігінің бас инспекторы, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бөлім бастығы, министрдің кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2007-2010 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитеті төрағасының орынбасары болды. 2010-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, ал 2012-2015 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2015-2018 жылдары ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болды. 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ұлан ауданының әкімі лауазымын атқарған.
Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі болып Ренат Тілеуханұлы Құрмамбаев тағайындалды . Ренат Құрмамбаев 1980 жылы 25 қаңтарда Катонқарағай ауданында дүниеге келген. «Инженер-педагог» және «заңгер» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 1998 жылы Катон-Қарағай ауданы, Жаңауыл орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Мемлекет қызметті 2003 жылы Катонқарағай ауданының жастармен жұмыс жөніндегі мәдениет бөлімінің бас маманы лауазымында бастаған. 2005-2008 жылдары Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының кадр және мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, ұйымдастыру-кадрлық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. 2009 жылы Шығыс қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болды. 2011 жылы Катонқарағай ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2014 жылдан 2019 жылға дейін Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының басшысы, сондай-ақ әкімнің орынбасары болып жұмыс істеді. 2019 жылдың маусымынан осы уақытқа дейін Катонқарағай ауданының әкімі болып қызмет етті.
Ал Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне облыстағы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып келген Қайрат Нұрлыбаев тағайындалды. Қайрат Есқабылұлы Нұрлыбаев 1973 жылы 2 мамырда Атырау облысы Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «инженер-механик», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатында аға референт ретінде бастаған. 1996-1997 жылдары Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы «Мұқыр» акционерлік қоғамында жөндеуші-техник болып жұмыс істеген. 1999 жылы Қызылқоға ауданының Мұқыр селолық округі әкімінің аппаратына маман болып кіріп, Қызылқоға ауданы Мұқыр селолық округінің әкімі, Қызылқоға ауданының коммуналдық меншік, көріктендіру, құрылыс және тұрғын-үй шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Одан кейін Құрманғазы ауданының Шортанбай селолық округінің әкімі, Құрманғазы аудандық ішкі саясат бөлімінің одан соң аталған ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы, сондай-ақ Мақаш селолық округінің әкімі болып жұмыс істеді. 2008-2012 жылдары Индер ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2012-2019 жылдары аталған аудан әкімінің орынбасары болды. 2019 жылдың маусым айынан соңғы тағайындауға дейін Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымында жұмыс істеп келді.
Спорт саласына ойыссақ, триатлоннан Қазақстан командасының бас бапкері қызметіне Нұржан Үсіпбеков тағайындалды. Н. Үсіпбеков бүгінге дейін бас бапкер міндетін атқарған Андрей Глущенконың орнын басты. Бүған дейін ол жасөспірімдер құрамасында жаттықтырушылық қызметте болған. Нұржан Бақытұлы Үсіпбеков – триатлоннан спорт шебері әрі Қазақстан чемпионаттарының жүлдегері. Бапкерлік қызметтегі еңбек өтілі 11 жылды құрайды. «Андрей Глущенконың жетекшілігімен Қазақстан командасы көптеген жетістіктерге жетті. Дегенмен, Олимпиада қарсаңында бізге әлі де көп жұмыс істеу қажет. Ең басты мақсат – лицензия жеңіп алу. Сондай-ақ, біз қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінуді көздеп отырмыз. Бұл бас бапкер ретінде маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда, біз жақсылықтан үміттіміз. Токиода ұлттық құрамаға жанкүйер болып, Азия чемпионатында жеңіске жетеміз деген сенімдемін. Маған көрсетілген сенім үшін алғысым зор», - дейді Нұржан Үсіпбеков.